Әбдірашит Бәкірұлы. Әйел һәм көз жас
(әзіл аралас мифологиялық аңыз )
Жерге ең алғаш тамған көз жас - Адам- Атанiкi болған деседi...
Бар дүниенiң Иесі әрi Жаратушысы - құдыреттi Алланың ең сүйiктi «туындысы» - Адам едi. Ол жұмақтың төрiнде армансыз сайран салып, шәрбат суынан қанғанша iшiп, бал жемiсiнен қалағанша жеп, уайым - қайғысыз өмiр сүрiп жатқан-ды. Бұлбұлдары сайраған мәуелi бақтарды аралай жүрiп, әрқайсысы өз бетiмен жайбарақат тiршiлiк етiп жатқан небiр хайуандардың қылықтарын қызықтайтын. Дегенмен, күнделiктi, қайнардан су iшкенде өзiнен көз алмайтын, ал қолын созса - дір-дір етiп жоқ болатын бiр елес оны ерекше күйге енгiзе бердi. Сол елестi қуалай-қуалай, «онымен қалай қауышам» деген тiлек арманға айналған. Сондай жалғыздықтан жабыққан сәттердiң бiрiнде, ол көптен берi тiлдеспеген Жаратушысына шағым айтты: «Жалғызбын. Жалықтым. Әгәрки, сүйiктi пендең екенiм рас болса, онда ең болмаса қол ұстасып жүрер қандай да бiр серiк қосып бер» - дедi. Жаратушы үнсiз қалды... Адам «қыңқыл-сыңқылын» одан әрi үдете түстi.
...Әуелiнде Адамның маса ызыңындай мазасыз сөзiне аса мән бермеген Жаратушы, бiрде - жұмақтағы үзiлмейтiн мейрамдардың бiрi қарсаңында - мейiрiмi түсiп:
(әзіл аралас мифологиялық аңыз )
Жерге ең алғаш тамған көз жас - Адам- Атанiкi болған деседi...
Бар дүниенiң Иесі әрi Жаратушысы - құдыреттi Алланың ең сүйiктi «туындысы» - Адам едi. Ол жұмақтың төрiнде армансыз сайран салып, шәрбат суынан қанғанша iшiп, бал жемiсiнен қалағанша жеп, уайым - қайғысыз өмiр сүрiп жатқан-ды. Бұлбұлдары сайраған мәуелi бақтарды аралай жүрiп, әрқайсысы өз бетiмен жайбарақат тiршiлiк етiп жатқан небiр хайуандардың қылықтарын қызықтайтын. Дегенмен, күнделiктi, қайнардан су iшкенде өзiнен көз алмайтын, ал қолын созса - дір-дір етiп жоқ болатын бiр елес оны ерекше күйге енгiзе бердi. Сол елестi қуалай-қуалай, «онымен қалай қауышам» деген тiлек арманға айналған. Сондай жалғыздықтан жабыққан сәттердiң бiрiнде, ол көптен берi тiлдеспеген Жаратушысына шағым айтты: «Жалғызбын. Жалықтым. Әгәрки, сүйiктi пендең екенiм рас болса, онда ең болмаса қол ұстасып жүрер қандай да бiр серiк қосып бер» - дедi. Жаратушы үнсiз қалды... Адам «қыңқыл-сыңқылын» одан әрi үдете түстi.
