Сенбі, 31 Қазан 2026
Қоғам 200 0 пікір 31 Қазан, 2026 сағат 18:40

«Абысын» ұғымы: тіл, дәстүр және ұлттық мәдени код

Сурет: ЖИ арқылы жасалған.

«Абысын тату болса, ас көп». Қазақтың осы бір мақалын жиі айтамыз. Ынтымағы жарасқан жандарға сүйсінгенде де, ағайын арасындағы татулықтың қадірін түсіндіргенде де ойға оралады. Ал абысындардың сыйластығы мен дастарқан молшылығының арасында қандай байланыс орнайды? Бір ауыз сөзге сыйған осы тұжырымның астарында тұтас бір тұрмыс тәжірибесі жатыр.

Дәстүрлі қазақ тіршілігінде қуаныш та, күнделікті шаруа да көптің қатысуымен өткен. Қонақ келсе, көрші үйдің ыдысы алынып, дастарқанға бір үйдің сары майы, екінші үйдің құрты қойылған. Той қамы, ас әзірлеу, келген адамды күту кезінде бір-біріне қолғабыс еткен әйелдердің өзара түсіністігі ортақ жұмыстың берекесін келтіріп, сол үйдің абыройын арттырған. Осындай аралас-құралас тұрмыста абысындардың орны ерекше.

Ағайынды ер адамдардың әйелдері бір-біріне абысын болады. Дәстүрлі ортада бұл қатынас күйеулері аталас, рулас әйелдерге де тараған. Демек, абысындықтың аясы бір үйдің келіндерімен шектелмей, ағайын арасындағы байланысты түгел қамтиды. Тіліміздегі «абысын-ажын» сөзі мына бір қатынасты түсіндірсе керек, ертеректе қайын ағаның әйелін жасы кіші келіні абысын деп атаса, ағаның әйелі қайын інісінің әйелін ажын деген. Бір әулет тұрғысынан қарағанда, абысын – үлкен келін, ажын – кіші келін. Қос сөздің екі сыңары келіндердің әулет ішіндегі орнын ажыратып тұрған.

Мұндай атаулар адамдардың бір-бірімен қалай сөйлесіп, қандай қарым-қатынас жасайтынына да қатысты болған. Кіші келін үлкен абысынына ізет көрсеткен. Ал үлкеннің тәжірибесі кейін келген келіннің жаңа ортаға үйренісуіне, үй ішінің тіршілігін танып-білуіне көмектескен. Бірге атқарған шаруа, бөліскен әңгіме, күнделікті қолғабыс олардың арасын жақындата түскен.

Әртүрлі отбасында өсіп, бір әулетке келін болып түскен әйелдердің мінезі де, көрген тәрбиесі де бірдей болмасы анық. Сондықтан абысын татулығы түсінісуге, бірінің көңілін бірі ескеруге, ұсақ өкпе-назды ұлғайтпауға байланысты болған. Халықтың татулықты арнайы мақалға арқау етуі де оның өздігінен орнай салмайтынын аңғартады.

Сыйлас абысындардың ықпалы өзара қатынастан әрі асқан. Олар ағайын арасындағы кейбір келіспеушілікті жұмсартып, ренжіскен адамдарды мәмілеге келтіруге атсалысқан. Бірінің жағдайын бірі білгендіктен, қай үйге қандай көмек керегін де білетін. Ауырып қалғанның шаруасына қарайласу, қонағы көп үйге қол ұшын беру, қуанышты бірге өткізу – туыстықты күнделікті іспен бекіткен әрекеттер.

«Ас көп» деген сөздің мәні де осы жерден ашылады. Араласқан үйдің дастарқаны кеңейеді. Бірінде барды екіншісі пайдаланып, бірінде жетпегенді екіншісі толықтырады. Ортақ іске жұмылған қол көбейеді. Осы сыйластықтың бір көрінісі – абысыншай. Үлкендер мен ер-азаматтар ауылда болмаған кезде әйелдер күндізгі бір мезгілде бас қосып, шай ішкен. Әңгіме үстінде жағдай білісіп, сырласып, кейбір мәселелерді ақылдасқан. Атауынан-ақ кімдердің бас қосатыны байқалатын бұл отырыстың өзіне тән әлеуметтік мәні бар.

Шай үстінде айтылған әңгімеден бірінің көңіл күйі, бірінің мұқтажы, енді бірінің назы білінеді. Көптің алдында ашып айта алмайтын ой жақын отырған адамға жеткізіледі. Кейде тыңдай білудің өзі көңілге медеу сыйлайды. Абысыншай осындай түсіністікке, ақылдасуға мүмкіндік берген. Туыстық қатынастың сақталуына бірге өткізген уақыттың да ықпалы бар екенін осы дәстүрден аңғарамыз.

Бүгінгі тұрмыс өзгерді. Ағайынның бәрі бір ауылда, бір-біріне жақын тұра бермейді. Сонда да жағдай сұраудың, қуанышқа ортақтасудың, қажет кезде жәрдемдесудің мәні сақталған. Абысындар татулығы туралы әңгімені де осы тұрғыдан қабылдаған жөн. Әулет ынтымағына оның барлық мүшесі жауапты. Ал абысындық қатынас сол ынтымақты нығайтқан әйелдердің тәжірибесін, өзара қолдауы мен мәмілегерлігін танытады.

Бүгінде осы абысын, абысыншай тәрізді атаулардың астарында жатқан ұлттық мәдени код арқылы қазақтың дүниетанымын танып білу, ұғыну зор мәнге ие. Мағынасын таныған оқырман халықтың өмір салтын, адамдар арасындағы қатынасқа берген бағасын да біле түседі. Осы білімді жинақтап, бүгінгі ұрпаққа қолжетімді түрде ұсыну – этномәдени мұраны танытудың маңызды бағыты. Осы арада бұл жұмыс қолға алынып ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі, Ғылым комитетінің BR24993244 «Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект негізі ретінде жетілдіру, ішкорпустарын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жүргізіліп келеді. Этномәдени бірліктердің мәдени семантикасы ашылып, Тіл білімі институты әзірлеген Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы Мәдени-репрезентативті ішкорпус базасына енгізілуде. Олардың мағынасы, дәстүрлі қолданысы, халықтың тұрмысы мен дүниетанымына қатысты мазмұны түсіндіріліп, база толығуда. Жоба өзегінде үш жүзден астам мәдени-танымдық бейнеролик түсірілді. Олардың қатарында абысын ұғымына арналған бейнематериал да бар. Бейнероликтер ішкорпустың медиафайлдар қорын толықтырып, көрерменге ұсынылып отыр. Әлеуметтік желілерде де таралып, өз аудиториясын жинауда. Осы арқылы сөз мағынасымен бірге ұлттық тұрмысқа, әдет-ғұрыпқа, қарым-қатынас мәдениетіне қатысты деректер көпшілікке жетуде.

Абысыншай туралы мәліметті оқыған не абысын жайындағы бейнероликті көрген адам үйдің үлкенінен осы дәстүрді сұрап білуі мүмкін. Сонда сөздікке түскен атау отбасындағы әңгімеге ұласады. Бір әулеттің естелігі арқылы оның мазмұны толығады.

«Абысын тату болса, ас көп» деген мақалдың ғұмыры да осындай сабақтастықпен жалғасады. Оның мәні – жайылған дастарқанда, бөлінген уақытта, дер кезінде көрсетілген көмекте. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп, қуанышына қуанып, қиындығын бөлісе алған адамдардың арасында туыстықтың жылуы сақталады.

Дәрия Сәрсенбек Тұрсынбекқызы,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, магистрант

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1324
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1886