Сауда министрлігі бірқатар өзгерісті қоғамдық талқылауға шығарды
Бұл туралы министрліктің әлеуметтік желідегі парақшасы жариялады.
Өзгерістер негізінен жалдау ақысын шектеу, жеңілдетілген сауда сөрелері және қазақстандық өндірушілерден сатып алуға қатысты болмақ.
Осылайша, ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъекттеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған және 20 ақпанға дейін талқыланбақ.
– Жоба шағын бизнесті практикалық тұрғыда қолдауды күшейтуге және қазақстандық өндірістің дамуын ынталандыруға бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік бағдарлама шарттарына әсер етіп, мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, қарсы міндеттемелерді күшейтуді көздейді.
Негізгі ұсыныстардың бірі – сауда нысаны үшін мемлекеттік қолдау алған, яғни несиенің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелер бойынша кепілдік алған кәсіпкерге бір жыл ішінде жалдау құнын өсіруге шектеу қойылады. Бұл шара жалға алынған алаңдарда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды. Ол шығындардың болжамдылығын қамтамасыз етіп, қызметті жоспарлауға мүмкіндік береді және жалдау ақысының кенеттен әрі негізсіз өсу қаупін төмендетеді, – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, жоба аясында қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген жаңа брендтердің тауарларын сауда алаңдарында және сөреге жеңілдетілген шарттармен орналастыру көзделген. Бұл өндірушінің жазбаша өтініші негізінде 3 айдан одан да ұзақ мерзімге жүзеге асырылады. Ұсынылып отырған өзгерістер жаңа отандық брендтер үшін нарықта өзін танытуға және дамуға қажетті бастапқы мүмкіндік береді.
– Бұдан бөлек, айналым қаражатын толықтыру кезінде Қағидаларда тауарларды, шикізат пен материалдарды қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген кәсіпкерлерден сатып алу талабы бекітіледі. Бұл шешім ішкі кооперацияны дамытуға, жергілікті жеткізу тізбектерін қолдауға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған нормаларды іске асыру шағын бизнес мәселелерін шешуге жүйелі көзқарасты көрсетіп, ұзақ мерзімді экономикалық әсер қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шағын өндірушілер санының артуы, отандық тауарлар ассортиментінің кеңеюі және жаңа жұмыс орындарының құрылады деп жоспарланған, – деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.
Жобаны талқылау 20 ақпанға дейін жалғаспақ. ҚР Сауда және интеграция министрлігі барлық мүдделі тұлғаларды "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға қатысуға шақырып отыр.
Abai.kz