...Әуелiнде Адамның маса ызыңындай мазасыз сөзiне аса мән бермеген Жаратушы, бiрде - жұмақтағы үзiлмейтiн мейрамдардың бiрi қарсаңында - мейiрiмi түсiп:
- «Адамым, мың да бiр тiршiлiк иесi iшiнде өзiң ғана сүйкiмдiсiң. Бар мақұлық iшiнен өзiңе айрықша көрiк бердiм, құдыретiмдi сезiніп жүрсiн деп олардан асырып ой-сана бердiм. Сөзiме құлақ салсаң - өзiңе деген ықыласымды ешкiмменен бөлiспе» - деп Адамды әңгiмеге тартты. Бiрақ Адам айтқанынан қайтпады. Сонда Жаратқан:
- «Қайтейiн, айтқанға көнер болмадың, қабыл алдым тiлегiңдi! Бiрақ ескертемiн: оңайлықпен келген нәрседе береке жоқ. Сондықтан өтiнiшiңдi орындауда қабырғаңды қиып, тәнiңе жара саламын. Сонда ғана саған серік қоса аламын. Және де оны бiр-ақ мәрте жасаймын. Қандай болып шығарын өзiм де бiлмеймiн. Одан кейiн «маған ұнамай қалды» деуші болма! Ұнаса да, ұнамаса да - сол. Тағы ескертемін: бұрын сен еркiндiкте болдың - не iшiп-жеймiн, қайда барамын, қашан тұрамын демейтiнсiң. Әуел бастан сенде ешбір арман-қиял болмаудың барлық жағын ойластырып қойып едiм... Әттең! Ендi екеу боласыңдар, сендердiң жүрiс-тұрыстарыңа амалсыз шектеу қоюға мәжбүрмін. Оның басты шарты мынау: анау тұрған алмаға жоламайсыңдар! Оның жемісін не үзуге, не одан дәм татуға үзiлдi-кесiлдi тиым саламын! Егер осы шартымды бұзар болсаң - онда менен еш аяушылық күтпегейсiң! Осыған көнемiсiң?
Адам сәл тосылып қалды. Іле-шала: «Е..е, бар жоғы осы болса, жарасы жеңiл екен ғой»- деп ойлады да, шарттарға қуана-қуана келiстi. «Күнiмiз осы алмаға қарап қалмаған шығар, бiр мәнiсi болар... Нартәуекел!» - деп нақты шешiмге келді. Жаратқан ойын сезбес дегендей, iшiнен мырс-мырс күліп қойды. Жаратқан үшін бәрі де аян. Адамның ойын оқи қойған Ол - оның осы қылығы үшін жамал жүзiн жанына бұрып әкеттi...
...Сөйтiп, Жаратқан Адаммен осындай тоқтамға келген соң - Адамды құдырет күшiмен заматта ұйықтатты...
...Адам ояна келе, тiлегiнiң орындалғанын көрдi: айдай алтын шашы жалт-жұлт еткен, тұла бойы керілген кер маралдай, сезiмге толы қос жанары өзiне тынымсыз шақырған, жалпақ дүниедегi жалғыз серiгi -Хауаны көрiп, есi кете қуанды дейсiң бiр!.. Өз көзiне өзi сенбей Хауаның перiште қолынан сипалап, дiрiлдеген анарына көзi түсіп, жұпар шашынан құмарлана иіскеп, таң самалдағы саф ауадай демін жұтып есеңгiреп қалды. Осындай кереметтен есі ауысарға шақ қалған Адамның бойын бір мезетте кемерiнен асқан қуаныш билеп, көз жасын ағыл-тегiл төктi де жiбердi!
...Шынында да, Хауаның келбетi кiмнiң болса да көзiнен жас шығарардай, бақыттан бас айналдырардай едi... Жұмақтың iшi жарқырап кеткенi рас... Мiне, осылай жер бетiне адам баласының көз жасы қуаныш болып тамып түсіпті... Бұл қуаныш көз жасы, ең алдымен, ӘЙЕЛ затының құрметiне төгiлген-дi...
Әрине, көз жастың алғашқы тамшысы тамған заматта, ер жаратылған Адам болашақ туралы ойланып жатпады. Әсілі, «Хауа кiм?» деген сұрақ оның қаперiне кiрген жоқ. Осы қуаныштың соңы немен аяқталарына ой жүгіртпеді. Ол тек таза қуаныш ләззатына бөлене берді, бөлене берді...
