Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. Күйреу.
КСРО-ның ыдырауына қатысты пікірлер не дейді?
Атынан жер үстіндегі ең бір күшті деген мемлекеттеріңнің өзі үріккен, әлемдегі қуатты державалардың бірі болған КСРО-ның құлағанына да 20 жыл толды. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де осынау дүниені дүр сілкіндірген оқиға төңірегіндегі пікірталастардың толастар түрі көрінбейді. Біреулер Кеңес өкіметі әбден іріп-шіріп, құлауға дайын тұрған болатын, сол себептен де ол өзінен-өзі күйреп түсті десе, екіншілер, социализмге дұшпандық көзқараста болған сыртқы күштердің әсерінен құлады дегенді айтады. Дегенмен, қандай да бір тиянақты байлам жоқ. Ол болуға да тиіс емес тәрізді...
КСРО-ның ыдырауына қатысты пікірлер не дейді?
Атынан жер үстіндегі ең бір күшті деген мемлекеттеріңнің өзі үріккен, әлемдегі қуатты державалардың бірі болған КСРО-ның құлағанына да 20 жыл толды. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де осынау дүниені дүр сілкіндірген оқиға төңірегіндегі пікірталастардың толастар түрі көрінбейді. Біреулер Кеңес өкіметі әбден іріп-шіріп, құлауға дайын тұрған болатын, сол себептен де ол өзінен-өзі күйреп түсті десе, екіншілер, социализмге дұшпандық көзқараста болған сыртқы күштердің әсерінен құлады дегенді айтады. Дегенмен, қандай да бір тиянақты байлам жоқ. Ол болуға да тиіс емес тәрізді...
«Әрбір революция - сюрприз. Дегенмен, соның өзінде де соңғы орыс революциясы таңғалдырмай қала алмайды», деп жазады Америка кәсіпкерлік институтының ресейлік зерттеулер директоры Леон Арон. Оның айтуынша, 1991 жылға дейін бірде-бір батыстық сарапшы, ғалым, шенеунік немесе саясаткер Кеңес Одағының ыдыраудың алдында тұрғанын болжай алмаған. Тіпті, кеңестік диссиденттер мен революционерлердің өздері де дәл осылай болады деп күтпеген. Автор өз ойын дәлелдей түсу үшін «Қазіргі дәуірдегі халықаралық қарым-қатынастар тарихының» жалпы бейнесі туралы ойлана отырып, «Ресей империясы, кейінірек Кеңес Одағы сияқты ұлы державаның күтпеген жерден ыдырап, жоқ болып кетуінен өткен таңғажайып әрі таңғалдырарлық оқиғаны көз алдыңда елестету қиын» деген «қырғи-қабақ соғыстың» америкалық стратегиясын жасаушылардың бірі Джордж Кеннанның сөзін де келтіреді. Сол сияқты, дәл осы автордың көлденең тартқан дәйегіне қарағанда, Ресей істері жөніндегі жетекші америкалық тарихшылардың бірі, елдің бұрынғы президенті Рональд Рейганның консультанты Ричард Пайпс те 1991 жылғы оқиғаны «күтпеген» төңкеріс деп атаған екен. Осындай жәйттерді баяндай келіп автор Кеңес Одағы бұрынғы дағдылы қалпында өмір сүруін жалғастыра берер еді, әрі кеткенде, ұзақ жылдарға созылатын өздігінен өшу үдерісі басталар еді деген көзқарастардың көңілге қонымдырақ екенін алға тартады.
