Қыз өлген жоқ, имамның сөзі «өлді»...
Имам Арман Қуанышбаев айды аспаннан шығарды...
Бүгінде уағыз айтушы имамдар «ұстаз» аттын иемденіп алып, ауыздарына не болса соны айтпаса – намаздары қаза болатындай болыпты... Бұрындары өзге біреуі «жұмақта әр еркекке бес мыңдай қыз қызмет етеді» деп, аузынан сілекейі аққанша тамсана сөйлеп еді, енді, міне, Арман Қуанышбаев деген имам қазаққа мындай үкімдер шығарыпты:
1. Қазақ қызын ұзатқанда «еті де, сүйегі де сенікі» деп береді..., тұрмысқа берген қызын тірілер қатарынан шығарып тастайды екен‑міс. Сірә, қазақ «кеткен қыздан үміт‑қайыр жоқ» деп санаса керек...
2. Осы «айтулы оқиғаны» атап өту үшін, қыз берген жақ құда жақтан «өлі‑тіріге» деп әкелген қойды сойып, болмаса, өзі сойып, ағайын туыспен «қыздың өлгенін» атап айтып, әлгі малды жеп қояды екен...
3. Сосын, имам айтатындай «сәукелені өлген адамға кигізу керектігі» еске түсіп, үйдегі сандықта жатқан сәукелені күнге кептіріп, кемпірге көрсетеді екен: «Мынау сен өлгенде басыңа киетін киім!» деп... Сірә, кемпір тұрмысқа кеткен, яғни «өлген» қызын ойлап жылап‑сықтай бермесін дегені болса керек...

Сурет: Сайт скрині.
Міне, бүгінде осылай деп Арман имам бастаған діни қауым өкілдері қазақтың санасында революциялық төңкеріс жасап жатыр екен. Арман имамның бұл сөздері әлеуметтік желілерде желдей есіп, кең таралып жатыр...
Бұған не айтуға болады?
Негізі, осы сөздерден біз ел арасында көзге түсіп жүрген дін өкілдері – «имам‑уағызшылардың» өз ұлтының салты мен дәстүрінен, дәстүрдің мәні мен мағынасын ұғудан қаншылықты ажырап кеткенін, оны түсінуден қалғанын анық байқаймыз.
Қазақтың «өлі‑тірісі» дегені тіптен бөлек дүние. Оның мағнасы «қыз қонар жеріне қонған соң, елге құт береке әкелсін» деген ниетпен, құдалар жаққа «өлі‑тірі» атап, мал жібереді, ниетте оған жиналған қауым (төркіні) өз батасын берсін, жақсылығын тілесін, қайтыс болған туыстарының аруақтары разы болсын деген ой тұрады...
Ал, сәукеле – қыздың басына ұзатылғанда киілетін қасиетті бас киім. Оның үшкір басы – көне түркілік наным‑сенімдерден бастау алады – Көк Тәңірімен байланысты. Сәукелені «өлгенде басына кигізсін» деп кигізбейді. Сәукеле – өте киелі зат ретінде ұсталып, болшақта ана оны өзінің қызына беруі жиі орын алған. Ол «сен де мен сияқты өсіп‑өн» деген ырым.
Сондықтан, осы жолы мен айтар едім, бұл жерде «отау құрған қыз өлген жоқ, оны сәукелесімен қоса «жерлеген» имам өлді» деп...
Енді, бұл имам қазаққа сөз айта ала ма, мұнан кейін?..
Қазақ оны тыңдай ма?
Әбдірашит Бәкірұлы, публицист
Abai.kz