Тарбағатай аймағындағы қазақ рулары
Шәуешек қаласындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл қалада 40 мың 860 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Шәуешек қаласы заманымызға дейінгі 2 ғасырдан бастап Үйсіндердің қолқа-жүрегі болған қала. 10~12 ғасырларда Батыс Түрік рулары бұл жерді орталық етті. 1282 жылы Қобылай хан билігі кезеңінде, бұл жерде Тарбағатай почта мекемесі құрылып, Тарбағатай атауы алғаш рет қолданыста болды.
1764 жылы Тарбағатай қамалы тұрғызылды. Қамалда 600 шүршіт сарбазы тұрған. Жұттың қамал маңында қатты жүруіне байланысты, қамал келесі жылы Шәуешек(楚乎楚) деген жерге ауыстырылды. 1865 жылы қазақтар мен дүңгендердің көтерілісінен қала қирады. 1889 жылы Жаңа Шәуешек салынып, 1913 жылы құрылған Тарбағатай аймағының орталығына айналады.
Шәуешек қаласы қазіргі уақытта Дубек, Бейбіт, Жаңақала сынды үш аумақтан, Шаша, Аргүң, Боздақ сынды 3 кенттен, Қарақабақ, Еміл, Абдыра, Ашылы солаң ауылы сынды 4 ауылдан, Ойжайлау мал фермасы, Мойынтал(Тарбағатай) сиыр фермасы, Шағжи мал фермасы сынды 3 мал фермасынан, 153 елді мекеннен тұрады.
Шәуешек қаласының қала аумағындағы рулар — Байжігіт, Абақ Керей, Ашамайлы Керей(Ақсары, Шимойын, Сибан), Төртуыл, Шанышқылы, Жағалбайлы.
Шаша кенті Қайқыбастау, Қабақ, Ашутас, Қоскөпір, Орта Шібеті қатарлы 17 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Мәметек), Керей, Тобықты.
Аргүң(Тоқабай саз) кенті Теректі, Екісу, Бау-бақ, Нанху, Нансан сынды 5 мөлтек ауданнан, Саз, Ұзынағаш, Қараүңгір, Тұмақшы, Шұбарағаш қатарлы 18 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Байжігіт.
Қарақабақ ауылы Абыра, Қызылжар, Бас Боздақ, Кенжебай, Мешіт сынды 22 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Байжігіт(Қошқарбай).
Абдыра ауылы Шолақбұлақ, Көне Көмей, Үштөбе, Елубай, Басқы Абдыра сынды 21 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Байжігіт(Қошқарбай).
Ашылы солаң ауылы Қызбейт, Нұра, Жанмырза, Белтам, Көккөпір сынды 20 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Байжігіт(Мәметек).
Боздақ кенті Орта Боздақ, Төбеқора, Ақши, Бәйгетөбе, Кіші Жиек сынды 12 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Мәметек, Тоғас).
Ойжайлау мал фермасы Малшылық 1, Малшылық 2, Малшылық 3, Қараой, Нартай сынды 10 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Сайболат), Керей, Уақ, Төре(Сәнияз), Терістаңбалы.
Еміл ауылы Қараағаш, Көкжидек, Қараүй, Жарсу, Ақтам сынды 16 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Мәметек), Төртуыл, Керей(Ителі, Жәдік).
Құлыстай өңіріндегі Тарбағатай сиыр фермасы, Мойынтал деп те аталады.
Тарбағатай сиыр фермасы Сиыршы 1, Сиыршы 2, Үшқайшы сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Қожан, Саты, Тоғас), Уақ, Керей, Төртуыл, Жарболды.
Шағжи мал фермасы Малшылық 1, Малшылық 2, Малшылық 3, Малшылық 4 сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт(Мәметек), Керей.
Қорыта келгенде, Шәуешек қаласы қазағының 85 пайызын Найманның Байжігіт руы, 8 пайызын Керей руы ұстайды. Сонымен, Шәуешек қаласында 35 мың Байжігіт, 3.5 мың Керей бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Көрқарасу(Шиху) қаласындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл қалада 31 мың 162 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Көрқарасу қаласының түбінде, 685 жылы Қарасу қамалы, Күйтүн өзені жағында Иехы қамалы, Жырғалаң бойында Дұңлин қамалы, қазіргі Күрті кентінің маңында Шилин қамалы тұрғызылған болатын. Одан кейін бұл аумақтарға Қарлықтар келіп иелік етті.
