Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Масқара! 7117 35 пікір 31 Қазан, 2019 сағат 19:06

Коммунистер мен комсомолдар Тәуелсіздікті қашан «мойындайды»?

Өткен жылы ғана қызыл империяның қынсыз қылышы комсомол ұйымының 100 жылдығын дүркіретіп тойлап, тәуелсіз елдің сүйегіне таңба салғандар биыл тағы атқа қонды. Тағы да Қазақстан халықтық коммунистік партиясының бастамашылығымен еліміздің әр өңірінде комсомолдың 101 жылдығына орай іс-шаралар өтіп жатыр.

Өткен өмірге сағыныштары жетелеп, ескі күннің елесіне есі кетіп жүргендер тәуелсіз елдің төрінде отырып, келмеске кеткен өзге елдің сойылын соғуда. Олардың ойынша, «комсомол күні» тойламаса болмайтын маңызды мереке. Одан да өкініштісі, «Комсомол бізді бақты-қақты» деп ХХ ғасырға қарап мөңіреп жүрген сол коммунистердің көбі бүгінгі қазақ билігінің бір-бір биігінде отыр.

Өткен жылы кез-келген тәуелсіз елде басқа бір үкіметтің идеологиясын, саясатын дәріптеу сол елдің егемендігіне қауіпті екенін айтылғанымен, «комсомол күнін» тойлаушылар бұған құлақ аспаған. Негізі егемен елдің азаматы бұрынғы билікті аңсап, бүгінгі идеологияға жат қадамға барса саяси жауапкершілігі қузастырылуы керек еді. Алайда бүгінгі биліктегі көне саптастарына арқа сүйеген кәрі комсомолдардың "мұртын балта шапқан жоқ"...

Көне коммунистер биыл тағы сол мерекелерін тойлап әлек. kstnews.kz сайтында жазылуынша, күні кеше Қостанайда комсомолдың 101 жылдығына орай дабыралы шара өткен екен. Кеңес одағының қызыл туын көтерген топ ретро көліктерге отырып, қала көшелерін шерулетіп өткен.

Жеңіс саябағынан басталған шеру қаланың орталық көшелерінің бойымен жүріп өтіп, тың игерушілер ескерткішіне келіп тізгін тартқан. Өздерінің айтуынша, бұл бағыт кездейсоқ таңдалмаған көрінеді. Шеру барысындағы барлық аялдамалар комсомол тарихындағы қандай да бір маңызды кезеңдермен байланысты екен. Айтпақшы, шерушілер Ленин ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды да ұмытқан жоқ.

Шараны ұйымдастырушы Қазақстан халықтық коммунистік партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асқар Өмірзақовтың айтуынша, бұл шара ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғау және ел тарихын сақтап қалу үшін өткізіліп отыр екен.

Біріншіден, бұлар айтып отырған ел тарихы қандай тарих? Қазақ халқын жерінен, малынан, жанынан айырған қанды тарихты мақтанышпен мерекелеп отыр ма?

Біз білсек, еліміздегі коммунистер үшін ата тарихтың бастау көзі Кеңес одағы ғана секілді. Бұларға салсаңыз қазақ тарихы деген кешегі кеңестік ғасыр ғана деуден тайынбайды.

Біз бұл сөздерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбековтың пікірі бұл.

– Қалай болғанда да, комсомол – бұл тағдыр, бұл балалық шақ, жастық шақ, сосын тарих. Ал әлгі ұлтшыл патриоттар мен өзгеріп шыға келген үлкен буын өкілдері және тарихи мәліметтерден жұрдай жастар өзінің өткен тарихына және ата-бабасы ­– атасы, әкесі, анасы жасаған тарихқа тас атып жатыр, – деген еді Ахметбеков өткен жылы.

Осы пікірінде берік тұрған коммунистер биыл да білгенінен жаңылған жоқ. Жалғыз Қостанайда ғана емес, еліміздің әр өңірінде өз мерекелерін тойлап, қызыл кездесулер өткізіп жатыр. Мәселен ҚКХП-нің ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек:

Комсомолдың құрылғанына 101 жыл толуына орай ҚКХП Солтүстік Қазақстан облыстық комитеті мектеп оқушылары арасында брейн-ринг өткізіпті. Оған Петропавл қаласындағы №32 орта мектептің 11-сынып оқушылары қатысқан екен.

