Нұрлан МЕРАЛЫ. ЖЕТІМСІРЕГЕН ЖЕТІАСАР ЖҰРТЫ
.... Қазақ даласы - алғашқы адамдар пайда болып, мекендеген жер бетіндегі санаулы кіндіктердің бірі, - дейді геология минералогия ғылымының доқторы Әділхан Байбатша өзінің "Қазақ даласының ежелгі тарихы" мақаласында. (Қараңыз: "Егемен Қазақстан" газетінің 1997 жылғы қазан айының 10-ындағы кезекті саны). Бұған дәлел ұланғайыр жеріміздің қай пұшпағынан болмасын әр кезеңдері табылған археологиялық қазбалар мен мәдени ескерткіштердің түп тарихы тым ежелгі дәуірлерден сыр суыртпақтайтындығында. Арғы ата-бабаларымыздың саусағы тиіп, көзін көрген мол мұрағаттардың бүгінгі қолда бар жиынтық қоры әлемде жер көлемі жағынан (2,7 млн. шаршы шақырым) тоғызыншы орынды иеленетін қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қадым замандарда адамзаттың алтын бесіктерінің бірігейі болғандығы жөніндегі жорамалдың ақиқаттығын айғақтайды. Түркі тектес халықтардың шын азаттығын аңсаған Мағжан ақын: "Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?"-деген еді ғой. Кезінде көшпелелердің ат дүбіріне бөленген Еуразия құрлығының дәл кіндігіне орналасқан жеріміз байтақтығы бойынша да осы алып аймақтағы қос көршіміз Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші қатарда тұр.
.... Қазақ даласы - алғашқы адамдар пайда болып, мекендеген жер бетіндегі санаулы кіндіктердің бірі, - дейді геология минералогия ғылымының доқторы Әділхан Байбатша өзінің "Қазақ даласының ежелгі тарихы" мақаласында. (Қараңыз: "Егемен Қазақстан" газетінің 1997 жылғы қазан айының 10-ындағы кезекті саны). Бұған дәлел ұланғайыр жеріміздің қай пұшпағынан болмасын әр кезеңдері табылған археологиялық қазбалар мен мәдени ескерткіштердің түп тарихы тым ежелгі дәуірлерден сыр суыртпақтайтындығында. Арғы ата-бабаларымыздың саусағы тиіп, көзін көрген мол мұрағаттардың бүгінгі қолда бар жиынтық қоры әлемде жер көлемі жағынан (2,7 млн. шаршы шақырым) тоғызыншы орынды иеленетін қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қадым замандарда адамзаттың алтын бесіктерінің бірігейі болғандығы жөніндегі жорамалдың ақиқаттығын айғақтайды. Түркі тектес халықтардың шын азаттығын аңсаған Мағжан ақын: "Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?"-деген еді ғой. Кезінде көшпелелердің ат дүбіріне бөленген Еуразия құрлығының дәл кіндігіне орналасқан жеріміз байтақтығы бойынша да осы алып аймақтағы қос көршіміз Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші қатарда тұр.
Ал, ұланғайыр еліміздің картасына қарасаң түркі қауымдастығы орнықтырған өркениеттіліктің бөлінбес бір бөлшегіндей болып Сыр өзенін емірене емген Қызылорда облысы Қаратаудың батыс пұшпағынан бастап солтүстігінде Ақтөбе өңірімен аралықтағы 225,5 мың шақырымдық аумақты ен жайлап жатыр. Кенішке бай, күріші мол, түлікке толы бұл өңірдің қойнауына да тарих тұнып, шежіре ұя салған. Бір кездегі ұзындығы 2137 шақырымға созылған арнасы кең Сырдария өзінің қанасына симаған мол суын ортайту үшін Яксарт (кейіннен Қамыс қала, Ақмешіт, Перовск және қазіргі Қызылорда) шаһарының тұсынан Жаңадария мен Қуаңдария және Қараөзек сынды үш салаға бөлініп, Иіркөл, Тораңғылсай, Құрөзек, Құтырғансай аталған бірнеше өзектерді қамтыған көрінеді. Қызылқұм мен Қарақұм үстірттерінің шөл даласын суландыруға тамыр тартқан бұл табиғи жүйелер ең алдымен арқырай аққан асау өзен кезінде көлемі жағынан дүние жүзі бойынша төртінші орынды иеленген айдынды Арал теңізін шалқытты. Нәтижесінде осы аймақты мекендеген жұртшылық жаппай балық аулауды кәсіп етіп, кейін егіншілікпен айналысса одан соң төрт түлік мал шаруашылығын дамытуға да қол жеткізгені мәлім. Тылсым табиғат ана неткен шебер десеңізші?! Сай-саламен жайылып шығанға шыққан сырлы өзеннің суынан Қызылқұмның жұпар иісті жусаны мен қызуы мол сексеуілі нәр алған. Өлкеге құт пен береке дарытқан атамекеннің дархандық нәрі сонау жаугершілік заманда қиян кескі қырғындардың алапат сүргініне ұшыраса, кеңестік жылдардағы қолдан жасалған қиянаттардың кесірінен тағы тұсауланды. Десек-те он жылдан астам уақыт бойы экологиялық апатты дағдарысымен дүние жүзін дүрліктірген сол үлкен қазандықтың тұзды табанына соңғы жылдары мол су қоры жіберіліп, тәуелсіздіктің тұғырлана түскен тұсындағы ел экономикасының даму қарқыны бұл аймақты ата кәсібімен қайта түлетуде.
Өткел бермей асау мінезі танытқан бұл өзенге кезінде атақты Ніл өзенінен табылмаған ғажайыптар осы Сырдың өне бойынан байқалады деген жоғары баға берілуі де бекер болмаса керек. Сондай-ақ Сырдарияның бастауынан құяр сағасына дейін ұшқан бұлбұл құстың тек жайқала өскен гүлге қонып жетеді деген ел аузындағы сипаттаманы аңыз десек те ақиқаты басым. Ғалымдардың пайымдауынша Сыр мен Әму өзендерінің арасындағы жазиралы жазықта жүзге жуық мәдени мекендердің құм мен топыраққа көміліп қалғаны анықталған екен. Ұдайы жүргізілген шапқыншылық әрекеттер мен басқа да жағдайлардан қирап бүлінген қалалар мен қорған-қамалдардың жермен-жексен болуы тарих жарасының тыртығы дерсің. Ескі шығыс тану ғалымдарының көбі дала көшпенділерінде қала мәдениеті болмаған дейтін біржақты сыңарезу пікір ұстанған. Ал, В.В.Бартольд, С.П.Толстов пен Ә.Диваев және қазақтың көрнекті ғалымдары Ә.Марғұлан мен Ә.Қоңыратбаев археологиялық зерттеулер арқылы Сыр алқабының өзінде оғыз-қыпшақ ұлыстарының Отырар, Түркістан, Сауран, Сунақ, Сүткент, Үзкент, Жанкент, Жаңақала, Баршын кент және Жетіасар сынды ірілі-ұсақты мәдени-шаруашылық, сауда-саттық орталықтары болғанын нақты дәлелдеп берді. Сонымен қатар Қаңқа баба, Сарман ата, Оқшы баба, Қорқыт әулие, Қармақшы ата, Қайып ата және Арсыландай басқа да сәулетті кешендік мұнараларды іздестіре тауып, таспен жазылған симфония дерлік ғажайып құрылыстардың орнын хатқа түсіріп кеткен.
1982 жылы облыстың аумағында 220 ескерткіш (114 археологиялық, 50 архитектура, 41 монументальдық және 14 тарихи) есепке алынса, соңғы кездегі ресми деректер бойынша 145 археологиялық, 298 архитектура, 49 монументальдық, 16 тарихи туристік мәндегі нысандарды қосқанда барлығы 508 ескерткіштің бар екендігі белгілі болды. Сонда соңғы жиырма жылдан астам уақыттың аралығындағы айырма - екі жүз сексен сегіз. Осыдан-ақ іздеушісі бар ұлттық рухани байлығымыздың қаншама қыруар дүниелермен толыққанын тап басып тануға болады емес пе?
