Эмиль Золяның «Творчествосы» - жалықтырмайтын кітап
Араға уақыт салып, қайталап оқысам да жалықтырмайтын бір кітап – Эмиль Золяның «Творчествосы». Суретші Клодтың тағдыры, азапты шығармашылық тағдыры, шығармашылық үшін, анығы өзін сақтау үшін күресі, жанталасы, арпалысы, жеңілісі мен жеңісі, өнер жолында өзін де «құрбандыққа шалып» жіберуі мені бей-жай қалдырмайды.
Клод өліп жатқан баласының қазандай басына сүйсіне қарап, шабыттанып «Өлі бала» атты картинасын салады. Сосын картинасын көрмеге қойып, тобырдан тағы да шапалақ, құрмет күтеді.
Иә, Клодтың жүйкесіндегі «ауытқушылықты» түсіне де, қабылдай да алмайсың. Бірақ ол табиғатынан дарынды суретші еді. Эмил Золя Клодтың прототипі суретші досы Поль Сезанн екенін мойындайды. Әйгілі суретші Сезанн! Осыдан кейін Сезанн Эмильге қатты ренжіп, араласпай кетеді.
Суретші Педер Северин Крёйердің айтатыны бар ғой: «Мені Құдай қарғаған, сондықтан мен мықты суретшімін. Өнер дегеніміз – ойыншық емес, ауыр крест».
Эмиль Золяның шығармалары оқырманға өзін көрсететін айна секілді.
P.S. Біздің қоғамда Достоевский мен Золяның адасып аласұрған, қылмыс жасап, өзімен-өзі күрескен кейіпкері толып жүр. Орыс пен француз философтары өз ұлтының ұлы жазушыларын әлемге танытты. Қазақ философтарының зерттеуіне арқау болатын қазақ прозасында да қаншама дүние бар.
Бірақ біздегі философия ғылымымен айналысып жүргендердің көпшілігі орыс ғалымдарының ғылыми еңбектерін аударып, тіпті көшіріп алудан арыға аспайды...
Аягүл Мантайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz