Гүлмира Тойболдина. Қазаққа орыстар неге қамқор емес?
Біз осымен үшінші рет Тіл туралы заң жобасын жасау үстіндеміз. Ал тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қазақ тілін түсінсе де, сөйлей алмайтын немесе сөйлегісі келмейтін тұтас бір ұрпақтың өсіп келе жатқаны байқалады. Бұл ұлтқа, мемлекетке төніп тұрған үлкен қауіп екені даусыз. Қазақстанда мемлекетін құрушы ұлт - қазақ, мемлекеттік тіл - қазақ тілі болса, Ата Заңдағы «орыс тілі - ресми тіл» деген 7-ші бапты алып тастаудың айналасында неге дау-дамай туындап отыр? Осы және тілге қатысты өзге де мәселелер төңірегінде пікір алысу үшін «Альтернатива»
(В.Чеботарев) зерттеу орталығында мүдделі тараптар дөңгелек үстел басында бас қосқан болатын. Ол әңгімені модератор ретінде саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайыров (суретте) жүргізді. Мемлекеттік тілге қатысты қоғамда орын алған жағдайға қысқаша тоқтала келіп, модератор өз пікірін былай білдірді:
Біз осымен үшінші рет Тіл туралы заң жобасын жасау үстіндеміз. Ал тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қазақ тілін түсінсе де, сөйлей алмайтын немесе сөйлегісі келмейтін тұтас бір ұрпақтың өсіп келе жатқаны байқалады. Бұл ұлтқа, мемлекетке төніп тұрған үлкен қауіп екені даусыз. Қазақстанда мемлекетін құрушы ұлт - қазақ, мемлекеттік тіл - қазақ тілі болса, Ата Заңдағы «орыс тілі - ресми тіл» деген 7-ші бапты алып тастаудың айналасында неге дау-дамай туындап отыр? Осы және тілге қатысты өзге де мәселелер төңірегінде пікір алысу үшін «Альтернатива»
(В.Чеботарев) зерттеу орталығында мүдделі тараптар дөңгелек үстел басында бас қосқан болатын. Ол әңгімені модератор ретінде саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайыров (суретте) жүргізді. Мемлекеттік тілге қатысты қоғамда орын алған жағдайға қысқаша тоқтала келіп, модератор өз пікірін былай білдірді:
«Қазақстан қоғамында қазақ тілінде сөйлеу қажеттілігі туындап отыр. Себебі, тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақтар демографиялық жағынан, яғни сан жағынан өсе түсті. Бұдан былай орыстілді қазақтар да қазақ тілін үйреніп, қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүр болады. «Қазақ тілі белең алса, бұл орыс тілін шектейді» деген пікір - мүлде сыңаржақ ұғым. Біз қаласақ та, қаламасақ та, әрі кеткенде енді 10 жылда Қазақстан бір-ақ тілде - қазақ тілінде сөйлейтін болады. Ал қазақ тілінде сөйлеген адам түркі тектес елдердің бірнеше тілін қатар түсіне алады. Орыс тілде сөйлейтіндер, әсіресе орыс ұлтының өкілдері өзі тұратын, өзінің отбасы жанын бағып жүрген елге жәрдем етіп, өзіне қамқоршы қазақтың тіліне қол үшін неге бермейді?» - деді ол.
Сөз басы осылай батыл басталған соң, тіл мәселесімен шынайы айналысып жүрген мамандар мен қоғам қайраткерлеріне кезек тиді. Қазақстандық орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова кез келген тілдің дамуы үшін белгілі бір уақыт керек деген жаттанды, таптаурын уәжді тағы қайталады. Бұл енді біз тәуелсіздік алғаннан бері естіп келе жатқан сөз. Бұл сөздің астары бүгінгі қоғамда қазақ тілін дамыту заңды құбылыс екенін біле тұра, ол тілде сөйлеуге ниеттенбейтіндердің әлі де бар екенін танытса керек.
