Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1886 0 пікір 14 Қыркүйек, 2011 сағат 03:38

Шәріпхан Қайсар. Астанада «Алаш» идеясы аспандаған күн

Әлихан бабамыздың 145 жылдығына арналған ғылыми мәслихат өтетін Тәуелсіздік сарайына баратын көлікке отырдым да, әдеттегідей телефон тыңдауышын құлаққа салып Қазақ радиосын қостым. Тілші саясатшы әрі саясаттанушы Ерлан Қариннен сұхбат алып жатыр екен, жеткенше шараның мақсат-мүддесін тыңдап, көңілдегі көп сұрақтарға жауап іздеп, бас сарайға ұмтылдым...

Жиналған жұрт бір бірімен қауқылдасып, көптен көрмегені мәз болысып жатыр. Тіркеліп болған соң, қайырпаздар (волонтер) бізді кең фоенің төріндегі көрмеге «айдады». Көрме Алаш қайраткерлері мен Әлихан БӨКЕЙХАН өміріне арналған екен. Сөйткенше, залға кіруге уақыт болды.

Конференцияның модераторы Ерлан Тынымбайұлы бағдарламада көрсетілген сағат дәл 10-да, 10 секунд оздырмай бастап кетті. Модератор кіріспе сөзін әдеттегідей айтылатын кезекші сөздерден гөрі тарихи тұлға мен жағдайды қысқаша нақты саралап өте келе, Алаш идеясының әлі күнге тарихи құндылықтан идеологиялық мазмұнға көшпей отырғанын жасырмады, тіпті, 9-ншы сынып оқулығында Алашордаға қатысты екі-ақ бет беріліп, кеңестік қызыл әскер турасында айтылған қомақты толғаудың барын да айтып салды.

Әлихан бабамыздың 145 жылдығына арналған ғылыми мәслихат өтетін Тәуелсіздік сарайына баратын көлікке отырдым да, әдеттегідей телефон тыңдауышын құлаққа салып Қазақ радиосын қостым. Тілші саясатшы әрі саясаттанушы Ерлан Қариннен сұхбат алып жатыр екен, жеткенше шараның мақсат-мүддесін тыңдап, көңілдегі көп сұрақтарға жауап іздеп, бас сарайға ұмтылдым...

Жиналған жұрт бір бірімен қауқылдасып, көптен көрмегені мәз болысып жатыр. Тіркеліп болған соң, қайырпаздар (волонтер) бізді кең фоенің төріндегі көрмеге «айдады». Көрме Алаш қайраткерлері мен Әлихан БӨКЕЙХАН өміріне арналған екен. Сөйткенше, залға кіруге уақыт болды.

Конференцияның модераторы Ерлан Тынымбайұлы бағдарламада көрсетілген сағат дәл 10-да, 10 секунд оздырмай бастап кетті. Модератор кіріспе сөзін әдеттегідей айтылатын кезекші сөздерден гөрі тарихи тұлға мен жағдайды қысқаша нақты саралап өте келе, Алаш идеясының әлі күнге тарихи құндылықтан идеологиялық мазмұнға көшпей отырғанын жасырмады, тіпті, 9-ншы сынып оқулығында Алашордаға қатысты екі-ақ бет беріліп, кеңестік қызыл әскер турасында айтылған қомақты толғаудың барын да айтып салды.

Бас баяндаманы белгілі алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай жасады. Ол алаштықтардың бес тұжырымына тоқтала отырып, оны жан-жақты ашумен бірге кәзіргі жағдаймен байланыстыра баяндады. Баяндамашы соңғы кездегі халық пен мемлекет арасының барған сайын алшақтап бара жатқанына алаңдай пікір білдіріп, сөзін тәмәмдады.

Содан кейін сөз алған Дихан Қамзабекұлы «Биік ой ойлау үшін биік үйде тұру керек» деген Смағұл Сәдуақастың сөзін жаңғырта отырып бастады. Ол шараның әуелінде Ұлттық университет ғимаратында жоспарланғанын, алайда, Қарин мырзаның жанқиярлығымен конференцияның елсарайдан орын алғанын айта келе, емеурінмен, алаштекті азаматтардың азаймағанын білдіріп бір өтті. Дихаңның баяндамасынан ұққанымыз Әлихан Нұрмұхаметұлы саясатта жүріп, қазақтың рухани дүниесін қаузаумен айналысқаны болды. Ол «Қобыланды батыр», «Қалқаман-Мамыр» жырлары турасында мамандығы орманшы бола тұра, өзінің байыпты пайымдарын мақала түрінде жазып жариялаған.Тіпті, оның ұлы Абайдың өнериеттік жолының қалыптасу сатысын көрсетуі де назар аударарлық: Абайдың творчествосы фольклор мен орыстық ағарту ілімінің тоғысқан тұсынан туындағаны туралы тұжырым саясатшы Әлиханға тиесілі екенін біле жүргеніміз абзал, ағайын! Бір қызығы, бүгінгі қаптаған эстрада жұлдыздарының ән өлеңін талдайтын бүгінде адам таппай отырғанда, Әлекең оған да уақыт тауыпты!

Конференция модераторы шараның көкмылжыңға ұласпауын ойластырған ба, арасында Қазақ радиосы арқылы ұйымдастырған Викториналық сұрақ-жауаптың да нәтижесін жария етіп, Әлихан бабаның 7 томдық толық шығармалар жинағын Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласынан суырылып шыққан жеңімпаздарға тікелей жөнелтіп жатты. Біреуі бір келі тартатындай қалың да қомақты томдарды алғысы келгендей, залдағылар көз сүзе шығарып салып жатыр.

