«Желтоқсан көтерілісін» тарихтан ешкім өшіре алмайды
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін еске алу жанға да батады, жүректі де ауыртады... Желтоқсан көтерілісінің маңызын түсінбей, түсінсе де, әдейі бұрмалап немесе оған мән бермегенсіп жүргендер де бар. Біле білсек, компартияның құрсауындағы халқымызға азаттықтың қадір-қасиетін терең түсіндірген нақ осы Желтоқсан көтерілісі болатын. Бірақ, билік мұны толық мойындамай отыр. Мойындаса, бұл мемлекеттік идеологиямыздың басты тармағының біріне айналуы керек. Сонда ғана елдің рухы на рух қосылар еді.
Көп жағдайда халыққа еңбегі сіңген жандарды журналист әріптестерім, ақын-жазушыларымыз, «ғажап, керемет еді» деп өлгеннен кейін мадақтайды. Тірі кезінде елей бермейміз. Сол жағдай қазір Желтоқсан көтерілісшілерінің де басында бар.
«Желтоқсан көтерілісі» уақыт өте келе өз бағасын алары сөзсіз. Қазір оған тиісті мән берілмей отыр. Өйткені, билікте отырған көп адамның қолдары қан. Шындық ерте ме, кеш пе бәрібір ашылады. Бәлкім сол кезде желтоқсандықтардың статустары да қаралуы ғажап емес. Қай мемлекеттік мереке болмасын, еңбек ардагерлері, соғыс ардагерлері аталып өтеді де, желтоқсаншылар тасада қалып жатады. Желтоқсаншылардың ел тәуелсіздігіне қосқан үлесі өлшеусіз. Бір ғана мысал: кез келген соғысқа қатысушы бұйрықпен барса, біздер, желтоқсаншылар алаңға бұйрықсыз, өз еркімізбен шықтық.
Сондықтан, елінің келешегі үшін, күреске шыққандарды мойындамау – қиянаттың ең үлкені.
«Желтоқсан көтерілісін» мойындап, тиісті бағасын беріп, «желтоқсандықтарды» Отан, Ауған соғысына қатысқандармен теңестірсе деген тілек бар.
Бәрібір «Желтоқсан көтерілісін» ешкім тарихтан өшіре алмайды. Біз маңдайымызға жазылғанын көрдік, еліміз алдындағы азаматтық, перзенттік борышымызды адал атқардық.
Ал, Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздікке жол ашқан ұлт тарихындағы шешуші көтеріліс болды деуге толық хақымыз бар.