Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2385 0 пікір 22 Маусым, 2009 сағат 07:57

Мәртебесі мәңгі асқақтайтын - Өзаға

Тамырына тарихтың талайғы таңбасы сіңген- Қазақ елінің қасиетті құрсағы небір тау тұлғаларды түлетіп ұшырса да, құшағында тербей алмай тасбауыр толқындардың өтіне ұзатып жатты. Патшадай ұлдардың парқын кеш тануды пешенеміздің өзегінде өшпейтін өкініштей қып ғасырлар дастанына беттеумен келеміз. Дегенмен, өткенге салауат айтуда қазақтай қамкөңіл де жоқ дерсің…
Қылышы қынынан қан көпірткен кешегі дәуір, келмеске керуен тартқан Кеңестің елесі, жыланқұйрық көрінісі «сары белден» асқан заманда, еңсемізді көтеріп ерлерімізді түгендеудеміз. Ұлтына мәрт, халқына адал қайыспас қара нардай тұлғалардың тізбегін алыстан таптық, алыстан тарттық. Бүгінде солардың қатарынан бөле қарап, ойымызға өзек етпек боп отырған көрнекті мемілекет және мәдениет қайраткері, этногрф-ғалым, ұлт жанашыры болған ерен тұлға - Өзбекәлі Жәнібеков. Жасынан қоғамда болып жатқан үрдістер мен оқиғалардың бел ортасына араласып, Ғани Мұратбаевтар таған тартып кеткен комсомол жастары басы-қасында шираған Өзбекәлінің қазақ ұлтының, жұртының алдындағы алабөтен еңбек жолы сол кезден - ақ бастау алған еді.  Қазақстан жастарының мәдени әлуметтік мәселелерінің небір түйткілдерінің шешілуіне өзек бола жүріп, ұлт әдебиетінің келесі жас буынының қанаттануына да тікелей негіз болған десек артық кеткендік емес. Бұл орайда Өзбекәліге тәлімгердей боп, мақсат мүддесін айқындауда ұстаздай болған қазақтың дара перзенті - Ілияс Омаровтың  орнын айтпасқа болмайды. Сөзіміз құрғақ болмас үшін Өзағаңның «Тағдыр тағылымы» кітабындағы, «…Жалпы Ілекеңмен бір кездескен адам оның парасаттылығын, иманжүзділігін, өзгенің ойын іштей ұғынып, жүрекпен түсінетін азаматтығын мәңгі бақи есінде сақтайтын…» деген сияқты асқақ тұтқан пікірлерінен аңғаруға болады. Бүгінде қазақ мәдениеті, әдебиетінің алыптарына айналған  Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдғалиев, Сәкен Жүнісов, Қадір Мырзалиев, Шәмші Қалдяқовтар осындай ізгі ағалардың қанатынан демеу көргендігін біле береміз бе екен?! «Сұңқарына жағдай жасамаған ел, майдалардың мазағына қалады» дегенді терең түйсіну осы болар, сірә. Қазақтың «темір комиссары» атанған Темірбек Жүргенов, кеңқолтық, ақ жарқын Ілияс Омаровтардың сара жолымен келе жатқан мәдениет минстрлігін өз кезегінде Өзағаңда абыроймен атқарды. Бұл тұста да ұлт болашағы үшін төккен тері де бір кісідей. Иә, Өзбекәліні еске алатын кез келген адам ерекше бір әсерлі естеліктерді қимастықпен, бойына тұнған парасаттылық пен адамгершілігі, кесектігіне тамсанады. Ел ертеңін алып келетін жастарға қамқорлықтың маңыздылығын түйсінген тұлғаның өмір жолы да ешкімге ұқсамайтын қымбат, еңбекке, күреске, өнегеге толы. Қай сала, қандай қызметтің құлағында болмасын ұлт ел мүддесінің жанына сауға болған Өзағаңның нендей салада ізі жоқ десеңші! Тек, өзі: «…менің өмірімнің өзі осындай абзалы мол ізденістерден тұрады. Өкініштісі - біз сияқты қызметтестердің (функционерлердің) тікелей араласқан, тіпті өзі ұқсатқан шаруасына қолтаңбасын қалдыра бермейтінін пайдаланып, біткен істің нәтижесін әлдекімдердің өзіне теліп алатыны…» дегендей дайын асқа тік қасықшылар да табылмай қалмапты. Қазақтың төл мәдениеті, музыкасы, театры, көне жәдігерлеріне қамқорлық, оларды жинау, топтастыру, мұражай жасақтауда, ұлтымыздың өткенін өлтірмеу, оны құрметтеуде Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегі ерен. Мәселен, құрамына археолог, тарихшы, фотографы бар бірнеше топпен көне жәдігерлерді іздеп, халықпен кездескен. Ол - Маңғыстау мен Үстірттегі, Отырар қаласының, Ұлытау маңындағы, Талас-Шу өзені жағалауларындағы, Жетісу мен Ертіс бойындағы мазарлар мен көне ескерткіштерді, халық мұраларын түгендеп, тізімге алдырады. Соның нәтижесінде