Айгүл Кемелбаева. Жалаледдин Руми. Мәжнүн – жүрек (басы)
э с с е
2007 жылды ЮНЕСКО Румиге арнады. Суфий ақын, мистик, ұстаз. Оның ізбасарлары қастерлеп атайтын есімі Маулана, Моулеви - біздің мырза, қожамыз деген сөз. Кітабы суфизм философиясының негізгі баптарының бейнелі түсіндірмесі - «Мәсневи» - «Барлық тіршіліктің мән-мағынасы туралы поэма» (13 ғ.).
Джалаледдин Руми (1207-1273) 800 жыл бұрын діндар - ғалымның әулетінде Балхта туды, Түркияда, Конья қаласында дүниеден озды.
1. Нұрлы шырақ. Тәмсіл.
Ол 40 жасқа дейін дін ілімін терең меңгерген, медреседе сабақ берген, әл-ауқатты, елге сыйлы, басына сәлде ораған бейқам адам еді. Бала кезінде суфий ақын Фаридуддин Аттардан көріпкел бата алған, жыр кітабын қоса алған Джалаледдинді Тебризден келген жұмбақ дәруіш үйіріп, ертіп әкетті. Шамседдин Тебризи, «сенім күні» деген лақап есімді жан оған үш жыл бойы өз ілімін дарытты. Дәруіш дегдар санасында шамға ұшқан көбелек тәрізді. Ыдырыс Шах: «Ол күрт өзгеріп, мистикалық ілімін уағыздай бастағанда өзіне бүркеншік ат ретінде Руми деген сөзді таңдап алды, себебі бұл әріптердің сандық баламасы 256-ға тең, НҰР түбіріне сәйкес келеді. Парысша және арабша бұл түбір «жарық» (нұр) мағынасын береді» - деп жазады «Суфизм» атты кітабында.
э с с е
2007 жылды ЮНЕСКО Румиге арнады. Суфий ақын, мистик, ұстаз. Оның ізбасарлары қастерлеп атайтын есімі Маулана, Моулеви - біздің мырза, қожамыз деген сөз. Кітабы суфизм философиясының негізгі баптарының бейнелі түсіндірмесі - «Мәсневи» - «Барлық тіршіліктің мән-мағынасы туралы поэма» (13 ғ.).
Джалаледдин Руми (1207-1273) 800 жыл бұрын діндар - ғалымның әулетінде Балхта туды, Түркияда, Конья қаласында дүниеден озды.
1. Нұрлы шырақ. Тәмсіл.
Ол 40 жасқа дейін дін ілімін терең меңгерген, медреседе сабақ берген, әл-ауқатты, елге сыйлы, басына сәлде ораған бейқам адам еді. Бала кезінде суфий ақын Фаридуддин Аттардан көріпкел бата алған, жыр кітабын қоса алған Джалаледдинді Тебризден келген жұмбақ дәруіш үйіріп, ертіп әкетті. Шамседдин Тебризи, «сенім күні» деген лақап есімді жан оған үш жыл бойы өз ілімін дарытты. Дәруіш дегдар санасында шамға ұшқан көбелек тәрізді. Ыдырыс Шах: «Ол күрт өзгеріп, мистикалық ілімін уағыздай бастағанда өзіне бүркеншік ат ретінде Руми деген сөзді таңдап алды, себебі бұл әріптердің сандық баламасы 256-ға тең, НҰР түбіріне сәйкес келеді. Парысша және арабша бұл түбір «жарық» (нұр) мағынасын береді» - деп жазады «Суфизм» атты кітабында.
Руми Құрандағы 24 - Нұр сүресіндегі 35-36 аяттардан алынған аллегорияны өсиет қылды: «Асыл тастармен безендірілген шам ішінде әлі жанып тұрғанда, білтені түзеп, шамға май құюды ұмытпа».
Тауратта, Жаңа Иерусалимның қабырғалары асыл тастармен безендірілген. Ол тастар саны жұлдызнама, мүшел тәрізді 12. Діни храм қымбат қазынаға тұтып тұрады. (Апокалипсис. 21:19-20). Қос мағыналы символ.
