Азамат Жетпісбаев. Интернетті бақылауға көшкен билік ертең қайтер екен?
Әлемнің миллиондаған тұрғыны біреумен хат жазысу үшін немесе өзіне қажетті ақпараттар іздеу үшін күнде интернеттің алдында отырады. Интернет біраз жылдар бойы қоғамның тек анықталған бір бөлігі ғана қолданған телекоммуникациялық индустрияның техногендік түрі болып есептелген. Бірақ соңғы кездері интернет қоғамның санасына ықпал етер тиімді ақпарат құралына айналып келеді. Қазіргі кезде кез келген компьютерлік жақсы білімі бар немесе қалтасында кішігірім ақшасы бар адам тапсырыспен өзіне электрондық ақпарат құралын, яғни, сайт аштырып, онда өзінің интернет-оқырмандарының санасына өз сайтындағы ақпараттармен әсер ете алады. Сол себептерге байланысты сөз бостандығын соншалықты қаламайтын мемлекет биліктері онымен күресу жолдарын ойластыра бастады.
ИНТЕРНЕТ-ЦЕНЗУРА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Интернет-цензура (ағылш. «Internet Censorship») дегеніміз - интернет жүйесіндегі басылымдарды немесе ақпараттарды бақылау және шектеу. Сондай-ақ ол тек қана шектеу немесе веб-ресурстарды жабу ғана емес, трафикті сараптау, жалған оппозициялық сайттарды ұйымдастыру және сайттың иелері мен авторларын қысымға алуға мүмкіндік береді.
Әлемнің миллиондаған тұрғыны біреумен хат жазысу үшін немесе өзіне қажетті ақпараттар іздеу үшін күнде интернеттің алдында отырады. Интернет біраз жылдар бойы қоғамның тек анықталған бір бөлігі ғана қолданған телекоммуникациялық индустрияның техногендік түрі болып есептелген. Бірақ соңғы кездері интернет қоғамның санасына ықпал етер тиімді ақпарат құралына айналып келеді. Қазіргі кезде кез келген компьютерлік жақсы білімі бар немесе қалтасында кішігірім ақшасы бар адам тапсырыспен өзіне электрондық ақпарат құралын, яғни, сайт аштырып, онда өзінің интернет-оқырмандарының санасына өз сайтындағы ақпараттармен әсер ете алады. Сол себептерге байланысты сөз бостандығын соншалықты қаламайтын мемлекет биліктері онымен күресу жолдарын ойластыра бастады.
ИНТЕРНЕТ-ЦЕНЗУРА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Интернет-цензура (ағылш. «Internet Censorship») дегеніміз - интернет жүйесіндегі басылымдарды немесе ақпараттарды бақылау және шектеу. Сондай-ақ ол тек қана шектеу немесе веб-ресурстарды жабу ғана емес, трафикті сараптау, жалған оппозициялық сайттарды ұйымдастыру және сайттың иелері мен авторларын қысымға алуға мүмкіндік береді.
Анықталған зерттеуші ұйымдар арқылы әлем мемлекеттері интернетті шектеу деңгейі бойынша бөлінеді. OpenNet (құрамына әлемнің Кэмбридж, Оксфорд және т.б. университеттері кіреді) атты беделді ұйымның мәліметіне жүгінсек, интернетті қатты қысымға алатын мемлекеттердің ішінде Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Сингапур, Вьетнам, Мьянма, Үнді мемлекеті, Пәкістан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Сауд Аравиясы, БАЭ, Оман, Йемен, Бахрейн, Әзірбайжан, Сирия және т.б. ерекше орында тұр екен. Бірақ аталған елдердің әрқайсысында интернетті цензуралау жолдары түрліше. Оларда көбінесе YouTube немесе Google Maps секілді ойын-сауықты, сондай-ақ оппозициялық сайттарға кіру шектелген. Оңтүстік Кореяның халқы Солтүстік Корея туралы жазатын сайттарға кіре алмайды. Өте қатаң саяси цензура Мьянмада, одан кейінгі орындарда - Қытай мен Иран тұр.
Цензураның ең көп тараған түрі - интернетте анықталған сөз бойынша ақпаратты іздеуді тыйым салу бойынша ережелер қалыптастыру (мысалға, Қытайда «демократия», «адам құқығы» деген сөзді іздеу), сондай-ақ кейбір интернет-ресурстарға кіру мүмкіндіктерін шектеу болып табылады.
«Шекарасыз репортерлар» атты қоғамдық ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2008 жылы 1740 веб-сайт жабылған немесе шектелген, 105 блогшы интернеттегі басылымдары үшін жапа шеккен, соның ішінде 1-уі өлтірілген, 59-тұтқындалған, 45-ін ұрып-соққан.
КӨРШІЛЕР НЕ ІСТЕУДЕ?
Интернетті ауыздықтаудың дәстүрлі эталондық түрі Қтайда қалыптасып үлгерді деуге болады. Онда былайша аталатын «Қытай файрволы» деген бар. Файрвол (firewall - «өртке қарсы қабырға») - интернет желісіндегі ақпаратты тазарту үшін интернет-байланысының тұтынушысы мен ұсынушысының арасындағы интернет-арнаға қойылатын арнайы сервер немесе серверлер жүйесі. Алғашында провайдерлер файрволдарды вирустар мен хакерлерден қорғану үшін қолданған. Сондай-ақ оларды кейбір сайттардың мүмкіндігін жартылай немесе толығымен шектеу үшін қолданады. Қытай басшылығының пайымдауынша, қытайлықтар коммунизмді құруды қамтамасыз етуге бағытталған нормаларға сәйкес өмір сүруі керек. Ал бұл нормаларға сәйкес мемлекет азаматтарына әлгі нормаларға қайшы келетін ақпараттар берілмеуі керек. Егерде интернеттегі кез келген бір сайтта сол нормаларға қайшы келетін ақпараттар болса, ол «Ұлы қытай файрволымен» тазартылады, соның салдарынан бұл сайтқа кіру мүмкін болмай қалады. Файрволдың қара тізіміне тек антикоммунистік сайттар (бұндай тізімге көптеген әлемдік интернет-ресурстары кіргізілген, соның ішінде Wikipedia энциклопедиясы да бар) ғана емес, сондай-ақ порносайттар мен құмар ойындар ұсынатын көптеген сайттар да кіргізілген. Қытайда тазарылмайтын интернет-ресурстарын ұсынатын «цифрлі диссиденттердің» іскерлігі қатаң түрде жазаланады, оларға қарсы интернет-кафелерде жүйелі түрде рейдтер жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ осындай заңсыз порнографиялық және құмар ойындары бар интернет-желісін ұсынушыларды тауып берген азаматтарға мемлекет ақша төлейді екен.
Келесі көршіміз Ресей Қытаймен салыстырғанда интернетке көптеген тәуелсіз арналар арқылы қосылған. Сол себептен оған қытайлар секілді жүйелі файрвол қосу мүмкін емес. Сонда да, цензураны Федералды Қауіпсіздік Қызметімен қажетті ақпараттарды тексеру үшін жасалған
Ресей провайдерлерімен жасалған құпиялы ОІІЖ (оперативті-іздеу іс-шаралар жүйесі) деген жүйе арқылы жүзеге асыруға болады. ОІІЖ-нің көмегімен құқық қорғаушы органдар террористер мен басқа да қылмыскерлердің хаттарын оқи алады. Ресейде және басқа да көптеген мемлекеттерде «тазарту» ісімен көптеген коммерциялық компаниялар айналысады. Мысалға, бірқатар іздеу жүйелері өздерінің былайша аталатын «отбасылық тазартуын» қосып қояды. Бұл тазартулар іздеу процесінде порнография мен зорлық-зомбылық элементтерін ысырып тастайды. Сондай-ақ көптеген компанияларда, жұмыс орындарында қызметкерлері жұмысындағы интернетті қызметтік емес баппен, мысалға, кейбір жерлерде ICQ қызметі, блогшылық және сол секілді т.б. сайттарды қолданбауы үшін файрвол арқылы контентті (ағылш. content - «құрамы») тазарту қойылады. Тазарту құралдары браузерлерге қосылады, мысалға Microsoft Internet Explorer браузеріне.