1761 жылы Көрқарасу ауылы пайда болды. Келесі жылы бұл ауыл әскери бекет ретінде қаралып, күзет тұрғызылды. 1765 жылы Көрқарасу, Ебі жерлерін Үрімжіден басқаратын әкімшілік құрылып, 1771 жылы Еділден ауып келген торғауыттардың бір бөлегін Жырғалаң(Сыкышу) өзеніне орналастырған. Олар Көрқара әскери меңгермесінің қарамағында болды. 1781 жылға қарай, Көрқарасу ауылы гүлденіп, 1783 жылы Көрқарасу астық мекемесі болып бекітілді. 1886 жылдан бастап Көрқарасу ауылы Санжы арқылы басқарылып тұрды. 1913 жылы Көрқарасу ауылы таратылып, Үрімжіге қарасты Усу ауданы құрылады. 1917 жылдан бастап Тарбағатай аймағына қарады.
1945 жылы Шығыс Түркістан үкіметі мұнда Шиху аудандық үкіметті құрды. 1950 жылы қытайлар Усу деп атайтын, қазақ Шиху деп атайтын әкімшілік еңсесін қайталай тіктеді. 1954 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрығанда, Шиху ауданы осы біріккен облыстың Тарбағатай аймағына қарасты болып тұра берді.
Мұндағы «Усу» сөзі Көрқарасу атауындағы «су» сөзі болып есептеледі. Ал, қазақтың Шиху деп жүргені «батыс көл» деген мағынаны беретін, осы атпен аталатын кентке байланысты.
Көрқарасу қаласы Нанюан, Хұңчяу(Қатынкөпір), Жаңақала, Күйтүн сынды 5 мөлтек ауданнан, Шепейзі, Ганхозы, Хуаңгүң, Шидагу, Теректі, Қатыбұқа, Жүзбұлақ, Жырғалаң(Сыкышу), Күрті, Шиху сынды 10 кент, Башысыху, Тасөткел, Дутай, Табылғат қалмақ ауылы, Жіңішке(Жяхызы), Тоғызтам(Жюжянлоу), Жырғалаң қалмақ ауылы сынды 7 ауылдан, Сексеуілді(Ганжяху), Байынқол, Сәлкінті сынды 3 мал фермасынан, 192 елді мекеннен тұрады. Шинжяң өндіріс-құрлыс полктерінің 123, 124, 125, 126, 127, 128, 130 полктері осы өңірде орналасқан.
Көрқарасу қаласының қала аумағындағы негізгі рулар — Шұбар Керей(Атантай, Шұбарайғыр, Шеруші, Жастабан, Меркіт, Сибан, Ақсары, Есдаулет, Барқы, Жайлау), Шұбар Найман(Бегетай, Тума, Төртуыл, Тәуке, Болатшы, Шеру), 100 үй Тарақты, 100 үй Қыпшақ, 100 үй Шанышқылы, 50 үй Шапырашты.
Шепейз кенті Қарасу, Кеңсуат, Үшкөпір сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Тарақты. 550 үй қазақ бар.
Сексеуілді мал фермасы Кеңсуат, Қараоба, Жалағаш сынды 7 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Жәдік, Атантай, Шеруші, Сибан, Шұбарайғыр. 550 үй қазақ бар.
Байынқол мал фермасы Көктал, Әнжыхай, Көлай сынды 7 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 550 үй қазақ бар.
Башысыху ауылы Дөңмәлі, Бақай, Шегелек, Лаңқанмәлі, Бескөпір сынды 19 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Шұбар Найман. 550 үй қазақ бар.
Ганқозы кенті Үлкенағаш, Алаңқы1 (Тоудаушаңзы), Алаңқы 2 (Ардакшаңзы), Алаңқы 3 (Сандаушаңзы), Қожатам(Хаужяжуаңзы) сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Шұбар Найман. 400 үй қазақ бар.
Тасөткел ауылы Тораңғылы, Субұрған, Жалғызағаш сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Сибан, Жәдік, Шұбарайғыр, Тарақты, Шеру. 300 үй қазақ бар.
Дутай ауылы Үлкенбұлақ, Қараағаш, Ұялыжиде сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Шұбар Найман. 300 үй қазақ бар.
Хуаңгүң кенті Ақши, Жанасбай, Тасөткел(Шычяу), Бұлақсай(Чуаншүйгоу), Жиделі(Шазаулин) сынды 11 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 300 үй қазақ бар.
Шидагу кенті Көксала, Такылген, Сулыкен, Ұлансу, Шағаноба сынды 16 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Шұбар Найман. 200 үй қазақ бар.
Табылғат қалмақ ауылы 4 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Сәлкінті мал фермасы Тосты, Долан, Шағаноба сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Жырғалаң(Сыкышу) кенті Қалқанбұлақ, Шағанбұлақ, Көмейаузы, Сабыкөл, Қараағашбастау сынды 12 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Жіңішке(Жыхызы) ауылы Жіңішке, Күйтүн, Қызылтам сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Тоғызтам ауылы Сарытоған, Жетіүй, Жанжяжуаңзы сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Жырғалаң қалмақ ауылы Қараағаш, Жағынтал, Ақтерек сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 150 үй қазақ бар.
