Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2971 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 03:12

Ауыт Мұқибекұлы. Хаттар иесін қашан табады? (Қытайдан келетін қазақ көші осы беті тоқтай ма?)

Тағы да Қазақстан Республикасының президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың
және
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Кәрім Мәсімовтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі
Қ. Қасымовтың назарына


Кеш қалып жеткен көштеймін,
Қарт емен,
кешір, жас шыбық.
«Директор – топас».
Не істеймін?
Мен емес қойған басшы ғып.
Есенғали Раушанов

Ғаламтор әбден дамыған мына заманда қағаз бетін шимайлап, хат жазып отыру, оны апарып почта арқылы жіберу ел жөнінен алғанда ескіріңкіреген дәстүр болғанымен, мен үшін оның маңызы әлі де аса зор болып тұр. Қазақстанға келгеннен бергі уақытымның осы соңғы екі-үш жылында сол ақ көгершін хаттар менің адресімнен Астана жақты бетке алып, дамылсыз қанат қағып жатты.

Тағы да Қазақстан Республикасының президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың
және
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Кәрім Мәсімовтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі
Қ. Қасымовтың назарына


Кеш қалып жеткен көштеймін,
Қарт емен,
кешір, жас шыбық.
«Директор – топас».
Не істеймін?
Мен емес қойған басшы ғып.
Есенғали Раушанов

Ғаламтор әбден дамыған мына заманда қағаз бетін шимайлап, хат жазып отыру, оны апарып почта арқылы жіберу ел жөнінен алғанда ескіріңкіреген дәстүр болғанымен, мен үшін оның маңызы әлі де аса зор болып тұр. Қазақстанға келгеннен бергі уақытымның осы соңғы екі-үш жылында сол ақ көгершін хаттар менің адресімнен Астана жақты бетке алып, дамылсыз қанат қағып жатты.

Қанша хат жазсам да темесі біреу-ақ - бес-алты жылдан бері тоқтап қалған Қытайдағы қандастарымыздың көшінің тағдыры. Қазақстанға көшіп келсек деген 138 отбасының (600 адамның) тізімдігі мен қалай, қашан, кім арқылы қандай бұйрықпен тоқтатылғаны белгісіз бұрынғы «Көші-қон шақыртуының» үлгісінің көшірмесін, конвертке салып, қоса жіберіп отырдым. Осы үлгімен аталған отбасылардың шақыртуын жасауға, тоқтап қалған көшті қайта жалғауға ықпал етіңіз, көмектесіңіз деп жоғарыда, билік тұтқасын ұстап отырған көкелеріме жатып кеп жалындым. Қытай азаматтарының қолында шетелге шығатын Төлқұжат болмайды, олар тек куәлікпен ғана жүреді. Сол үшін осында тұратын туысы баспанамен, жұмыспен, балаларын оқумен, дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етем деп кепілдік беріп, құзырлы орын «келуіне қарсы емеспіз» деген келісіммен мөр басқан біздің елдің заңды шақыртуының керек екенін түсіндіріп бақтым.

«Шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасына келу және онда болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан кету тәртіптерін реттейтін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі №215, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2004 жылғы 14 сәуірдегі №08-1/93 және Қазақстан Республикасының
Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі төрағасының 2004 жылғы 14 сәуірдегі №35-п бірлескен бұйрығында»
осы Көші-қон шақыртуының қамтылмағанын, тек Жеке сапардың шақыртуы ғана қарастырылғанын қара әріппен теріп отырып, анықтап көрсеттім. Жеке сапардың шақыртуына да Төлқұжат бергенімен, Қытай жағы қандастарымыздың оқу жасындағы балаларын жібермейтінін, оның үстіне ол кісі Қазақстанға өткен жағдайда өзіміздің кеденнен 50 кг-нан артық жүк алып өте алмайтынын сан қайталап айттым. Шеттегі ағайынның жиған мүлкін қойшы, ең бастысы оқу жасындағы бауыр еті балаларын да кәмелетке толғанша жұрқа тастап кетуге мәжбүр екенін де ұмыт қалдырмадым. Көші-қон және демография жөніндегі агенттік баяғыда-ақ таратылған, енді осы 2004 жылы шыққан «Бірлескен бұйрық» ескірді, оны өзгерту керек дедім. Бірінің қолына тимесе, екіншісінің алдына жетер деп бірнешеуіне қатарынан жаздым. Алматының бас почтасына апарып, ел ордасы Астанаға арт-артынан жөнелтіп отырдым. Сосын елеңдеп, екі көзім төрт болып, тосып жүрдім. Үйден кіріп-шыққан сайын хат сандықты ашып, мазам кетті. Бір жақсысы, екі апта өтпей, бір жауабы келіп тұрды.