Байырғы түркі қоғамының құрылымы мен әлеуметтік ерекшелігі және әдет-ғұрпына сай салт-дәстүрлерін де баяндауға негізделген әйгілі "Қорқыт баба кітабы" дастанын қиыннан қиыстырып шебер құрастыра білген Әзиз абыз өзінің сазгерлік құралымен "Тарғыл тана", "Әуіппай", "Ұшардың ұлуы", "Желмая" мен "Башпай" сынды басқа да ондаған әуендерді орындап елге таратқан екен. Қазір бұлардың бәрі халық шығармасы ретінде ел арасында кеңінен орындалып жүр. Кезінде ұмытыла бастағанымен кейінгі кезде қайта көрініс тапқан ыспалы және үрмелі (нар қобыз, жез қобыз, адырна, жетіген, аса таяқ, шіңкілдек, дабыл, даңғыра, саз сырнай сияқты ) саз аспаптарының бастауында тұрған ең көне Қыл Қобыздың шығу тегін зерттеушілер тобының Қорқыт бабаның шығармашылығымен байланыстырған пайымдауы осылайша өз заңдылығын тапқан сыңайлы. Бұл аз десеңіз мынандай дерек тағы бар. Қорқыттың жастық шағында түсіне бір періште еніп: үйеңкінің түбінен үйіріп алған аспабың алты жасар атанның жілігіндей екен, оған енді нар түйенің терісінен шанақ пен ор текенің мүйізінен ойылған тиек және бесті айғырдың құйрық қылынан есілген ішек жетпей тұр,-депті. Осы айтылғандарды орындап, қолындағы қобызға тіл бітірген бабамыз елдің еркіндігі мен халықтардың ынтымағы және болашақ ұрпақтың баянды бақыты үшін желден де жүйрік желмаясына мініп мәңгілік мекенге лайықты Жерұйықты іздеп шығады. Талай жол жүріп тұтастығын сақтай алмаған жұртының берекесіздігін көріп, жан түршігерлік ғалами сұмдықтарға шыдамаған абыз қарт қартайған шағында өзекті жанға бір өлімнің барын біліп, ажалдың тырнағынан қашады. Қайда барса да Қорқытқа көр қазып жатырмыз деген шошынарлық суық сөзден түңілген ол шаршаған сәтінде сәл мызғып алмақ болып кірпік ілген бойда Көк Тәңірі былай деп аян берген дейді: "Әй, пәруана пендем дүниенің төрт бұрышын тегіс кезіп тұрақтай алмадың ғой. Жердің ортасы - Сырдың жағасы. Енді өзіңнің туған еліңе барып мәңгілікке дамыл табасың" . Осы ескертуден селт етіп оянған Қорқыт бабамыз шынында да суда көр қазушы болмайды ғой, өзенге барып жан сақтармын дейді іштей. Сөйтіп Сырдарияның ортасына тер сіңген тері жабуды жайып жіберіп, күңіренген күйлері арқылы ұрпағына өзінің нақыл сөздерін ұлықтауға кіріседі. Себебі жаһандағы жаратылыс атаулының үнін сөйлеткен өнер иесінің қыл қобызы күңіреніп тұрғанда әзірейілдің өзі дәрменсіз екен. Осылайша ол жүз жыл бойы сұм ажалды өз маңына жуытпаған көрінеді. Тоқтаусыз сарнаған ащы зардың алысқа жеткені соншалықты осы сырлы әуенге еліткен аң-құстар қимылдай алмаған көрінеді. Қыр астынан естілгендей сырлы саздың сырын білмек ниетпен алыстағы арқа жерінен ұзап шыққан Қырық қыз жүре-жүре Бетбақдаланың шөліне жолығып әбден шаршайды да әрі қарай ілгерілеуге әлдері келмейді. Аяғы ауырғанына қарамастан кеудесіндегі құр сүлдесін сүйретіп жалғыз өзі жылжыған талдырмаш бойжеткен Сырдың жағасына жақындағанда әл жинау үшін сәл қалғып кеткен әзиз бабаны жан алғыш кейіптегі қара құрт шағып өлтіреді. Осылайша екеуі бір-бірі көруге үлгірмей қалған. Қыл қобызы қоса көмілген ардақты әулие сағанасынан күні кешеге дейін "Қорқыт-Қорқыт" деп әруақты бабаны жоқтағандай мұңды сарын ұдайы сарнап тұрса керек. Ал, мазардың жанына жақын маңайдан қызыл қыштан қаланған Ақсақ қыз моласының да табылуы осы аңыздардың ұшығы шындыққа жанасатынын айғақтап тұрғандай.
Бұла бойы қасиет пен киеге тұнған Қорқыт баба Сырдың Арал теңізіне құятын сағасында ұзақ жылдар бойы оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһарында (қазіргі Қазалы ауданының орталығы Әйтеке Би кентінен оңтүстік батысқа қарай 20 шақырым) дүниеге келгені белгілі. Шамамен 295 жылдай ғұмыр кешкен абыз ақсақалдың мүрдесі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзінің туған жеріне таяу Қармақшы топырағынан табылды. Содан бері жолы түскен мұсылман қауымы "киелі Қорқыт бабаның күмбезі" ретінде осы тұсқа басын иіп, мінажат жасауды дәстүрге айналдырған болатын. Ерте кезде жарқабаққа саз кесектен қаланған шағын қорымды бұрын табиғат тоздырса, кейін тасыған су мүжіп құлатыпты. Социализм салтанат құрып тұрса да ұлтжанды жанашыр азаматтардың жоғарыға дейін талап қоя білуінен жұқанасы ғана қалған мазар мемлекеттік қорғауға алынып, қабірдің қалған бөлігі жақын маңға қайта қойылыпты. Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық тарихы барын білетін сол кездегі Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм Елеу (Маңғыстау облысының қазіргі әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі) Көшербаев бабаның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында еңсесі биік ескерткіш орнатуға барын салыпты. Арда азаматтың бұл батыл бастамасын Сыр елі кеңінен қолдаған болатын дейді осы бағытта жүргізілген жасырын жұмыстардың жай-жапсарын жақсы білетіндер. Әсіресе танымал қорқыттанушы түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбайұлының ақыл-кеңесіне жиі жүгінсе керек. Ал, көре алмаушылықтың қырсығына ұшыраған кейбір қандастарымыз өз қысастықтарынан қайтпай жоғарғы жаққа арыз боратумен болады. Шағым Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің орынбасары А.Устиновтың құлағына тиген соң жергілікті өңірде орын алған олқылықтарды тексеру үшін орталықтан арнайы жұмыс тобы жіберіліпті. Негізгі мақсаттары Ұлы Қазан төңкерісі күнінің қарсаңында коммунистік партияның күн көсеміне тұрғызылған ескерткішті күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген қомақты қаржының қайдағы бір әулие шалды дәріптейтін аста-төк дастархан мен ақындарға берілетін қымбат жүлделерге жұмсалғанын анықтау болатын. Бірақ жоғарғы жақтан жанұшыра жедел жеткендер бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын байқап, мәліметтердің жалғандығы жайындағы қорытындыға келеді. Себебі құрылыс жұмыстары халықтың өзі жинаған қомақты қаражат арқылы Байқоңырдағы әскери құрылысшылардың көмегімен еңсе көтерген екен.Алайда әр түрлі деңгейдегі алып-қашпа әңгіме осымен ғана шектелмей республиканың сол кездегі басшысы Д.Қонаевқа дейін жетеді. Осыған орай Қалтай Мұхамеджанов, Әбілда Тәжібаев сынды зиялы азаматтармен сөйлескен соң Дінмұхамед Ахметұлының: "Ол ескерткіш Мәскеу мен Пекин қалаларының арасын жалғайтын үлкен тас жолдың аялдамасына салынған. Бұл тарихи орын шет елдік туристерге көрсететін мол мәдени мұраға ие. Мен өзім ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізе бастаған кезде әдейілеп барып қайтқанмын"- деген бір ауыз сөзі тарпаңдық танытқан талайларға тосқауыл болыпты.