Бағзы қауымның уыз түйсігінде өмір күші - от. Парацельс адамның астральды (лат. жұлдыз) денесі («Жалын мен оттан жаралған», Абай) жалын деуі соның әсерінен. Мифтік көне Персия, отқа табынған елде зороастризмнен кейін исламға ауысқан маздаған сұлу символдар әлі күнге ыстық сезіледі. Румидің «Месневи» атты поэмасы «Барлық тіршіліктің мән-мағынасы туралы дастан» деп аталады. Шығарма сөнбейтін от-тылсым сүйіспеншіліктің ұясы, ең кереметі, ол ақыл-парасаттан биік рухани аңсар. Руми жыры «нұрлы шырақ түріндегі» (Құран, 33:46) пайғамбарлыққа тән өсиет. Оның «Ай сәулесін кенеп қылып қалай сатқаны туралы әңгіме» атты мысалында сурет салатын кенеп ретінде құр елесті жолы болғыш жылпостардың алдап сатқанын тұспалдайды. Олар ақымақ, әумесер жұртқа айдың шағылған кескінін мата тәрізді өтірік кесіп сатады, теңгені көсіп алады. Сол шу мен әбігерге толы базарға біз кенеп сатып алуға келдік. Бізге жалған жарықпен өлшейді, бұл бекер өткен жылдардың бұлдыр елесі. Осы сәтке шейін алған затымыз қайда, кенеп те жоқ, әмиян да босаған, енді түк жоқ».
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Руми мен Абай екі түрлі айтса да, бір ойды мегзейді, «сәуле» сөзі қос тексте айқын айтылған. Мынау күйзелістің юморлық кейпін Румиден Ханс Кристиан Андерсен «Корольдың жаңа камзолы» атты ертегісінде қарызданған. Дүйім жұрт лажсыз дағдарған сәтте бір жас бала ғана шындықты айтып, «Король тұттай жалаңаш ғой»! деп айқай салады. Сөйтіп, көрсоқыр түр танытқан тобырды тәубесіне түсірді. Жалған құндылықтар заманаларды өрмекшінің торындай торламай тағы тұрмайды.
Кісі бағын деме бағым, өз денеңді нұрлы қыл,
Ай сықылды болма жарық, қарызға алып күн нұрын.
Шәкерім «Насихат» атты өлеңінде ақиқат болмысты ұлықтайды. Оның «Бояулы суыр» атты мысал өлеңі түпнұсқасы Румиден аударылған. («Қорқау бояуы бар қауға шелекке қайтіп ұрынғаны туралы әңгіме»).
Өз тобында дәруіштердің дөңгелене шеңбер жасап, би билеуін енгізген Руми 800 жылда адамзат санасын билеуден жаңылған жоқ.
Ыдырыс Шах: «Руми Эзоптан 2000 жыл кейін өмір сүрген, ол әңгіме, ойдан құралсын яки құралмасын, шындыққа сәуле түсіреді дейді» - деп жазды. Грек, мысал жанрының атасы Эзоптың тілі - ғадетте эзотерика (грекше ішкі) яғни - құпия, жасырулы, төтенше сырын білетіндерге ғана арналған (діни салт- жоралар, мистикалық оқулар, магиялық формулалар туралы). Бұл ойды ишаралап, тұспал арқылы, астарлы сөзбен, бүкпелеп, толық айтпау.
Руми Қожанасырмен түйдей жасты, екеуіне ортақ мәтіндер бар. Қожа Насреддин (1207-1281) Түркияда, Ақшәһар деген қалада туып өскен. Әзербайжан зерттеушілері Қожанасыр деп жүргеніміз 13 ғ. өмір сүрген белгілі әзербайжан ғалымы Хажы Насреддин Туси дейді. Олар оны Молда Насыр деп атайды, ал «молда» - «мовлан»деген сөздің өзгерген түрі. Мовлан Тусидың лақап аты болса керек. («Қожанасыр хикаяларының қазақ тіліндегі алғысөзінен). Мәулен, Маулана, Мәулеви-Румидың қосалқы аты. Оның тілі эзотериканың ит тұмсығы батпас ну орманы. «Оның айтқысы келген нәрсесі поэзиядан биік болатын» деп Ыдырыс Шах қадап айтады.
Қожанасыр жұмбақ мағыналы (Абайша: надандар бәһра ала алмас) символдық философияны аңқаулықтың тепеңдеген көк есегіне өңгере салудың қас шебері. Күлкінің құдіреті бұл хикаяттарды ешқашан өлтірмейді, мыңжылдықты оңай игеріп, ұрпақтан ұрпаққа өшпей ғибрат болып қала береді. Қожекеңнің өзі ғана емес, астындағы есегі де мұнафиқтердің қасында данышпан философтың рөліне ене береді. («Қожа мен үш сопы» атты хикаяда).
Өзінен жүзім сұрап шулаған балаларға Қожа «Менің барлық жүзімімнің дәмі бірдей, дәмін татсаңдар болады, көп жегеннің, аз жегеннің еш айырмасы жоқ» дейді. Румиде жүзім аллегориясы дін атаулының ортақ табиғаты мағынасында қолданылады. («Жүзім үшін төрт адамның қалай ұрысқаны туралы мысал»). Суфизмде қай дін шынайы, қайсысы жалған деп ешқашан таласпайды. Әркім дінді өз тілінде қабылдайды, түрік, парсы, араб, грек әрқилы атағанмен, бірақ мәні бір.