Өмірде бір заттың кірісі - екінші заттың шығысы. Қабырғасынан айырылғанын ақылы түзу Адам ұқпады емес, ұқты. Бiрақ ол қабырға туралы бас қатырғысы келмеді, тіптен елеген де жоқ. Бiр емес, он қабырғаға татитын Хауа келді емес пе, өмірге! Адам онымен күнделiктi сырласып, шерiн тарқатып - жаңа өмiрдi бастап кеттi ...
Басында Жаратқан Ие қауiптенетiндей әрі Оның шарты бұзылатындай ештеңе байқалмаған: әңгiменi, еркелей отырып, Хауа бастайды: «Ананы өйте қойшы, мынаны бүйте қойшы» - дейдi сызылып... Адам оның айтқанын қалт жiбермейдi. Ауру-сырқаудың, шаршап-шалдығудың не екенін бiлмейтiн ол зыр жүгiрiп жүрiп, айтқанын орындай салады. Онда тұрған не бар, тәйірі! Мейлi, еркелесін! Соңғы шешiм Адамның өзінде екенiн қайдан бiлсiн ол бейбақ? Жаратқан ием тек Адамына сенедi, Адам да Иесiнің рақымына еш күмәнданбайды. Ендеше, «қазаншының өз еркi емес пе, қайдан құлақ шығарса»! ...Дегенмен, Хауаның еркелiгiнде шек жоқ едi. Әйтсе де, тәнiнен тән қиып, өлердегi сөзiмен жалбарынып әрең тапқан серiгiн Адам бетiнен еш қақпады. Қалай тұрам, қалай жүрем, кiммен достасам десе де - еркi!
Олар осылай - тек рахаттан, қиындықтан ада, қызғаныштан таза үлкен сенiм патшалығында шат-шадыман өмiрдi сүрiп жүре бердi...
Бiрақ соңғы кезде бүкіл жұмақ төрінде кемеңгерлiгiмен аты шыға бастаған Әбiжыланның Хауамен достастығы күшейіп кетті. Бұл жағдай Адамды біртүрлі беймәлiм мазасыздыққа ұшырта бастады. Себебін түсiне алмай өзi де дал болуда...
Әбiжыланның тәттi-тәттi сөздерiне үйірілген Хауа онымен қосылып мәуелi бақты аралап кете берер-ді... Адам болса, сертiне сай, көз жауын алар алмасын қарауылдап қалып қоятын.
...Бүгін де жұмақтың мәңгi көктем мамыржай күндерiнiң бiрi еді... Хауа, әдеттегідей, терiсi жалтыраған Әбiжыланды мойнына алқадай асып, оның ысылдаған тәттi сөздерiне ұйып, мәуелi бақты аралап жүрген болатын. Олардың бұл қаперсіз күйін көріп, көңiлi жайланған Адам бiр мезгiл тыныстап алмаққа көк шалғынға жантайған...
...Ояна келсе, шығып кеткiр көздiң көргенi: қабырғасын қарс айырып жаратқан пейiштегi ермегi һәм серiгi Хауа - Жаратушының шартын бұзып, жұмбақ алманы ортасынан ойып жеп тұр, пәтшағар!
...Алтын шашты Хауа жылтырақ көрсе жанарында ұшқын пайда болатынын байқаған әзәзiл Әбiжылан оқта- текте алыстан орағытып:
- «Хауажан осы сенiң айдай көркiңдi, телегей теңiз ақылыңды көре алмай, күндейтiндер бар-ау деймiн. Әйтпесе, Адамның мына қылықтарын қалай түсiнуге болады? Әнебiр әдемi алмаларды өзi жемейдi, өзгеге таттырмайды. Қайдам, соны сенен аяйды білем. Сені жақсы көрсе осылай жасар ма еді? Соған күмәнданам. Мүмкiн бөтен бiреу үшiн сақтап жүрген болар?.. Болмаса, неге олай істейді? - дейтiн...
Ендi, мiне, ол өзінің үздiксiз азғыруы сәттi аяқталғанына мейiрлене масаттанып, «ретi келген, оңынан туған iс болды» деп, Хауаның мәрмәрдай мiнсiз мойнына оралып, алаңсыз ұйқыға кетті ...
