Зеленский: Біз «Голодоморды» ұмытпаймыз және кешірмейміз!
1932-1933 жылдардағы «Голодомор» кезінде қаза тапқан украиндықтардың санын Украинаның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі шығындарымен салыстыруға болады, деді президент Владимир Зеленский.
Сталиндік режим ұйымдастырған 1932-1933 жылдардағы «Голодоморды», ондағы украиндердің өлімін халық ешқашан ұмытпайды және кешірмейді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский 23 қарашада Киевте «Голодомор» құрбандарын еске алу акциясы кезінде айтты.
«Бүгін біз «Голодомор» құрбандарын еске аламыз - тоталитарлық сталиндік режим халқымызға, Украина халқына қарсы жасаған геноцид. Бұл трагедияның себептері мен апаттары туралы айта беруге болады. Бірақ фактілер мен дәлелдердің көптігі ақылға да, жүрекке де жауап бермейді: не үшін? Қалай бүкіл халықты құртуы мүмкін?», деді Зеленский.
Зеленский әр түрлі деректерге сәйкес 1932-1933 жылдардағы «Голодомор» кезінде төрт миллионнан сегіз миллионға дейін украиндықтар қайтыс болғанын айтты. Мұндай шығындарды Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандармен салыстыруға болады деді.
«Біз украиндықпыз және біз бәрін жасай аламыз. Бірақ біздің қолымыздан келмейтін екі нәрсе бар. Ол - біз «Голодоморды» ұмыта алмаймыз және оны кешіре алмаймыз», деді Украина президенті.
Украинада 1932-1933 жылдарда КСРО үкіметі жаппай жасанды ашаршылық ұйымдастырып, Украин Кеңес Социалистік Республикасының территориясындағы селолық жерлерде миллиондаған адамдардың өмірін қиған украин халқының геноцидтік әрекеті ретінде қарастырылады.
Украинада «Голодомор» құрбандарын еске алу күні қарашаның төртінші сенбісінде атап өтіледі.
2016 жылы Украинаның Жоғары Радасы демократиялық елдерге үндеу тастады. 1932-1933 жылдардағы «Голодоморды» украин халқының геноциді деп тануды сұрады. Украинаның СІМ сайтында хабарланғандай, бүгінгі күнге дейін әлемнің 24 мемлекеті «Голодоморды» украин халқының геноциді деп таныды.
Материалды әзірлеген Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz