Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Алашорда 10562 27 пікір 20 Қаңтар, 2020 сағат 10:52

Жат жерде жүріп қызылдарға қарсы күрескен бабаларымыз сұраусыз кете ме?..

Атақты Кейкі сияқты соңғы демі қалғанша қолынан қаруы түспеген қазақ жеріндегі батырларды бәріміз білеміз. Ал, қазақты орыс отаршылдығынан азат ету үшін жат жерде күрескен бабаларымыздың аты-жөндерін білеміз бе?!

Тәуелісіздік алғаннан кейін табу қойылған бір тақырып: қазақтардың шет елдердегі отаршыларға қарсы жалынды күресі болды. Күні бүгінге дейін құзырлы органдар әлі соңына түсіп отырған әулеттер әлі күнге өз бабалары жайлы айтуға дәрменсіздік танытып отыр. Оның басты себебі 1916 жылдан бастап ел ауған кезде «сары орыстың бәрі орыс» деп «Діни ғазауат» айтып, отаршыларды жас-кәрі, бала-шаға деп бөліп-жармай қанды қасап жасаған жандардың қазақ билігі тарапынан «ұлт батырлары» деп танылып ақталмауы. Азаттық сарбаздарын білетін, әр жұма құран түсіретін ақсақалдардың бәрінің көзі кетті. Оның үстіне бұл бабаларымыздың елге есімдері белгісіз. Олар Хан Кененің «Орта Азиялық» қазақ-өзбек бірлігі аманатына адал, дінді тәрк еткен коммунистерді де, империялық ақ патша билеп-төсеуін де құп көрмейтін, тек «елді кәпірлерден азат ету» идеясын ту етіп көтерген дініне берік жандар-тын.

1960 жылдың аяғы мен 1970 жылдардың басында «қадымшы» және «жәдитші» ақсақалдардың бірін-бірі мойындамай қазақ шағатайымен қызыл кеңірдек болып дауласқанын талай көрдік. Ауған мен Иранда орысқа қарсы күресте бастан кешкен оқиғаларын қызыға тыңдадық. Олар кезінде коммунист, комсомол болған шалдарды араларына жолатпай, «үш әріптің салпаңқұлақтары» деп атайтын. Мені басымнан сипап, «әкең туа жалғыз емес, жүре жалғыз. Бес ағасы жат жерде көз жұмды», дейтін.

Азаттық үшін Иран мен Ауған жерінде жасақталған әскери-партизандық топтардың қызылдарға қарсы күресіне орыс отарлаушылары тарапынан соңғы нүкте 1945 жылы қойылды.

Қызыл Армия тарапынан Иранда жүргізілген тазалау операциясы барысында қолға түсіп атылған, асылған, Сібірге итжеккенге 25 жылға айдалған бабаларымыздың суреттері КГБ архивтерінде мәңгіге құлыптаулы жатыр.

Менің қолыма сарғайған ескі фото түсті. Осы фотаны алған адамым аты-жөнін атамауды өтінді. Және 5 жыл жариялауға рұқсат бермей, келместің кемесіне мінерде бір жерде жариялауды аманаттап еді. Енді міне «Abai.kz» cайтында сол алаш батырларының суреттерін жариялап отырмыз.

Осы фотодағы батыр бабаларымыздың ұрпақтары бар ма екен? Фото 1930 жылдардың ортасында Иранда түсірілген. КГБ архивінде құпия сақталған. Осыған іздеу салатын жорналшы не тарихшы табылса жақсы болар еді. Тек 1940 жылдардағы соңғы шайқаста фотодағы батыр бабаларымыздың біразы иран-түркімен шекарасында шаһид болып, кейбірі қолға түскен. Аты-жөндерімен кейінгі тағдырлары белгісіз.

Әттең, КГБ архивіндегі ОА ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы қазақтардың Иран мен Ауғанстанда түскен көптеген фотолары мен деректері Мәскеуден елге қайтарылса, үлкен игі іс болар еді. Және 1916-1945 жылдардағы 30 жылға созылған ұлт-азаттық көтерілісінде шаһид болған бабаларымызға ескерткіш орнатуды қоғамдық кеңесте көтеру керек.

Олар 1941-1945 жылғы соғысқа қатысқан аталарымыздай империя үшін емес, ОА конфедерациясы үшін күресті. Бұл күреске қатысушыларды ұлт жадынан өшірмеу – перзенттік парызымыз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3286