Қазағы өте аз болып келетін Қатыбұқа, Жүзбұлақ, Күрті, Шиху өңірлерін атамадық.
Қорыта келгенде, Көрқарасу(Шиху) қаласы қазағының 80 пайызын Керей рулары, 13 пайызын Найман рулары иелейді. Мұндағы Шұбар Керей, Шұбар Найман атаулары сол тайпаның белгілі руы басым болмағанын, әр тармағынан құралғанын білдіреді.
Сонымен, Көрқарасу(Шиху) қаласында 25 мың Керей, 4 мың Найман бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Сауан ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл ауданда 51 мың 468 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
1915 жылы қазіргі Қарамайлы қаласына қарасты Шөгей ауылы Сауанның орталығы болып, бұл өңір Үрімжі қаласына қарады. 1917 жылы Тарбағатай аймағына қарап, 1929 жылы Шөгейдегі орталық қазіргі Көне Сауан кентіне көшіріліп, Сауан ауданы пайда болды. 1956 жылы аудан орталығы Сандықозыға көшірілді. Содан бастап, Сандықозы кенті Сауан қаласы, кейде Жаңа Сауан деп аталып кетті.
1976 жылы Сауан ауданы жаңадан құрылған Тасырқай(Шыхызы) аймағының құрамына өтті. Екі жылдан соң, Тасырқай аймағы таратылып, Сауан ауданы қайтадан Тарбағатай аймағына қосылды. 2021 жылы 16 наурызда, Сауан ауданы Сауан қаласы болып құрылады.
Сауан қаласының жерінде Сауан қаласы, Сыдауқозы, Көне Сауан, Ұлансу, Әнжыхай, Дұңуан, Шигөби, Люмау-уан, Алтынсай сынды 8 кент, Бортүңке, Үлкенбұлақ(Дачуан), Шаңхуди сынды 3 ауыл, Бортүңке, Өгізтам сынды 2 мал фермасы, Сауан тұқым базасы және Шинжяң өндіріс-құрлыс полктерінің 121,133,134,141,142,143,144 полктері мен Бейчуан кенті орналасқан. Аудан жерінде 214 елді мекен бар.
Сауан қаласы Шабдалыбақ, Береке, Білім(Шушяң), Жеңіс(Кайшуан) сынды 4 аумаққа бөлінеді. Ең басты рулары — Есдаулет, Меркіт, Ботақара, Уақ, Сары, Барқы, Найман, Ителі.
Бортүңке ауылы Жарсуат, Желағаш, Көкқия, Кеңағын, Қарабастау сынды 17 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Есдаулет.
12 жарым мың қазақ тұратын, қазағы ең көп ауыл. Сауан ауданы қазағының төрттен бірі осы жерде.
Бортүңке(Қарағанды) мал фермасы екі малшылық, төрт егіншілікпен айналысатын, 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Есдаулет.
Көне Сауан кенті Бастүбек(Шаң Фаңуан), Жуантөбе(Даляңпо), Көлтабан(Хайзыуан), Қызылсүмбе(Хұңшанмяу), Басжыра(Тоугоу), Мыңшұңқыр(Кыңуан), Тесіпаққан(Жяжяжуаң), Қамысты(Лууан), Дамба(Жабанкоу) сынды 37 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей.
Дұңуан кенті Төменгі Қобы, Қысаң(Жяшанзы), Кеңсай(Куангоу), Көктөбе(Чиңшан), Қоскөпір сынды 19 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Барқы, Ителі, Уақ, Сары, Ботақара, Меркіт.
Әнжыхай кенті, Мұқыр(Гушу), Береке(Хыпиң-Шин),Қосту(Шуаңчи), Жаңажол(Жяутұң-Шин), Көнежол(Гудау) сынды 11 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Уақ, Ботақара, Найман.
Шигөби кенті Майтау, Ақжар(Байтуязы), Ақжиек(Байтан), Қапшағай(Жясаузы), Обаты(Мяутайзы) сынды 13 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Меркіт, Есдаулет.
Өгізтам(Сиырқора, Нюжуанзы) мал фермасы Қарашоқы, Қызылшоқы, Сарытоған сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Меркіт.
Үлкенбұлақ(Дачуан) ауылы Жылытам(Шауфаңжуаңзы), Үшжыра(Сандаугоу), Ортабұлақ, Бессала(Удаухозы), Екісу(Ардаухозы) сынды 13 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары— Найман(Қайқы, Тоғас, Көкжарлы, Төртуыл), Жастабан, Есдаулет, Ақсары(Ашамайлы Керей), Ботақара.
Қазағы өте аз болып келетін Сыдауқозы, Ұлансу, Люмау-уан, Алтынсай, Шаңхуди, Сауан тұқым базасы, Бейчуан өңірлерін атамадық.