Леон Арон мұндай пікірді әншейін айта салмайды, өз ойын дәлелдеу үшін бірқатар дәйектер де келтіреді. 1985 жылы, дейді ол, кеңес азаматтарының тұрмыс деңгейлері Еуропаның көптеген елдерімен салыстырғанда төмен болғанына қарамастан, Кеңес Одағында содан он жыл бұрынғыдай табиғи және адами ресурстар болды. Одан әрі ол кейбір азық-түлік түрлеріне талондардың енгізілгенін, дүкендерде ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезектердің болғанын айта келіп, Кеңес Одағы бұдан да зор қиындықтарды көрген және оларды жеңе де білген деген түйін жасайды. Оның үстіне 1985 жылға дейінгі шешуші экономикалық көрсеткіштердің бірде-бірі апаттың соншалықты бір шапшаңдықпен жақындап келе жатқанын білдірген жоқ. 1981 мен 1985 жылдардың аралығында елдің ішкі жалпы өнімінің өсімі 1960-шы және 1970-ші жылдарға қарағанда біршама баяулағанмен, орташа есеппен жылына 1,9 пайызға өсіп отырған. Апаттық деп бағалауға келмейтін осындай шабан жүріс 1989 жылға дейін жалғасқан. Француз революциясынан бергі тәжірибеде туындап келе жатқан революциялық дағдарыс нышаны саналатын бюджет тапшылығы да 1989 жылға таман 9 пайыздан төмен болып, ІЖӨ-нің 2 пайызына да жетпеген. Ал мұндай деңгейді көптеген экономистер толықтай бақылауда тұрған жағдай деп есептейді. Сонымен бірге, автор халықаралық рыноктағы мұнай бағасы құлдырауының да кеңестік экономикаға соққы болып тигенін жасырмайды. Бірақ соның өзінде де Кеңес өкіметінің табысы 1985 жылы 2 пайыздан астамға өсіп, инфляцияға түзетулер енгізілгеннен кейін еңбекақы 1990 жылға дейін орта есеппен 7 пайызға артып отырған.
Тоқыраудың болғаны анық дей отырып, Леон Арон «созылмалы аурудың түптеп келгенде, ажалға соқтыруы міндетті емес» деген Уэльс университетінің профессоры Питер Рутладтың сөзін келтіреді. Ал енді революциялардың ең үздік зерттеушісі саналатын Андерс Ослундтің өзі 1985 пен 1987 жылдардың аралығы соншалықты бір үрейлі болған жоқ деп есептеген екен. Осы орайда автор ауған соғысына қатысты да көңіл аударарлық деректер келтіреді. 1980-ші жылдардың екінші жартысында империяны ұстап тұруға, әсіресе, ауған соғысына қыруар қаржының бөлініп жатқандығы туралы әңгімелердің өрши түскені белгілі. Біз әңгімелеп отырған автор болса ауған соғысына қатысу Кеңес өкіметі үшін кедейшілік әкелетіндей ауқымда болған жоқ, 1985 жылы сол мақсаттар үшін бөлінген 4-5 миллиард доллар Кеңес Одағындағы ішкі жалпы өнімінің болмашы ғана бөлігін құрайтын дегенді айтады. Тіпті, Ангола, Никарагуа, Эфиопия сияқты елдерге қолұшын беру де Кеңес өкіметіне орасан ауыртпалықтар әкеле қоймаған көрінеді. Автор Кеңес Одағына 1956 жылы Венгрияда, 1968 жылы Чехословакияда, 1980 жылы Польшада орын алған жағдайларды «тыныштандыруға» тура келгенін де назардан тыс қалдырмайды. Осындай жәйттерді ескере келгенде, Кеңес Одағы әлемдік билік пен ықпалдың ең биік шыңында тұрған. Бұл пікірді «Біз 1985 жылы ірі мемлекеттер үкіметтерінің бірде-бірінің КСРО үкіметі сияқты билікте нық тұрмағанын, соншалық айқын белгіленген саяси бағыты болмағанын ұмытып кетуге бейімбіз» дей отырып тарихшы Адам Улам да қолдаған екен.
