Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Исламның қай бағытын ұстанатынымызды батыл айтуымыз қажет
-Қазақстанда қалыптасып отырған діни ахуал жайында не айтасыз? Діни агенттік төрағасы «қалыпты» деп баға бергенімен, халықтың сенімін күмән билеп отыр...
-Мені бүгінгі билікке, Үкіметке риза қылып отырған бір мәселе бар. Ол - кештеу болса да, еліміздегі діни ахуал жайлы әңгімені енді қозғай бастағаны. Бұған дейін, Конституциямызда көрсетілген «зайырлы мемлекеттігімізді» тар кеңістікте түсініп, оны басқаша қабылдап келген едік. Зайырлы мемлекет болу дегеніміз - қоғамда болып жатқан ішкі жағдайлардан басты алып қашу емес, керісінше соның ортасында жүріп, бақылап-қадағалау, реттеп отыру болмақ. Бастысы - Ислам болсын, басқа болсын, дінді саясатқа айналдырмау керек еді. Бірақ біз басқа жолмен жүріп кеттік. Басқа мемлекеттерде билік пен қоғам діннің барлық ағымдарына араласып, не болып жатқанын біліп отырады. Бізде осы жағы кемшін қалды. Қажет болса, қаржы да бөлу керек еді. Мешітті ұстауға, кітаптар шығаруға қаражат қажет қой. Біз қаржы бөлмегесін, діни ұйымдарға шетелден вагон-вагонмен қаржы келе бастады. Сол қаражатқа шыққан кітаптар тегін айналымға түсті. Радикалдар өз дінін насихаттап жатқанда, біз үнсіз қала бердік. Әйтеуір, енді болса да, осы тақырыпқа көңіл бөліне бастағанына шүкір дейміз. Теледидар, басылымдар - жалпы БАҚ-та да, қоғамдық кездесулерде де діни ахуал жиі сөз болып жүр.
-Қазақстанда қалыптасып отырған діни ахуал жайында не айтасыз? Діни агенттік төрағасы «қалыпты» деп баға бергенімен, халықтың сенімін күмән билеп отыр...
-Мені бүгінгі билікке, Үкіметке риза қылып отырған бір мәселе бар. Ол - кештеу болса да, еліміздегі діни ахуал жайлы әңгімені енді қозғай бастағаны. Бұған дейін, Конституциямызда көрсетілген «зайырлы мемлекеттігімізді» тар кеңістікте түсініп, оны басқаша қабылдап келген едік. Зайырлы мемлекет болу дегеніміз - қоғамда болып жатқан ішкі жағдайлардан басты алып қашу емес, керісінше соның ортасында жүріп, бақылап-қадағалау, реттеп отыру болмақ. Бастысы - Ислам болсын, басқа болсын, дінді саясатқа айналдырмау керек еді. Бірақ біз басқа жолмен жүріп кеттік. Басқа мемлекеттерде билік пен қоғам діннің барлық ағымдарына араласып, не болып жатқанын біліп отырады. Бізде осы жағы кемшін қалды. Қажет болса, қаржы да бөлу керек еді. Мешітті ұстауға, кітаптар шығаруға қаражат қажет қой. Біз қаржы бөлмегесін, діни ұйымдарға шетелден вагон-вагонмен қаржы келе бастады. Сол қаражатқа шыққан кітаптар тегін айналымға түсті. Радикалдар өз дінін насихаттап жатқанда, біз үнсіз қала бердік. Әйтеуір, енді болса да, осы тақырыпқа көңіл бөліне бастағанына шүкір дейміз. Теледидар, басылымдар - жалпы БАҚ-та да, қоғамдық кездесулерде де діни ахуал жиі сөз болып жүр.
-Енді бұл ахуалдың ушығуына не себеп?
-Оның себебін осыдан 3-4 жыл бұрын да айтқан едім, қайталайын, тәуелсіздік алып, етек-жеңді жинай бастаған тұста Үкімет те, мүфтият та діннің дамуын өз бетімен жіберді. Оған бақылау болған жоқ. Мен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған 7 жылда Елбасы өңірге 7 мәрте келді. Ал сол 7 жылда бұрынғы мүфти Рәтбек қажы да, қазіргі Әбсаттар қажы да бір рет келмеді. Басқа облысты айтпай-ақ қояйық, халқының 99 пайызы - қазақ, түгелдей дерлік мұсылман облыстағы жағдай осындай. Немене, сонда мүфтидің жұмысы президенттікінен де көп пе екен? Міне, мәселе қайда жатыр. Мен Ресейді мақтамаймын, бірақ патриархын бөліп айту керек. Ресейде қандай апатты жағдай болса да, басы-қасында жүреді. Халықты рухтандырады, бірлікке шақырады, жаратушыдан солармен бірге көмек сұрайды. Ыстық-суықта да, қысы-жазы халықтың өз ортасында жүреді ол. Ал біздегі жағдай жаңағыдай. Соның ақыры, осы уақытқа шейін біз исламның қандай ағымын ұстанатынымызды да білмейміз. Рас, мен исламтанушы не дінтанушы да емеспін, бірақ дінтанушы, дінге жақын ағайын, дос, имамдардан осыны сұрағанымда сасқалақтап қалатын. Міне, енді-енді ғана Исламның қай жолымен жүруіміз қажет екенін батыл айта бастады. Бірақ бұған дейін біреу Исламабадты, енді біреуі Сауд арабиясының ұстанымына еріп, соны тартып, жақындарының арасына сіңіріп те бітті. Рас, дінді оқу керек, діни білім алу керек, бірақ, соның басында негіз де болуы қажет қой. Қазір 72 түрлі ағым бар десек, соның 72-сін меңгеріп, қайсысы біздікі екенін саралап біткенше, азаматтар адасып та үлгереді. Мүфтият осыдан 15-20 жыл бұрын нақты қай ағыммен, қай жолмен жүретінімізді батыл айқындап беруі қажет еді. «Жігіттер, мына жол - біздікі!». Болды, бұдан артық ештеңе қажет емес. Соңғы 15-20 жылда елімізде 2 мыңдай мешіт тұрғызылыпты. Сауапты іс, әрине. Көбін кәсіпкерлер, қалталы азаматтар көтерген. Есесіне осы 15-20 жылда елімізде 1 ғана кітапхана бой көтеріпті. Мешіт ішінде 1 ғана адам уағыз айтады. Ал орташа кітапханада 10 мыңдай кітап болады. Ол дегеніңіз - 10 мың ой, 10 мың білім қоры, 10 мың тәжірибе. Сол үшін де 1 мешіт салынса, соның жанына 1 кітапхана салынуы қажет еді. .
-Тәуелсіздік алған тұста еліміз жіберген қателіктерді дөп басып айттыңыз. Сонда бұған рухани билік қана кінәлі болғаны ма?
-Бүгінгі діни ахуалға қатысты сөйлейік, көзіміз көріп жүр, жастар дінге кетіп жатыр. Діннен таяныш таппағандар өмірден де кетіп жатқанына куә болып жүрміз. Болмаса, қоғамдық жұмыстардан бас тартып, бөлініп, бөлшектеніп барады. Бұл қоғамның жауапкершілігінің жоқтығы. Мен бұл жерде билікті кінәлаудан аулақпын. Бұл - қоғамның кінәсі. Өйткені сол балалардың, ол мейлі менің, туысымның, көршімнің, досымның не басқа да таныстарымның баласы болсын, қалай мінезі өзгеріп, қалай алыстап бара жатқанын, оның қандай кітап оқып жүргенін, қандай ортамен араласып жүргенін өзіміз көріп жүрдік қой. Оның отбасымен араласпай, басқа дінге өтіп бара жатқанын да көріп тұрдық. Рас, халықтың көзінен жасырын экономикалық, саяси оқиғалар орын алып жатса, оны биліктен көрер ек, ал мұның бәрі өзіміздің, яғни, қоғамның көз алдында өтіп жатқан оқиғалар ғой. Біз неге сол балалар өзгеріп бара жатқанын көргенде, олармен сөйлеспедік, оларды тыңдамадық? Өзіміз кінәлі... Тағы бір мәселе - дінді идеалға айналдыруға болмайды. Баланы имам не молдаға шәкірт қып беріп, басыбайлы дінге байлап берген дұрыс емес. Әке-шеше тәрбиесін жоққа шығарған бір адам не заң жоқ. Баланы дінге жіберіп, ата-ана жауапкершілігін алып тастауымызға болмайды. Мәселен, мен баламды не немеремді ешбір молданың тәрбиесіне басыбайлы бермеймін, оның тәрбиесіне жауапты адам - менің өзім.
