Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8842 3 пікір 4 Қараша, 2019 сағат 10:46

Мұстафа Шоқайдың сенімді серігі - Ескендір Көпжасаров

Алаш зияларының өткен өмірі мен халқына қалтықсыз атқарған қызметін бағалап, байыптауымыз бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі де бірегейі. XX ғасырдың басында қазақ интеллигенциясы бұған дейін болмаған қарқынмен қаулап өсті, кейін олар ұлттық ояну кезеңіндегі сан-салалы қызметтерінде ел мен халық мүддесіне айтарлықтай үлес қосты.

Осы ретте біршама іс атқарған бірегей тұлғалардың бірі – Ескендір Исаұлы Көпжасаров. Алаш қозғалысы тарихында Е.И.Көпжасаров Алаш милициясының офицері, Ойылдағы юнкерлер мектебінің командирі һәм Батыс Алашорда әскери далалық сотының төрағасы ретінде өзіндік орны бар тұлға. Бірақ, осы кезге дейін оның қайраткерлік орнын белгілейтін бірегей еңбек жазылған жоқ. Жазылғандар болса, оның Алаш партиясына қатысты өмірбаяндық кейбір іздері ғана, не шолу түріндегі шағын жазбалар.

Ендеше Ескендір Көпжасаров деген кім, қандай істерімен ел есінде қалды?

Журналист-өлкетанушы Б.Ажниязов Ақтөбе Ұлттық Қауіпсіздік Комиеті облыстық басқармасының №3084 қылмыстық ісі дерегі бойынша Е.Көпжасаровтың архивтік құжаттар бойынша Ақтөбе облысы, Қобда ауданының №2 ауылында 1884 жылы дүниеге келгендігін жазады. Сонымен бірге ол келтірген дерек бойынша, яғни Е.Көпжасаровтың өз қолымен толтырған өмірбаянында туған жылын 1885 жылы деп көрсеткен.

Ал әкесі Иса Көпжасарұлы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі,  Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясын бітірген, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің мүшесі, қаржы министрі болды.  Оның азамат соғысы жылдары Краснодар өлкесінде ақ гвардияшылар әскери бөлімдерінің лазаретінде әскери дәрігер болып қызмет атқарғаны туралы дерек Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорындағы құжаттарда сақталған. Иса Көпжасарұлы 1920 жылы 70-ке қараған шағында қайтыс болған.

Кейбір деректер бойынша Ескендір Исаұлы Санкт-Петербург университетінде білім алған. Қазан төңкерісіне дейін білімді заңгер ретінде болыстық сайлаулар мен әлеуметтік-саяси талас-тартыстар кезінде екі жақты бітімге келтіруші ара ағайын ретінде қатысып, іс-қағаздарын жүргізген.

Дүрбілеңмен басталған ХХ ғасыр қазақ халқының басына ауыр да қайғылы қасіреттерді ала келді. Сол ХХ ғасырдың бас кезі бүкіл қазақ елі, қазақ қоғамы үшін түрлі саяси, азаматтық бағыттардың өзара қақтығысы мен күреске толы кезең болды. Елдегі саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық ой-пікірлердің қалыптасып, ұлттық сана-сезімінің өрлеуіне мүмкіндік туып және ояну дәуіріне жол ашылғаны белгілі. Патшалы Ресейдегі ақпан айындағы төңкеріс бүкіл империя аймағын дүр сілкіндіріп, өз қоластындағы ұлттардың сана сезіміне тың серпіліс берді. Осы тұста қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы оқыған зиялылары, Алаш партиясы өкілдерінің басты ұстанған идеясы қазақ елінің тәуелсіздігі болатын. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде «Бостандық», «Азаттық», «Теңдік» сөздері асқақатай самғап қазақ даласына да жеткені мәлім. Ақпан төңкерісінен кейін халқымыздың біртуар ұлдары бас болып ұлтының басқа жұртпен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет болуын алдарына  мақсат-мүдде етіп қойып, өмірлерін өлімге тікті. Алаш Орда тарихы мен оның көрнекті қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметтері кеңестік кезеңде бір жақты идеология сарынында жазылып, қара күйе жағылғаны да белгілі. Солардың қатарына Ескендір Көпжасаровты да толық жатқызуға болады.