Сөйтіп сырбаз сәулетші Бек Ыбыраев пен танымал-физик Совет Исатаевтың бірлескен жобасымен аудан орталығы Жосалы қыстағының маңайындағы Қорқыт баба атындағы темір жол бекетінен бес шақырым қашықтағы Мәскеу-Ташкент темір жолы мен Самара-Шымкент орталық тас жолдың аралығындағы биік төбенің басында зәулім белгі бой көтерді. Жаңа үлгіні жобалаушылар дүниенің төрт бұрышына әр қырынан қаратылған Қобыздың символикалық тұрқын өзіндік үйлесіммен шебер бейнелеуге барын салады. Тіпті тас тұғырға жан бітіруге бағытталған талпыныстарының техникалық тұрғыдан тамаша үндестік тапқаны әлі де талайларды таңырқатуда. Себебі айналасы жазық айтақырды үйіре соққан аңызақ желдің бағытына байланысты жоғарғы жаққа арнайы орнатылған ортасы тесік ұзынды-қысқалы темір өзекшелердің үні әр алуан сырлы сазға ұласуымен ұйғарылған. Дыбыстың бұл таңғажайып құбылысын кәсіби бағытта байыпты бағамдай білетін кәнігі мамандардың айтуынша авторлардың тамаша төлтумасы алғашқы кездері келушілерге керемет әсер берген. Ал соңғы жылдары күйдің күмбірі көмескі тарта бастағанға ұқсайды. Тыңдаған құлаққа қазіргі кезде әйтеуір бір шулы ызыңдардың естелетіні анық. Мүмкін алғашқы кездегі сапасы шынында да жоғары деңгейде болған шығар. Бірақ кейіннен әлденеше мәрте барған біздер үшін көңілді демейтін көрініс әлгіндегідей әлсіз.
1997 жылы облыс орталығы Қызылорда қаласында еліміздің ғана емес, сонымен бірге Түркияның Әзірбайжан мен Түрікменстанның қорқыттанушы ғалымдарының қатысуымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында данағөй абыз мәңгілік дамыл тапқан тұсқа әлемдік талаптарға сай мұражай салу келісіледі. Осы игі бастамаға орай және Біріккен Ұлттар Ұйымының оқу мен ғылым және мәдениет жөніндегі мамандандырылған мекемесі ЮНЕСКО бірлестігінің шеңберінде 1999 жылы "Қорқыт Ата кітабының - 1300 жылдығын" дүние жүзілік деңгейде өткізу іс-шарасы барысында Елбасының тапсыруымен Қазақстан Үкіметі бәйтеректей дара тұрған ескерткіштің маңайына шағын мәдени нысандары бар кешен тұрғызып, қасиетті орынға келбетті көрік берді. Барған адам кірер қақпаның қос қапталындағы қобыз сұлбасынша бейнеленген шағын бөлмелерді бірінші байқайды. Жәдігерлік мұрағаттардың бір шоғыры осы ұядай тар жерге орналастырылған. Қызықтаушылардың саны он адамнан асса айналып шығуыңның өзі мұң. Десек-те бұл орын ұлы жолдың бойымен жолаушылап өтетін жалпақ жұрттың ат басын тіреп тәу етерлік киелі құт мекенге айналды. Шыны керек көркем құрылыстың біртіндеп тоза бастағанын да былайғы жұрт бірден байқайды. Жаңаша заманның талабы мен жұртшылықтың сұранысын қанағаттандыратын соңғы үлгідегі жайлы қонақ үй мен келушілер тамақтанатын дәмхана және басқа да қосымша нысандар арқылы әлі де әрлендіре түсу қажеттілігі жұтаңдығынан-ақ көрініп тұр.
Жанкент шаһарында өмірге келіп, абсолютті өркениеттің нақ төрі саналатын Жер кіндігі тұсында мәңгілікке дамыл тапқан Қорқыт бабаның кесенесі - әлемге әйгілі Байқоңыр қаласынан небәрі алпыс шақырым қашықтықта орналасса, Жетісар мәдениеті атанған ескі жұрттың сілемінен сексен шақырым жырақта жатыр. Барымызды байыптай білген жанға осынау бірегей байланыстардың арасында өзара үндестік бары анық.
