«Күңгірт поэзия» ұғымы хақында
Поэзиядағы «күңгірттік» арнайы әдеби теория болып қалыптаспаса да, жалпы әлем поззиясында бар құбылыс. Қытай әдебиетінде бұл арнайы ағым дәрежесіне көтерілген. Бұл туралы алдыңғы бір мақаламызда айтқанбыз. Ал, Қазақ поэзиясында соңғы кезеңде “көмескі”, “түсініксіз”, “бұлдыр” деп бағаланатын өлеңдерге қатысты пікірталас күшейіп келеді. Бұл пікірталас тек жеке шығармалар төңірегіндегі талғам қайшылығы емес, ол — поэзияның табиғаты, оның қызметі мен қабылдану тәсілі туралы терең дүниетанымдық айырмашылықтың көрінісі. Қазіргі оқырманның едәуір бөлігі поэзияның ашық, ұтқыр, бірден қабылданатын формасына бейім. Мәселен: саханаларда, той – думандарда, басқосуларда, әсіресе, ақындар айтысы кезінде өлең ашық, ұғынықты болмаса, тыңдарманға әсері болмайды. Мұндай өлеңдер жылдам оқылады, тез әсер береді, оқырманға мағынасы бірден ашылады. Алайда дәл осы қасиеттерімен қатар, олардың бір бөлігі қайта ойлануды талап етпейді, оқырман санасында ұзақ тұрақтамайды, лездік әсермен тыңдарман тояттайды, бірақ уақыт өте мұндай өлеңдер әсерін жоғалтып та жатады. Бұл — поэзияның «жеңіл қабылданатын» моделінің күштілігін көрсетеді. Оның үстіне бұндай ашық, аңқылдақ өлеңдерді жазатын ақындардың шоғыры да мол, сол бір ортада өтімді әрі қайта талқыланбайды.
Ал поэзияның табиғаты бұдан әлдеқайда күрделі немесе оның екінші жағы тағы бар. Поэзияны тек әсер ететін құрал ретінде қарауға болмайды, қайта, ол — ойлау формасы, сана қозғалысының көрінісі және рухани тәжірибе кеңістігі де бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, «күңгірт өлең» (көмескі, астарлы поэзия) мәселесі тек эстетикалық талғамға қатысты емес. Бұл — оқырманның қабылдау мәдениеті, поэтикалық ойлаудың деңгейі және мағынаның қалай жасалатыны туралы мәселе. Күңгірт поэзия көбіне «түсініксіздікпен» шатастырылып жатады. Алайда бұл екеуі бір ұғым емес. Түсініксіздік — мағынаның болмауы немесе әлсіздігі болса, күңгірттік — мағынаның тікелей берілмей, астар арқылы құрылуы. Яғни, күңгірт поэзияда мағына жоқ емес, керісінше, ол көпқабатты, ашық емес, көптеген мағыналарды бойына жинаған және оқырманның қатысуы арқылы толықтанатын құрылымға ие. Осы ерекшелікке байланысты күңгірт поэзия бірден қабылданбауы да мүмкін, алайда оқырманға қайта оқуды талап етеді, оқырманды пассив қабылдаушыдан белсенді түсіндірушіге айналдырады. Сондықтан да оған деген қарсылық — заңды құбылыс. Бұл қарсылық ойдың дамымауынан емес, қабылдау дағдысының өзгешелігінен туындайды.
Әдебиет тарихы көрсеткендей, кез келген жаңа поэтикалық форма алғашында түсінбеушілікке ұшырайтыны белгілі. Кейін ғана ол өз орнын табады немесе поэзияның ішкі құрылымына сіңіп кетеді. Бұған Абай жасаған өлең формаларын, тіпті қазіргі кезге дейін қалыптасып үлгірген, Мұхтар Шаханов, Қытай Қазағындағы Омарғазы Айтанұлының және өзіміздің тағы басқа өз өлең стилін қалыптастырып үлгірген ақындарымыздың өлең формаларын мысалға алуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, күңгірт поэзиянының формасы мен мазмұнын сырттан келген жасанды құбылыс деп қарастыру — үстірт тұжырым. Ол Қазақ поэзиясының архетиптік қабаттарында да, жыраулық дәстүрде де, классикалық және модернистік поэзияларында да әртүрлі деңгейде көрініс тапқан ішкі поэтикалық мүмкіндіктің жалғасы.