Біздің пайымдауымызша, Леон Аронның КСРО-ның ыдырау себептеріне қатысты білдірген объективті пікірлері осымен тәмамдалатын сияқты. Олай дейтініміз, ол 1985 жылы басталған «қайта құру» тақырыбын қозғай отырып, «негізінен Горбачевтің қолға алған ісінің идеалистік болғанына еш талас жоқ: ол моральдық жағынан анағұрлым жетілген Кеңес Одағын құрмақ болды» деген ой білдіреді. Автордың сөзіне сенгің-ақ келеді, оның үстіне осыған ұқсас бірдеңелерді кезінде Горбачевтің өзінің де былдырақтатқаны бар. Сенейін десең сол жылдарда Одақ көлемінде орын алған оқиғалар мүлде басқа жәйттерден хабар береді. Мысалды алыстан іздемей-ақ, 1986 жылдың желтоқсанында, яғни Горбачев билікке келгеннен кейін небәрі бір жарым жылдан кейін Алматыда болған қанды оқиғаны айтсақ та жетіп жатыр. Бейбіт шеруге шыққандарға қарсы қару қолдану Леон Арон айтқан «моральдық жағынан жетілген Кеңес Одағына» да, Горбачевтің өзі жиі қайталаған «Демократияландыру ұран емес, қайта құрудың мәні» деген сөзге де мейлінше кереғар. Горбачев КСРО-ны басқарған жылдары Таулы Қарабақта, Грузияда, Балтық бойы елдерінде орын алған, демократияға мүлде сәйкеспейтін оқиғаларды да дәл осы санатқа жатқызуға болады. Елде тәртіптің барынша құлдырап, қылмыстың өршігені де дәл сол жылдар. Біз бұл жерде тіпті, жоғарыда америкалық сарапшының өзі айтқандай, қалыпты жұмыс істеп тұрған экономиканың аяқ астынан тоқырауға ұрынып, кәсіпорындар тоқтап, еңбекақы берілмегенін, дүкен сөрелерінің қаңырап бос қалғанын айтып та отырған жоқпыз. 1989-1990 жылдары, басқаны былай қойғанда, қашан көрсең өтпей тұратын грузин шәйі мен Душанбеде шығатын темекі бұйымдарының өзі ғайып болып, мекемелерге тізім бойынша ғана берілетін. Халық үйлерінде жаппай самогон қайнатуға кірісті. Кеңес адамдары арасында онсыз да жақсы «жетілген» маскүнемдік одан бетер өршіді. Бұрын тәк-тәкпен ұстап келген бұзақылар мен қылмыскерлерге еркіндік берілді. Жұрт әрі-беріден соң түнде үйлерінен шығуға қорқатын болды. Адамдар пәтерлеріне темір есіктер орнатып, терезелерін торлай бастады. Міне, Горбачев орнатқан «моральдық жағынан жетілген Кеңес Одағының» сиқы іс жүзінде дәл осындай болатын. Дәлірек айтсақ, осылардың бәрі «демократияландыру» ісінің нақты «жемістері» еді.
«КСРО-ның ыдырау себептері - ауқымы орасан зор тақырып. Оның ұжымдасқан авторлардың көптомдық еңбектері арқылы 100 жылдан кейін ашылуы мүмкін. Біздің әрқайсымыздың өз тұспалдарымыздың бар екендігіне, ол туралы ойланбай және өзімізге қиын сауалдар қоймай тұра алмайтынымызға қарамастан, осынау тарихи оқиғаның шынайы мағынасы әзірге қазіргі заман адамдарынан жасырын қалуда», деп жазады Оңтүстік-украин шекара бойы зерттеулер орталығының директоры, социология ғылымдарының кандидаты Владимир Коробов. Осы сөзде белгілі бір шындық бар тәрізді. Өйткені, КСРО-ның құлау себептерін зерттеушілер ол жүйенің күні біткен болатын, тоталитарлық режімдегі мемлекеттің ұзақ өмір сүруі мүмкін емес деген сияқты мәселелердің төңірегінен ұзап кете алмайды. Ал осы мақаланың басында келтірілген адамдардың сөздері өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында КСРО дәл күйреп түсетіндей күйзелісті күйде емес еді дегенді айтады. Олай болса, Коробов айтқандай, әлемдегі ең алып державалардың бірінің жалп етіп құлап түсуінің астарында біз білмейтін бір «сырдың» бұғып жатқан болуы да әбден мүмкін.