... Ежелгі мәдени мекендердің бірі Жетіасар аймағында ескі дәуірдің іргелі өркениетін қалыптастырушыларды басқа этникалық құрылымдармен салыстыру әзірге қиын,-деп басталады Қазақ Кеңестік Энциклопедиясының (Алматы, 1980 ж) анықтамалық кітабындағы тарихи деректер топтамасының Жетіасарға байланысты (152-153 беттер) бөлігінде. Одан әрі: - Жетіасар ескерткіштері біздің заманымыздағы 3-7 ғасырларда өркендеген хуни мәдениетінің әсерімен тірлік кешкен Тохар тайпаларынан қалған дейтін болжам бар. Себебі Жетіасар мәдениеті ескі жұрттар көлемінің кеңдігімен, орналасуының айрықшалығымен және материалдық мүліктердің ерекшелігімен өзіндік қайталанбас құбылысқа ие,-деп жазылған. Жетіасар мәдениеті өткен VI-V ғасырда көне Қуаңдария өзенінің табанында іргесін қалап, құм арасындағы қызғалдақтай қауыз жарған өзіндік құпиясы мен сыры мол қастерлі мекен. Бірақ атауы көптеген зерттеулерде сирек кездесетін бұл өңірге тарихшы ғалымдар мен археология мамандары ұзақ жылдар бойы жеткілікті назар аудармай келген. Жердің ең биік нүктесінде гүлденген өркениеттің куәсіндей бұл өңірде Күйік асар, Жол асар, Тік асар, Моншақты асар, Қара асар, Қоралы асар (Асар - түркіше биік деген ұғымды білдірген) сынды қосымша ондаған ескі қоныстар мен Келіншек жалындай көптеген құмтөбелер тарихи жәдігерлер жұртын жасырып едәуір алқапта тізбектеліп жатыр. Бидайық асар мен Томпақ асар және Үңгірлі асардағы бейіттер мен обалардың өткен ғасырдың 70-80 жылдары аралығында кездейсоқ табылғаны да айтылып жүр.
Соның ішіндегі ең ірі ежелгі жұрттардың бірі саналатын - Алтын асар туралы ҚКР Энциклопедиясын ақтарып отырып төмендегі мағұлматты тауып алдым. Онда: Алтын асар - Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағының оңтүстік батысында елу шақырым қашықтықта орналасқан. Оның сыртқы пішіні (трапецияға) ұқсайды. Бұл өңірді 1946 жылы Хорезм археологиялық экспедициясы (С.П.Толстов) зерттеп, 1948-50 жылдар аралығында арнайы қазба жұмыстары жүргізілген. Осы шаралардың нәтижесінде көлемі 16 гектардан астам қала тұрғын үй құрылысының жақсы сақталған жұрнақтары табылады. Осы көне шаһар жұртының ішіндегі төрт ғимарат зерттеушілердің ерекше ықыласын аударғандықтан, алғашқысы - Үлкен үй (қөлемі 180 x 150 м, биіктігі 12-15 м); екіншісі - Кіші үй өліктерді жерлеуге арналған; үшінші және төртінші құрылыстар - бірі дөңгелек, бірі тік бұрышты дуал қоршаулар. Олардың неге арналғаны белгісіз. Бірінші үйді қазу барысында екі құрылыс қабатының (горизонт) болғаны анықталды. Тарихшы ғалым С.Толстов кезінде оларды төменнен жоғары қарай дән үгіткіш бөлігі және қол диірмен қабаты деп жіктеген.
Ұзын төр үйлердің қос қатар түзілуі - төменгі бөлігіне тән болса, жоғарғы қабаттағы үйлердің ортасында ашық ошақ пен оның айналасында аласа сәкінің орналасуы сол күйінде қалдырылған. Үй іші қабырғаға жапсарласа салынған ошақ отымен жылытылған деген болжам бар. Тіпті үйлердің бірінен күйдірілген қыш кірпіш те табылған. Төменгі қабаттағы залдардың бірінің қабырғалары ақ бояудың үстіне қызыл бояумен түсірілген дөңгелектер мен шоқ гүлдер түріндегі суретпен безендірілген. Құрылыстар мөлшері 38 x 28 x 9 см-ден, 50 x 30 x 10 см-ге дейінгі төрт бұрышты шикі кірпішпен. Кейде пасха блоктармен араластырыла отырып салынған.