Ал Бақыт Қалымбет (Алматы қаласы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім бастығы) көтерген мемлекеттік тіл мәселесі көздеген жерге дөп тиді. Оның айтуынша, бүгінгі жасалып жатқан мемлекеттік тіл туралы заң жобасының өзі - кешеуілдеп барып, қол жеткізгелі отырған жоба. «Бұл жоба бойынша біз мемлекеттік тілдің енгізілуін тағы 20-30 жылға шегермесек болғаны. Өкінішке қарай, соңғы 10 жыл ішінде мемлекеттік тілге толығымен көшпек түгілі, қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің өзін туындата алмадық. Енді мемлекеттік тілге тек он жылдан кейін ғана көшеді екенбіз. Сөйтіп, біз мемлекеттік тілге қатысты заң жобасын жасаған сайын, оның мемлекеттік тіл мәртебесіне толық ие болу мерзімін де ұзарта түсудеміз.
Әрбір мемлекеттік органда аудармашы бар. Бірақ олар мемлекеттік тіл өрісін кеңейту үшін емес, оған зиян келтіру үшін жұмыс істеп отыр. Мәселен, «Халық банкі» мекемесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылуын алайық. Банкте (және кез келген банкте!) іс қағазы ең алдымен орыс тілінде жазылады. Ол бірнеше қайтара өңдеуден өтіп, пісіп-жетілген кезде, оны қазақшаға аудару қажеттілігі туады. Қазақша аударылған құжат екінші мемлекеттік органға келеді. Бұл жерде де егер бастықтың өзі болмаса да, оның орынбасары орыстілді азамат болады. Оған түсінікті болуы үшін, әлгі қазақша құжат қайтадан орыс тіліне аударылады. Мұнан шығатын қорытынды - бүгінгі күні бірде-бір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып отырған жоқ, тек іс қағаздарын аударумен ғана шұғылданып отыр. Біз бұл жағдайды өзгертпесек, мемлекеттік тіл мәселесін біз 2020 емес, 2030 жылға дейін ысырып тастаймыз», - дейді тіл маманы Қалымбет мырза.
Бір қызық мәселе - дөңгелек үстел басындағы әңгіме кезінде: «Қазақша түсінемін, бірақ осы жолы орысша сөйлейін» (Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті Талғат Мамыраимов), - деген өз ұлтымыздың өкілдері қатты сынға ұшырады.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатысқандар мемлекеттік тіл мәселесін саяси ойынға айналдырғысы келетіндердің бар екенін де сөз етті. Мемлекеттік тілдің енгізілуін қолдаған болып, шын мәнінде оған кедергі келетіндер бар. Мәселен, 2009 жылы мемлекеттік деңгейдегі жиындарды мемлекеттік тілде өткізу туралы мәселе көтеріліп, оған орыстілді қауым өре түрегеліп, қарсы болған соң, бұл мәселе жабылып қалды. Екінші жағынан жоғарғы билік тіл мәселесін анда-сонда бір көтеріп, шу шығарып, халықтың көңілін елдегі ең негізгі қоғамдық-саяси жағдайдан басқа жаққа аударатыны туралы да пікірлер айтылды.
«Қазір қоғамда қазақ тілін қолдану туралы түсіністік бар, бірақ сөйлеуге ниет жоқ, - деді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім. - Қазақ тілін таза білмесе де, түсіне тұра сөйлегісі келмейтіндер - біздің қоғамдағы белгілі бір саяси топтардың ісі. Мұндай көрініс әсіресе жоғарғы билік басындағы шенеуніктерге тән. Өйткені олар балаларын қазақ мектептерінде оқытпай, орыс, тіпті ағылшын тіліне үйретеді. Енді бүгін қазақ тілі шын мәнінде өз мәртебесіне нақты іс жүзінде ие болғанда, олардың балалары үшін көп қиындық туындайды: билікке барар жолы жабылады. Сондықтан оған назар аударудың еш қажеті жоқ. Қазақстандағы мемлекеттік тіл дегенде біз бір-ақ тілді - қазақ тілін ғана ойлауымыз керек!».
Белгілі экономист-ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты шешілмеген көп сұрақ бар екенін сөз етті. «Қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеру керек. Елдегі халықаралық жиындардың өзі ілеспе аударма арқылы мемлекеттік тілде ғана өтуі тиіс. Тіл қоғамда кең қолдансын десек, Ресей жайлап бара жатқан ақпараттық кеңістіктен арылуға тиіспіз, біз қазір осы ресейлік ақпараттық кеңістіктің шырмауында қалдық. Себебі, билік жүргізіп отырған саясат осындай», - дей келіп, Мұхтар мырза дүниежүзілік тәжірибеге көңіл аударды.
Дүние жүзі бойынша мемлекеттік тілді әкімшілік әдіспен жүргізіп отыру, талап ету заңдылығы бар. Мәселен, кеше Кеңес Одағы құлаған кезде, латыштар өз елінде 52 пайыз ғана еді. Соған қарамастан, олар бәрін латыш тіліне үйретті! Еврейлер де жүздеген жылдардың қатпарында қалған көне иврит тілін әкімшілік әдіс арқылы тірілтіп, жандандырып алды. Ал халықаралық тәжірибе бойынша бір мемлекетте өмір сүріп жатқан диаспора өкілдерінен мемлекеттік тілді білу талап етіледі. Бұл тек біздің Қазақстанда ғана жоқ...».
Осы отырысқа қатысқан орыстілді қауымның пікірінше, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде «ұйымдастырушы» тіл бола алмай отырған көрінеді. Оның аясын кеңейтуді балабақшалар мен мектептерден, жоғары оқу орындарынан бастау туралы ойлар ортаға салынғанда, бұған қарсы айтылған пікір болмады.
Жиын қорытындысы - мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оны мемлекеттік органдарға бірінші кезекте енгізу, қолдану ең басты мәселе деп шешті. Орыс тіліне қатысты баптың Конституциядан алынған-алынбағанына қарамастан, әр қазақ тілге қатысты мәселені ең алдымен өзінен бастауы керек екені айқын болды.
Гүлмира
ТОЙБОЛДИНА,
«D»
Тілге «тірек» осылар
«Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары
Нұрлан Нығматуллин:
«Біз тіл мәселесін саясаттандыруға болмайды деп есептейміз... Мемлекеттік және басқа да тілдердің дамуын алдағы уақытта да тыныш, кезекті түрде, саясаттандырмай және артық эмоцияны араластырмай жүзеге асыру керек. Осылай ғана біз мемлекеттік тілдің жұмылдырушы ролімен ұлттық бірліктің әрі қарай нығая түсуін қамтамасыз ете алатынымызға сенімдімін».
Парламент мәжілісінің төрағасы
Орал Мұхамеджанов:
«Конституцияға қол сұғудың қажеті жоқ деп есептеймін, бірақ қазақ тілін, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту керек деген тұрғыда үндеуді қолдаймын және өзім де солай есептеймін... Оларды (қол қоюшыларды - Ред.) қазақстандықтардың көбі қолдап отырған жоқ».
Мәжіліс депутаты
Бақыт Сыздықова:
«Орыс тілінің маңызын түсірмей, қазақ тілінің беделін көтеру керек. Төрт мемлекеттік тілде сөйлейтін Швейцарияны неге айтпайды? Неге бізге бірұлтты Украинаны мысал ретінде көрсетеді? Біз солай өмір сүргіміз келеді...».
Мәжіліс депутаты
Мұхтар Тінікеев:
«Маған журналистер телефон соқты, мен бірден қарсы екенімді айттым. Ол үндеуге қол қойғандардан: «Балаларыңыз бар ма, біреулерің шахтада жұмыс істей ме?» деп сұрағым келеді. Орыс тілінде сөйлейтін адамдардың 75% шахталар мен зауыттарда жұмыс істейді, бұл үндеуімен не енгізбек болды?! Өз басым бұл мені қатты ашындырды! Мен еліміздегі тыныштықты қолдаймын... Посткеңестік кеңістікте Қазақстан ұлтаралық негізде қақтығыстар жоқ жалғыз мемлекет. 130 ұлтты бір мемлекетте ұстап тұру, бүгінгі тыныштықтың өзі орыс тілінің ұлтаралық тіл болғандығынан дегім келеді».
ҚазТАГ
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 30 (113) 14 қыркүйек 2011 жыл