Бұл мақалада біз күңгірт поэзияны кездейсоқ құбылыс емес, сыртқы әсердің нәтижесі де емес, керісінше, белгілі ағым ретінде қалыптаспаса да, Қазақ поэзиясының ішкі даму логикасынан туындайтын заңды көркемдік құбылыс ретінде қарастырамыз. Яғни, бұл зерттеудің негізгі мақсаты — күңгірттікті терістеу немесе ақтау емес, оны поэзия эволюциясының бір кезеңі, поэтикалық ойлаудың күрделену формасы ретінде ғылыми тұрғыдан түсіндіру.
Ендеше біз негізгі бөлімдерге дендеу үшін, алдымен күңгірт поэзияның ұғымы мен табиғатына бір тоқталып өтейік.
Күңгірт поэзия — мағынаны тікелей жеткізуден гөрі, оны ишара, символ, астар арқылы білдіретін поэтикалық тәсіл. Біздің тілімізге бұл ұғымды бейнелейтін арнаулы тіркес бар болса да, аударманың тіке немесе болжамды бейнелеулері арқылы оны: «тұманды поэзия», «бұлдыр өлең», «көмескі өлең», «күңгірт өлең» т.б. атап жүр. Ал біз ұғымның және тілдің ыңғайына қарай «күңгірт поэзия» немесе «күңгірт өлең» деген тіркесте қаламыз. Бұл поэтиканың негізінде тілдің хабар жеткізуші қызметінен гөрі, оның мағына тудырушы, кеңістік қалыптастырушы табиғаты алға шығады. Күңгірт поэзияда бір ғана мағына болмайды, өлең бірнеше деңгейде оқылады, образдар нақты емес, көмескі күйде беріледі, ақынның субъективті «мені» белсенді көрінеді, оқырман дайын мағынаны қабылдамайды, қайта оны қалыптастыру процесіне қатысады. Яғни, мұндай поэзияда өлең — дайын өнім емес, оқырман мен мәтіннің өзара әрекеті арқылы жүзеге асатын процесс. Бұл жерде бір өлеңді әр оқырман әртүрлі деңгейде, әртүрлі бағытта түсінетін, бір ойлау тетігіне шоғырлана алмайтындығын да ескерген жөн.
Біз оқырмандардың күңгірт өлеңдерді оқығанда, «түсініксіз» дейтін қол сілтеуге тап боламыз. Ісжүзінде күңгірттік пен түсініксіздік екі нәрсе, оған маңызды теориялық түзету жасасақ: күңгірттік — түсініксіздік емес. Күңгірттік – мағынаның жасырын, астарлы берілуі, құрылымның күрделілігі, көпқабатты ишара жүйесі болып есептеледі. Ал түсініксіздік болса, мағынаның әлсіздігі, құрылым мен мағынаның өзара байланыссыздығы, поэзиялық көркемдік жүйенің болмауы. Бір сөзбен айтқанда, күңгірттік дегеніміз ұйымдасқан тереңдік, ал түсініксіздік - ұйымдаспаған көмескілік. Поэзиядағы «күңгірттік», «астарлылық» және «түсініксіздік» ұғымдарын нақты ажыратқан дұрыс. Қатар қойып салыстырып көрейік: Астарлылықтың мағынасы жасырын болады, бірақ онда белгілі меңзеу бар, белгілі ойға бағытталған. Оқырман үңілсе, оны аша алады. Мысал, Абай Құнанбайұлы өлеңдеріндегі: моральдық, философиялық ишаралар ашық айтылмаса да, түсінікті жүйеге ие. Күңгірттіктегі мағына көпқабатты, қатпарлы болып келеді, бірден ашыла бермейді. Оқырман оны әр оқыған сайын жаңаша түсінеді және барған сайын нысанаға жақындайды. Мысал, Мағжан Жұмабаев поэзиясында: “түн”, “жел”, “алыс” сияқты образдар нақты бір мағынамен шектелмейді, әр ортада, әр кезеңде басқаша мән алып отырады, оларды рухани күйдің символдары ретінде әр өлеңінде әр деңгейде түсінеміз. Түсініксіздік — мағыналық жүйенің әлсіздігі немесе жоқтығы. Ондай өлеңдерде мәнді бейнелей алмайтын «бөтен сөздер» қабаттасып жүреді. Өлең бірнеше рет оқылса да, олардың ешқандай ішкі байланысын таба алмайсыз. Мұндай жағдайда образ кездейсоқ дағдарысқа қалып, өлеңдегі формалық құрылым әлсіреп, оқырман бағдарсыз қалады. Бұны поэзияның күрделілігі емес, көркемдік жақтағы кемшілігі деген дұрыс.
Күңгірт поэзияның ішкі табиғатына келсек, ол оқырманды шатастырып поэзияда былық жасау емес. Керісінше, ол ішкі құрылымы күрделі, көп деңгейлі мағына қамтыған, бейнелері жанды поэтикалық жүйе. Мұнда логика өлеңнің сыртқы қабатынан көрінбейді, байланыс ішкі қабатына жасырылған болады, бірақ тіке емес, ол ой байланыстары (ассоциатив) арқылы анықталады. Сондықтан шынайы күңгірт поэзияны түсіну үшін тек оқып қана қою жеткілікті емес, оған іштеп қатысу және интерпретация (түсіндерме) жасау қажет. Біз ақын Омарғазы Айтанұлының: «Сызықтар», «Шеңберлер», «Азырақ жаз», «Тәбиғаттың шындығы», «Елес», «Көлеңке» т.б. біраз өлеңдерінен күңгірттік, бір оқып қана түсіне қоймайтын бұлдыр, көмескі желіні байқаймыз. Мысалы, «Сызықтар» өлеңін оқысақ:
«Болсам егер жер мен көктің шекара сызығы,
Құдай мен менің арамда бір сызық бар.
Екі қатын ғана емес көрші отырған,
Патшалар мен патшаларды да соғыстыратын
Осы сызықтар.
Кім екен алғаш шарбақ тоқып,
Қорған соққан босағасын мықты етіп?
Адамзат, сен дамыдың осы сызықтармен,
Осы сызықтармен жүр және қадірің кетіп.
Өшіргім-ақ келеді,
Амал қанша, қолым бармайды, бірақ,
Жатады сонда көз алдымда
Ұзын-ұзын үюлі топырақ.
Өш те емеспін сызықтарға,
Қорқамын сонда да
Кім біледі,
Жүрмесе көрім ғой
Осы сызықтар өзі өштікті көбейтіп,
Құдіретім жетпейді, құдіретім жетсе егер
Сызар едім дәл сондай бір үлкен сызықты
Құдай тұрған жерге дейін кеңейтіп». («Құстар Қайғысы», «Ер Жәнібек» халқаралық қоры, 2017) Әдетте қара өлеңге бой үйреткен оқырманның өлеңдегі құрылымға күңгірт ойын ескермегенде, өлеңнің ойына бірден дендеп кете алмайтыны белгілі. Сірә, сызық нені білдіреді? Бастапта қатындарды, патшаларды бір-бірімен қырқыстыратын сызық қандай сызық деп ой жүгірте келіп, екінші шумаққа келгенде қорғаныс сызығы екенін аңғарасың. Автор оны өшіргісі келеді, тіпті, құдайдың қасына дейін кеңейткісі келеді, бұл оның татулыққа, бейбітшілікке шақырғаны. Ендеше бұл сызық ғасырлар бойы ары кеңейтіп, бері тарайтып сызған, талай қантөгістің өлшемі болған шегара сызығы. Алайда, ақын бұл шегара сызығы деп айтпайды да, тек күңгірт ишара жасайды. Оқырман өлеңдегі әрбір деталдарға ой жүгіртіп, талдау жасау арқылы бұны аңғарады. Егер бұл өлеңді автор «сызықтар» шекара сызығы деп бадырайта айта берсе, оқырман оны бір жол оқумен ақырластырып, қайта айналып соқпайды, өйткені «шекара сызығына» олар қанық.
Күңгірт поэзияға қатысты көзқарастар Қазақ әдебиетінде күрделі болмаса да, күңгірттікті ағым ретінде қарастырып зерттеген ұлттарда, онан қалса оны өзіне сіңдіріп алған ағымдарда алуан түрлі пікірталастар болып жатады. Ол әрине, терістеу мен жақтау. Терістеушілер күңгірт поэзияны түсініксіз, жасанды, ойы жетілмеген құбылыс ретінде қарайды. Олар күңгірт өлеңді “тұмандағы гүл” емес, “гүлсіз тұман” немесе формасы болғанмен, мазмұны әлсіз, шым-шытырық, оқырманға тіке ой бере алмайтын өлең деп қарайды. Ал ақтаушы бағыттағылар барлық түсініксіз өлеңдер күңгірт өлең емес, күңгірттік оқырманға ой тудыратын эстетикалық сапа. Күңгірттік поэзиядағы сұлулық тудыратын ерекше форма деп есептейді. Сонымен бірге осы аралықты терминге күмән келтірушілер де бар. Бұл бағыттағылар “күңгірт поэзия” ұғымының өзін дау тудырушы қатарына жатқызады. Олардың көзқарасынша күңгірттік, астарлылық және түсініксіздік араласып кетеді де, бір оқырманға түсінікті нәрсе, екіншісіне көмескі болып көрінеді, сонымен термин арықарай жаңа ізденістер жасауға шектеу жасайды деп есептейді. Сондықтан бұл бағыттағылар: «ізденіс поэзиясы», «инновациялық поэзия» және «жастар поэзиясы» сияқты атауларды ұсынады. Осы пікірталастардың өзі күңгірт поэзия — жай стиль емес, әдеби сананың күрделенуінің көрінісі дейтін бір маңызды түйінді көрсететін сияқты. Мәселен, жаңағы «Сызықтар» өлеңінен бұны айқын көре аламыз. Ол тілдің мүмкіндігін кеңейіп оқырман ойын бірнеше тұспалға апара алатын рөлін көрсетіп тұр, мағынаны көпқабатты ете алды және оқырманды белсенді түрде өлеңге талдау жасайтын субъектке айналдырды.
Жинақтай айтқанда, күңгірт поэзияны түсініксіздікпен шатастырып, тұсаулап қоюға да болмайды, толық жоққа шығару да үстірт болар еді. Ал бәрін қайырып қойып, абсолюттендіріп жіберу біржақтылық тудырады. Негізі, күңгірт поэзияның нысанасы мағынаны жасырып қалу емес, қайта поэзияны күрделендіріп, ізденіс жолындағы терең құрылымға айналдыру.
Күңгірттік Қазақ поэзиясында кейін пайда болған тәсіл емес, ежелден бар, поэтикалық санасының бастапқы құрылымдарының бірі, астарлай айтудың бір ұшы да сонда жатыр. Ол сырттан енген жасанды құбылыс емес. Қытайдың әйгілі ақыны Ай Чиң «Күңгірт өлеңге тоқталғанда» атты мақаласында: «Әлемде бұлыңғыр нәрселер өмір сүреді, анық көріне бермейтін де, адамның түсініп жетуі қиын жайттар да аз емес. Осылайша бұлыңғыр поэзия пайда болды», «күңгірт поэзия әдеби құбылыс, таңғаларлық нәрсе емес, оған қарсы тұрудың да мәні жоқ» дейді. (Қытайда шығатын «Әдеби хабарлар» газетінің 1981 жылғы 12 мамыр күнгі саны) Күңгірт поэзияның поэтикалық алғышарттары ұлттық сөз өнерінің терең қабаттарында — мифологиялық ойлау жүйесінде, жыраулық дәстүрде және классикалық поэзияда бар. Бұл құбылысты түсіну үшін оны тарихи кезеңдер арқылы емес, ойлау формасының эволюциясы арқылы қарастыру қажет.
Жыраулар поэзиясы Қазақ поэзиясындағы күңгірттіктің ең алғашқы, архетиптік формасының бірі есептеледі. Бұл кезеңдегі поэзия нақты суреттеуден гөрі, ишара, символ, жалпылама бейнелер арқылы сөйлейді. Мәселен, Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың» деген өлеңінде:
«Уа, сен танымай кетіп барамысың?
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын», - деген жолдар бар. (Нығмет Мыңжани құрастырған «Қазақ жырауларының жырлары» 206 бет, Үрімжі, Шынжаң халық баспасы, 1987). Жырау мұнда «Керей шөншік», «Арғын талыс» дегенді меңземейді, қайта рулардың күш-қуатын айтып, көнбесең зорлық көрсетемін дегенді меңзейді. Тіке айтпайды, ойын ишаралап, елес бере жеткізеді, ал сол кездің адамдары сол бір заттарға қанық болғандықтан, бұл меңзеуді айнытпай түсінеді. Міне көріп отырсыздар, жыраулар сөзінде мағына тікелей берілмейді, ол тұспал арқылы, астар арқылы және коллективтік тәжірибені білдіретін символдар арқылы жеткізіледі. Және бір мысал:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтып күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтып күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып,
Таздар қайтып күн көрер;
Жалаңаяқ балапан
Қаздар қайтып күн көрер!?
Көк темір көсеу арқалап
Ерім қайтып күн көрер;
Қиыр қонып, шөл жайлап
Елім қайтып күн көрер!? ( Асан қайғы жырау, бұл да жоғардағы кітаптың 17 бетінде) – өлең риторикалық сұраулар арқылы әр объекттің болмысын сипаттайды, былай қарағанда автор соларды айтқысы келген сияқты, тыңдарманын бұлдыр әлемге апарады. Алайда, әр тірлік тәбиғаттың ыңғайына қарай тірлігін жалғастыра алатыны сияқты «үмітті» меңзейді.
Жыраулар аңсаған «жерұйық» ұғымы нақты географиялық кеңістік емес, халықтың идеал қоғам туралы арманы, рухани үйлесімнің моделі. Сол сияқты «заман азды», «ел бұзылды» деген тіркестер нақты бір тарихи фактіні емес, қоғамдық күйзелістің, құндылықтардың ыдырауының символдық формасын білдіреді. Мысалы, Асан Қайғы жырларында: кеңістік нақты емес, уақыт анық емес, бірақ мазмұн терең философиялық сипатқа ие. Немесе Бұқар жырау толғауларында, ханға айтылған сөздер нақты саяси кеңес сияқты көрінгенімен, олардың астарында тұтас дәуірдің моральдық моделі жатыр. Демек, жыраулар поэзиясындағы күңгірттік түсініксіздік емес, архетиптік жалпылау формасы. Бұл жерде поэзия нақтыны емес, мәнді, заңдылықты және болмысты бейнелейді.
Абай Құнанбайұлы поэзиясында күңгірттік жаңа деңгейге көтеріледі. Егер жырауларда ол архетиптік және символдық сипатта болса, Абайда күңгірттік — интеллектуалдық және философиялық құрылымға айналады. Абай поэзиясында сөздер өзінің бастапқы мағынасынан ажырап, концептуалдық категорияларға айналады. Мәселен, оның «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінде: «жүрек» эмоция ғана емес, рухани орталық, «ақыл» логика ғана емес, таным принципі, «қайрат» әрекет емес, ерік күші. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» дегенде Абай ақылды осы соңғы мағанасында алған. Философиялық тұрғыдан келіп ой мен сезімді бір-біріне қарама-қарсы мағанасындағы екі ұғым деп қараған Абай «суық ақыл» мен «ыстық жүрек» (ыстық сезім) бір-бірін толықтырады деп санайды. Осы екеуіне қайрат, жігер қосылса, адамның қасиеті кемеліне келеді деп есептейді.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек». (Заки Ахметов, «Абай» шығармаларының бірінші томы, 17 бет, Алматы «Жазушы» баспасы 1995) Өлеңде ақын нақты кеңес беріп тұрған жоқ, ол адамның ішкі болмысын модель ретінде ұсынып отыр, немесе өлең дайын мағына беріп тұрған жоқ, оқырманның түсінуін талап ететін философиялық құрылым жасап тұр. Тағы бір мысал:
«Сен де бір кірпіш дүниеге,
кетігін тап та, бар қалан» ( Абай, жоғарыдағы кітаптің 208 бетінде) - бұл жолда «кірпіш» — адам, «дүние» — қоғам, «кетік» — адамның орны. Бірақ бұл мағына тікелей айтылмайды, оқырман оны өзі құрастырады. Демек, Абайдағы күңгірттік абстракция арқылы жасалады, ойлау процесін талап етеді, мағынаны терең құрылымға айналдырады. Бұл күңгірттіктің интеллектуалдық формасы.
Мағжан Жұмабаев Қазақ поэзиясындағы күңгірттіктің ең айқын көрініс тапқан кезеңі. Оның поэзиясында бейне нақтыдан алыстайды, логика әлсірейді, эмоция мен интуиция (түйсік) алға шығады. Мағжан поэзиясында сыртқы шындықтан гөрі, ішкі күй, сезім динамикасы, рухани толқындар маңызды. Оның «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Мен жастарға сенемін», «Батқан күн, атқан таңның жыры», «Толқын» және «Мені де, өлім, әлдиле» т.б. өлеңдерін оқысаңыз мәтіннің меңзегені басқа ой екенін аңғарасыз. «Толқын» өлеңінде:
«Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
.........
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені – оның өлгені,
Жылай, күле өледі...», (135-136 беттер, «Мағжан Жұмабаев шығармалары», Алматы «Жазушы» баспасы, 1989). Өлеңде толқынның ғұмыры айтылған сияқты сезіледі, іс жүзінде ол өмірдің «талқысы».
Мағжан «Мені де, өлім, әлдиле» деген өлеңінде әртүрлі өлімнің елесін суреттеп көз алдыға әкеледі. Осы арқылы автор әрбір нәрсенің — мейлі ол нәзік жас қайың, майдандағы жас ұлан, шөлдегі жолаушы, 15 жасар бойжеткен немесе бесіктегі пәк нәресте болсын — бәрібір бір күні өлім құшатынын бейнелейді. Өлеңдегі өлім — қорқынышты, үрейлі құбылыс емес, керісінше, шаршаған, қажыған жанды жұбататын, әлдилеп тыныштандыратын «тәтті күй» ретінде көрсетеді. Оның «Мен жастарға сенемін» - деген өлеңі сырттай ұран сияқты көрінеді. Бірақ оның астарында ұлттың болашағы, тарихи үміт, рухани қайта туу идеясы жатыр. Яғни мәтін — тек қабат, ал негізгі мағына — астар кеңістігінде. Мағжанның өлеңдерінен «от», «қараңғылық», «күншығыс», «күнбатыс», «атқан таң», «батқан күн», «түн», «жел» және «алыс» сияқты образдары нақты табиғат құбылысы емес, ішкі күйдің символдары. Бұл образдар бір мағынамен шектелмейді, әр оқығанда жаңа түсінік береді. Демек, Мағжан поэзиясындағы күңгірттік көпмағыналы, эмоциялық және символдық жүйеге айналады. Бұл — күңгірттіктің эстетикалық және психологиялық формасы.
Жалпы күңгірттіктің архетиптері тек жыраулардың жырлары, Абай және Мағжандардың өлеңдерінен ғана байқалады дегендік емес, сонымен бірге, ол Қазаққа қатысты ежелгі дәуірдің әдеби нұсқаларынан да жиі кезігеді. Біз мақаланың көлеміне қарай оның барлығынан мысал алмадық. Жоғарыдағы жыраулар, Абай және Мағжан өлеңдері желісі арқылы теориялық тұжырым жасасақ та, күңгірттік кездейсоқ құбылыс емес, тарихи сабақтастыққа ие, поэтикалық сананың эволюциясымен бірге дамыған құбылыс екендігін көре аламыз. Кеңестік және бүгінгі кезеңдерді қоспағанда, оның алдыңғы дамуы, жырауларда архетиптік күңгірттік, Абайда интеллектуалдық күңгірттік, Мағжанда эстетикалық-психологиялық күңгірттік болып сипатталады. Бұл эволюция Қазақ поэзиясындағы күңгірттік сырттан енген тәсіл емес, Қазақ поэзиясының ішкі мүмкіндігінің табиғи дамуы екендігін дәлелдейді. Сондықтан оны бөтен құбылыс деп терістеу қателік болып есептеледі, бірақ жаңа ағым ретінде қарастыру да жеткіліксіздік етеді. Түптеп келгенде, күңгірттік Қазақ поэзиясының терең құрылымында жатқан, архетиптен модернге дейін үзілмей келе жатқан поэтикалық ойлау тәсілі болып табылады.