Бұны аз десеңіз, ҚКХП Маңғыстау облыстық комитеті Ақтау есеп және технологиялар колледжінің студенттері үшін дөңгелек үстел ұйымдастырыпты. Оған комсомол қозғалысының ардагерлері қонақ ретінде шақырылған. Сонда бұл не? Тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстауы тиіс жас ұрпақтың санасын улау ма? Біздің ойымызша, оқу орындарында комсомолды дәріптеу елдің егемендігін мойындамау деген сөз.

Екінші мәселе, мерекені ұйымдастырушылар "комсомол тойын тойлау — ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғау" деген ұран ойлап тауыпты. Комсомол тойының өткен жылғы бағдарламасында «Ұрпақтар сабақтастығын жалғау» ұраны жоқ секілді еді. Әлде бұның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы және халыққа арнаған Жолдауында айтқан «Сабақтастық» сөзімен қатысы бар ма екен?

Бірақ Президент айтқан сабақтастықтың мәні – ертеден келе жатқан біздің әдет-ғұрпымыз болсын, қоғамдық ұстанымдарымыз болсын, қол жеткізген жетістіктеріміз болсын одан бас тартпай алға өрлеу болатын. Әсте қызыл империяны аңсап, солардың тойын тойлау емес еді.

Мемлекет басшысының бағдарламасын өз әрекеттерінің қалқаны ету коммунистердің көне әдеті. Өткен жылы да Қуаныш Сұлтанов, Жамбыл Ахметбеков бастаған көне комсомолдар сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевты бетке ұстаған.

«Комсомол тойын тойлау - тарихтың талабы» деп жүрген Ахметбеков аталған мереке Елбасының бағдарламаларымен тығыз байланысты екенін айтқан.

– Біздің қазіргі даму бағытымыздың негізі сонау совет кезінде, оның ішінде өзіндік қолтаңбасы қалған комсомолдың кезінде қаланған, соны ешкімнің ескергісі келмейді. Комсомолдың жүз жылдығын тойлауда ешқандай идеология болған жоқ. Дегенмен, дәл қазір бұл идеология өте өзекті болып отыр. Өзекті болатыны сол – мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы, жолдау мен оның іске асуы сияқты әлеуметтік мәселелер – міне нағыз социализм деген осы. Бұл туралы ешкім ашық айта алмайды, өйткені біз жабайы капитализмде өмір сүріп жатырмыз, - деген еді парламент депутаты.

Біздің айтпағымыз, комсомолға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бүгінгі идеологияны, мемлекеттің қазіргі саяси ұстанымы мен мемлекеттік бағдарламаларды коммунистердің өздері үшін бұрмалап алғаны қаншалықты орынды?

Басы бар адамға қазақ халқының қызыл империядан қандай қысас көргенін айтып жатудың өзі артық. ХХ ғасырдың табалдырығын аттай бере күш алған коммунистердің бейбіт қазақ халқын қойша қырып тастағаны кім-кімге де аян. Ал біз халқымыз алдында кешірілмес қылмыс жасаған жауыздардың жеңісін тойлап жүрміз. Басқаша айтқанда, ата-баба әруақтарының қабырғаңды қайыстырар қанды шерін өз қолымызбен жуып-шайып жатырмыз. Өзіміз бастап осындай қадамға барсақ мыңдап емес, миллиондап қылылған қазақтың қанын кім арқалайды?!

Өзіміздің тәуелсіз еліміз, Президентіміз, мемлекеттік рәміздеріміз, әнұранымыз бар екенін ескермей, ескіні естен шығара алмай отырғандарға бір тоқау бола ма? Миын Мәскеу улап тастаған кәрі коммунистер қашан тәуелсіз елді шынайы мойындайды? Бірақ Кеңес дәуірінің күпісін әлі шеше алмаған ел билігі бұларға тоқтау қоюға асықпайтын секілді…

Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі - әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі - орысшыл мәңгүрт. Біреуі - азған, біреуі - тозған. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған «комсомол» ағалар кінәлі. Өкініштісі, бүгінде жастарымыз жат ағымның, кәрілеріміз Кеңес одағының идеясымен өмір сүруде. Миы коммунизмге уланған комсомолдар басқарған елде діни «измдерге» уланған көрсоқырлар қаптамағанда қайтеді?...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963