Оның өмір деректеріндегі басты назар аударатын жайт, оның  ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың (1890-1941)  Түркістан мұхтариаты Уақытша үкіметі кезеңіндегі қызметінде көмекшісі болғандығы. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан тарихы шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін қалаушы, шоқайтанушы К.Л.Есмағамбетов  (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық / Жауапты редактор, алғысөз бен түсіндірмелер авторы – К.Л.Есмағамбетов, Құрастырушы: Ғ.Т.Исахан. –Алматы: «СаГа» баспасы, 2006. 1-том. – 424 бет) «М.Шоқайдың эписторярлық мұрасы туралы» алғысөзінде «М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорындағы құжаттардың ішінен Ескендір (Искандер) деген азаматтың 1936 жылдың 26 ақпанында жазған хаты ерекше назар аударады», - деп жазған болатын (көрсетілген еңбек, 19 б.). Аталған хаттың жазылған жылы техникалық не баспадан кеткен қате болуы керек, негізінде хат 1930 жылдың 26 ақпан күні жазылған. Себебі Б.Ажниязов келтірген архив деректері бойынша Е.Көпжасаров 1933 жылы 2 қаңтарында қайтыс болған. Сондықтан да Е.Көпжасаровтың М.Шоқайға 1936 жылы хат жазуының мүмкін еместігі басы ашық мәселе. Кітапты құрастырушы, белгілі архивист Ғазиза Исахан апамыздың Ескендір Көпжасаровтың М.Шоқайға жазған хат жиегінде «9.4.30» деп  алынған уақыты көрсетілген деген  ескертуі де бар (көрсетілген еңбек, 180 б.). Сонымен бірге Көшім Лекерұлының «Әлемге таныған тұлға (М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 бет. + 28 бет жапсырма.)» атты іргелі еңбегінде хаттың 26 ақпан 1930 жылы жазылғандығын және хаттың мазмұнына қысқаша тоқталады (239-240 б.б.). Және де  Ескендір түркістандық зиялылардың бірі ретінде М.Шоқаймен қатар саяси күреске араласқан сияқты деген пікір білдіреді. Жазылған хаттан шығатын қорытынды шетелде жүрген М.Шоқайдың елмен байланысының бір бағыты осы Ескендір Көпжасаров арқылы жүзеге асырылғандығы. Сонымен бірге Ескендірдің М.Шоқайдың сенімді серігі ретінде  атаған В.А.Чайкин* Мәскеуден  1922 жылдың 22 наурыз күні М.Шоқайға жазған хатында Ескендір де Түркістандағы достарының қатарында аталады. В.А.Чайкин хатында  «Түркістандағы достарыңыз бен таныстарыңыз түгелге дерлік бұған қарсы, сонда жүрген Жанша, Ескендір де және т.б., Оразаев та қызмет істеп жүр (Түркістан Халық комиссариаты  комиссиясының мүшесі), жағдайға риза емес, бірақ олардың қарсылығының жөні бар», - деп жазды (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық, 61 б.).

Ғалым-тарихшы К.Есмағамбетовтың деректері бойынша Е.Көпжасаровқа қатысты дерек  ОГПУ-дың Шығыс бөлімінің тыңшысы «алашордашы», Түркістан автономиясы кезінде М.Шоқайдың сенімді серігі болған Ескендір Көпжасаровтың жақын арада Грузиядан оралғанын хабарлаған. Тыңшы тарапынан келіп түскен тағы да бір астыртын мәлімет бойынша М.Шоқай Түркістан Әлеуметтік қамсыздандыру Халық Комиссариатының қызметкері Е.Көпжасаровпен хабарласып тұратындығы қаперге берілген. Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқармасы (ОГПУ) тыңшысының мағлұматы негізінде М.Шоқайдың көмекшісі Ташкентте қызметте жүрген Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Бірімжанов секілді қазақ зиялыларымен араласып тұрғандығын аңғаруға болатындығы.