Қорыта келгенде, Сауан ауданы қазағының 48 пайызын Есдаулет руы, 18 пайызын Меркіт руы, 8 пайызын Ботақара руы, 6 пайызын Уақ руы , 4 пайызын Сары руы, 4 пайызын Барқы руы, 4 пайызын Ителі руы, 4 пайызын Найман руы иелейді. Сонымен, Сауан ауданында 25 мың Есдаулет, 9 мың Меркіт, 4 мың Ботақара, 3 мың Уақ, 2 мың Сары, 2 мың Барқы, 2 мың Ителі, 2 мың Найман бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Дөрбілжін ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл ауданда 103 мың 579 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
1130 жылы қарақытайлардың көсемі Елей Дашы бұл өңірді астана етіп, Еміл қаласын құрды. 1218 жылы қала Шыңғысхан соққысынан қирады.
1225 жылы қазіргі Еміл мал фермасы маңында жаңадан Еміл қаласы тұрғызылып, Үгедай ханның астанасы болған. Төрт қақпалы бұл қала 16 ғасырдың ортасынан 17 ғасырдың ортасына дейін қалмақтардың жайылымы болып, Дөрбілжін аталады.
1918 жылы Еміл өзенінің жоғары ағасында Еміл(Емен) ауданы құрылды. Қайрақбай Шалекенұлының Еміл толқыны туралы күйінің «Емен толқыны» деп шертілетіні содан. Сонда да Емен ауданы халық аузында Дөрбілжін ауданы ретінде белгілі болды.
Дөрбілжін ауданы Дөрбілжін, Үшқарасу, Қара-Еміл, Желағаш, Тепкісу, Маралсу сынды 6 кент, Қаламаңы, Қорымсу моңғол ауылы, Күрті, Қарабұлақ, Моңғолиза моңғол ауылы сынды 5 ауыл, Еміл, Құйғансу, Сары-Еміл, Ұзынбұлақ сынды 4 мал фермасынан, Көшбике сынды жалғыз тұқым базасынан, Жарбұлақ сынды жалғыз өндіріс алаңынан, 182 елді мекеннен тұрады.
Дөрбілжін(Емен) қаласы Аршаты, Тарбағатай, Ағылық, Керуенсарай, Мәдениет сынды 9 мөлтек ауданнан, Тасырқай, Яунан сынды 2 елді мекеннен тұрады. Негізгі рулары — Байжігіт, Керей, Ақнайман, Семізнайман.
Үшқарасу ауылы Қарасу 1, Қарасу 2, Қарасу 3, Жалғызтал, Ақбұлақ сынды 13 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы —Шотай.
Қара-Еміл ауылы Аққұйма, Аққұмай, Үйеңкі, Кішкенетөбе, Бұлақтөбе, Тереңжар сынды 16 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шотай.
Тепкісу(Шаңху) ауылы Майқайың, Обалы 1, Обалы 2, Обалы 3, Обалы 4 сынды 23 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Қошқарбай, Мәметек.
Қаламаңы(Жяучүй) ауылы Исатам, Қарадөң, Аршаты, Жайылма, Барлықкүре, Шібеті, Қосжыра сынды 24 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Қошқарбай, Шотай, Мәметек, Төртуыл, Керей, Уақ.
Еміл мал фермасы Нұршашты, Жіңішке Ақсу, Топтал, Белшір, Белшір 2 сынды 10 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Қошқарбай, Шотай, Мәметек.
Желағаш(Қарғалы) ауылы Қарғалы, Үлкентоғам, Көктас, Қызылқия, Қарасу сынды 18 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Ақнайман.
Маралсу ауылы Ақмектеп, Қызылағын, Тасөткел, Бестайынша, Ақсу сынды 20 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Семізнайман.
Құйғансу мал фермасы Құйған, Тұрғын, Шеңгелдіқарын сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Қожан, Бұрынбет.
Тарбағатай қой фермасы Доланабұлақ, Көксу, Сарыдөң сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Керей.
Сары-Еміл мал фермасы Сары-Еміл, Қарасу, Малшылық 1 сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Шотай.
Қорымсу моңғол ауылы Аралсу, Жіңішкесу, Көксай сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Қараша, Қыржы, Керей.
Күрті ауылы Сарбас, Мойын, Жиек сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Керей(Сарбас, Жастабан).
Көшбике тұқым базасы Көшбике, Қазақбай, Бестал сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Қазақбай.
Қарабұлақ(Ламажау) ауылы Қарабұлақ, Қарасу, Майтас сынды 3 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Байжігіт, Қыржы, Керей, Уақ. Мұнда кәпір қырғыз атанған 60 үйлі қауым бар.
Моңғолиза моңғол ауылы Биікжар, Тұлбасуат, Қараағашкүре сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шотай, Ақнайман, Қошқарбай, Мәметек.