Мен осындай тұңғыш хатты Бисмиллаһ деп Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын бұрынғы Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев мырзаға жібердім. Рас, хат жазбас бұрын ол кісінің өзімен кеңсесінде бетпе-бет кездестім. Мені Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан ертіп барды. Ұмытпасам, қасымызда әнші Қыдырәлі Болманов та бірге болды. Кемінде төрт сағат отырдық төрағаның алдында. Қабылсаят бізге сол кездегі Көші-қонның жалпы жағдайын бүге-шігесіне дейін тәптештеп отырып түсіндірді. «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында керемет үйлердің көптеп салынып жатқанын, оған Қытай жағынан келіп кірген қандастарымыздың тым аз екенін, тіпті жоқтығын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сонымен, не керек, мен әкелсем деп жүрген  отбасыларға табан астында шақырту жіберетін болды. Бекболат Қанайұлы екеуі сол жылы Қытайдан, аз дегенде, 2000 отбасы көшіріп әкелетін болып келісті. Мен қуанышым қойныма сыймай, екі танауым желбіреп шықтым Көші-қон комитетінен. Бұл 2009 жылдың соңғы күндері болатын.

Көп ұзамай Хабылсаят Әбішев өз қолы қойылған, Көші-қон көмитетінің мөрі басылған,

«23.04.10. №12-2-9/222.


Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Консулдық қызмет департаментіне

КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ ШАҚЫРТУЫ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2009-2011 жылдарға арналған «НҰРЛЫ-КӨШ» 2008 жылғы 2 желтоқсандағы   №1126 қаулысымен бекітілген Бағдарламаны іске асыру мақсатында 2010 жылы Ақмола облсы Көкшетау Қаласы Красный Яр елді мекені мен Степногорск қаласында, Қостанай облысы Қостанай ауданы Заречный ауылында, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен, Курчатов қалаларында, Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қөктау селосында, Солтүстік  Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бәйтерек селосында пилоттық жобалар бойынша оралмандарды қабылдап, үймен және жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Аталған жобаларға қатынасуға Қытай Халық Республикасының Шынжаң Ұйғыр Автономиялық Районынан қазақ диаспорасы отбасылары өтініш білдіріп отыр.

Көші-Қон комитетінің аумақтық департаменттері аталған Бағдарлама аясында   Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға тұрақты көшіп келген жағдайда 68 отбасын (басында 68 отбасы болатын. Кейін 138 ге көбейді. А. Мұқибек) қабылдап баспана және жұмыспен қамтуды өз міндеттеріне алатын болады.

Дипломатиялық жолдармен Қытай жағына осы аталған шақыртуды жолдап берулеріңізді сұраймыз.

Тізім қосымша 17 бетте тіркелді.

Төраға                                                      (Қолы)                                                    Х. Әбішев

Орын. М. Тоқсамбаев

Тел: 74 34 80» деген, Қытайға Қазақстан Республикасы, Сыртқы істер министрлігі, Консулдық қызмет департаменті арқылы жіберген алғашқы хатының көшірмесін маған берді. Екі апта өткен соң,

«2010ж «05» мамыр

№13-8172/4625



Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Көші-қон көмитеті

2010 жылғы 23 сәуірдегі №12-2-9/222 хатқа орай

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2010 жылғы 23 сәуірдегі хаты үстіміздегі жылғы «5» мамырда №11-2/4624 хат арқылы Қытай Халық Республикасының құзыретті органдарына жолдау үшін еліміздің Пекин қаласындағы Елшілігіне жіберілгенін хабарлаймыз

ДИРЕКТОР                                     (Қолы)                                                       С.ЖАҢАБАЙ»

Орынд. М. Накенов

Тел: 72 05 49» деп жазылған екінші хаттың көшірмесі менің қолыма тағы тиді. Демек, Хабылсаят Әзімбайұлының уәдесінде тұрып, Қытайдағы туыстарыма «шақырту» жіберілгені рас болды. Бірақ, бұл заңды шақырту емес, жай хат қана еді. Оған Қытай үкімкті өз қармағындағы қазақтарды малша санап өткізіп бере салмайды ғой. Әр отбасыға, жоғарыда айтқанымыздай, мұндағы туысынан жеке-жеке  Көші-қон шақыртуы баруы керек. Сол шақыртумен олар шетелге шығатын Төлқұжатын қолына алған соң еліміз Сыртқы Істер министрлігінің Қытайдың Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінен Қазақстанға тұрақты тұру визасын рәсімдетеді. Содан кейін барып, шегарадан дүние-мүлкін, бала-шағасын алып, салтанатпен көшіп өтеді. Еліміз көші-қон саясатын жолға қойғаннан берігі қалыптасқан тәртіп солай. Әлемнің көптеген елдері де осы үрдісті ұстанады. Бұрын біздің көптеген туыстарымыз да дәл осы жолмен елге оралған болатын. Көші-қон комиетін басқарған Хабылсаят Әбішев мырзаның соншама адамды «сәлем хат» арқылы көшіріп алмақ болғаны, ұят та болса айтайын, барып тұрған сауатсыздық еді. Мүны кейінірек ол кісінің «бұлай істеу бір елдің ішкі ісіне қол сұғу болып табылатын заңсыздық екен» деп өзі де мойындады мен бір телефон соққанда. Әуелі бұрынғы қолданыста болған «Көші-қон шақыртуын» қалпына келтірудің не соған барабар заңды шақыртудың үлгісін жасап, құзырлы органға бекіттірудің, сол арқылы арғы беттегі қандастардың Атамекенге оралуына жол ашудың  орнына «...осыдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстанда ондай шақырудың болғаны белгiлi. Сол арқылы Қытайдан бiраз қазақтың қоныс аударғаны да мәлiм. 2000 жылдардың басында Сыртқы iстер министрлiгiнiң бiраз қызметкерi, олардың iшiнде Қоңырбаев Уәлихан бар көшi-қон шақыруын ұйымдастырып, оған мемлекеттiк мөрдi басатын болған екен. Бiрақ бұл ешқандай құжатпен реттелмеген. Тек патриоттық сезiмнiң жетегiнен туындаған. Ол келiсiм арқылы бiреу Қытайдан туысқанын шақырса, мемлекет оған келiсiмiн беремiз деген мөр басып берiп отырған. Бұл халықаралық саясатқа сай болмағандықтан өзiнен-өзi тоқтаған" ("Түркiстан" газетi, №09 (03.03.2011) деп «өзі су ішкен құдығына өзі түкіріп» кеткенін қайтерсің. Комитет креслосында неше жыл отырғанын білмеймін, Көші-қон комитеті Ішкі Істер министрлігіне біріктірілгенде, Қытайдан екі мың тұрмақ, екі отбасын да көшіріп әкелуге дәрмені жетпеген Хабекең ҚР Бас Прокурорының арнайы тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болып қайқайып кете барды. Аузы аңқайып, арғы беттегі ел қалды. Міне, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі болған кісінің атқарған шаруасының сиқы.

Қабылсаяттан қайыр кеткен соң, осы хатты мен Алматыдағы Көші-қон департаментіндегі болған кездесуде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіхалықованың өз қолына ұстаттым. Мән-жайды бастан ақыр тағы түсіндірдім. Басқосуда Рахым Айыпұлы, Қайрат Бодаухан, Талғат Мамыр, Фарида Мерхамитқызы, Есенгүл Кәп, Баһаргүл Төлеген, Жұқамыр Шөкелер болды. Жиналыс соңында Гүлшара ханымның «Осы Көші-қон, Нұрлы-Көш жөнінде БАҚ-та көп дуылдата бермесеңіздер, айғай-шуы көп жұмыс екен деп, Үкімет бұл бағдарламаны қысқарта салуы мүмкін» дегені есімде. Содан қайтып Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүние жүзі қазақтарының төртінші құрылтайында «...біз «Нұрлы көш» бағдар­ламасының 2-ші кезеңінің жоба­сын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өн­дірісті өңірлер мен ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на кеңі­нен тартудың жолдары саралана­тын болады» дегенге дейін дымымызды шығармай, тілімізді тістеп келдік.