Сонымен  Е.Көпжасаровтың 1930 жылдың 26 ақпанында  М.Шоқайға Ташкенттен жазған құпия хатын толық мазмұнда беруді жөн көрдік:

Ескендір Көпжасаровтың Мұстафа Шоқайға жазған хаты

Аса құрметті Мұстафа ағай! Қазіргі жағдай әрбір тұрандыққа лайықты жұмыс істеу тұрмақ, біреумен өз ойларын бөлісуге де, ақылдасуға да мүмкіндік бермейді. Қандай жағдайда да қажет жұмысты жүргізудің жолын білетін бөлімдер бар екенін біз көптеген астыртын ұйымдар мен үйірмелердің тәжірибесін білеміз. Қазір бізде мүмкіндіктер тіпті азайған секілді. Ауғанстаннан өз отанына Ташкент арқылы бара жатқан герман-ауған сауда Кº-да бірге қызметтес болған бір неміс арқылы хат жазып жіберудің сәтті келіп отыр.

Өзім туралы екі ауыз сөз айтайын: менің өз үйірмемізден қол үзгеніме көп жыл болды, Сіздің Түркістанға деген шексіз махаббатыңызды және оның азаттығы үшін құрбандыққа да баратыныңызды білемін. Осыншыма жылдан кейін мен Сізбен қайтіп, қалай байланыс жасаудың ретін таба алмай жүрмін. Сізден мен туралы ескеруіңізді өтінемін. Жан-жағымызда орашолақтар мен оралымсыздар толып жүргендіктен, бұл жерде дұрыс ойлайтын адамдарға жұмыс жетерлік.

Большевиктер осыларды ескере отырып, жергілікті зиялыларды жұмыстан басқа жаққа бұрып, олардың орнына келімсек элементтерді тартуда.

Бізде соңғы уақыттары Орта Азия бойынша мұсылман зиялыларын жаппай қамауға алу жүріп жатыр. 600-ге жуық адам, ал Ташкентте 1000-ға жуығы қамалды. Түрмеден жақында шығып, айдаудан оралғандықтан, өзімнің тұрмыс жағдайымды түзеу әлегімен айналада болып жатқан оқиғалардың бүге-шігесін біле бермеймін. Біздің қазіргі жағдайымызда қандай да бір беделді үйірме өмір сүре алады деп ойламаймын. Себебі сол үйірмелердің нұсқауы бойынша жергілікті халық бар мүмкіндіктерінше өз мүдделерін қорғап қалушы еді. Қазір оған мүмкіндік те жоқ.

Шаруашылықтағы болып жатқан қиыншылықтар мен Қытай шекарасындағы шиеленісулерге байланысты үкімет алдын ала шаралар қабылдады.

Басқа жердегідей, бұл жерде де ұлттық  бағыттағы осы қозғалысты «басмашылық» деп атауға дағдыланған. Осы күзде ташкендік наубайшы Құр-Джурай жинаған саны 25 адамға жуық шағын топ Искент ауданында қарсылық жасады. Дегенмен, ол жаққа қаладан атты әскер жіберіліп, шағын топ талқандалды. Он адам қаза болып, қалғандары тауға қашып кетті. Бұдан кейін барлығына белгілі жағдай: қышлақтың халқы зардап шекті. Олар кімнің үйіне тоқтады, солардың бәрі дерлік қамауға алынды. Құр-Джурай – Тиляд ауданынан шыққан, 1920 жылы өз отрядымен өкіметке берілген құрбашы, ол соңғы уақытқа дейін ескі Ташкентте бейбіт еңбекпен айналысты, нан пісірушілер артелінде төраға болды және оның ескі қалада ұзақ уақыт болуына қарағанда, оны осындай іске итермелеген астыртын ұлттық ұйымдар ма деп те ойлаймын. Бидайдың бағасы базарда 7-8 сом, ал мақтаны диқандардан 3 сом 20 тиыннан 5 сомға дейінгі бағамен қабылдайды, сондықтан да диқандардың сатып алу мүмкіндіктері туралы Өзіңіз олай беріңіз.