Ал, кіші үй - дөңгелек пішінде болған. Қабырғасының биіктігі 10 м шамасында, ал диаметрі 30 метр және үй алты метрлік биіктікке келген кезде дәлізбен қоршалған. Қазба жұмыс Алтын асардың 1-4 ғасырларға жататын төменгі және 4-7 ғасырларды қамтитын мәдени қабаттарға бөлінетінін көрсетті. Халқы мал, егін шаруашылығымен айналысқан бұл қалада патриархтық-құл иеленушілік қатынаста болған, - деп жазылыпты. Бұл байыпты болжамды тарихшы ғалым әрі отандық археология ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі саналатын жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевың танымдық тұрғыдағы зерттеу еңбектерінен де айқын аңғаруға болады. Мәселен ол өзінің "Ескі қамалдар қорғалсын" атты мақаласында: ... Қазақ, венгер Орта Азия халықтары құрамын жасауда ескі сананың V-II ғасырларда Сарыарқа мен Сырға келген бірқатары Еуропаға өтіп венгерлер атанған гун тайпаларының қимылы айрықша мәнді. Сыр бойындағы Алты асар мен Жетіасар және Қосасар қамалдары сол гун (кердері) тайпалары заманынан қалған, - дей келе одан әрі: - Жақында ғана Қазақ ССР Ғылым Академиясының экспедициясы (жетекшісі Ғ.Мұсабаев) біздің облысқа келіп кетті. Олар Өзкент пен Сунақ (Жаңақорған) және Жетімасар мен Қыш қаланы көрді. Бұл Сырдария ауданында. Қыш қаладан біз алтын теңге мен хан сарайының нақыштарын таптық. Ол нақыш ежелгі қаңлы-хорезм жазуымен "Шаушафар" деп аталған. Қаңлы жазуларынан Орхон жазулары шыққан болды. Шаушафар-ертедегі қаңлы-хорезм династиясының бірі. Гун тайпалары салған Жетіасар мен Қосасар 712 жылы күйреп, оғыз-қыпшақ қалалары Жент пен Жанкент және Сунақққа қоса Отырар қаласы 1219 жылы өртелген. Бұл қирау Шыңғыс ханның шабуылы кезімен тұспа-тұс келетінін айтады. (Қараңыз: Қызылорда облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газетінің 1970 жылғы кезекті сандарының бірінен).
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университетінің оқытушысы әрі өлкетанушы, археолог Тәңірберген Мәмиев республикалық "Жас алаш" басылымының 1997 жылғы тамыз айының 19-ындағы №98 санында жарияланған "Сыр бойындағы ертедегі қала мәдениеті" мақаласында: - Қаңлылықтардың тайпалық бірлестіктерінің бірі Сырдың төменгі жағын мекендеген тохарлар біздерге Жетіасар мәдениеті мен көптеген асарлар ескерткішін қалдырған. Бұл тохарлар, яғни Помпей Трог еске алатын төртнан тайпаларының үшіншісі, содан кейін олар Бактрияны жаулап, Әмударияның жоғарғы аймағы бір кездері Тохарстан атанған. Қазақ тілінде Жетіасар (жеті қала) дегенді білдіреді. Негізінде олардың саны жиырмаға жетеді. Бұл тарихи кешеннің ірі ескерткіші - Алтын асар ертедегі қала орны - нақты емес трапеция бейнелі құрылысты болып 16 гектар алаңды алып жатыр. Асарларды зерттеу мен барлауды ғалым-археолог С.Толстовтың басқаруымен Хорезм этнографиялық экспедициясы 1946 жылы бастады. Жетіасар маңайындағы қазба жұмыстары сонан кейін 1948-1949 және 16-951-1966 жылдары да жүргізілді. Ескерткіштердің бірі Томпақ асарда Л.Левинаның басшылығымен қазба жұмыстары атқарылған болатын. Қала қам кірпіштен тұрғызылған. Екі қабат құрылыс қорғаныс мақсатында салыныпты. Биік дуалдарында саңыраушылар бар, Екі қатарлы шағын бөлмелерді кіреберістермен жалғастырады. Жауынгерлер демалатын бөлмеде жататын сәкі-суфа мен ашық ошақ болған. Қазба барысында керамикадан жасалған бұйымдар, ауыздықтар, садақ ұшы, диірмендер және басқа да әскери құрал-жабдықтар мен үй тұрмысының заттары табылған. Жерлеу (бейіттер) ертедегі қала орнынан жүз метр батысқа орай орналасқан. Олар айнала арықталып қазылған. Бейіттердің бетін ашу кезінде ғалымдар бірқатар мәліметтерге қанығып, көптеген ғылыми сұрақтарына жауап алуына мүмкіндік туды, - дейді.
