Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2091 0 пікір 13 Қыркүйек, 2011 сағат 08:17

Әбдіуақап Қара. Мұстафа Шоқайды қаралаушыларға жауап (жалғасы)

Соғыс тұтқындарынан легиондар құру пікіріне Гитлердің келісімін алуда да Папен маңызды рөл атқарды. Папен ұзақ уақыттан бері басқа екі түрік генералымен де жақын қарым-қатынас орнатып жүрді. Олардың бірі - Стамбул Соғыс Академиясының қолбасшысы (командирі) генерал Али Фуад Эрден, ал екіншісі - "Жумхуриет" пен "Сон Поста" газеттерінің ұлтшыл жазушысы, зейнеттегі генерал Хүсни Әмир Эркилет еді. Папен олардың 1941 жылы қазан айында Берлинге сапар шегуін қамтамасыз етті.[1] Германияның кеңестерге қарсы соғыста жеңіске жететіндігіне сенген екі генерал басып алынатын кеңес территориясының түркі халықтары тұратын өлкелерінде ұлттық мемлекеттер құрылуын жүзеге асыруды көздеді. Олар сол мақсатқа жету үшін неміс өкіметімен бірге істесуді жөн көруді және керек болған жағдайда Түркияның да Германиямен бір сапта соғысқа қатысуын қамтамасыз етуге тырысқан еді. Сондай-ақ кеңес тұтқындарына жақсы қаралуын, олардан бір армия құрылуының пайдалы болатындығы туралы пікірді жақтауған еді.[2]

Соғыс тұтқындарынан легиондар құру пікіріне Гитлердің келісімін алуда да Папен маңызды рөл атқарды. Папен ұзақ уақыттан бері басқа екі түрік генералымен де жақын қарым-қатынас орнатып жүрді. Олардың бірі - Стамбул Соғыс Академиясының қолбасшысы (командирі) генерал Али Фуад Эрден, ал екіншісі - "Жумхуриет" пен "Сон Поста" газеттерінің ұлтшыл жазушысы, зейнеттегі генерал Хүсни Әмир Эркилет еді. Папен олардың 1941 жылы қазан айында Берлинге сапар шегуін қамтамасыз етті.[1] Германияның кеңестерге қарсы соғыста жеңіске жететіндігіне сенген екі генерал басып алынатын кеңес территориясының түркі халықтары тұратын өлкелерінде ұлттық мемлекеттер құрылуын жүзеге асыруды көздеді. Олар сол мақсатқа жету үшін неміс өкіметімен бірге істесуді жөн көруді және керек болған жағдайда Түркияның да Германиямен бір сапта соғысқа қатысуын қамтамасыз етуге тырысқан еді. Сондай-ақ кеңес тұтқындарына жақсы қаралуын, олардан бір армия құрылуының пайдалы болатындығы туралы пікірді жақтауған еді.[2]

Эрден мен Эркилет пашалар Берлинде Сыртқы Істер министрлігі қызметкерлерімен кездескеннен кейін соғыстың шығыс майданына сапар шекті. Сол жерде олар Гитлердің қабылдауында болды.[3] Бұл қабылдауда екі паша Гитлерге өз пікірлерін білдірді. Гитлердің бұл екі пашамен болған кездесуден үлкен әсер алғандығын айта аламыз. Өйткені зерттеушілер Гитлердің тұтқын әскерлерден көмекші отрядтар жасақталуына осы кездесуден кейін келісім бергендігін айтады.[4]

Осылайша неміс өкіметінің жоғары лауазымды басшыларының шығыс халықтарынан көмекші отрядтар жасақтау мәселесіндегі қарсылықтары жойылып, легиондарды ұйымдастыру барысында алғашқы жұмыстар жасала бастады. Розенберг мұсылман және түркі тектес тұтқындардан көмекші отрядтар жасақтау жөніндегі жобасын желтоқсан айының басында Гитлерге ұсынды. Гитлер жобаны бекітіп, 1941 жылы 22 желтоқсан күні неміс қарулы күштері құрамында түркістандықтардың, армяндардың, грузиндердің және кавказ мұсылмандарының легиондарын құру туралы бұйрық берді.[5]

Легион жобасына Шоқайдың қалай қарағандығы туралы өз жазбаларында қандай да бір мағлұмат кездеспейді. Солай бола тұрса да, Шоқайдың бұл жобаға жылы қарамағандығын, сондай-ақ бұл жобадан тыс қалуға тырысқандығын айта аламыз. Өйткені Шоқайдың бұл жобаға қатыспауы үшін маңызды себептер еді. Олардың ең бастысы шығыс халықтарын төменгі адамдар ретінде көрген нацистік идеология еді. Нацисттер, әсіресе Шоқайдың қаншама жылдар саяси құқықтарын қорғау жолында күрескен қазақ, қырғыз, өзбек және татар секілді халықтарды төмен көрді. Бұл көзқарас нацистік биліктің ең жоғарысындағы Гитлерден бастап, нацистік партияның ең төменгі сатысындағы қарапайым мүшесіне дейін, нацисттердің барлығының бойында кездесетін. Гитлер де осы көзқарасты қолдаған баяндамалар жасайтын. 1941 жылы 11 желтоқсан күні Рейстагта сөйлеген сөзінде Гитлер соғыста большевиктер жеңген жағдайда Еуропаның бейбітшілігін монғолдар мен татарлар белгілейтінін және мұның бүкіл Еуропа үшін үлкен бір апатқа ұрындыратынын атап өткен еді.[6] Гитлердің бұл сөздері нацисттердің монғолдар мен татарларды дос емес, дұшпан ретінде санайтындықтарын ашық түрде көрсетеді.[7]