«КСРО-ның өмір сүруінің мәні Еуразияны шапшаң индустрияландыру мен фашизмді талқандаудағы Ұлы Жеңісте болып шықты, КСРО осы миссияны орындады да, өзінің одан арғы жердегі мағынасыз өмір сүруін тоқтатты». Бұл да жоғарыда өзіміз келтірген Коробовтың пікірі. Оның айтуына қарағанда, кез келген жүйенің немесе адамның, яки қоғамның мағынасы мен мақсаты болады, мағына мен мақсатты жоғалту қоғамның құруына апарып соқтырады. КСРО 80-ші жылдары-ақ өзінің өмір сүруінің мағынасы мен мақсатынан қол үзген, ол дүниелерді Батыстан алуға талпыныс жасады, бірақ өлшемдер бірдей емес еді, осыдан келіп бәрі де бітіп шықты, дейді аталмыш автор. Бұл пікірмен де келісе салу қиын. Өйткені, кеңестік заманды көрген адамдар коммунизм орнатамыз, жарқын болашаққа жетеміз деген ертегіге бергісіз мақсаттардың болғанын, тіпті «Біз коммунизмге бара жатырмыз» деген ұрандардың көше атаулының бәрінде дерлік ілулі тұрғанын өте жақсы біледі. Рас, бұл сияқты уәделерге халықтың бәрі бірдей сене бермеген болуы мүмкін. Оның өзі заңды да. Бірақ, сөйте тұрса да, бүкіл дүние жүзінде пролетариат диктатурасын орнатамыз деп ұрандаған және сол тұрғыда нақты іс-қимылдар да жасаған Кеңес Одағының алдында ешқандай мақсат болған жоқ деу, біздіңше, шындыққа жанасыңқырамайды.
Осындай жәйттерді ескере келгенде, украиналық саясаткер, қаржы және экономикалық маркетинг жөніндегі сарапшы Владимир Беляминовтың «КСРО құлауының ақиқаты билікті меншіктеп алған партиялық құзырлы топтың уақытпен бірдей өзгере алмауында. КСРО-ның шектен тыс жабықтығы мен «қайта құру мен жеделдету бағытынан» кейін лақ ете қалған сүзгіден өтпеген ақпараттардың тасқыны бәрін де: ұзақ уақыт әлемнен оқшаулана қызмет істеп келген ішкі экономиканы да, Батыстың жалған құндылықтарымен алмастырылған идеологияны да, халықтың үкіметке және елдің қуатына деген сенімін де цунамише жайпап өтті» деген пікірі көкейге қонымдырақ көрінеді. Мемлекеттік идеологияның өзегін жұлып алып және «адам - мемлекет» ұғымына еш мағына берместен, қайта құру жолын ұстанушылар ХХІ ғасырдың басында экономикасы Еуропаның жиынтық ІЖӨ-сінен асып түсетін және бүгінде ең үлкен саналатын АҚШ экономикасынан да ірірек болып шығатын елді жерлеп тынды, деген сөз де дәл осы автордың аузымен айтылған. Оның пайымдауынша, бүгінде әлемде Қытай иеленіп отырған орынды әділінде КСРО алуға тиіс екен. Әрине, осындай пікірлерді кезінде еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар да айтқан екен деген нақтыланбаған деректердің бар екеніне қарамастан, мұндай ұстанымның қаншалықты шындық екеніне баға беру өте қиын. Сонымен бірге, бұл көзқарастың жоғарыда өзіміз атап көрсеткен Леон Аронның мақаласында келтірілген пікірлерден онша алшақ емес екенін де мойындауға тура келеді.
«КСРО-ның ыдырауына бүгінде сирек еске алынатын оқиғалар негіз қалады... 70-ші жылдардың басында «алтын стандартынан ажыратылған» долларды әлемдік валюта ретінде тануға үнсіз келіскен кезден бастап кеңестік экономика АҚШ-тың қармағына ілінген-тін. Яғни өз ресурстарымызды негізгі бәсекелестің ештеңемен қамтамасыз етілмеген валютасына сатуға келіскен бетте-ақ біз мойнымызды тұзаққа тыққан болатынбыз», деп атап көрсетеді украиналық саясаткер Семен Уралов. Осы саясаткер КСРО күйреуінің екінші маңызды факторын Одақтың идеологиялық тұйыққа тірелуінен көреді. Оның айтуынша, 70-ші жылдардың ортасынан бастап-ақ негізгі бәсекелестердегі сияқты тұтыну қоғамына бағыт ұсталған. Ал бар айырмашылық КСРО-да кредит емес, тапшылық тұтынуды реттеуші болған. Соған сәйкес 80-ші жылдардың басында-ақ негіз қалаушы көсемдер белгілеп берген мақсаттар бүтіндей бұрмаланған. Осылайша, идеологиялық күйреудің соңы элита «елді тағдыр талқысына тастай салуға» болады деп санаған кезде, оны не үшін қорғауға болатынын түсінетін адамдардың табылмауына әкеліп соқтырған. Ес жию 1994-1995 жылдарға таман басталғанымен, ол кезде уақыт өтіп кеткен-тұғын.