Содан соң да мен бұл жөніндегі ізденісімді бір сәтке де тоқтатқан жоқпын. Қазақ көшіне қамқорлық жасар деген үмітпен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сол кездегі спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқва, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаметжановқа, Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Асылан Мусинге,   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Сыртқы Істер министрі Қанат Саудабаевқа, "Нұр Отан" ХДП Төраға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинге жеке-жеке хат жолдадым.

Гүлшара барған беті хатты ізін суытпай, өз құзырындағы Көші-қон комитетіне беріпті. Жауап ретінде:

«03.06.10. №-3407



Алматы қаласы
Абай даңғылы, 143
531 бөлме
«Балдырған»
журналының редакциясы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  Көші-қон комитеті Сіздің Министр Г. Әбдіқалықованың атына жолдаған (Негізінде қолына ұстатқан. А. Мұқибек) хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды.

Қытай Халық Республикасынан тұрақты көшіп келіп «Нұрлы-Көш» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан пилоттық жобаларға қатысуға ниет білдіріп отырған 68 отбасына Көші-қон комитетінің ШАҚЫРТУЫ Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті арқылы Қытай Халық Республикасының құзыретті органдарына жолдау үшін еліміздің Пекин қаласындағы Елшілігіне жіберілгенін хабарлаймыз.

Қосымша: 2 бетте.

Төраға                                           (Қолы)                                                             Х. Әбішев»

Орын. Ақпанбет А.Б.

Т. 74 34 80» деген хабаршы хаты тағы келді төрағаның.

Қасым-Жомарт Кемелұлы да, бетін ашпастан, дәстүрлі жосынмен баяғы мекен Көші-қон комитетіне сілтепті.

«02.11.2010. А-72-36,4



Алматы қаласы
Абай даңғылы, 143 үй
531 бөлме
Ауыт Мұқибекке

Сіздің Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатына жолдаған хатыңызды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  Көші-қон комитеті қарап, төмендегіні хабарлайды.

Көші-қон комитеті Сізге қолдау көрсету мақсатында Қытайда тұратын бауырларымызды елге «Нұрлы-Көш» Бағдарламасы аясында шақыру жасап  Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне хат жіберілген болатын.

Бүгінгі күнде  Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі Консулдық қызметінің ақпараты бойынша  Қазақстан Қытайдағы мекемелеріне Сіздін өтінішіңізде көрсетілген мәселелерге байланысты қытай тарапымен тиісті пысықтау жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берілгенін хабарлаймыз.

Төрағаның орынбасары                               (Қолы)                                                   А. Қаржаубаев»

Орын. Ақпанбет А.Б.

Тел. 74 34 80». Бұл Көші-қон комитетінің маған келген үшінші хаты. Сенат төрағасын айналып келген хатыма берген жауабының түрі өзінше. Жалықты ма, ұялды ма, әйтеу, бұл жолы орынбасарына қол қойғызыпты Х. Әбішев.

Осыған іркес-тіркес Астанадан жауап дегенің жаңбырша жауды:

«Кімге: А. Мұқибекке

Қайда:  Алматы қаласы Абай даңғылы 143-үй 531-бөлме тел хх-хх-ххх сот 8-ххх-ххх-хх-хх

Г. Алматы

Қазақстан

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне 2010ж.24 қыркүйек М-1584 келіп түскен арызыңыз қабылданған шешім туралы Сізге хабарлау үшін қарауға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің

Қызметтік хат-хабар секторы

Астана қ-сы, Үкімет үйі»

***

«Кімге: А. Мұқибекке
Қайда: Абай д-лы 143-үй 531-бөлме
Алматы қаласы
050000
Сіздің 2010 жылғы 24 қыркүйектегі №ЖТ-А-12973,1

ҚР  Президентінің Әкімшілігіне жолдаған арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін  Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімі

010000  Астана қаласы, Үкімет үйі»