Жаратушысына алма жемек түгiлi, оған қарамауға серт еткен, ал ендi - болар іс болып қойған соң Тәңiрiнiң қаhары қай жақтан төнерiн бiлмей аласұрған, содан: «не iстеп қойдым мен!?» - деп шақшадай басы шарадай болған Адам өкiрiп жылағанда - бетiн тарам-тарам жас жуып жатты... Бірақ, енді, бұл - ең бақытты өмірдің соңы таяғанын сезген өкініш жасы еді!..
Иә, Құдырет Адамды шексiз жақсы көрді. Бiрақ Оған екi сөйлеуге, не өтiрiк айтуға болмайтұғын. Сондықтан ол Адамның жазасына бұрын соңды болмаған, жобаланбаған жаңа дүние жасауға кірісті. Бұл жаңа әлемде әуел баста кемшiлiксiз жаратылған бiртұтас, үйлесiмдi жұмақ қирауы тиіс-ті...
Оның орнына тiршiлiк үшiн жан алып - жан берiскен, қайғысы мен қуанышы, азабы мен рақаты, жеңiсi мен жеңiлiсi, бейнетi мен зейнетi, өмiрi мен ажалы, махаббаты мен өшпендiлiгi аралас-құралас, бiр сәт тыным табуға мұрша болмайтын, өтпелi-төкпелi дүние келдi. Күні кешегі уайым-қайғысыз Адам мен Хауа мәңгілік ғұмырдан ажырап, өмiрді ұрпақ арқылы жалғастыратын етті. Сөйтіп олар қысқа ғұмырында ұрпақтарын сақтау, үйрету, көбейу үшін жанталасты. Ажырап та кете алмады. Себебі, олар ажыраса өмірлері өздерiмен аяқталушы еді...
Келе-келе ұрпақ болашағы үшiн арпалыс - «адам аталар» мен «хауа аналардың» тiршiлiгiнiң басты мән-мағынасына айналды. Сөйтіп, олардың арасындағы әуел бастағы үйлесiм бұзылып - жайбарақат, беймарал тiрлiк көзден бұлбұл ұшты. Ғұмырлары жетпей жатқасын Жаратушыдан тіленіп жүрiп есектің, иттің және маймылдың керек қылмай тастап кеткен ғұмыр-жылдарын сұрап алуға мәжбүр болды...
Көбейе келе хауааналар «әйелдер» деп аталатын «әулетке» бөлiніп алды. Тіптен, жаратылысының қаңқасы - «қабырғаны» ұмытуға айналды... Бірақ, амал не, Жаратушының жазасы екеуiне тең болғандықтан, бір-бірін қолдауға мәжбүр...
Сол ықылым заманнан бері күнкөрiс үшін деп, таң атар атпастан, басын қатерге тiгiп еркек кетедi түзге. Бала-шағасын қызғыштай қорып әйел қалады үңгірде. Кешке арбаңдаған аюлармен, ақырған арыстандармен арпалыста қорегiн тапқан еркек келгенде, әйел шаршағанына қарамастан, ерiнiң асты-үстiне түсiп бәйек болады. Сөйтіп, жаңа тiршiлiкке бойлары үйрене келе, олар бiр-бiрiнсiз өмір сүре алмайтындарына көздері әбден жетті. Бастапқыда жұмақтағы болған жәй ғана қызығушылықтың орнын өзара ынтызарлық, сүйiспеншiлiк, аяушылық, қамқорлық, сағыныш сияқты сезiмдер басты. Олардың iшiндегi ең зоры - махаббат еді.
Сөйтіп, Хауа-Ананың бір ғана қателігі - бұл дүниеде Махаббат атты ұлы сезімнің тууына себепкер болғанын оның ұрпақтары әлі күнге дейін тамсана айтып келеді...