Киевтік журналист Мирослава Бердник Одақтың ыдырауына кеңестік басшылықтың қате іс-әрекеттері түрткі болды, дей келіп, қайта құрудың басты ұранына айналған «әлеуметтік және экономикалық дамуды жеделдетудің» салдарынан алтын қорының 1985 жылғы 2500 тоннадан 1991 жылы 240 килоға кемігені, кеңес экономикасы өсімі ресми қарқынының +2,3 пайыздан -11 пайызға дейін төмендегені, ал сыртқы борыштың 2 есе ұлғайғаны туралы деректер келтіреді. Кеңестік тоталитарлық режімді тек социализмді жетілдіру мүдделерін желеу ете отырып, жариялылық және партияның тоталитарлық тәртібі арқылы ғана күйретуге болатын еді, дейді автор. Сол жылдары бұрындары тыйым салынып келген ондаған кітаптардың жарық көруін де ол социализмді күйретуді көздеген әрекеттер санатына жатқызады.
«КСРО ескі тәртіпке балама ретінде Ресей империясының қираған үйінділерінің үстіне тұрғызылды. Пролетарлық интернационализм принципі сақталып тұрған кезде КСРО толығынан өміршең мемлекет болды, ал ұлы державалық шовинизмге, мәскеушілдікке және басқа да империялық идеяларға қайта оралу байқалған сәтте-ақ КСРО-ның ыдырау үдерісі басталды», дейді АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын публицист, редактор әрі баспагер Михаэль Дорфман. Бұл пікір нақа негізсіз емес. Ұлы державалық шовинизм Одақтың ыдырауына басты себепкер болмаса да, ондай көзқарастың сол Одақтың қол астында өмір сүріп жатқан және өздерін жетім баладай сезінген халықтардың көңіл-күйлеріне кері әсерін тигізгені айдан анық. Осы орайда, «Бүтіндей алғанда КСРО өзінің соңғы жылдарында өз тұрғындарына қатысты табиғи тұрғыда етене бола алмай қалды. Сондықтан да КСРО қажет пе деген сауал туындағанда халық қолдау көрсеткен жоқ. Дауыс беруін - дауыс берді, бірақ оны қорғауға ешкім шыққан жоқ...» деген одессалық политконструктор Юрий Юрьевтің пікірін келтіре кетудің артықтығы жоқ.
Ал енді Ресейде жарық көретін «Полярная звезда» желілік журналының жаңалықтар қызметінің редакторы, журналист Игорь Богатыревтің пікірі жоғарыда келтірілгендерге мүлде қарама-қайшы. «Ақиқат себеп біреу - халықаралық капиталдан үрейлену. Егер КСРО күйретілмей, нақтылы реформаланғанда әлемнің қаржылық билеушілеріне тіптен де жайлы бола қоймас еді. Бәлкім, оларды құрудың, соның ішінде нақпа-нақ тұрғыда да күтіп тұруы мүмкін еді. Бірақ ең нәзік адами сезімдердің қылын шерте отырып, оларға қалайда КСРО билігінің жоғарғы эшелонынан өздеріне жақтастар табудың сәті түсті. Яғни, 80-ші жылдардағы Кеңес басшыларының «қателіктері» емес, оларды батыстық капиталмен тікелей сатып алу жағдайлары орын алды», дейді жоғарыда аты аталған журналист.