Ұзынбұлақ мал фермасы Малшылық 1, Малшылық 2, Малшылық 3 сынды 3 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Семізнайман.
Жарбұлақ өндіріс ауылы Малшылық, Сұм, Талды(Яңлю) сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Ақнайман.
Қорыта келгенде, Дөрбілжін ауданы қазағының 65 пайызын Найманның Байжігіт(Шотай 33%, Қошқарбай 13%, Мәметек 7%, Қожан 4%, Қазақбай 3%, Бұрынбет 2.5%, Қараша 2.5%) руы, 11 пайызын Керей, 10 пайызын Ақнайман, 10 пайызын Семізнайман ұстайды. Сонымен, Дөрбілжін ауданында 67 мың Байжігіт, 11 мың Керей, 10 мың Ақнайман, 10 мың Семізнайман бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Толы ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл ауданда 99 мың 690 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Майлы, Жайыр тауларындағы ел 1949 жылы 30 сәуірде, сол кездегі Дөрбілжін ауданының әкімі Нұрсапа батыр Сейтжанұлының ықпалымен, Дөрбілжін ауданынан бөлініп шығып, Керей ауданы болып құрылды. 1952 жылы қазанда Толы ауданы болып өзгерді. Толы ауданы Толы, Ұты, Ұты, Қату сынды 4 кенттен, Күп, Долаты, Ақбелдеу, Өшеті сынды 4 ауылдан, 76 елді мекеннен тұрады.
Толы қаласы Алақат(Чишяң), Құмтөбе сынды 2 мөлтек ауданнан, Екіқұдық, Қызылжар, Ошақбай, Жібек, Ұласты сынды 15 елді мекеннен тұрады. Жастабандар мен Меркіттер тұратын Тесіпаққан мал фермасы да осы қалаға кіріп кеткен.
Толы қаласының негізгі рулары — Уақ, Шеруші, Шұбарайғыр, Жастабан мен Меркіт, Барқы, Есіргеп, Төре, Қарақас, Жәдік, 100 үй Ақсары, 100 үй Сибан, 50 100 үй Мұрын, 50 үй Көнсадақ, 50 үй Молқы, 50 үй Ақсары, 50 үй Сибан, 50 үй Терістаңбалы, 50 үй Шанышқылы, 30 үй Самырат, 30 үй Ботақара, 30 үй Қожа, 30 үй Ителі, 30 үй Тарақты, 10 үй Тобықты.
Күп ауылы Жетіоба, Жамбыл, Қаратөбе, Қызылжар, Қуқарағай сынды 19 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Барқы, Шеруші, Жәдік, Терістаңбалы, Қарақас, Атантай, Төр, 50 үй Жайлау, 50 үй Сары, 30 үй Ақсары, 30 үй Сибан.
Долаты ауылы Алмалы, Жарбас, Жиек, Ақсай, Жаматы сынды 15 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Атантай, Шұбарайғыр, Барқы, Есіргеп, Шеруші, 100 үй Қарақас, 100 үй Ботақара, 100 үй Самырат, 50 үй Жастабан, 40 үй Мұрын.
Ақбелдеу ауылы Майлыкен, Жанбұлақ, Қаңлы сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Уақ, Жастабан мен Меркіт. Аздап Ботақара.
Өшеті ауылы Қызылқия, Майқабақ, Жіңішкесу, Қазанқұм, Құмтөбе сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Уақ, 100 үй Мұрын, 40 үй Қарақас, 40 үй Ителі, 30 үй Ботақара.
Ұты кенті Береке сынды жалғыз мөлтек ауданнан, Шалғай, Саржақ, Аққайнар сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Шеруші, Төре, 100 үй Барқы.
Теміртам кенті Бірлік, Лимин, Жоңғар сынды 3 мөлтек ауданнан, Арпасалған, Қату, Нануан сынды 3 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Уақ.
Қату кенті Дәм, Қарасу, Сарытал сынды 4 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Уақ.
Қорыта келгенде, Толы ауданы қазағының 28.5 пайызын Жәнтекей(Барқы 13.5%, Атантай 7%, Есіргеп 4%, Ботақара 2%, Самырат 1%, Жайлау-Сары 1%), 24 пайызын Уақ, 13 пайызын Шеруші, 5.5 пайызын Жастабан, 5 пайызын Шұбарайғыр, 4 пайызын Меркіт, 4 пайызын Жәдік, 4 пайызын Қарақас, 4 пайызын Төре, 3.5 пайызын Терістаңбалы, 1.5 пайызын Мұрын ұстайды.