Мұнда «Правда Востока» мен оның өзбек тіліне аудармасы «Шарк-Хақиқаты» сияқты күнделікті газеттерден басқа, қызметтен кеткен кеңес қызметкерлерінен жоғары ешкімді сынай алмайтын және жоғарыдағылардың кемшіліктерін сынауға шамасы жетпейтін «Муштум» атты апталық журнал шығарылады.

Дегенмен, мерзімді басылымдардың ішінде ай сайын шығатын «Бюллетень прессы Среднего Востока» журналы кешігіп болса да, Персиядағы, Түркиядағы, Арабстандағы, Үндістандағы және Ауғанстандағы маңызды оқиғаларды баяндайды.

Сізге жеке басылымдар жаңалығынан хабарлайтыным: Қазақстанға инженер Тынышбаев көшіп келді, егерде оның «жол инженері» деген мамандығы болмағнда, ол қайткенде де, қызметтен шеттетілетін еді. Хұсейн Ибрагимов те Қазақстанда, «ұзынқұлақтан» естуімізше, астыртын адвокатурамен айналысатын көрінеді, Ташпулат Нарботабеков Файзулланың (Ходжаев. – А.А. ) заңгер-кеңесшісі болып қызмет етеді, ол 1925 жылы БКП (б) партиясына өтпекші болған, ол үшін Файзулланың өзі кепілдік берген, бірақ одан ештеңе шықпады.

Біздің қалған ескі мұсылмен зиялыларымыз бұрынғыдай бейсаясаттық әдетімен әр түрлі мемлекеттік және кооперативтік мекемелерде техникалық қызметкерлердің жұмысын атқарып, тиісті жалақысын алып, өз жағдайының сәттілігіне ризашылықпен жүре береді. Қоғамдық жауыздық жөнінде ешқандай да түсінігі жоқ және қатардағы мещандарша өмір сүреді. Менің мекен-жайымды Сіз Лейпцигтегі [Торрекадероден] білуіңізге болады.

Ескендір» (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық 180-182 б.б.).

Жазылған хатта Е.Көпжасаровтың біртуар тұлға Мұстафа Шоқайды жақсы танитындығы, аса құрметтейтіндігі сезіледі. Ескендір Көпжасарұлы хатының басында-ақ елдегі саяси ахуалға дәлме-дәл баға береді. Ол саяси сауаты мол, қазақ зиялыларымен қарым-қатынаста болған, әрі елде болып жатқан әкімшілдік-әміршілдік жүйедегі оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар тұлға ретінде байқалады. Өкініштісі Е.Көпжасаров қуғын-сүргінге ұшырап, айдаудан оралып, туған жеріне келген кезінде шолақ белсенділер артынан қайтадан жарық күнде «шам» алып түсіп, 1930 жылдың 22 қыркүйегінде оған РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен қылмыстық іс қозғалып, концлагерге 5 жылға қамауға алынып, ақыры Алматы түрмесінде бар болғаны 48 жасында қайтыс болды.

Алаш қайраткерлерінің саяси-қоғамдық қызметтерінен тағылым алу біздің тарихи дамуымыздың басты құндылықтарының бірі. Тарихтан өткен ата-бабаларымыздың өмірі мен ісіне қайтадан байыптап қарап, олардың жеңістерін бағалап, жеңілістерінен сабақ алуға міндеттейді.

Тарихта із қалдырған қайраткерлерді танып білу әр қоғамның рухани деңгейінің көрінісі. Бүгінгі мына жаһандану заманында өз тарихымен тәрбиелеу ғана өз ұрпағы рухын көтеру болса керек.

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371