Бұл хаттардың да кімдердің есіктерінен қайтқанын айту маған басы артық жұмыс. Көз-карақты, оқырман, өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Қанат Саудабаев пен Орал Мұхаметжановтан ләм-лим болған жоқ. Қанат Бекмырзаұлының ол кезде биліктің екі тізгінімен қоса ұстаумен бірге, ЕҚЫҰ-ның да басшысы кезі. Мынадай «ұсақ» іске қолы тимеген болуы да мүмкін. Ал, менің аса бір үміт артқан кісім осы Орал аға еді. Парламенттің төрінде отырғандағы қалпы қатты ұнайтын өзіме. Қазақы болымысы, сөйлеу мәнері де ерекше жан. Қысқасы, қазағың қайсы десе, мынау дейтіннің дәл өзі. Оның үстіне Алаш орданың ордасы, қасиетті Торғай топырағының түлегі. Ескі «Бірлескен бұйрықты» Парламентте қараттырып, өзгертетін шығар деп ойлап едім. Кешегі Ахаңдар мен Жақаңдар түлеген ортадан өніп-өскен ағатайымның ана Мусиндер құрлы «...жолдаған арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін  ҚР-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймызға» да жарамай, Саудабай құсап, жым-жылас кеткеніне әлі таңмын.

Ал, мына хатқа көп-көрім ішің жылиды. Ұялғанынан болса да өтетін үлкен пышақ - «Нұр Отан» ХДП-ның сілтемесі бұл. «Шешім жөнінде өтініш иесіне және «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратына хабарлауыңызды сұраймыз» деген жалғыз ауыз сөзіне құлдық!

« «30».09.2010ж  №13/2798



Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі

көшірмесі: А. Мұқибекке
Абай даңғылы
143- 531,
Алматы қаласы
050000

Сіздердің қарауларыңызға А. Мұқибектің Қытай елінен 124 отбасыны көшіріп алу бойынша көмек көрсетуін сұраған өтінішін жолдап отырмыз.

Мәселкні қараудың қортындысы және қабылданған шешім жөнінде өтініш иесіне және «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратына хабарлауыңызды сұраймыз.

Хат көшірмесі өтініш иесіне мәлімет үшін жолданады.

Қосымшасы: 31 парақ.

Орталық аппарат

басшысының орынбасары                                 (Қолы)                                                        Д. Вагапов

Орын: А. Құмарбай

Тел: 55 55 71»

Енді ерінбей сол «шешім» жөнінде «Нұр Отан» ХДП екеуімізге жіберген жауапты оқып шығыңыздар. Бұл жолы да қол қойған Х. Әбешевтің өзі және бұл маған жазған оның соңғы хаты:

«21.10.2010. А-72-36,2, М-3407,2



Алматы қаласы
Абай даңғылы, 143 үй
531 бөлме
Ауыт Мұқибекке

Сіздің Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің жетекшісі А.Е Мусиннің, Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі К. Қ Мәсімовтың, және «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының аттарына жолдаған хатыңызды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  Көші-қон комитеті қарап, төмендегіні хабарлайды.

Сіздің Қытай Халық Республикасында тұрып жатқан қазақ балаларының ана тілінен, дінінен ажырап бара жатқандығы және аз ұлт мектептерінің қытай мектептеріне қосылып жабылу қаупі жөніндегі ұсынысыңызды қолдаймыз.

Көші-қон комитеті Сізге қолдау көрсету мақсатында Қытайда тұратын бауырларыңызды елге «Нұрлы-Көш» Бағдарламасы аясында шақыру жасап,  Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті арқылы Қытайдың құзіретті органдарына жолдау үшін Пекин қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне хат жіберілген болатын.

Бүгінгі күнде аталған шақырту Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі арқылы жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар,  Көші-қон комитеті шақырту мәселесінің құзіреттілігіне сәйкес 2010 жылы 09 қазанда Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне қытай тарапымен жұмысты жалғастыруға хат жолдады.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша  Консулдық қызмет департаменті тарапынан Сізге жауап  берілетінін хабарлаймыз.

Төраға                                               (Қолы)                                                             Х. Әбішев»

Орын. Ақпанбет А.Б.

Тел. 74 34 80».

