Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9528 1 пікір 23 Қыркүйек, 2016 сағат 11:29

МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚШАСЫ «ЖАЛАҢАШ ҚЫЗДАРҒА» БӨЛІНЕ МЕ?

«Платон менің досым, дегенмен шындық одан да қымбат». Сол қымбат шындықты қазақтілді ақпарат құралдарында қызмет ететін достардың көңіліне қарамай, ашып айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Бәріңіз білесіздер, қазақ тіліндегі санаулы ақпараттық порталдар қазір порнографиялық һәм эротикалық сипаттағы мақалаларды жиі жариялайтын індетке шалдықты. Бұған басты себеп - оқырман тарту. Оқырманы көп интернет басылымға мемлекет тарапынан да қомақты қаржы бөлінеді. Сол қомақты қаржы қазақ ұлтын аздыруға жұмсалып жатқанын бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Ешбір сайттың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Сонда да сөзіміз жалаң болмауы үшін оқырманның «жағасын ұстата, ұстата» кірлетіп біткен бірер мақаланың тақырыптарын ғана назарларыңызға ұсынып көрейік.

  1. Бахрейнде жезөкшелікке салынған қарағандылық қыз құлдықтан құтқарылды 
  2. Қайдағы ұят! Әсел Баяндарованың ең «батыл» суреттері
  3. Ұлан Қонысбаев — қазақтан шыққан Роналду! Небір күшті қыздармен жүреді өзі
  4. Балаларға не болып барады? Оқушы қыз жалаңаш суретімен мақтанды
  5. Қазақ жігіті жас әйелін басқа еркекпен ұстап алды!
  6. Мына қыздарда ұят бар ма?
  7. Ең ұятсыз той. Туған күнге жалаңаш қыз сыйлағанды көрдіңіз бе?
  8. ОҚО-да рулас қарындасын зорламақ болған жігіт бүтін ауылды дүрліктіріп отыр 
  9. Қарағандыда 10-шы сынып оқушысы немере қарындасын зорлап, жүкті етті
  10.  Шымкенттік кейуана тойда тәнін жалаңаштап билейтін қыздар үшін ұялды
  11.  Алматыда орынға таласқан жезөкшелер клиенттің көзінше жаға жыртысты
  12.  Ресей суретшісі төсімен Рамзан Кадыровтың суретін салды.
  13. Елбасы қатысқан жиынға Дильназ Ахмадиева төсқап кимей барған ба?
  14.  Тыр жалаңаш денесіне киімнің суретін салды 
  15.  Тойға жалаңаш келген екі модель әлемді шулатты.

Қош! Бұл тізімді бүгін тауысып біте алмаймыз.

Қазақ ұлтының намысын жыртуы тиіс сайттарымыз аузының су құрып жалаңаш қыздарды аңдып отыратыны кейде қазақты ұлттық болмыстан айыруға жасалған арнайы бағдарлама секілді көрінеді.

Біріншіден, мұндай "жалаңаш мақалалар" қазақ ұлтын аздыруға қызмет ететіні белгілі. Елді "белден төмен" әңгімемен алдап, тобырға айналдыруды мақсат еткендердің тірлігі.

Екіншіден, қазір елімізде порнаграфиялық һәм эротикалық өнімдерді жариялауға тиым салған заң бар. Кейбір интернет басылымдар сол Заңды айналып өтіп, «халықтың наразылығын туғызды, бұл не деген азғындық» деген секілді бетпердемен әлеуметтік желі арқылы күллі интернет қолданатын қазақ жұртын өздерінің иірімдеріне батырып барады.

Үшіншіден, бұл қазақы исламға да – жат қылық.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңға 2013 жылы қол қойған болатын.

Қазақстанның сол Заңы бойынша сексуалды-эротикалық сипаты бар заттар мен өнімдерді БАҚ-та жариялауға да арнайы тыйым салынған. 

1923 жылы 12 қыркүйекте Женева қаласында қабылданған сол конвенцияны мақұлдаған мемлекеттер порнографиялық материалдарды сату, тарату және жарияға шығару үшін оларды тасымалдау, айналымға түсіру, жарнамалау, өндіру, сақтау, әзірлеуді жазалау шараларын бекіткен.

Конвенцияда порнографиялық суреттерді, гравюраларды, картиналарды, баспа өнімдерін, бейнелерді, афишаларды, эмблемаларды, фотографияларды, кинематографиялық фильмдерді, басқа да заттарды сатуға, таратуға, жариялауға, тасымалдауға, жарнамалауға, өндіруге, сақтауға тыйым салынған. Бұл тыйымдарды бұзған тұлғаларды сотқа тарту жөнінде айтылған. Порнографиялық заттарды тұтқындау, тәркілеу және жою қарастырылған.

Қазір дереу күштік құрылымдар, ақпараттық порталдарға ревизия жасап, порнографиялық өнімдерді насихаттағаны үшін жауапқа тартуы керек. Жоғарыда айтылған кез-келген материалдан ҚР Заңдарын өрескел бұзған заңсыздықты тауып алуға болады.

Енді ҚР БАҚ туралы Заңына назар салыңыз!

Осы заңға сәйкес «Порнографиялық өнімдер рұқсат етілген орында ғана таралуы тиіс. Ал олардың таралу орнын жергілікті атқарушы биліктегілер анықтайды. Эротикалық сипаттағы өнімдер арнайы белгіленген орыннан тыс жерде таралса, онда оны таратушы заң алдында жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ Заңға сәйкес эротикалық өнімдер 18 жасқа толмағандарға сатылса және оны жасауға 18-ге толмағандардың қатысы болғаны анықталған жағдайда оларды әкімшілік құқық бойынша жауапқа, ал өнім «порнорграфиялық» өнім санатына жатқызылса, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. БАҚ туралы Заңда «эротикалық сипаттағы өнім дегеніміз – бұл біртұтас жүйелі түрде жыныстық қатынасты насихаттайтын құрал» делінген. Сол себепті ғаламтор желілерінде, көшеде, жарнамаларда порнография түгілі эротикалық сипаттағы кез-келген өнімді таратуға заңмен тыйым салынған.

Осындай заңбұзушылықты жасап қана қоймай, оқырманы көп басылым ретінде мемлекеттің қаржысына ауыз салған интернет басылымдардың тізгінін тартқызатын кез келді. Жоғарыдағы шенеуніктер де интернет порталдардың рейтингісіне емес, жариялаған мақалаларының мазмұнына сараптама жасап, бюджет қаржысын дұрыс мақсаттағы ақпарат құралдарына бөлуі керек.

Әйтпесе, қазір мемлекет қаржысын жалаңаш қыздарға арнап бөліп жатқандай әсер қалдырады. Сіз қалай ойлайсыз?

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354