-«Халықты біріктіруде Ислам сынақтан өтіп жатыр» дегенді айтасыз. Жастардың жаппай дінге бет бұруын соның көрінісі дей аламыз ба?
-Жұма намаз не тарауық намаздарына мешітке адамдар көп жиналады. Ауылдарда мыңдаған адам болса, қалада 10 мыңдаған адам жұма сайын мешітке ағылады. Ал солар не үшін барады, соны зерттеген жан бар ма? Жақсы, бір тобы рухани баимын деп барады, екіншілері күнәдан тазарамын деп барады. Керемет! Бірақ бұлар сол 10 мыңдықтың қанша пайызын құрайды? Өйткені солардың ішінде баратын жері, сенетін адамы, болмағандықтан мешітке барып жүргендер де бар. Осының ара-жігін анықтау керек. Имамдар, теологтар сол адамдардың арасына барып, әңгімелесіп, мән-жайды анықтап, содан кейін ғана шешімін айтуы керек. Содан кейін ғана біз билікке не халыққа талап қоя аламыз. Халықтың дінге жаппай бет бұруы батыстан келе жатқан жаһанданудың қорғаныс механизмі секілді сипат алып отыр. Бірақ Ислам да жаһанданудың бір түрі ғой. Қазір әлемде Ислам аястында үлкен қақтығыстар болуда. Дін - рухани құрал емес, саяси қаруға айналып кеткен жайы бар. Себебі, мұнай қоры, ауыз су азаюда, экология күрт төмендеп кетті, дін - солардың сылтауына, құралына айналған. Сол үшін де бізге шетелдіктердің қандай дінмен, қандай Исламмен келе жатқанын айыра білуіміз керек. Ол үшін біз Исламның қандай жолымен жүретінімізді рухани билік анықтап, халыққа насихаттап беруі шарт. Халыққа жақыны не? Бізде дала демократиясы болған, еркін өскен халықпыз. Мейірбан, қонақжай, бауырмал қазақ. Исламдағы жолымызды анықтағанда да осы мәселелер ескерілгені дұрыс. Біз қай ағыммен жүретінімізді анықтай алмай жүргенде, шетелдік радикалды ағымдар өз тәртібін орната бастады. Бұрын жасқана сөйлеуші еді, қазір батыл әрекетке көшкен. Басқосуларда өз дегендерін ашық айтып жүр.
-Біздікілер де үнсіз қалып жатқан жоқ қой. Сол жұма намаздарда мешіттерде, басқа орындарда да уағыз айтылып жатады...
-Рас, халық арасында уағыз айтып жүрген азаматтар бар. Олар - имамдар, молдалар, діндарлар. Алайда оның айтып жүрген әңгімесін жаттап алса, кез-келген адам уағыз айта алады. Тіпті діни экстремистердің де, өзге ағым өкілдерінің де айтар уағызы - сол. Бұл жерде мәселе басқада, сол уағыз айтуышының түр-тұлғасында, келбетінде болып отыр. Қазақ өзі сөзден бұрын сөйлеушінің түріне қарайтын халық қой. «Түсі игіден түңілмейді». Сондықтан имамдар тек сөзімен емес, жүріс-тұрысымен де халыққа жақын болуы тиіс. Қазір көріп жүрміз, қарыны қабақтай, жап-жас молдалар бар. Кісімен сөлескенде шікірейіп, менсінбей, көкірек кере тілдеседі. Имам осындай болу керек кім деп айтты? Қай кітапта солай жазылған? Араб елдерінің имамдарына қарасаң, қызығасың, сүйсіне қарайсың. Тұлғалы, түр-сипаты келіскен, біздікілер болса, жылмаң-жылмаң, көздері ойнап тұрады. Қазір уағыз айтып, түнде басқа тірлікпен жүрер болса, «ұзынқұлақ» деген бар, оның бәрі халықтың құлағына жетпей қоймайды. Сондықтан мұндай имамдар мың жерден жақсы сөйлегенімен, халықты соңынан ерте алмайды.
