Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әліпби 6108 18 пікір 13 Желтоқсан, 2019 сағат 11:23

Жазу ұстанымымыз қандай болуы керек?

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасында латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының негізгі ұстанымы ретінде фонематикалық принцип басшылыққа алынатындығы айтылған. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық принциптер қолданылатындығы ескертілген.  

Кейінгі жылдары фонематикалық принцип жайында Р.Сыздықованың еңбектерінде көп айтыла бастады. Бұл жайында ғалымның мына пікіріне назар аударайық: «Фонематикалық принципке дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі (мәні) сақталып жазылуы жатады»-дейді ғалым. Ғалымның айтуынша қазақ тіліндегі сөздер мен сөз бөлшектерінің басым көпшілігінің мысалы, жұмыс, іс, аш деген түбірлерге -шы, -шең, -са қосымшалары жалғанғанда, олардың естілуі (айтылуы) жұмұшшы, ішшең, ашша болғанына қарамастан түпкі тұлғасы сақталып жазылатындығы сондай-ақ қашанғы, түнгі, күнге деген сөздердің естілуі қашаңғы, түңгү, күңгөболып естілгеніне қарамастан түпкі тұлғасы сақталып жазылатындығы осы жазудың фонематикалық ұстанымымен байланыстыра келе ғалым қазақ жазуындағы  фонематикалық ұстанымды былай түсіндіреді: «Бірақ бұлардың айтылуындағы (естілуіндегі) фонемалардың (дыбыстардың) қосалқы реңкі есепке алынбай, сөз бөлшектерінің түпкі тұлғалары сақталып, фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, қашанғы, түнгі, күнге болып жазылады. Бұл ереже емленің фонематикалық принципінің қолданылуын танытады» - деп көрсетеді ғалым [1].

Дегенмен, осы жазудағы фонематикалық принцип деген мәселенің өзінің басын ашып алуымыз керек боп отыр. Орыс жазуында басты принцип болып есептелетін бұл принциптің айналасында орыс тіл білімінің өзінде де басы ашылмаған жайлар бар секілді. Себебі, орыс тіл білімінің өзінде осы фонематикалық принципті олар кейде морфологиялық принциппен теңестіреді. Оның өзіндік сыры бар. Қазақ тілінің фонемалық заңдылығы мен орыс тілінің фонемалық заңдылығы мүлде бір емес. Біз бұл тұста фонема ұғымын қолдануға байыппен қарауымыз тиіс. 

Орыс тілі фонемаларға өте бай тіл. Флексия құбылысына бейімделген бұл тілде сөз арасындағы дыбыстардың, әсіресе  дауыстылардың фонемалық құбылысы сан түрлі. Мысалы орыс тілінде кейбір дыбыстар бар, олар өзінің әріптік таңбасы жоқ.  Айталық, орыс тіліндегі мына сөздердің ішіндегі О дыбысының айтылуына назар аударып көрейік:

 

  • вОда
  • вОдные
  • ВОдяной
  • РусскОе
  • русскОго
  • красивО
  • прекраснО
  • челОвек
  • челОвечество
  • обществО
  • угОл
  • угОлОк

 

Осы келтірілген сөздердегі О дыбысы 12 жерде қайталанғанымен, олар дыбысталғанда  бір-біріне мүлде ұқсамайды. Алайда, олардың әрқайсысына жеке жеке таңба беру мүмкін емес. Орыс тілінде дауыстылардың дауыссыздардың билігінде болуы олардың тілінде дауыстылардың мағына айырғыштық (фонемалық) қасиетін кеңейте түскен. Міне сондықтан, орыс тілінде фонематикалық принцип  басты орфографиялық бағдарға алынған. Міне, сондықтан да олар дыбыстың фонемалық сипатына назар аудармай, түбірін сақтап жазуға мәжбүр. Себебі, фонемалардың тым көптігі оларға таңба беруге қиындық келтіреді. Кірігу құбылысы флективті тілдердегі дауыстылардың аллофондық құбылысын сан қилы өзгеріске түсірген. Бір О  дыбысының өзі орыс тілінде түрліше құбылады. Огород, окно, образно деген сөздердегі  О әр басқа естіліп тұр. Оның бәрін таңбалап беру мүмкін емес. Сондықтан орыс тілі сияқты флективті тілдердің бәрінде де бұл проблема бар. Жазу теориясы ертеден қалыптасқан бұл тілді зерттеуші грамматолог ғалымдар дыбысқа қарағанда әріп аз болу керек дегенді сол өз тілдерінің заңдылығынан шығарып айтып отырғандығы анық. Сондықтан да орыс, ағылшын сияқты флективті тілдерде жақсы әліпби ықшамдалған әліпби деген тұжырым жасалған.