Гитлерде Түркістан халықтарын қорлау шамадан тыс болатын. Оның пікірінше, Германия кеңес территориясына билігін жүргізер болса, Орта Азияның түркі халықтарымен ешқандай да қарым-қатынас жасалмайтын еді. Тек оларды неміс ықпалы астында ұстап отыру мақсатында жыл сайын бір топ қырғызды неміс астанасына саяхатқа алып келуге болатын еді. Бұдан басқа олармен ешқандай да бір байланыс орнатуға болмайтын еді.[8] Ал шындығында Шоқай саяси қайраткер ретінде халқын төмен көретіндермен бірге істесіп ынтымақтастық жасай алмас еді. Шоқай үшін халқының намысын қорғау барлық нәрседен жоғары тұратын. Большевиктерге қарсы саяси салада талай жылдар бойы бірге күрес жүргізген Керенскийден ат құйрығын кесісіп, жолдарын айырудың ең басты себебі - оның басқаруындағы "Дни" газетінде түркістандық әйелдерді орангутанға балаған бір мақаланың жариялануы еді. Бұл теңеу Шоқай үшін адам төзбес қорлау еді. Алайда нацисттердің барлық Түркістан халқын қорлауы бұдан да бетер еді. Мұндай қорлауға Шоқайдың шыдауы мүмкін емес еді. Елін мұндай пиғылдағы адамдардың қолына өткізу үшін Шоқай КСРО-ға қарсы соғыса алмас еді.

Нацисттердің Кеңестер Одағындағы түркі халықтарына ешқандай саяси құқық беруге ынталы емес екендіктері сол кезеңде басқалардың да назарынан қалмады. Қырымда демократиялық ұлттық басқару жүйесінің құрылуы үшін жеті ай бойы Берлинде кездесулер өткізген М. Үлкүсал ақырында нацистермен одақтасудың Қырымның мүддесіне қайшы екендігін аңғарды. Үлкүсалдың пікірінше, немістер жаулап алған кеңес территориясының түркі өлкелерінде демократиялық құқықтар беруді жақтамайтын еді. Большевиктер секілді нацисттер де түркі елдерін отарлауды мақсат етті. Үлкүсал немістердің мұны орыстардан да анайы және жедел түрде жүзеге асыратынына көзі жетті. Онын пікірінше, немістердің басқаруы кеңестік түркі тілдес халықтар үшін қожайын ауыстырудан басқа ештеңе емес еді.[9] Сондықтан бүкіл күресін Түркістан тәуелсіздігіне арнаған Шоқайдың Гитлердің нацистік партиясымен саяси салада қандай да бір байланысқа баруы мүмкін емес еді.

Шоқайдың өзі де нацистік нәсілшілдіктің түркі-татар халықтарын қорлаған көзқарастарының салдарына тап болды. Бір жолы тұтқын лагерьлерін аралап жүргенінде азиялық болғаны үшін өзін төмен көрген бір гитлершіл әскер өзіне жол бермегендігін желеу етіп шапалақпен тартып жіберді.[10] Бұдан да ауыр оқиғаға Шоқай Берлин көшелерінің бірінде душар болды. Жолда кездескен бір эсэсшіл есерсоқ Шоқайға тиісіп, қол көтерді. Фон Менденің мұралары арасында сақтаулы "Кавказ Саясаты" атты басылмаған бір еңбекте келтіруінше, ол жігіт дереу тұтқындалып жауапқа тартылған. Ол таяу арада төменгі адам туралы бір кино тамашалағанын және солардың алғаш кездескен өкіліне жек көрушілік сезімін көрсеткісі келгендігін айтқан. Осы оқиғаға байланысты бір үкіметтік қызметкер Шоқайдан кешірім сұраған.[11]

Шоқайды нацисттермен істес болудан аулақ болуына түрткі болған нәсілшіл идеологиядан басқа тағы бір маңызды себеп - легион жобасы қабылданған тұста Германияның Орта Азия саясатының әлі белгіленбеуі еді. Шоқай тұтқын лагерьлерінде қандай мақсатқа қызмет етіп жүргендігін білмегендіктен абыржулы еді. Шоқай осыған байланысты мазасыздығын жасырмай, маңайындағыларға жиі-жиі айтып жүрді. Желтоқсан айының орталарында Ғалимжан Идриси Үлкүсалға Шоқайдың келешек туралы еш нәрсе білмейтіндігін айтып шағымданып жүргендігін айтты.[12]

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»



[1] Бұл сапар туралы көбірек мағлұмат үшін қараңыз: H.Emir Erkilet, Şark Cephesinde Gördüklerim, Istanbul, 1943.

[2] Mühlen, 79-81; Glasneck. 164.

[3] сол жерде; Еркілет, 216-228.

[4] Mühlen. 81; Әбжәми Байшуақұлы, "Түркістан легионны туралы шындық", Қазақ әдебиеті, 27 қараша, 1992, 10 б.

[5] Mühlen. 53-54; Гилязов, стр. 70, Кавказ мұсылмандары Легионы кейіннен Азербайжан және Солтүстік Кавказ легиондары болып екіге бөлінді. Осылайша алғаш рет бес легионның құрылуы туралы шешім қабылданды.

[6] Ülküsal. 300-бет.

[7] Хайит те большевизм бастауының моңғолдар мен азиялықтар болғандығы туралы пікірдің түркістандық тұтқындарға деген сенімсіздік тууына себеп болғандығын көрсетеді. Hayit. 202.

[8] Mühlen. 41.

[9] Ülküsal. 378.

[10] Mariya Yakovlevna, с. 146.

[11] Mühlen. 50-51.

[12] Ülküsal. 295.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536