Сондай-ақ, ислам модернизациясынан бас тартпау керек деп ойлаймын. Әрине, бұл Құран сөздерін бұрмалау керек деген сөз емес, бірақ ислам бүгінгі өмірге лайықталуы тиіс. Бір мысал келтірейін, Рим папасы ІІ Иоанн Павел билікте отырған шағында Пим шіркеуіне 7-8 брейк-данс бишілерін шақырды. Қара футболка, қара шалбар киген балалар шіркеу ішінде музыканы даңғырлатып қойып, айналып-төңкеріліп өз өнерлерін көрсетті. Болғасын папаның қолынан сүйіп, оның әңгімесін тыңдап тарады. Ең қызығы, осыдан 1 апта уақыт өткенде батыс басылымдары «Рим папасы бишілерді қабылдағаннан кейін әлем бойынша миллиондаған жастар католик дініне кірді» деп жазды. Міне, жаңағы оқиғадан кейін миллиондаған жас өз таңдауын жасады. Әрине, мұнымен мешітке балаларды апарып билету керек деп отырғаным жоқ. Бірақ басқа да жолдардан іздеу керек. Неге бізде молдалар, дін жолындағы жандар мәдени ошақтарға бармайды? Неге сурет көрмелерін араламайды. Олар өз дінімен шектеліп қалмауы тиіс.
-Дін ұлтқа бөлінбейді. Десек те, ұйғырлардың өз мешіті бар қалада, шешендердікі - тағы өз алдына... Мұны қалай түсіндіреміз?
-Бұл - емделіп, айығып келе жатқан ахуал. Рас, қоғамның өз заңы болса керек, бұрынырақ мұндай тенденция қатты байқалған. Татарлар өз мешітін, ұйғырлар өз мешітін, шешендер өз мешітін салып, тек сол мешіттеріне ғана баратын. Қазір аралас, ел ішіндегі ішкі көші-қон халықты араластырып, бұл дертті өзі-ақ айықтырып келе жатыр. Бұл мәселе менің теологтармен әңгімелеріме де талай арқау болған болатын, олардың айтуынша діннің ұлтқа бөлінісі - күн тәртібінен түскен мәселе.
-Бірер жылдан бері діни жалпы сауатты көтеру жайы жиі сөз болып жүр. Дінтану пәнін енгіздік, енді мүфтияттың жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылатыны белгілі болды. Сіздіңше, діни сауатты қандай жолмен көтерген дұрыс?
-Діни сауатты көтеру үшін жаңалық іздеудің қажеті жоқ. Кеңестік дәуірден мұраға қалған тәжірибе бар. Ол уақытта Білім қоғамдары жұмыс жасайтын, оның мүшелері аудандарды, шалғай ауылдарды аралап, насихаттық жұмыстар жүргізетін. Міне, осыны жаңғыртса жетіп жатыр. Ауылдан келген жастар мешітке қашан келеді деп күтіп отырмау керек, керісінше олардың өздеріне бару қажет. Алдарынан шығу керек. Бастарын бір арнаға тоғыстырайық. Елімізде 170-тей жастар ұйымдары болса, билік енді ғана солардың басын біріктіру керектігін түсініп жатыр. Сондай-ақ, неге ауылдан келген жастарды вокзалдан күтіп алып, жөн, бағыт сілтейтін ұйымдар құрмасқа? Вокзалдан түсіп қайда барарын білмей тұрған жасты «Қош келдің!» деп күтіп алып, қайда, қалай барарын түсіндіріп берсе, мешітке барар болса, дұрыс жолдағыларына жөн сілтеп жіберсе, көшеде таратылатын тегін кітаптардан сақтану керектігін ескертсе, мұның өзі оларды адасудан сақтауда үлкен көмек емес пе? Сосын тағы ір мәселе - дін қызметкерлері мешіт төңірегімен шектеліп қалмай, мектепке, балабақшаға, оқу орындарына, емхана, ауруханаларға барып, уағызын айтып тұрғаны абзал. Ал біздікілер «жастар мешітке келсін» дейдіде қол жайып отырады. Ал ол жас мешітке жетем дегенше мейрамхана, клуб, радикал діни ағымдардың жанынан өтеді. Бірі болмаса, бірі арбап, жолдан ұстап қалады ғой. Сондықтан мешіт қызметкерлері оған қарама-қарсы жүріп, күтіп алуы қажет деп санаймын.
Әңгімелескен Нұрболат АМАНЖОЛ
http://baq.kz/kaz/news/cat/4/5744/