Көптеген мемлекеттер әлеуметтік аспектілерді де бақылауға алады. Кейбір мемлекеттерде интернет қолданушылары әйелдердің немесе гомосексуалдардың құқықтарын насихаттайтын сайттар ашылмайды. OpenNet ұйымының мәліметінше, «әлеуметтік» цензураны шектеуде алғашқы орында Иран, одан кейін Оман мен Сауд Аравиясы тұр.
БІЗГЕ ИНТЕРНЕТ-ЦЕНЗУРА КЕРЕК ПЕ?
Қазақстанда цензураға Конституциямыздың 20-шы бабы бойынша тыйым салынған. Онда: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар...» деп анық жазылған.
Бірақ соңғы кездері атазаңымыздың бұзылып, сөз бостандығын шектеу мақсатында түрліше іс-әрекеттер жасалып, оны заң жүзінде де шектеуге биліктің тырмысып жататындығы жөнінде көп әңгіме айтылып жүр. Бұлай деп мәлімдеушілер атқарушы билік халықтың санасын толығымен бақылап, реттеп, оны емін-еркін ақпарат алып, ащы шындықты білдіртпеу үшін жасайды дейді.
Әсіресе соңғы кездердегі интернетті заңдастыру жөніндегі үкіметтің ынтасы бүгін тек Қазақстан қоғамын ғана емес, әлемнің барша демократиялық қауымдастығын да қобалжытып отыр. Себебі осынша антидемократиялы іс-әрекеттер жасап жатқан мемлекет қалайша әлемдік деңгейде демократиялық құндылықтарды қорғайтын бірден-бір халықаралық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) басқарады деген сұрақ туындайды. Парламент депутаттарына жасаған үндеуінде бірқатар журналистер, республикалық және халықаралық ұйымдар интернет-цензураны заңдастыратын заң жобасын қабылдамауды сұрап отыр. Тіпті бүгінгі күні «Абырой», «Болашақ», «Жас мамандар қоғамы» жастар ұйымдары мен «Орталық Азияның даму институты» қоғамдық қоры «Тәуелсіз интернет үшін» атты қозғалыс құрып та үлгерді.
Үкіметімізге интернет желісін бақылауға алу керек пе деген сұраққа - керек деп жауап беруге болады. Оны заңдастыру да қажет. Бірақ саяси мақсатта емес - порносайттар мен құмар ойындарды шектеуге, хакерлер мен вирустардан қорғануға, ұлттық рухымызға, менталитетімізге жат зиянды ақпараттардан сақтану үшін қажет. Алайда, елімізде іс жүзінде интернетті астыртын саяси мақсатта жиі қысымға алатынын тағы білеміз. Бізде үкіметтің кейбір әрекеттерін сынға алатын интернет-сайттар түрліше шабуылдарға жиі ұшырайтыны шындық. Жақында ғана біз келесі жылы төраға боламыз деп отырған ЕҚЫҰ «интернетті бақылау» атты жасаған баяндамасындағы интернетті цензуралайтын мемлекеттер тізіміне Грузия, Беларусь, Өзбекстан, Қытай мемлекеттерінің қатарына Қазақстанның да кіргені өкінішті-ақ! Сонымен, интернетті бақылауға көшкен ел билігі ертең ЕҚЫҰ-ға төраға бола қалса қайтер екен?..
«Абай-информ».