Әрине, біздің тілімізде де дыбыс пен әріп таңбасын бірдей дей алмаймыз. Дегенмен,  бізде әр дыбысты естілуіне барынша жақын таңбалауға мүмкіндігіміз бар екендігін А.Байтұрсынов ашып айтып кеткенін тілші ғалымдар жақсы біледі. Біздің қазақ жазуының теориясын жасаған Ахмет Байтұрсынов керісінше, біздің тілімізде жақсы әліпби тіл дыбыстарын бейнелеуге толық жеткілікті болуы керектігін баса айтып отырған.  Себебі, қазақ тілінде дауыстылардың дәл осы орыс тіліндегідей таңбаланбай қалатын фонемалық қызметі жоқ. Біздің тілімізде дауыссыздарды дауыстылар игеретін болғандықтан, дауыссыздардың мағына айырғыштық (фонемалық) қасиеті басым. Мысалы, кілем-қалам, шаш-шеше сөздерінде Л,М,Ш дыбыстарының бірде жуан, бірде жіңішке дыбысталуы оның фонемалық қасиетін көрсеткенімен, оның таңбалануы бір ғана әріпке байланған. Соған қарамастан, бұл жағдайлар орфографиялық ереже түзуде ешбір дау туғызған емес.  Ал жазудың принциптері дәл осы даулы тұстарды айқындап алу үшін ғана қажет. Біздің латын жазуына көшуімізге байланысты түзілгелі отырған жаңа емлемізде дау туғызып жүрген фонематикалық қызметі түрліше ұшырасатын (ашса, ұшса, қашса) сияқты түбір мен қосымшаның арасында ұшырасатын қиындықтар жайлы емес. Бұл қиындықтар кирилл жазуы емлесінде-ақ дұрыс шешімін тапқан. Біздің жазуымызда даулы болып отырған  У дыбысы мен И дыбысының алдында кейде анық, кейде жартылай естіліп қалатын Ұ,Ы,І дыбыстарының емледе қамтылуы болып тұр. Қазіргі ұсынылып отырған кейбір ғалымдарымыздың тұжырымдамасында осы заңдылық ескерілмей кетіп отырған сияқты. Әрине, бұл мәселе біздің ұлттық жазуымыз түзілген кездерден бастап-ақ, даулы болып келе жатқаны мәлім. Бүгінде ғалымдарымыз ықшамдап жазу мәселесін А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Т.Сауранбаев секілді ғалымдарымыздың  қолдағанын тілге тиек етеді. Бұл тұста айтарымыз А. Байтұрсыновтың қолданған емлесі араб жазуының негізінде ұсынылғанын ескеруіміз керек сияқты. Араб жазуында дауыстылар дауыссыздардың көлеңкесінде жүретіні ол кезеңде заңды көрінетін. Байтұрсынов осы заңдылықты қазақ тілінің тәжірибесінде қалыптасып қалған үлгісін сақтауды ғана ұсынғанын аңғарамыз. Ал, Қ.Жұбанов пен Т.Сауранбаевтардың ықшамдап жазуды ұсынуы сол кезеңде тіл білімінде Я.Маррдың тілдің сатылай даму теориясымен, яғни, біздің түркі тілдері жалғамалы сипатын жойып, флективті сатыға көшіп бара жатыр деген қағидатпен  ұштасатынын ұмытпағанымыз жөн. 