Қоршауға алынып, арнайы күзеттер қойылған әскери құпия нысанның маңайындағы мәдени ошақтардың ерекше құндылығын бірден байқаған мәскеулік ғалымдар байырғы обалар мен көне қорғандардан табылған бірталай тарихи дүниелерді тиісті орындардың рұқсатымен ілезде-ақ орталыққа жеткізіп алған көрінеді. Бұл жұмыстарды ұйымдастырған Людмила Михайловна Левина (археолог, тарих ғылымының кандидаты, Ресей Ғылым Академиясының Археология институтының ғылыми қызметкері) осы өңірді арнайы зерттеп талай құпия сырын ашқан танымал тарихшы С.Толстовтың төл шәкірті екен. Бірақ қолындағы қымбат бағалы мұрағаттарға ешкімнің талас тудырмауы үшін бұл ескі дүниелердің қазақ халқының арғы тегіне түк қатысы жоқ дейтін теріс түсінік таратқан. Және осы құнды қазыналарды фотоға түсіріп, суреттер мен жеке слайдын шығарады. Оның әр қайсысын сол кездегі кеңестік ақшамен екі мың сомнан сататынын жасырмаса керек. Тағы бір қызығы, ол 1989-1992 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағының басшысы қызметін атқарған Қазақстанның халық депутаты, генерал-майор А.Крыжконың жұбайы болып шығады.
Жоғары білімді педагог Эленора ханым Ивановна өзі жетекшілік жасаған №12 лицей-мектептен (1990 жылдан бастап Халықарылық Ғарышкерлер Мектебі, әйгілі құрастырушы ғалым Владимир Николаевич Челомейдің атында) өлкетану мұражайын ашып, жергілікті өңірдің тарихи орындарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Өз отанына қоныс аударар кезде жинақталған біраз дүниелерді өзімен бірге алып кеткен шығар, қазіргі таңда ғарышнама ғылымына аса қажетті мектеп бағдарламасындағы тиісті пәндерді тереңдете оқытатын бұл білім ордасында ежелгі тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлік заттар жоқ.
Белгілі көсемсөзші Бейбіт Сапаралының 1989 жылы жолы түсіп Байқоңыр қаласына келген сәтінде осы орайда есітіп-білгендері мен көңілге түйген ойларын Алматы қаласындағы "Өнер" баспасынан 1992 шыққан "Адалбақан" кітабының 173-180 беттерінде байыппен баяндайды. Ең маңызды тұсы әңгімесінің қорытындысында автор тәуелсіз Қазақстан Үкіметі мен мүдделі мемлекеттік құрылымдардың басшыларына бес бірдей талап тілегі барын тәмпіштейді. Жалдық сипаттағы ерекше мәртебесі бар Байқоңыр ғарыш кешенінің қазіргі жағдайын жақсы білетін жергілікті журналист ретінде өз тарапымнан сол ұйғарымдардың ең өзекті саналатын екі бағытын бүгінгі күн талабының тұрғысында қайта толықтырып қарауды ұсынамын. Яғни, үшіншіден, - дейді автор: - Жергілікті халықпен келіспей, қазақ елінің рұқсатынсыз, ешқандай төлемақы төленбей ғасырлар бойына ұрланып келген баға жетпес көшпенділер мәдениетінің төл өнер туындыларын кері қайтару жайы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы тең дәрежелі ынтымақтастық пен мәңгілік достық және мәдени байланыстар бағытындағы екі жақты мемлекет аралық келісім құжаттарда көрініс тауып, мүлтіксіз орындалуы қажет. Бұл алаңжарлы пікір әрбір ұлтжанды азаматтың рухына дем береді.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасы Парламент палаталары жанынан осынау сауалдарға тиісті жауап іздейтін арнаулы топ құрылып, Байқоңыр аумағындағы тарихи және археологиялық маңызы бар орындар мемлекеттің қамқорлығына алынуы тиіс. Және кезінде заңсыз тасып әкетілген жадылық жауһар жәдігерлер жиынтығын Ресейден кері қайтара отырып, келтірілген зиян үшін қажетті мөлшердегі айып пұл ақысы талап етілгені жөн.
Кеңестік кезеңде осылайша тонауға түскен тарихи тәбәріктерді кері қайтару үшін еліміздің мәдениет пен туризм саласындағы уәкілетті орындары Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияға ұсыныспенг шығып, арнайы құжаттарға қол қойғаны жөн дер едік.
Байқоңыр қаласы.