Сонымен, Толы ауданында 28.5 мың Жәнтекей, 24 мың Уақ, 13 мың Шеруші, 5.5 мың Жастабан, 5 мың Шұбарайғыр бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Шағантоғай ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл ауданда 26 мың 567 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Шағантоғай ауданы — Еміл өзені алқабы мен Барлық тауының бауырына орналасқан. Әбілмәмбет ханның Цин патшасы Чянлұңмен жасаған келісіміне сай, 1760 жылдан бастап Барлық тауына қазақтар қоныстанды. 1888 жылы бұл аудан Үкірдай аталып, 1940 жылы Құрманжы, артынша Шағантоғай ауданы болып құрылып, 1942 жылы Емен(Еміл) ауданы болып өзгертіліп, 1944 жылы қайтадан Шағантоғай болды.
Қарабура қаласы 1959 жылдан бері Шағантоғай ауданының орталығы болып келеді. 1980 жылы ғана қалаға айналды. Оны Жаңа Шағантоғай деп атаса, Шағантоғай мал фермасы тұрған жерді Көне Шағантоғай дер атайды.
Шағантоғай ауданы Қарабура, Жиек сынды 2 кент, Алтын-Еміл, Жаңажер, Жанкісі, Қарабура сынды 4 ауыл, Шағантоғай сынды жалғыз мал фермасынан, 45 елді мекеннен тұрады.
Қарабура қаласы Қарашоқы, Өнеркәсіп, Жайылма, Мәдениет, Береке қатарлы 5 мөлтек ауданнан тұрады. Негізгі рулары — Жастабан, Меркіт, Найман, Жәнтекей, Ақсары(Ашамайлы Керей), Шанышқылы.
Алтын-Еміл ауылы Бәйбіше, Жиекши, Жаңабұлақ сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Жастабан.
Жиек кенті Шалғынбайкөл, Құмтөбе, Қосақ, Сарыбұлақ, Қарасай сынды 12 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Меркіт.
Шағантоғай мал фермасы Қаракемер, Шолақжал, Көл сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Ботақара, Барқы
Жаңажер ауылы Мұқыр, Мұқыр 1, Мұқыр 2, Оржиек, Ақтөбе сынды 13 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Меркіт.
Жанкісі ауылы Шегір, Жыланды, Тастыбұлақ сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Ақсары(Ашамайлы Керей), Байжігіт(Мәмбет).
Қарабура ауылы Қосқабақ, Жалғызағаш, Жалпақтал сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Жастабан.
Қорыта келгенде, Шағантоғай ауданы қазағының 38 пайызын Жастабан, 30 пайызын Меркіт, 16 пайызын Жәнтекей, 8 пайызын Ақсары ұстайды. Сонымен, Шағантоғай ауданында 10 мың Жастабан, 8 мың Меркіт, 4.5 мың Жәнтекей, 2 мың Ақсары бар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Қобық ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы
(Бұл ауданда 21 мың 748 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Бұл өңірдегі Байыноба аумағында 657 жылы Фуян(Буян) ауданы құрылған. 1635 жылы, Батыр қоңтәжі Қобық ауданының жерінде Ойрат одағын құрып, осы өңірді орталық етті.
Жоңғар хандығы жойылған соң, 1771 жылы Еділден оралған торғауыттар осында қоныстанды.
1915 жылы бұл өңір Сауан ауданынан бөлініп, Қостолағай ауданы болып құрылды. 1941 жылы Қостолағай ауданының аты Қобық болып өзгертіліп, 1944 жылы аудан орталығы қазіргі Қобықсары кентіне көшірілді. 1954 жылы Қобықсары моңғол автономиялы ауданы құрылды.
Қобықсары моңғол автономиялы ауданында моңғолдар 25 мың 256 адам болса, қазақтар олардан 3 жарым мың адам аз.
Қобық ауданы Қобық, Қостолағай сынды 2 кент, Байыноба, Тепкісу, Шазығайты, Сағанкөл, Мөтке, Шақты сынды 6 ауыл, Үлкен Ұтыбұлақ, Нарын-Қобық, Бостөңке, Кіші Ұтыбұлақ сынды 4 мал фермасынан, 75 елді мекеннен тұрады.
Ауданның Шазығайты ауылында қазақ жоқ, Қостолағай кентінде қазақ тіпті аз болған, кейін Алтай жағынан келіп қоныстанғандар көбейді. Шақты ауылы — әр ауылдың адамдарынан құрап, жаңа құрған ауыл.
Қобық қаласы Байынбұлақ, Бағыс, Байыншерге сынды 5 мөлтек ауданнан тұрады. Ең басты рулары — Найман(Төртуыл, Қожан), Керей.
Байыноба ауылы Алтынбұлақ, Бұқты, Келегенті сынды 6 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Қожан.
Бұл ауылда 700 үй қазақ бар. Қазақ ауыл саналады.
Үлкен Ұтыбұлақ мал фермасы Үлкен Ұтыбұлақ, Буыршынқұдық, Қоңырөлең сынды 5 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Керей(Қарақас, Жастабан, Шұбарайғыр, Жәдік), Найман(Бұрынбет, Төртуыл).