Бар болғаны осы. Алып бара жатқан ештеме жоқ, ет үйренген жауап сол. Дәл осы жерде керемет бір орайды жіберіп алған Көші-қон комитеті. Х. Әбішев өтірік хат жазып, мені алдаусыратқанша, сол «Нұр Отан» ХДП-ның атқарушы төрағасының қабылдауына жазылып, кіруі керек қой. Соған осынау болып жатқан қиын мәселені айтуға, шетелдегі қандастарымыздың көші-қоны туралы жаңа бір дені сау қаулы шығартуға бастамашы болыңыз, биліктің құлағына жеткізіңіз деуге әбден болады ғой. Бақытжан Жұмағұлов басқарғанда да, Нұрлан Нығматуллин келгелі де осы партияның атқарып жатқан жұмыстары мен игі бастамалары аз емес. Оскемен бе, әлде Семей қаласының ба, тұрғын үйлерінің лифтісі бұзылып қалғанда «Нұр Отанның» араласып, жөндетіп бергенін «Хабар» арнасының жаңалықтарынан өз көзіммен көргем. Оң рульді көліктердің де Қазақстанда еркін жүріп-тұруын шешуші кезеңде, білек сыбанып, оң шешкен тағы осы билік партиясы екенін ел әлі ұмытқан жоқ. Оған қарағанда Көші-қон дегеніңіз нағыз күйіп түрған, ұлтымыздың тағдырына, мүддесіне тіке қатысты мәселе емес пе? Оның үстіне, Нұрлан Зайруллаұлының айналасына ұлтшыл азаматтар топтасқан. Жалпы Х. Әбішевтің болсын, қазіргі төраға Ғибратолла Досқалиевтың болсын, шеттен келетін көштің жолын жауып қойып, көші-қон мәселелерін талқылап, жиналыстар өткізе бергенше, бір «Нұр Отан» ХДП емес, биліктің кез-келген кеңсесінің есігін қағып, осы түйткілді жеткізуге, түсіндіруге мүмкіндігі әбден бар. Ол тағы олардың ең басты міндеті де. Салық төлеушілердің есебінен жалақы алып, отбасын асырап отырған төрағалар, осынау шығарып салма, жаттанды хаттарға қол қоярда, мемлекет қазынасынан жеп отырған нанынымды ақтап отырмын ба деп бір сәт ойланса ғой, шіркін! Бірақ, Құдай ондай талап бермегесін, ұлты мен мемлекетіне жаны ашымағасын не шара!

...Хат жазысу осымен ақырласатын еді. Арада Көші-қон комитеті Елбасымыздың жарлығымен Еңбек және халықты әлементтік қорғау министрлігінен бөлініп, Ішкі Істер министрлігіне қарайтын Көші-қон полициясы комитеті болып, қайта жасақталды. Оған төраға болып Ғибратолла Досқалиев деген кісі тағайындалды. Пагон таққан адамдар заңды жеттік біледі ғой, енді бұл істі бір шешсе, осы Ғ. Ермекұлы шешетін шығар деп тағы хат жаздым мен бейбақ. Көп өтпей, үстіміздегі жылдың ақпан айында өзін де көрдік төрағаның. Қасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутата Бекболат Тілеухан және Көші-қонға қатысы бар-ау деген біраз құзырлы мекемелердің өкілдері бар. Жылы жүзді, әдемі жігіт екен. Аксентпен сөйлесе де, қазақшасы жаман емес көрінді бізге. Көп-көрім жиналыс өткізді. Алыс-жақын шетелдерден оралған қандастардың да атқа мінерлері қатысып, біраз мәселені ортаға қойған болды. Артынан дастархан жайып шай да берді. Дағдылы екі апта уақыт өткенде су жаңа төрағадан ескі сарындағы мына хат келіп жетті.

«11.03.11. №8-8-21/а-166



Алматы қаласы
Абай даңғылы, 143 үй
514-ші бөлме
Ауыт Мұқибекке

Ішкі Істер министрлігі Көші-қон полицмясы комитеті Сіздің Қытай Халық Республикасынан ағайындарды көшіріп алуға көмек көрсету туралы хатыңызды қарап, төмендегіні хабарлайды.

2006 жылға дейін Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі мен ҚР, СІМ Консулдық қызмет департаментінің келісімімен Қытайдан ағайындарды жеке шақыртулар (манағы «Көші-қон шақыртуын» айтады- А.Мұқибек) арқылы жүзеге асырып келген болатын. Бірақта, аталған шақырту Заңсыз  деп табылып, кейіннен тоқтатылды.

