Лукашенко қазақ мұнайы үшін келіссөз жүргізуді тапсырды
Белоруссия Президенті Александр Лукашенко ел Үкіметіне Қазақстаннан мұнай тасымалдау жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Белорусь президентінің сайтында жазылған:
- Мемлекет басшысының «№27 өкімімен үкіметке Қазақстаннан Белорусияға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ, келісім жобасы мен мақұлданған жоба аясында келісімге қол қою туралы келіссөздер жүргізуге уәкілеттік берді, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, өткен аптада Белоруссия Президенті Қазақстаннан мұнай тасымалдауға Ресей рұқсат бермей отырғаны туралы мәлімдеген.
- Егер Ресей келісетін болса, Қазақстан бізге мұнай жеткізуі мүмкін. Қызық... Біздің одақтасымыз басқа одақтасымыздан мұнай тасымалдауға келісім бермей отыр. Мұнай жеткізуге байланысты жағдай осындай. Және біз бұл мәселені шешуіміз керек, - деді беларус басшысы.
Ал, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Белоруссия мен Ресей басшылары телефон арқылы мұнай мәселесін талқылаған. Алайда, тараптар ортақ келісімге келе алмағандарын мәлімдеген.
2020 жылдың 1 қаңтарында Ресей Белоруссияға мұнай экспорттауды тоқтатты. Сол күні Белоруссия Ресей мұнайына шектеу қойған.
Одан соң, Белоруссия Ресеймен келіссөздерді тоқтатып, орыс мұнайына балама табуды тапсырды.
Белоруссияның вице-премьері Дмитрий Крутой Украинадан, Польшадан, Балтық елдерінен, Қазақстан мен Әзірбайжаннан мұнай жеткізу мәселесін талқылап жатқанын хабарлады. Кейін Беларуссия норвег мұнайының 80 мың тоннасын сатып алғаны туралы ақпар тараған..
Александр Лукашенко орыс мұнайын сатып алу бойынша Ресеймен келісімге келе алмаудың басты себебі - Ресейдің өте қымбат баға ұсынып отыруы деген.
Ал, 15 қаңтар күні ҚР Энергетика министрлігі Белоруссияның "Белнефтехим" концерні мұнай жеткізу бойынша сұраныс жібергенін хабарлаған.
- Бізге "Белнефтехимнің" өтініші келіп түсті. Аталмыш ведомствоның өкілдері мұнай жеткізу мәселесі бойынша бізге келмекші. Белоруссияның сұранысын да қарастыратын боламыз, деді министр Нұрлан Ноғаев.
Былтыр Белоруссия басшысы Ресейден ластанған мұнай келіп жатқанын айтып дабыл қақты. Құны 2,5 миллиард долларды құрайтын, 37 миллион баррель мұнайдың ластанғанын айтты. Құбыр Ресейдікі. Белоруссия Ресейден сол үшін өтемақы сұрады. Мәскеу мойындады. Осының бәрін егжей-тегжейлі сараптаған Александр Лукашенко енді мұнайды қазақтан сатып алғысы келетінін айтқан. Қазақтан мұнай сатып алу Лукашенконың қалауы. Біздікілер де бұған кетәрі емес. Құдай берген мұнай бар. Сатып алсаң, мінекей дегелі тұр. Қазақстан да, Белоруссия да, Ресей де экономикалық одақты құрушы елдер. Одақ аясында бір-біріне тауар сатуға құқылы елдер. Сөйте тұра Кремль көнбестік көрсетті. Одақ ортақ бола тұра сатылатын мұнай үшін де Кремльдегі кіжірейгендердің қас-қабағына қараймыз...
Белоруссия басшысы қазақтан мұнай алу үшін келіссөздер жүргізуді өз Үкіметіне тапсырыпты. Бағасына келіссе, біздікілер де кетәрі емес қой. Тек бұған Ресей не дер екен деген сөз ертең айталыры тағы анық...Мақұл. Әзірше ақпарат...
Abai.kz