Ал енді украиналық саясаткер Николай Лагун КСРО-дағы бірінші тұлғалардың елде ең болмағанда қытайлық үлгідегі сияқты реформалауларды бастауына болар еді, бірақ, тарих көрсеткендей, Кеңес өкіметі басшыларының олай жасағылары келмеді, деп қазіргі посткеңестік «капитализмнің» де әлі күнге дейін КСРО-дан қалған өндіріске арқа сүйеп немесе импорттық жабдықтарды пайдаланып отырғанын тілге тиек етеді. «Бұл капитализм, дейді ол, жаңадан, тіпті оның наноформасы түрінде де ештеңе құрған жоқ».
Ресейлік «Актуальная история» сайтының бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты Алексей Байков КСРО-ға екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «қырғи-қабақ соғыс» барысында Ұлыбритания, Франция, Жапония, Италия, Канада, Дания, Норвегия, Нидерланды, Исландия сияқты дамыған елдердің ресурстарынан қолдау тапқан АҚШ-қа қарсы тұруға тура келгеніне, бұл орайда Кеңес өкіметі онша дами қоймаған Шығыс Германия, Чехословакия, Болгария, Албания, Румыния, Польша, Венгрия сияқты елдерге ғана арқа сүйеуге мәжбүр болғанына назар аударады. Сөйте тұра ол түптеп келгенде «ақылы тапшы» кеңестік бюрократия КСРО-ны тағдыр талқысына тастады, сталиндік басқарушылардың соңғы буыны сахнадан кеткеннен кейін елдің тағдыры іс жүзінде шешілген болатын деген күтпеген түйін жасайды.
Егер тізбелей берсек, КСРО-ның ыдырау себептеріне қатысты айтылған пікірлер де, көзқарастар да өте көп. Кейбіреулер тіпті 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінді де Одақтың ыдырауына ықпал еткен оқиға ретінде көрсетуге тырысады. Бұл, әрине, көпшілік үшін таныс тақырып. Сондықтан біз мақалада осыған дейін онша естіле қоймаған әңгімелер мен оқырмандар үшін қызықты болады-ау деген жәйттерге көбірек көңіл аударуға тырыстық. Сөзімізді түйіндей келе мына бір мәселені назардан тыс қалдырсақ, ондай олқылық мақаланың бояуын солғындандыра түсер еді. Ол қандай мәселе?
Әңгіме 1991 жылы тамыз айында орын алған бүлік жөнінде болып отыр. Бүгінде Мәскеудегі Халықаралық университеттің проректоры, бұрын Ресейдің алғашқы үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, соның ішінде Ресей Федерациясының Мемлекеттік хатшысы болған Геннадий Бурбулис ГКЧП - төтенше оқиғалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің тамыз айындағы көтерілісіне қатысты мынадай ой айтады. «Тамыздағы путчтің күйреуі бір мезгілде әрі күлкілі, әрі қасіретті болды, дейді ол. Одақты сақтап қалу үшін қажет сияқты болып көрінген төтенше жағдайларға бара отырып, көтерілісшілер оның ыдырауын жақындатты. ГКЧП-сыз Одақтың сақталып қалуы мүмкін еді, рас, КСРО түрінде емес, Еуродақты еске түсіретіндей пішінде. Бірақ Мәскеуде үш күнге созылған қарсы тұрушылық ондай мүмкіндікті күйретіп кетті».
Бұл сол кездердегі оқиғалардың бел ортасында жүріп, бәрін өз көзімен көрген адамның пікірі. Әрине, арада 20 жыл уақыт өткенде болған іске баға беру қиынның қиыны. Сондықтан бұл пікірдің де дұрыс немесе бұрыс екенін бүгінде ешкім айтып бере алмайды. Өйткені, қолда тұрған дәйек жоқ. Ал дәйексіз айтылған пікір жайдақ сөз болып шықпақ. Бәлкім, ондай бағаның бүгінгі күні ешкім үшін қажеті де болмауы мүмкін.
Ең бастысы, КСРО сияқты алып империяның күйреуі оның қол астында болып келген 15 республиканың тәуелсіздік алуына жол ашты. Иә, 15 - Ресей де өз егемендігіне қол жеткізді. Соның бір айғағы - бүгінгі егемен Қазақстан. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын орын алған оқиғаның біз үшін маңызы да осында.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
http://www.egemen.kz/311783.html