Сонымен қатар Сіздің жеке өтінішіңіз бойынша аталған шақыртуды Көші-қон көмитеті қайтадан жаңалап, «Нұрлы-көш» Бағдарламасы аясында жүзеге асыру мақсатында 2010 жылы Сыртқы істер министрлігіне Қытай тарапымен келісіп, көмек көрсету үшін хат жолдаған болатын.

Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін аталған шақырту Қытай тарапынан ешқандай қолдау таппай, жауапсыз қалып келеді.

Сондай-ақ, Көші-қон көмитеті тарапынан Сізге бірнеше рет жазбаша түсініктеме берілген.

Жоғарыдағылар негізінде, Қазақстандық әр жеке тұлға жергілікті жерлер арқылы сұрақтама (анкета) толтырып, мемлекеттік баж салығын төлегеннен кейін жеке шақырту (бұл шақыртуға, жоғарыда айттық, Қытай жағы оқу жасындағы баланы жібермейді деп - А. Мұқибек) жасауға мүмкіндіктері бар екендігін хабарлаймыз.

Төраға                                               (Қолы)                                                  Х. Досқалиев»

Орын. А. Сүйіндікова

Тел. 20 55 74».

Ал керек болса! Алдыңғы бір мақаламда да айттым-ау деймін, бұл да баяғы ескі «елегия», Х. Әбішевтің жауаптарының әйні-қатесіз көшірмесі. Парқы, тек, «...аталған шақыртуды Көші-қон көмитеті қайтадан жаңалап, «Нұрлы-көш» Бағдарламасы аясында жүзеге асыру мақсатында 2010 жылы Сыртқы істер министрлігіне Қытай тарапымен келісіп, көмек көрсету үшін хат жолдағандығы». Оның өзін бұрынғы Комитеттен ауысып келген «мамандар» дайындап бергені беп-белгілі. Тіпті, менен барған хаттың мазмұнымен, нені талап еткеніммен терең таныспаған күйі Ғибратолла Досқалиев хатқа ойланбастан қолын қоя салған да, отыра берген...

Енді мен хат жазбаған кім бар бүл Қазақстанда? Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қалды!

«Жығылсаң нардан жығыл» деген бабаларымыз, осы тамыз айының сегізінде Нұрекеңе де кетті бір хатым арғы беттегі елдің үлкен үмітін, мұң-зарын арқалап.

Жақында оның да жауыбы келді. Алдыңғы хаттардың аяғын құшыпты:

«Кімге: А. Мұқибекке

Қайда: Жетбаев көшесі, хх-үй, хх-бөлме

Алматы қаласы

050032

Сіздің 2011 жылғы 17 тамыздағы №ЖТ-М-12163, 1 ҚР Президентінің Әкімшілігіне келіп түскен арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер Министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімі

010000, Астана қаласы, Үкімет үйі»

Бұл не деген жолдап бітпейтін, бар болғыр, Көші-қон комитеті тегі! Я ол құрғырының қолынан мен құсап хат жазғаннан басқа түк келмейді екен. Хатты Нұрсұлтан Әбішұлының тіке өз атына, Ақордаға деп жазып едім ғой, Үкімет үйінде не ғып жүр қаңғырып?! Көші-қон комитеті қолынан келсе, баяғыдан бері айға қарап отырды ма? Өзекті істі өздері шешудің орнына, өзгеге сілтейтіні қалай көкелердің? «Мына мәселені қайтсеңдер де тындырыңдар, көш тоқтамасын, қазақ далада қалмасын!» деген біреуі болса, кәпір болайын!

Жолдаған Ішкі істер Министрлігінен дәл бүгінге дейін бәлендей жауап келе қойған жоқ. Құдай біледі, сол Қ. Қасымовтың да хатшылары өз қармағындағы Көші-қон полицмясы комитетіне өткермелеп түсірген болуы керек деп ойлаймын бұл арызды. Ал, олардың маған беретін жауабы да, көрсететін сылтауы да қалмаған шығар-ау. Тіпті жауапсыз қалдыруы да бек мүмкін. Түсі жылы екен деп үміттенген Досқалиевтен де бәрін күтуге болады екен...