Тепкісу ауылы Тепкісу, Көкбет, Шағанадыр сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Бұрынбет, Қожан, Төртуыл. Бұл ауылда 300 үй қазақ бар.
Қостолағай кенті Шаштолағай, Делуін, Сұсты сынды 6 мөлтек ауданнан, Қостолағай, Шашты, Шаштолағай сынды 9 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Керей(Жәнтекей, Меркіт, Жастабан, Шұбарайғыр, Жәдік), Найман(Шотай).
Сағанкөл ауылы Мәден, Екіқора, Бұлың, Байыншаған, Бесқызыл(Табынұлас) сынды 13 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Керей(Қарақас, Жастабан, Меркіт, Шұбарайғыр, Жәдік), Найман(Қожан).
Нарын-Қобық мал фермасы Бөденжан, Тула, Үлкен Толы сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Найман(Қожан), Керей(Қарақас, Жастабан, Шұбарайғыр, Жәдік).
Мөтке ауылы Обаты, Қарасала, Тауашы сынды 8 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Найман(Төртуыл, Қожан), Керей(Қарақас, Жәдік).
Бостөңке мал фермасы Бостөңке, Бұқтықұдық, Делуін сынды 4 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы — Керей(Ителі).
Шақты ауылы Мөңкеоба, Сайыр, Қатын, Шағантүңке сынды 4 мөлтек ауданнан тұрады. Ең басты рулары — Найман(Қожан), Керей(Қарақас, Жастабан, Ителі, Шұбарайғыр, Жәдік).
Кіші Ұтыбұлақ мал фермасы Кіші Ұтыбұлақ, Жалымтар, Ұланқаты сынды 3 елді мекеннен тұрады. Ең басты руы— Найман(Қараша).
Қорыта келгенде, Қобық ауданы қазағының 63 пайызын Найман(Байжігіт 47%, Төртуыл 16%) руы, 37 пайызын Керей руы иелейді. Байжігіт ішінде ең көбі — Қожандар. Керей руларының ішінде Қарақас, Ителі, Жәдік молынан.
Сонымен, Қобық ауданында 13.7 мың Найман, 8.1 мың Керей тұрады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Қарамайлы қаласындағы ең басты қазақ рулары
(Бұл қалада 18 мың 92 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Майлы-Жәйір тауларының шығысындағы Дәм өзені алабындағы сортаңда ашылған Қарамайлы мұнай кенішінің қатты дамуына сай, 1956 жылы Қарамайлы қаласы қалыптаса бастады. 1958 жылы Қарамайлы қаласы құрылды. 1982 жылы Қарамайлы өзіне қарасты 4 ауданы бар, Тарбағатай аймағының ортасынан ойып орын алса да, Тарбағатаймен терезесі тең, аймақ дәрежелі қалаға айналды.
Қарамайлы қаласының 2024 жылғы жалпы өңірлік өнімі 185.8 миллиар доллар болды. Бұл Алматы қаласының 2024 жылғы жалпы өңірлік өнімінен 3 есе мол.
Қарамайлы қаласының қала аумағы Тәңіртау, Жеңіс, Самала(Иынхы), Қарақорым, Керуенсарай(Иыңбин), Елубес, Гухай сынды 7 мөлтек ауданнан тұрады.
Қарамайлы қаласында Шинжяң өндіріс-құрлыс полктерінің 129, 130, 136 полктері бар. Елубес машина жасау компаниясы да осында. Қала ішіндегі қазақтардың ең басты рулары — Шұбар Керей, Уақ, Шұбар Найман. Мұнда 2400 үй қазақ тұрады.
Қарамайлыға тіке қарайтын Шөгей ауылы 4 елді мекеннен тұрады. Ең басты рулары — Ителі, Уақ, Шұбарайғыр, Жастабан, Шеруші, Найман. Мұнда 300 үй қазақ тұрады.
Қарамайлы қаласының Майтау ауданының орталығы болған Майтау кенті Алтынтау, Шиниң, Шинбей сынды 3 мөлтек ауданнан тұрады. Ең басты руы — Шұбар Керей. 1000 үй қазақ тұрады.
Қарамайлы қаласының Жайранбұлақ ауданының орталығы болып тұрған Жайранбұлақ кенті Жинлұң, Өзек(Жұңшиң), Үштақтай сынды 3 мөлтек ауданнан тұрады. Ең басты рулары — Шұбар Керей, Уақ. Мұнда 750 үй қазақ тұрады.
Қарамайлы қаласындағы руларды анықтағанда, біз небәрі 50 шаңырақ қазақ тұратын Орқы кентін бұл қатарға қоспадық. Қорыта келгенде, Қарамайлы қаласындағы қазақтардың 75 пайызын Керей руы иелейді.