...Адам мен Хауа жұмақтан кеткеннен бері тiршiлiк үшін арпалысқан өмiрдiң ақ-қарасы бiлiне бастады. Адам баласы күш-қуаты мен қайрат-жiгерiн қанша жаныса да, оларға қарсы тұрған «арыстандар» мен «аюлардың» да салмағы тым ауыр-тын... Адам мен Хауа ұрпағы оларды бiрде жеңiп, бiрде жеңiлді. Сояудай тырнақтарына тiлiнiп, жантәсiлiм еткендерi қаншама? Осылайша, «тәттi етке ащы таяқ» тие бастағаннан-ақ көз жас үйреншiктi құбылысқа айналды. Ондай жағдайдың жиіліп кеткені соншалық, ендігі жерде көз жас үйреншікті болып кетті. Есесіне баяғыдағыдағы таза қуаныш немесе таза ренiш жасы көзден бұл-бұл ұшты. Өткен замандағы перiште жас күнделiктi күйбең тiршiлiктiң шаң-тозаңымен араласып, қойыртпақтанып кеттi. Бiр мезгiлде қуанышы мен қайғысы аралас көз жас пайда болды. Ондай кезде жылаудың не қуаныштан, не қайғыдан екені беймәлім болып қалатын...
Үйде әйелдер көз жасты аямай төгуге шеберленіп алса, керісінше еркектер оған сараңдық танытты. Осылайша, әйелдердің жөнді-жөнсіз жылауы - көз жастың қадiрiн кетірді. Жылауға «еті өлген» еркектер алғашқыда әйелдің жылағанына қабырғасы қайысқанымен, соңынан күлетiндi шығарды. Мұндайда күйеуiне мұңын шаққысы келген әйел оның күлгенiн көріп: «сен менi мазақтадың» - деп жылауын одан әрi үдете түсер еді...
Келешекте көз жас ерлер мен әйелдер «келiссөзінің» басты тетігіне айналды. Онсыз iс бiтпейтiн болды. Сондықтан еркектер өзара «әр уақытта әйелдiң көз жасынан сақтанып жүрiңдер!» деген ереже қалыптастырып алды. Бүгінде олар осы қағидамен өмір сүруде...
Замандар өте келе, Жаратушыдан жазаға берілген арпалысты өмiр нағыз бақытты өмір санала бастады. Тып-тыныш, жайбарақат, беймарал жұмаққа баруға ешкім асықпайтын болды. Адамдарға өмір қызығы мен шыжығы аралас-құралас келiп жатса ғана қызықты, мағыналы болып көрінді. Сүреңсiз бiрыңғай өмiрде - көз жас тұзынын ажырап, дәмсiз болып кетерін олар ұқты.
Сондықтан, адамдар өздерінің мұңсыз-қайғысыз, кемерiнен асып-тасқан кезін - өмiрдің бос парақтарына бағалады. Ондай - «дәмсіз» күндер, енді оларды қызықтырмады... Оларға көз жас пен маңдай термен келген бақыт қана баянды болып шықты!
Соған қарамастан, Адам ата мен Хауа ананың бүгiнгi ұрпақтары көз жастан ажырамауға тырысады:
- Оқта-текте өмiрден өткен аруақтарын еске алып жылап алады, алыстағы ағайынды сағынып көздерi мөлтiлдейдi, бiреудiң қияңқы iсiн көрiп, көзiне айтып жылатады, оған күйiнiп өзi жылайды...
- Жолы болмаған ғашықтардың «бақытсыз» көз жасы мен жолы болған ғашықтардың «бақытты» көз жасы таусылса не болар едi?
- Өмiрге жылап келген адам, өмiрден өзгелердi жылатып аттанбаса ше?..
Егер олай болмасын десек, онда барлығымыз кеудемiзге бiр-бiр темiр жүрек орнатып алғанымыз дұрыс болар. Онда барлық мәселе оңай шешiледі: өмiр атты ғажап дүние бiрқалыпқа түседі, толқымайтын- шалқымайтын, бетiн мұз құрсаған теңiз сияқты...
... Бiттi, осымен аңыз тәмәм!
Әбдірашит Бәкірұлы
Философ-публицист
«Абай-ақпарат»