Қарақан, Айша-Бибі, Ақыртас, Қозы-Көрпеш, Баян сұлу, Арыстанбаб, Жошы хан, Алаша хан сияқты археологиялық ескерткіштерді шағын зерттеулерінде ғана көрсетілген отыз мыңға жуық мазар мен ескерткішті құжат түрінде рәсімдеп, мемлекеттік деңгейде қорғалуына қол жеткізеді. Яғни, бүгінгі ұрпаққа жоғарыда аталған тарихи ескерткіштерді тікелей атсалысуымен аманаттап, сол кезде туристік индустрияға айналдыруды көздегендігі - Өзағаның көрегендігінің бір ғана дәлелі іспеттес. «Шертер», «Адырна», «Сазген» секілді фолклорлық ансамблдерін құрып, Қазақта төл би өнері жоқ деген қараң пікірдің күлін көкке ұшырған «Алтынай» би ансамбілін дүниеге әкелді. Ұлттық биіміз жайында құнды еңдектер жазып, түптеп зерттеген. Қазақ алпауыттары Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысып, қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысады. 1970-75 жылдары Торғайда обком хатшысы қызметінде жүргендегі өзі бел ортасында жүріп жасақтаған Арқалық мұражайы. Одан ары қарай тізбелей беруге болатын орасан зор еңбектері бүгінгі ұрпаққа жемісін беруде. Өз сөзінде қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «1988-90 жылдары Ө.Жәнібеков орталық партия комитетінің хатшысы, мен идеология бөлімінің меңгерушісі болып бірге қызмет істеген кездерім әлі жадымда. Өзаға, азаматтық ойдың қалыптасуы, ұлттық тарихымыздың қайта тірілуі, қазақ театрының дәуірлеуі, бейнелеу, сәулет өнерінің өрлеуі, шеберлер ауылы бәрі-бәрі Өзағаңның есімімен байланысты. Ол шын мәнінде қазақ мәдениетінің алып тұлғасы, білгірі, жанашыры еді. Келбетінде халқымыздың айбары бар еді, әділдіктің, адамгершіліктің жығылмайтын ақ туы еді» - деп сол бір күндерді еске алса, э.ғ.д., профессор Ерлан Мұхтарұлы «Қазақтану ғылымының қара нары» , - деп құрмет тұтатындығынан көп нәрсені байыптауға болады.
Көзі тірісінде «Дүниеде мен екі құдіреттен-милиця мен Жәнібековтен қорқамын»- деп әзілдейтін Шәмші композиторға Өзағаң жерлестігін ескере, «Осы сен, Шәмші біздің елдің жалғыз топжарғаны екенсің, көк суға құштарлығыңды қашан қоясың?»- дегенінде, «Е, мен неге жалғызбын, ал, сіз ше?»-деп қарсы сұрақ қойса керек. Тамырынан танымын үзіп қалған тұтас ұлттық тарихымызға наурыз мерекесі, айтыс өнерінің киесін алып келуге тікелей мұрындық болған, Қазақ мақтанышы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтірген, рухани астауымыздай Тайқазанның түркі жұртына қауыштырған жанкешті ұлды тану, ия, Тайқазанды Ленинградта өткен көрмеге уақытша сұрап алғаны туралы мәліметті тауып, елге қайта әкелу жөнінде мәселе де көтерген қаһарман Өзбекәлі Жәнібековты тану осы болса керек. Елбасымыздан бастап, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тізгінін ұстап отырған көптеген ағаларымыз осы Өзағаңнан тікелей тәлім алып, азаматтық болмыстарын бекіткендігін де баса айтпасқа болмас. Олай дейтініміз қашан да қарапайым, кеудесіне қарлығаш ұялаған қамқор ағамыздың бойындағы парасат пен кесектік кескінінен сусындағандардың естеліктері ерен. Ұлы мұраттар жолында кез-келген іске бел шеше кірісіп, төр мен босағаның арасында бірдей қызмет ете беретін мәрт көңілдігін бүгінгі естеліктер сағынатындай. Ақтық сапарға  ел ағалары Қырымбек Көшірбаев, Ерлан Арындар бас көз болып шығарып салған Өзағаңа топырақ Арыстанбаб жанынан бұйырыпты. Ұлтын қорлатпай, ұжданын кірлетпей өткен ерен тұлға «көзі соқырдан, көңілі соқыр - жаман» деген сөзді жиі айтса керек. Қазақтығымыз қалғыған тұстағы қағылез азаматтық үн.
Үлкен өзен аққан жерде үлкен арна болады. Өзағаң арнасы ғасырлар тұмшалаған тарихпен сабақтас, сондықтан да ол ешқашан қаңсымақ емес. Есті ұрпаққа үлгі, еңселі елге мақтан.

«Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі,
Олар жайлы, ау, ағайын не білесің сен осы?...»  

Жарқынбек  АМАНТАЙҰЛЫ
«Білік» газеті, № 05 (102) 22 сәуір

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552