Депутат Бекболат Тілеуханның көмекшісі Ерлен деген жігіттің айтуына қарағанда, Комитет төрағасы Ғибратолла Досқалиев Қытай қазағының манағы қиын, Төлқұжатсыз жүретін ерекше  жағдайын енді, осы жақында ғана «түсінген» көрінеді. «Неге маған осылай дұрыстап айтпайсыңдар, түсіндірмейсіңдер!» депті-мыс. Бұрынғы «Көші-қон шақыртуының» үлгісінің көшірмесін менен сұратып алған. Соны Бас прократораға заңды-заңсызын анықтап, үкім шығарып беріңдер деп жіберіпті. Алла аманшылығын берсе, оның да нәтижесін көрерміз әлі.

P.S:

Көріп отырсыздар, құрметті ағайындар, біздің Қазақстанда жоғарыдағы құзіретті билік тармақтарына жіберілген хаттың бірде-біреуі аты аталған иесіне жетпей, бер жағынан оқылмаған күйі қайтады. Ішінде қандай мәселенің көтерілгені, нендей тағдырдың шешім күтіп жатқаны елеп-ескерілмейді екен. Бұл жақсылыққа апаратын жол емес, билік пен халықтың ара қашықтығын, лауазым иелерінің мемлекетшілдігінің, іскерлігінің қай деңгейде екендігін көрсетеді. Шетте жүрген бес миллион қазақтың тағдыры, оның ішінде мына 600 адамның өтініші, жанайқайы деген ат емес, атан түйе үркетін шаруа ғой білген жанға. Осыған қарап, мемлекеттік биліктің тұтқасын ұстаған лауазым иелері, бүгінгі күні, Қазақстанда жер басып жүрген 16 миллион халықтың тағдырына да бей-жай, жүрдім-бардым қарай ма деп қорқады екенсің. Шынында өзің сыйяқты миллиондаған салық төлеушілерге жаның ашиды екен.

Басқаны білмеймін, осы ғасырдағы ұлтымыздың ең көкейтесті мәселесі шетелдегі қандастарымыздың қыл үстінде тұрған қиын тағдыры. Тәуелсіз Қазақ елі шын мәніндегі ұлттық мемлекет ретінде салтанат құруы, ел іргесінің мәңгілікке бекем болуы қазақ деген халықтың өз Отанында ұйысуына тікелей байланысты.

Үлкен үмітім осы Елбасыға жазған соңғы хатым еді. Бір мұсылманның қолына тиіп, үлкен кісінің алдына жетсе, шешілетін шығар деп шүбәсіз сенгем. Жетпей желкесі қиылды. Сөйтіп, бұл арманым да желге ұшып, салындым суға кетті...

Енді не істерімді білмеймін. Мына түрінде Қытайдағы қазақтарға Қазақстаннан қайыр жоқ секілді. Енді туысқан Түрік елінің ең жоғарғы екі басшы Абдолла Гүл мен Ердоғанға осындағы Елшіліктері арқылы қандастарымды Түркияға көшіріп алуын өтініп, хат жазсам ба деп отырмын. Бір кездері Қытайдан ауған атақты Қалибек хакімнің елінің алдынан Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі, Мемлекттік істер жөніндегі басшысы Фатын Рүштү Зорлудың өзі шығып: «Туысқандар, өз Отандарыңызға хош келдіңіздер. Бұл Отан сіздердікі. Нағыз түріктер сіздерсіздер. Біздің арғы аталарымыз сіздер келген түрік тектестердің атажұрты Түркістаннан келген...» (Хасан Оралтай, «Елім-айлап өткен өмір» кітабы, 164-бет) деп ағынан жарылып пана болғаны, баспана беріп қамқорлық жасаған еді ғой. Сол қазақтар қазір кімнен кем? Түркия, түрік десе ішкен астарын жерге қояды. Қытай болғанша, ендігі ғұмырда олардың түбіміз, дініміз бір түрік болып жасағаны әлде қайда артық! Иманды ел ғой, сол Түріктер әзір де қазақ туысқандарын бетінен қағып, кеудесінен итере қоймас деп ойлаймын. Сондай шешімге келдім. Басқа амалым таусылды!

Ауыт Мұқибек
«Балдырған» журналының  қызметкері.
Алматы қаласы. 01.09.2011 ж
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371