Сәрсенбі, 10 Маусым 2026
Белес 143 0 пікір 10 Маусым, 2026 сағат 12:21

Мо Яньға «Ясная Поляна» әдеби сыйлығы табысталды

Сурет: автордың фейсбук парақшасынан алынды

2026 жылғы 5 маусым күні, 2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мо Янь Ресейге жасаған сапары барысында Ресей Ғылым академиясының Орыс әдебиеті институтындағы (Пушкин үйі) әйгілі Толстой залында өткен салтанатты рәсімде «Ясная Поляна» халықаралық әдеби сыйлығының «Шетел әдебиеті» аталымы бойынша бас жүлдесіне ие болды. Жазушы бұл мәртебелі марапатқа өзінің «Сандал ағаш жазасы» романы үшін лайық деп танылды. Ресейге сапарды ұйымдастыру мен үйлестіру жұмыстарын толықтай Қытайдың Авторлық құқық жөніндегі қауымдастығы атқарды.

Марапаттау рәсімінде ұлы жазушы Лев Толстойдың ұрпағы, Ресей Президентінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Владимир Толстой Мо Яньға сыйлықты салтанатты түрде табыс етті.

Сахнаға көтеріліп, алғыс сөзін айтқан Мо Янь:

«Менің шығармамның Толстойдың есімімен және оның рухани мұрасымен байланыстырылғанын білу – мен үшін айрықша мақтаныш әрі зор мәртебе», – деді.

Ол сондай-ақ орыс әдебиетінің өзінің шығармашылық жолына ғана емес, тұтас бір буын қытай қаламгерлерінің қалыптасуына терең ықпал еткенін ерекше атап өтті.

«Маған орыс және кеңес әдебиетінің әсері әлдеқайда күшті болды», – деді жазушы.

Мо Яньның «Сандал ағаш жазасы» романының орыс тіліндегі аудармасы 2025 жылы «Ясная Поляна» сыйлығының «Шетел әдебиеті» аталымының әуелі ұзын тізіміне, кейін қысқа тізіміне енген болатын. Ақырында жеңімпаз атанғанымен, жазушы белгілі себептерге байланысты сол жылғы қазан айында өткен марапаттау рәсіміне қатыса алмаған еді.

Бұл жолы сыйлық романның аудармашылары – марқұм Егоров пен Жи Боханьға да табысталды.

Ресей сапары аясында Мо Яньды жергілікті оқырмандар ерекше ықыласпен қарсы алды. Санкт-Петербург қаласындағы Орталық кітап дүкенінде өткен қолтаңба кешіне мыңға жуық оқырман жиналды. Сонымен қатар ол Ресей мемлекеттік драма театры – әйгілі Александрин театры сахналаған «Өмір мен өлім азабы» романының орыс тіліндегі тұсаукесер қойылымын тамашалап, көрермендермен жүздесу кешіне қатысты.

Жазушының сапар бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Ол атақты кеңес жазушысы Михаил Шолоховтың туған өлкесіне барып, Мәскеудегі Таганка театрында Псков үлгілі драма театры сахналаған «Бақа» романының орыс тіліндегі спектаклін көреді. Сондай-ақ Мәскеуде Эксмо баспасы ұйымдастырған баспасөз мәслихаты мен әдеби ауылдағы оқырмандар кездесуіне қатысады.

Қытай Авторлық құқық жөніндегі қауымдастығының қолдауымен Мо Яньның «Біздің Цзин Кэ», «Бақа» және «Өмір мен өлім азабы» атты үш шығармасы Ресей театрларының сахнасына жол тартып, орыс көрерменімен қауышты. Мо Яньның шығармаларының Ресейде осылайша жаңа тыныс алып, театр өнері арқылы қайта түлеп, оқырман мен көрерменнің жүрегіне жол табуы – әдебиеттің ұлт пен шекарадан биік тұратын рухани көпір екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір