Мақсат Халық: Министр пікірсайысқа шықсын!
Қазақстанның біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорында 10 триллион 400 миллиард теңге, 9,9 миллион зейнетақылық есепшот бар. 5,3 миллион салымшының жинағы 500 мың теңгеге ғана жетеді. Ал 1,6 миллион адамның жинағы 500 мың мен 1 миллион теңгенің аралығында. 9,9 миллион салымның 15 пайызында ғана 1-2 миллион теңге жинақ бар.
Бұл біздің ойдан іздеп, қырдан тапқанымыз емес, министрдің мәліметі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтқан ақпары.
«Қазіргі уақта, заң бойынша азаматтар өздерінің зейнетақы жинағын ай сайын келесі жағдайларда алуы мүмкін: ер адамдар 63, әйелдер 59 жасқа жеткен кезде (зейнет жасы), сосын І және ІІ топтағы мүгедек категориясына жататын болса, одан кейін ерлер 55, әйелдер 51 жарым жаста зейнетақылық ануитетті реттесе». Бұл да жаңағы министрдің сөзі.
Нұрымбетов: Ерлер 6,7 млн, әйелдер 9,6 млн теңге жинақтауы керек
Министрдің айтуынша, зейнетақы қорынан бір мезгілде жинақты алуға болады. Ол үшін шоттағы сома шектік мөлшерден асуы керек. Ал шектік сома қанша? Министр бүйдейді: 30 жастағы ер азамат кемінде 6,7 млн, ал әйел адам 9,6 млн теңге жинақтауы тиіс. Сонда ғана қаржыны баспана алуға, емделуге немесе оқуға жұмсауға болады. Қазір мұндай мүмкіндікке тек 113 мың салымшы ғана ие. Қалғандарының қаржысы жетпейді-міс.
«Қажетті сомаға дейін талап әр адамның жасына байланысты. 30 жаста 6,7 млн болса, ол ақша жеткілікті. Кейін өмір бойы ең төменгі зейнетақы алуға мүмкіндігі бар. Содан асқанын ала алады. 63 жасқа дейін тағы жинай алады. Қазір заң қабылдадық», дейді министр.
Сонымен, министрдің айтқанынан ұққанымыз – еркектердің зейнетақы шотында кем дегенде 6,7 миллион теңге, әйелдерде 9,6 миллион теңге болуы керек. Осы сомадан көп жиналса, оны шешіп алуға болады. Әйтпесе жоқ. Байқасаңыздар, әйелдер еректерге қарағанда 3 миллионға артық жинау керек екен. Министрлік мұның себебін – әйелдердің ұзақ жасауымен байланыстырыпты.
Министрдің арифметикасы
Министр Нұрымбетовтың Сенатта сөйлеген осы сөздері қазір қоғам талқысында. Жұрт өз бастарына есеп қылуда. Тіпті, министрдің арифметикасымен есептегендегі шығатын нәтижені де жазып жатыр. Қараңыз:
30-ға толған адам 1990 жылғы. 18 жасынан (2008 жылдан) бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істесе 12 жыл (немесе 144 ай) Қорға жалақысының 10 пайыз ақшасын құйған. 6 миллион 700 мың теңге жинау үшін оның жалақысы сол 2008 жылдан бастап кемінде небәрі 465 277 теңге болуы керек екен.
400 мыңдық жалақыны кімдер алады?
Ал 465 мың жалақыны бізде кімдер алады? Әкімдер мен түрлі лауазымдағы министрлік қызметкерлері. Сенбесеңіз тағы қараңыз. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы департаменті өкілдері – 330 мың жалақы алады (2019 жылғы дерек). Парламент депутаттары – 350 мың мен 900 мыңның аралығында. Облыс әкімдері – 500 мың мен 900 мыңның аралығында, қала әкімдері – 700 мың мен 900 мыңның аралығында т.б.
Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге!
Сөйте тұра, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда биылғы, 2020 жылғы ең төменгі жақалы мен ең төменгі зейнетақы мөлшері жазылған екен. Қараңыз:
- Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
- Ең төменгі зейнетақы – 38 636 теңге;
- Мемлекеттің базалық зейнетақысы – 16 839 теңге;
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге;
- АЕК – 2 651 теңге.
Орташа айлық жалақы – 168 500 теңге!
Ол аз десеңіз, қазір Қазақстанда орташа зейнетақы – 86 мың теңге, жоғарғы зейнетақы 117 мың теңге. Ал орташа жалақы мөлшері – 168 500 теңге. Бұл 2019 жылдың дерегі.
Біз бірлі-жарым сандарға шолу жасап шықтық. Өткен жылдың деректерін келтірдік, мысалға. Енді есептей беріңіз... Министр айтқан 6,7 миллионды жинау үшін не «А» корпусындағы ақ жағалылардың сапында болуың керек немесе ірі-ірі мем-холдингтерде кемі департамент басшысы боулың шарт. Қарапайым дәрігер, қарапайым мұғалім бола жүріп, министрдің алты жарым миллионын жинау, сірә, мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті.
Бұл қаншалықты қисынға сай сандар? Қазіргі Зейнетақы қорының жұмысы һәм құзырлы министрлік жүргізіп жатқан саясат қаншалықты тиімді? Біз экономист Мақсат Халықты сөзге тарттық. Пікір сұрадық...
Зейнетақы қорына қатысты қолға алып жатқан жұмыстар өте сәтсіз
Мақсат Халық, экономист:
- Әуелі Зейнетақы қоры туралы айтсақ, Қазақстан тарихында альтернативасы жоқ қор. Ұлттық қорды айтпағанда, әрине... Зейнетақы қорында өте қомақты қаражат бар. 10 триллион деген аз ақша емес. Және бұл триллиондар біраз адамның қызығушылығын тудырып отырғаны және рас.
Естеріңізде болса, 1998 жылдан бастап әр азамат өзіне қаражат жинақтайтын болды. Ол кейін зейнетке шыққанда зейнетақы ретінде пайдаланатын қаражат. Бастапқыда бірнеше зейнетақы қоры жұмыс жасады. Олар өздерінің әрбір салымшысы үшін күресетін. Бәсекелестік болды. Сәйкесінше сапа да артты.
Кейін барлық қорды біріктіру туралы ұсыныс айтылды. Ұлттық банк тарапынан мемлекеттік кепілдік жоқ, ертең әлгі қорлардың бірі банкрот болса, кім жауап береді, халық екі оттың ортасында қалады, деген аргументтер айтылды. Осыны желеу ете отырып, барлық жекелеген қорлар бір орталыққа біріктірілді. Бұл жердегі бір пүліс – мемлекеттік кепілдіктің болуы ғана.
Зейнетақы қорының инвестициялық табысыты кері кетті
Ал кемшілігі – мемлекет бұл қорларды басқаруға қалай қол жеткізді, содан бастап қорда үлкен проблемалар пайда бола бастады. Ол – қордың инвестициялық табыстылығы кері кетті. Тіпті минусқа кірген жылдар болды. Инфляция деңгейінен төмен болған жылдар болды. Халықтың жинап жатқан қаражаты құнсыздана бастады. Көптеген зейнеткер өздерінің зейнетақыларына көңілдері толмайтынын айтып шағымданды. Қазір де солай. Міне, зейнетақы шотындағы қаржыны түгел шешіп алу деген мәселе осыдан шығып отыр.
«Мен жыл сайын құнсызданып жатқан зейнетақы қорына ақша аударғанымша, оданша мен ол қаражатты бүгін жұмсайын. Өйткені, ол қазір құнды. Қазір отбасыма жұмсайын» деген ой тууы заңдылық. Олардың дені фрилансерлер, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азамттар. Олар зейнетақы қорына ақша аударуға ынталы емес. Өйткені, олар қаражаттың жиналмайтынын, өсімның жоқ екенін көріп отыр. Халықта еш қызығушылық жоқ.
10 миллион. Бұл ақылға сыймайтын, күлкілі ұсыныс!
9,9 миллион салымшы бар десе, соның тең жарымында миллион теңге жоқ, деп айтуға болады. Сондықтан, зейнетақы активтерін халық өзі басқаруға мүмкіндік беру керек. Сол кезде ғана жұрттың ынтасы оянады. Жұрт өз қаражатына жауапкершілікпен қарай бастайды. Жауапкершілікті сезінгенде ғана салымшылар өз ақшаларын инвестициялай бастайды. Алайда шенділердің бұл уәжге жауабы – жаңағы болып отыр. «Ол жақта сондай бір қыруар қаржы жоқ. Халықтың тең жарымының ақшасы миллионға жетпейді. Біз бәрібір салымшыларды қанағаттандыра алмаймыз. Сондықтан қазір 1 пайыздан бастайық», дегенді айтады. Сол 1 пайыз дегеніңіз – 10 миллион теңге екен. 10 миллионға шек қойып отыр. Бұл ақылға сыймайтын, күлкілі ұсыныс.
Алдында 6 миллион теңге деген ұсыныс айтылғанда, бұл тым көп екенін ескерткен едік. Өйткені, халықтың зейнетақы шотында ондай ақша жоқ. Жинап үлгере алмайды да! Бұл космостағы цифрлар.
Шектік соманы екі есеге азайту керек!
Өздері айтып отыр, 113 мың адамда ғана ондай мүмкіндік бар екен. Ер адамдарға 6,7 миллион теңге деген шектің өзі – былай ғой... «Қарт адамдар 10 миллион, ал жастар ертерек шыға алады. 6,7 миллион жинаса болды», дейді. Жинай алмайды! Сондықтан, бұл соманы екі есеге азайту керек. Жастарға 2,7 миллион, қарт кісілерге 4 миллион.
Мен түсінемін, мысалы өзіміздің әрбір азаматқа тиісті, жақсы жағдай жасауымыз керек, дейді. Бірақ, қазіргі жүйемен ондай жағдай жасай алдмайды. Халық 10 миллион теңге жинай алмайтынын біледі. 2-3 миллионды қартайғанда жинай ма, жинамай ма, оны Құдай біледі.
Жоғарыда айттық, бұл қаражатты басқару құқы салымшылардың өздерінде емес. Демек, бұл қаражатқа қол салуға кімнің құзыреттілігі бар, соның мүмкіндігі бар. Мысалы, мемлекеттің халық алдында басқа да міндеттемелері бар. Бюджетте тапшылық бар. Осы тапшылықты жабу үшін мемлекет не істейді? Құнды қағаздарды облигацияға қояды. Онысы 7 пайыз ғана. Бұл мемлекет кепілдік беретін облигациялар. Жыл соңында оны мемлекет қайтарады 7 пайызбен. Бірақ 7 пайыз деген өте төмен. Егер сол қаражатты халыққа берсеңіз, халық оны депозитке салса, жоқ дегенге 10-12 пайыз табыс табады. Ал мемлекет қазір ол қаражатты ең төменгі пайызбен құнды қағаздарға салып отыр. Сондықтан, зейнетақы қорының инвестициялық табысы төмен болып отыр.
Министр пікірсайысқа шықсын!
Қазіргі министрліктің дәл осы зейнетақы қорына қатысты қолға алып жатқан жұмысы өте сәтсіз. Расымен отставкаға кетуін талап етуге болады. Өз бастамаларының сәтті екеніне сенімді болатын болса, пікірсайысқа шықсын. Біртанов бір кезде Ошақбаевпен шықты ғой. Әп-әдемі пікірталас болды. Осындай алаң ұйымдастырайық. Нұрымбетовпен дебатқа шығуға мен дайынмын. Осы тақырыпты талдайық. Қай жағы тиімді екенін халыққа айтып берейік.
Бір ғана мәселе, бұл кісілер қаражат азайып кетеді деп алаңдап отыр. Мен олай ойламаймын. Рас, алғашқы кезде көп адам шешіп ала бастайтын шығар. Бірақ, егер азаматтарда таңдау болатын болса, егер адам 4 миллион жинаса, оны шешіп ала ма, жоқ па, әлде оны одан әрі өсіргісі келе ме, әр адамның өз шешімінде болады. Егер адам жақсы өсімге қол жеткізсе, онда ол ақшасын одан әрі көбейткісі келетін анық. Ол жаңағы 4 миллионды 7 миллион қылуға тырысады. Қазір жұрт қорға 10 пайыз аударады. Оның өзін қиналып, бергісі келмей аударады. Ал жаңағыдай қызығушылық болған кезде халық 10 емес, 15 пайыз аударуға тырысатын болады.
Халықтың табысы өспей зейнетақы қорын толыта алмаймыз!
Неғұрлым өскен сайын, соғұрлым көбірек шешіп алуға болатынын олар да біледі. Олар өз қаражатын басқара алатынына көзі жетеді.
Сосын тағы бір мәселе, халықтың табысы төмен. Енді ғана, үстіміздегі жылы 5,5 пайызға өсті. Бірақ, инфлияцияны қараңыз, 5,4 пайыз болды. Сонда өсім 0,1 пайыз ғана. Халықтың табысы реалды түрде өскен кезде ғана зейнетақы қорына салым салуға қызығушылық болады. Содан кейін ғана жаңағы шектік мөлшерді көбейтуге болады. Қазір ол кісілер бірден 10 миллион деп отыр. Әуелі 3 миллионнан бастау керек. Бұл ұзақ мерзімді жоспар болуы керек.
Abai.kz