Залды дүр сілкіндіріп, Мәскеуден келген қарға бойлы, тарих ғылымдарының докторы, Дина Аманжолова (Ресей, Мәскеу) қатысушыларды жуырда ғана  Мәскеуде Тұрар Рысқұловқа орнатылған ескерткіш тақтамен құттықтап алды. «Бәрімізді жинап, өмірі бірікпейтін, билік партиясы мен университетті, БАҚ-ты қызмет еткізіп қойған біздің Әлихан бабамыз!» дегенде зал ду етті. Ресейлік қазақ тарихшы Алаш көсемінің өскен ортасы мен тегінің оған жастайынан саяси тұлғалық тәрбие сіңіргенін айғақтатып айтып, қазақтың текті тәрбиесін бір көтеріп тастады.

Төрде отырған қағылездеу жапон жігітке модератор сөз бергенде жұрт ду қол шапалақтап еді, ол сөзін қазақша бастағанда тіпті риза болысты. Ол - Хоккайдо университеті жанындағы Славян зерттеу орталығының професоры, PhD, Томохико Уяма (Жапония, Хоккайдо) болатын. Томожан Әлекеңнің Еуропаға қатысты мақалаларын біраз қаузаған екен, әсіресе, оның Еуропалық елдердің шығысқа қатысты саясатын жеріне жеткізе талдаған тұстарын қонағымыз құшырлана жеткізді. Тіпті, оның соңғы жиырма жыл ішіндегі Азия құрлығындағы дамуы жағынан теңдесі жоқ Жапония екенін және оның қарқыны болашақта да сақталатынын айтқаны бабамыз тарапынан саяси сәуегейлік еді.

Сонау Америкадан ат арытып келген жазушы, көсемсөзші Марта Бриль Олкотт (АҚШ, Уашнгтон) өзінің тарихшы болмаса да, жаңаша тарихпен айналысушы адам ретінде Әлихан Бөкейханмен таныс екенін және оның ісі мен ғұмыры бүгінгі Қазақстанға іргетас болуға жараған фактор болғандығын айтып өтіп, сондықтан да оны айналып өте алмағанын мойындады. Оның сөзіне қарағанда, қазақтың тілі мен мәдениетінің бүгінгі ахуалы оған қазақтың өзінен де жақсы мәлім бе деп қаласың. Арғы-бергімізді үңгіп барады...

Одан әрі Алаш атаның өнериеттік өмірін қайта тірілтуге тер төккен журналист, Прагадағы «Азаттық» радиосының тілшісі Сұлтанхан Аққұлұлы (Чехия, Прага) Ә.Бөкейханның ұлттық жарқын лидерлік тұлғасын көз алдымызға әкелгендей баянын ұсынды. Оның сөзінен, бабамыздың тарихтың қойнауында қалған қарапайым қазақтың мифтік «алаш» сөзін саяси брендке айналдырғанын пайымдадық.

Одан әрі сөз алған ұлтшыл ағалар Сабыр Қасымов, Бүркіт Аяған, Хангелді Әбжандар Алаш идеясының бүгінгі идеологияға айналмай отырғанын сөз етті. Алаштанушы бес азаматтың еңбегін мемлекеттік деңгейде елеу керектігін, сөйтіп, алаштану ғылымының елдегі елеулі бағыт екенін қоғамға сіңіру қажеттігін президенттің Парламенттегі өкілі  болып жүрген Сабыр аға ұсынса, Бүкең елде Әлихан атындағы жөні түзу көше жоқтығын, деректі фильм керектігін, ескерткішті ойластыру қажеттігін айтып, конференция қарарына енгізуді айтты. Хангелді ақсақал Әлиханның зиялылар миссиясын ашып кеткенін, ол - халықты өрге сүйреу екенін айтып, элитаны ұлт мүддесіне оянуға шақырды. Конференция одан ары екі секциямен жұмыс істеп, ғалымдар ғылыми пікірлерін ортаға салысып жатты.

Әрине, бұл шараны мемлекеттік деп те, ресми деуге де келмейді, бұл - жекелеген азаматтардың қолға алып, елдік деңгейдегі атқарып отырған екінші шарасы. Әуелгісі мамыр айында Жезқазғанда болған Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы болса, мынау соның 23-ұрпағы Әлиханның 145 жылдығын желеу етіп, елдігімізді тағы бір рет танытуды мақсат еткен әрекет еді.

Солай болса да, баба тұлғасы бұрынғыдан да жарқырай, бұрынғыдан да  нақтырақ тұлғалана түскені рас. Тіпті, конференцияда техникалық түрде орысша-қазақша ілеспе аударманың бастан-аяқ болуы, шараның мазмұнын саяси деңгейге көтерді: орыс тілі де дандайсыған жоқ, қазақ тілі де кемсітілмеді, кім қай тілде сөйлесе де әңгіме Әлихантану туралы болып, естір құлаққа түсінікті тілде жетіп жатты. Күнде болып жатқан қыруар шара дәл осылай техникалық қолдауға ие болса, қазақ тілі ешкімге де, ештеңеге де мұқтаж болмас еді! Алаш атаның мерекесі тілін де қадырға бөлеп, ардақтап өте шықты!

Жалпы, шараны ұйымдастырушы ретінде Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университет, «НұрОтан» партиясы мен «Азаттық» радиосы аталса да, бастамашы Қарин мырза, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлұлы және олардың өкілдерін ғана көріп, жағдайды ұға қойдық. Аталмыш ұйымдардың басшылары шараға жоламапты. Ол енді көз бен көңіл үйренген тақырып қой...

Астана, Тәуелсіздік сарайы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540