«Прежде, чем в этом мире появился сад, виноградная лоза и виноград, Наши души уже были пьяны от вина бессмертия». Румидің бұл поэтикалық сұлу метафорасына жалаң оймен қисын айтудан құдай сақтасын.
Мұның астарын он сегіз мың ғаламды жаратқан бір Аллаға мадақ десек ше! Осынау бекзат ахуалды Шәкерім: Жер жаралмай тұрғанында «Менде» «ғашықтың нұры» бар, - деп жырлады. Жеті қат көктегі құс жолындай жарқырап жатқан бұл көркемдікке басқа ештеңені телу мүмкін емес. Джалаледдин Румиге жиырма төрт мың періштенің шапағаты тиіп, Аллатағаланың рақымы жаусын! Жан тебіренетін ұлық сөзді шын сүйетін бұл фәниде ғазиз жүрек қана. Метафизикалық ақыл-ой иірімі мистикаға бейім. Руми «Месневи» поэмасында Құраннан 760 рет үзінді алып, парсы тіліне аударғанын зерттеушілер растайды. Расында, көктен түскен соңғы кітап бір саф үлгі. Ал Румиден жүз жылдай бұрын туған Қожа Ахмет Иасауи «Диуани хикметтер» атты кітабын түркілер үшін жазылған Құран, тәпсир деп өзі жазады. Суфизмнің көрнекті зерттеушісі, ізбасары, асыл мұрагері Ыдырыс Шах Руми туралы былай деп мәлімдейді. «Оның тегі Мұхамедтің жолдасы Әбу Бәкірден тарайды, ал әкесі Хорезмшах әулетімен туыстығы бар болатын».
Не пророк он,
а Книга - откровение у него имеется.
Жәми Румидың пайғамбарлықтан еш кемдігі жоқ жаратылысын осылай сипаттайды. Руми Құран аяттарын аллегориялық астарлы бейнеде түсіндіре келе, хадистерге жүгініп, діннің жасырын жатқан қасиетті мән-мағынасын ашты.
Құдай берген бұл достық - кәннің бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Абай «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» атты өлеңінде мүмкін өзі де аңламай суфийдің жан дүниесіндегі құпияны жанап өтеді. Кән (арабша) - кен, кеніш (қазына, асыл металл). Ауыспалы түрде мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті. (1 том, 66 бет). Ислам концепциясындағы жүректі тот басқызбай, іштегі кірді қашыру арқылы табиғаттың бауырына тығылып, жауған күнге еліге тазару сарынын қазақ өлеңінде Абай салды.
Адамзатты ақ жолға оң бастайтын ұлы ұстаздарының мақсаты ортақ, діттегені бір. Адами ізгі қасиеттерді сақтау ар-ожданның мәртебесі, имандылық нұры. Адамның құдайсыз күні жоқ, бірақ мұны шексіз түйсінген артық жаралған пайғамбарлар, әулиелер, ғұламалар мен ұлы ақындар.
Әлем халықтарының рухани тұма бастауы әу баста бір. «Поэтикада Гомер, Гомерге Вергилий ілесті, оған Гесиод, сонан кейін Овидий ерді. Антикалық күллі әдебиеттің мәнін Жаратылыстың құпия қимыл-әрекеттерін білу құрағанын, бірақ дүмшелік бұл ілімді кейін мифтер мен пұттарға айналдырып жіберіп, оны толық ұғынуды қақпайлап, болдырмай тастады»,- деп мистицизм мен оккульттық ғылымдардың зерттеушісі, барлық дәуірлердің мистериялары мен аллегория, салттық-дәстүрлік ғұрыптар мен жоралардың астарында жасырынған Құпия ілімдер интерпретациясының абызы, символикалық философияның қас білгірі Мэнли П.Холл құнттап жазды.
«Месневи» жанры 13 ғасырдың халық ауыз әдебиетінің аса құнды жылнамалар жинағы. Месневидің алғашқы үлгілері Масуду Марзави (9 ғ.) мен Рудаки (10 ғ.) өлеңдері.