Міне біз мақаланың осы тұсына келгенде оқырманның, ендеше, Қазақ поэзиясында күңгірт өлең неге ағымға айнала алмады? деген сұрауына тап болатынымыз белгілі. Біз бұл сұрауға жауап беруден бұрын, алдымен әлем поэзиясындағы күңгірттік туралы аз аял жасағанымыз дұрыс болар. Иә, әлем әдебиетінде де «күңгірт поэзия» құбылысы болды. Бірақ маңыздысы — ол барлық жерде дәл Қытайдағыдай «күңгірт поэзия» деген жеке атаумен қалыптасқан жоқ. Көп жағдайда оның рөлін басқа әдеби ағымдар атқарды. Атап айтқанда, Қытай әдебиетінде күңгірт поэзия тарихи жағдайға байланысты нақты әдеби қозғалысқа айналғанымен, батыс пен әлем әдебиетінде көмескілік, астарлылық, символдық құрылым ретінде басқа ағымдардың ішінде дамыды немесе күңгірттік әлем поэзиясында жеке атаудан бұрын, поэтикалық ойлаудың белгілі бір формасы ретінде өмір сүрді.
Мысалы: ХІХ ғасыр соңындағы Француз символизмі күңгірт поэзияға ең жақын құбылыс болды. Шарль Бодлер, Стефан Малларме, Пол Верлен сияқты символист ақындар өлеңдерінде мағынаны тікелей айтудан бас тартты, символ арқылы сөйледі, поэзияны «ишара өнеріне» айналдырды.
Малларме: «Поэзияда әрқашан шешілмейтін бір жұмбақ болуы керек, әдебиеттің мақсаты — заттардың (құбылыстардың) өзін атау емес, оларды ишарамен сезіндіру, бұдан басқа мақсаты болуы мүмкін емес». Ол және: «Поэзияда тіл тек астарлы (жасырын) түрде ғана өмір сүре алады. Заттарды бақылаған кезде, бейнелер (имедждер) сол заттар тудырған қиял-ғажайып дүниеден қанат қағып көтеріледі, міне, поэзия дегеніміз — осы...» дейді. ( Лу Лудың бас редакторлығындағы, «Бетпе-бет: Танымал шетелдік ақындардың сұхбаттары мен сөздері» кітабі, 8-9 беттер, Бейжің: Бейжің баспасы, 2003 ж.) Бұл күңгірт поэзияның негізгі принциптерінің біріне келеді. Символистердің өлеңдерінде бейне толық ашылмайды, логика үзіледі, және сол мезгілдегі жағдай, атмосфера мағынадан маңызды болады. Мысалы: шығып келе жатқан «күн» үміттің, «аққу» жай құс болмағандықтан, рухани жалғыздықтың символы болуы мүмкін. Жалпы әлем әдебиетіндегі күңгірттіктің ең үлкен теориялық мектебі символизм десек болады.
Сонымен бірге, сананың күрделенуіне байланысты ХХ ғасырға келгенде, модернизмнің басқа ағымдары да күңгірт поэзияның үлкен кеңістігі болды. Т.С.Элиот, Эзра Паунд, Райнер Мария Рилке сияқты ақындардың поэзиясында мәтіндер бөлшектеніп, уақыттың ыңғайына қарай бейнелер логикалық байланыстан ажырай бастайды, оқырмандар белсенді түрде поэзияға түсіндірме жасауға мәжбүр болады. Мысалы, Элиоттың «Иен дала» поэмасы ондаған мәдени ишарадан, үзілген фрагменттер (бөлшектерден) және символдардан құралған. Оны бір оқумен толық түсіну мүмкін емес еді. Бұл күңгірттік поэзияның әлсіздігі емес, модерндік сананың күрделенгендігін көрсетеді.