Сонымен, Қарамайлы қаласында 13 жарым мың Керей, 2700 Уақ, 1800 Найман тұрады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Тасырқай қаласындағы ең басты қазақ рулары
(Бұл қалада 5934 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Қытайша Шыхызы деп аталады. Шинжяң өндіріс-құрлыс полктеріне қарасты қала.
1944 жылы Сүйлай(Манас) ауданына қарасты 5 ауылдың бірі болды. 1945 жылы Шығыс Түркістан әскері Тасырқайды басып алып, Сауан ауданына қарасты қалашық ретінде белгіледі. 1950 жылы Сауан ауданынан бөлініп, Тасырқай ауданы болып құрылады.
1950~1953 жылдары әскери тың игерушілер көптеп келіп, Тасырқай(Шыхызы) қаласын салуға белсене кірісті. 1976 жылы Тасырқай аймағы құрылып, Тасырқай ауданы мен Сауан ауданы осы аймаққа қарады. Манас ауданының жерінің бір бөлегі болған Шинху фермасы да Тасырқай аймағына өтті. 1978 жылы 5 тамызда Тасырқай аймағы таратылып, Тасырқай қаласы Үрімжіден тіке басқарылатын болды да, оның уақытша басқаруында болған Сауан ауданы Тарбағатай аймағына, Манас ауданының жері Санжы облысына қарады.
Тасырқай қаласы Жаңақала, Күнгейті(Шяңяң), Қызылтөбе, Лаужие, Дұңчың сынды 5 аумақтан және Тасырқай, Бейчуан сынды 2 кенттен тұрады.
Тасырқай қаласының ең басты рулары — Шимойын, Шұбарайғыр, Меркіт, Найман(Байжігіт, Мұрын), Ителі, Есдаулет, Ботақара, Уақ.
Қорыта келгенде, Тасырқай(Шыхызы) қаласы қазағының шамамен 86 пайызын Керей рулары ұстайды.
Үйеңкілі қаласындағы ең басты қазақ рулары
(Бұл қалада 2547 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Қытайша Хуяңхы деп аталады. Шинжяң өндіріс-құрлыс полктеріне қарасты тағы бір қала. 2019 жылы 6 желтоқсаннан бастап өз алдына бөлек қала атанды.
Бұл қала негізінен Көрқарасу қаласының жерінен еңсе көтерді. Үйеңкілі қаласы Үйеңкілі мөлтек ауданы, Үйеңкілі өзек аумағы, Гүңчиң кенті, Шинжяң өндіріс-құрлыс полктерінің 125, 128, 129 полктерінің аумақтарынан тұрады.
Үйеңкілі қаласының ең басты рулары — Шұбар Керей(Жәдік, Сибан, Шұбарайғыр, Шеруші, Барқы, Ботақара), Уақ, Найман, Тарақты.
Қорыта келгенде, Үйеңкілі қаласы қазақтарының шамамен 67 пайызын Керей рулары иелейді.
Ақтерек қаласындағы ең басты қазақ рулары
(Бұл қалада 6058 қазақ бар. 2022.04.24 күнгі есеп)
Қытайша Байяң деп аталады. Шинжяң өндіріс-құрлыс полктеріне қарасты тағы бір қала. Шәуешек қаласының жерінде пайда болған. Шәуешек әуежайынан 30 шақырым жерде.
Ақтерек қаласы Кіші Ақтерек, Фушиң(Өркен), Жиниүй(Лағылды), Жиншин(Даму) сынды 4 кенттен тұрады. Бақты экономикалық және технологиялық даму аумағы да осы қалада орналасқан.
Ең басты рулары — Байжігіт, Керей Төртуыл, Шанышқылы.
Қорыта келгенде, Ақтерек қаласы қазағының 88 пайызын Найман руы иелейді.
Жинақтай келіп, Тарбағатай аймағына қарайтын Шәуешек, Көрқарасу(Шиху), Сауан, Дөрбілжін, Толы, Шағантоғай, Қобық сынды 7 аудан-қала мен Тарбағатайдың төрінен ойып орын алған Қарамайлы, Тасырқай(Шыхызы), Үйеңкілі, Ақтерек қалаларындағы қазақтардың руларының анықтамасына үңіліп, Тарбағатай аймағы мен осы қалаларды біртұтас Тарбағатай жері деп қарап, Тарбағатай аймағындағы қазақтардың 52 пайызын Керей руы иелейтінін, 38.5 пайызын Найман руы иелейтінін, 8 пайызын Уақ руы иелейтінін білдік. Сонымен, Тарбағатай аймағының жеріндегі 11 аудан-қалада 211 мың Керей, 157 мың Найман, 34 мың Уақ бар болып отыр. Басқа құранды әулеттер 6 мыңнан асады.
Көкбөрі Мүбарак
Abai.kz