Шежірелік аңыз - әңгімелер нақыл, өсиет, әңгіме, мысал кейпінде келеді. Әсіресе, тәмсіл мысалдарда ғасырлар даналығы түйінделген. Аңыздағы аң мен құстың тілін білетін Сүлеймен патша «Ұлым менің» деп арнау арқылы ұрпаққа, халқына ақылғой сөзін айтады. Көне еврейлер Моисей - Мұса пайғамбардан басталатын тарихын ұлт болып ұйысуға бағыштайды. Сүлеймен патшаның кітаптары. Тәмсіл әңгімелер. Экклесиаст - таза өсиет жанрына жатады. Сүлеймен патша сөздің асылын теріп сөйлеуі қазақтың термесіне ұқсас. Мысалы, адал әйел алған адам Құдайдан ырыс пен рақым тапты дейді ол. Өмір мен өлім тілдің ырқында, оны сүйгендер жемісін татады. Терең афоризмдер. Сөйтіп адамның мінез-құлқы, пейіл-пиғылына ерекше мән беріліп, ізгілік пен зұлымдық осы тұрғыдан бағаланады.
Иисус Христос та тәмсіл (притча) айта береді, соның бірі христиандық аңыз-адасқан ұлдың оралуы, т.б.
Румидың ізашарлары ибн Адам Санаи (1070-шамасы 1140, Газна) дидактикалық діни дастанның негізін салушы, мұнда дін қағидасы, баяндау үрдісінде притчалар, тарихи немесе тұрмыстық күлкілі анекдоттар қоса беріледі. Сондай-ақ Ф.Аттар (1119 ж. шамасында туған - өлген жылы беймәлім) өлеңдерінде дәруіш теософиясының мұраттарын бекітті. Терең білімді Аттар шығыс фольклорынан алынған көптеген қызғылықты шығармаларды өз туындыларында жинақтады. Оның ақындық мұрасының маңыздылығы осымен айқындалады.
Притча жанрында ең бастысы аллегория, астарлы сөз. Дерексіз дүниенің өзін ишарамен ұқтыру. Тәмсіл несімен құнды? Шығыстың жарық жұлдыздарының бәрі неге сүйген? «Ол Құран бүкіл әлемге тән үгіт» (12:104). «Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар» (12:111).
Үгіт-насихат, уағыздаумен дұрыс тәрбиелеу пайғамбарлықтың парызы.
Ежелгі орыс әдебиеті сөздігінде притча - оқиға, мақал, мәтел, астарлы сөз. Негізгі салмақ тұспал, аллегорияға түседі. Жанры бойынша тәмсіл әңгімелер жер бетіндегі фәнилік және «керемет» ғажайып, яғни, бақилық әңгімелердің аралығын қамтиды. Ғалым Н.И.Прокопьевтың айтуынша, «притча» термині ежелгі орыс әдебиетінде мақал-мәтелдерге синоним болып келеді, негізінде ол Византиядан ауысқан жанр.
Тіпті 19 ғ. басында И.А.Крыловтың мысалдары пайда болғанда, кейбір жазушылар оны дәстүр бойынша притча деп атағанын Ф.И.Буслаев жазған.
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!
Абай Крыловтың «Қарға мен бүркіт» атты мысал өлеңі түйінін қарғыстың ауыры қылып аударды.
Ежелгі орыс притчаларында, «Құстың тілі туралы» әңгімеде екі жапалақтың құдандасу арқылы өрбитін өзара әңгімесі патшаның қатігездігін нұқып айтып, әміршіні жөнге салады. Бұл мысал көшпелі сюжет, Низамиден Науаиге ауысты. Ең кереметі, данышпан кейіпкердің есімі - Алтын Золотое Слово. Оның бір оқиғасында қазақтың фразелогиялық сом тіркесі айна-қатесіз бейнелі суреттелген: «Мылтықтың басуына құланның қасуы». Сәл өзгешелеу, бұғының (елень) қасынуы делінеді. Татар ордасында дейді, демек Алтын Орда дәуіріндегі славяндармен араласқан түркілік синтез әдебиет.
Мысал даналықтың мәйегін таңдайды. Руми даналық пен надандықтың ара салмағын дәл таниды. Бұл екеуі күн мен түндей алмасып, ет пен сүйектей бір-бірін толықтыруға жаралған, бір-бірінсіз күні жоқ. Адам надандықтан мүлдем арылса, даналық үстем болса, бұл оны күйретер еді. Надандық тіршіліктің үзілмей ұдайы жалғасып тұруын қамтамасыз етеді. Соның үшін мысалда қисапсыз қазына жасырылған. Ол таңдаулыларға бұйырады. Румидің мына сөзі соған куә:
«Сен жарық дүниедегі баршасын ұмыта аласың, неге туғаныңды ұмытудан өзгесін. Өзіңді арзан сатушы болма, өйткені сенің құныңа баға жетпейді. Сен екі дүниеге - көк және жер дүниесіне татисың. Ал егер сен өз құныңды білмесең, не істерсің?»
Жалғасы бар
«Абай-ақпарат»