Бұл тұста, қазақ тіл білімінің тарихында ы,і, ұ дыбыстарынан қашқақтаудың тарихи тұстарын еске алсақ болады. Мысалы,  1930 жылдары «ы», «і» әріптері бітеу буында жазылмасын деген ұсыныс болды. Сол бойынша «қыс» орнына «қс», «мылтық » орнына «млтқ», «мысық» орнына «мысқ» деп жазу арқылы бірталай артық әріптерден құтылып, оқуды жеңілдетуге болады деген ұсыныс бағымызға қарай қабылданбай қалды. Өкінішке орай,  «ы», «і» әріптерін тұйық буында жазбаса да болады. Сонда, «скылат», «станса», «Сталин», «Рғыз» деп жазатын боламыз деген ереже қабылданып, тіліміздің табиғатына орасан нұқсан келтіргенін көріп отырмыз. «Шетелдік сөздерде «ы» мен «і» сөздің дыбысталуын бұзып, жалпыға бірдей болып жазылатын интернационалдық сөздерді өз жазылуынан алыстатып жібереді. Сонда «метр», «Маркс», «грам», «програм», «трес» деп жазатын боламыз. Бұл сөздердің орысшасына үйреніп қалған адамдарға оңай болады»  деген желеумен емле ережемізге естіліп тұрған дауыстыларды төл сөздердің өзінде ықшамдап жазуды енгізіп жібердік. Нәтижеде, тіліміздің әуезділігі әлсіреп, шеттілдік сөздерді игерудегі әлеуетіміз жоққа айналды.

Ендігі жерде біз осы олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Ықшамдап жазуға құмарлық бізге өз зардабын тигізді. Енді, ықшамдауға құмарлықты тоқтатып, осы дыбыстардың заңды орнын қалпына келтірейік. Қиын емес, қыйын; киін емес, кіиін; жиын емес, жыйын; ми емес мый т.б.Өз заңдылығымыз өзімізге жат көрініп қалған бүгінгі таңда бұл ұсыныс ерсі көрінгенмен,  жаңа емле ережемізге қайта енгізсек, сөйлеу тіліміздің әуезділігі біртіндеп өз орнына келері анық. 

Кейінгі флективтілік тіл дамуының жоғарғы сатысы деген ұғыммен «флективті  тілдердің соңынан жүгіру» саясаты бүгінде біз тілге тиек етіп отырған ғалымдардың кезінде осындай  орашолақ тұжырымдар жасауға мәжбүрлегенін ұмытпайық. Әліпбидегі әріп-таңбалардың санын қысқарту туралы ұсыныстар академик Н.Т.Сауранбаевта да бар[2. 20]  . Ол ә-ө-у-ү- әріптерінің орнына я,ю,у,е таңбаларын (сірә – сіря, дән-дян, жүн-жен, күн-кюн), һ әрпінің орнына а және х әріптерін (жаһан-жаан, уһ-ух) қолданып, әліпбидегі 41 әріпті азайтып, 36 әріпке түсіруді ұсынады. Бұл тектес ұсыныс С.Аманжоловтың жаңа әліпби жобасында да орын алған[3. 34].  

Сөзіміздің соңында айтарымыз,  біз қазақ халқы көнетүркілік жазуды есептемегенде, жас жазулы елміз. Біздің алдымызда жазу ережелері сан ғасырлар бойы әбден қалыптасқан, кемелденген бай тәжірибелі ағылшын, орыс секілді тілдер бар. Жазу емлелерін қалыптастырған «практикалық» кезеңімізде  әрине біз бұл тілдердің шылауына ілініп кеттік. Ол тілдердің жазу теориясы эволюциялық жолмен заңды түрде қалыптасты. Мысалы, алпауыт ағылшын тілінің жазу емлесі тарихта бір-ақ рет өзгерген екен. Оның өзі сонау 12-ғасырда жасалған екен. Содан бері сол ережеге бағынған ағылшын тілінің дыбыстық жүйесі әлденеше ғасырлық өзгеріске ұшыраса да, жазуда сол 12-ғасырдағы ережені басшылыққа алып, жазудың тарихи принципін негізге ала отырып,   бірнеше миллионға жеткен халықтың тілдік бірлігін ұйыстырып, диалектілерін жазусыз қалдырып отырғандығымен ұтып отыр. Жазу мен айтудың айырмашылығы олардың ұлттық құндылығына айналып кеткендей. Біз де осындай елдерден үлгі алып, өз құндылықтарымызға кенедей жабысатын уақыт келіп жетті. Ендеше, бұл жолы біз ешкімге жалтақтамай, тек өзімізге ғана қолайлы ұлттық жазу емлемізді қалыптастыруымыз керек деп ойлаймыз. Сонда ғана біз латын жазуына көшу арқылы ұлттық санамызды жаңғырта алсақ керек. 

Қаламқас Сейдуллақызы Қалыбаева 

Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

18 пікір