ХХ ғасырдағы асқынреализм (Surrealism) поэзиясында бейсаналылық басымдық алып, күңгірттік тіпті тереңдей түседі. Бұл поэзияларда түс логикасы, бейақыл (иррационал) бейнелер маңызды рөл атқарады. Біз Америкалық ақын Ивор Уинтерстің (Yvor Winters 1900-1968) «Дәлдік» деген мына шағын өлеңін оқып көрейік:
«Бірде құдай қараңғыдан үн қатты,
өлі дыбыс тыныштыққа шым батты,
қалғып тұрып бұрылдым
ұйқы басып шөгіп кеттім тереңдеп.
Тыныстадым біртіндеп
түні бойы қанаттанған
ойдың қатты қаңқасында елеңдеп.
Өз бейнеммен
бетпе-бет боп келгем мен.
Менің бейнем тастар, ойлар және тас
шемен дене жатыр іште жылыстап,
айналды,
мұздай суық жаймаларда тыныстап.
Ызғар темірге ілінген,
ауасында мөрдің ізі білінген», (Өлең «Батыстың асқын реализм өлеңдерінен таңдамалылар» жинағынан аударылып алынды, 11 бет. Фужян өнер баспасы, 1978) – Өлеңдегі «дәлдік» адамның өз болмысымен, ішкі қараңғылығымен және мұздай суық шындықпен бетпе – бет келуі. Өлең өмірдің қуанышы туралы емес, адам болмысының өзгермейтін, «тас сияқты» суық әрі дәл шындығы.
Андре Бретон бастаған асқынреалисттер өлеңнің міндеті анықтық емес, сана астындағы қозғалысты беру деп есептеді. Сондықтан олардың мәтіндерінде мағына тұрақсыз, бейнелер құбылмалы, логика бұзылған сияқты көрінеді. Бұл күңгірттіктің психоаналитикалық формасы. Өзімізге белгілі Александр Блок, Андрей Белый, Борис Пастернак сияқты Орыс поэзиясы өкілдерінің өлеңдерінде де күңгірт образдар, мистикалық атмосфера және астарлы уақыт сезімі басым болды. Мысалы, Блоктың «Бейтаныс әйел» өлеңіндегі шулы қаланың мейрамханасында күн сайын кешкісін пайда болатын жұмбақ әйел нақты адам емес, дәуірдің рухани символы, ақын қиялындағы идеал.
Қызығы, күңгірттік тек модернизмге ғана тән емес, шығыс поэзияларында да, Жапонның хайку (Haiku) дәстүрінде де, Парсылық сопылық поэзияларда да жиі кезігеді. Мысалы: Омар Хайям, Хафиз шығармаланындағы «шарап», «сұлу», «бақ», «түн», «мас болу» және «күнә» қатарлы ұғымдар үнемі тура мағынасында бола бермейді. Қытайдың ескі өлеңдері мен Жапонның хайку дәстүріндегі өлеңдері ХХ ғасырдағы батыс модернизм ауқымының имажизм (ойбейнешілдік) ағымына (Эзра Паунд қатарлы ақындарға) ықпал еткенін біз жақсы білеміз.
Жалпы, әлем әдебиетінде «күңгірт поэзия» көбіне жеке атаудан бұрын, символизм, имажизм, асқынреализм сияқты ағымдардың ішкі қасиеті ретінде өмір сүрді. Одан қалса, күңгірттік ағымға қатыссыз әлемде әрекет жасаған түрлі поэзияларда да болды. Сондықтан, «күңгірттік» әлем поэзиясында сирек құбылыс емес, поэзия күрделенген сайын қайта туып отыратын универсалды эстетикалық заңдылық. Ал Қазақ поэзиясындағы күңгірттік те кездейсоқ емес, ол сыртқы еліктеу де емес, әлемдік поэтикалық эволюциямен үндес табиғи құбылыс деуге болады.
Олай болса, Қытай әдебиетінде бұл поэзия неге әдеби ағым деңгейіне жетті? Әрине, бұл нақты тарихи жағдайға байланысты. Әдебиет тарихы көрсеткендей, кез келген ағым кездейсоқ пайда болмайды. Оның тарихи негізі, идеялық қажеттілігі, эстетикалық жүйесі болады. Мысалы: Романтизм классицизмнің қатаң нормаларына қарсы тұрудан туды. Символизм адам санасы күрделенген кезде, оны бейнелеу қажеттілігінен пайда болды. Осы тұрғыдан алғанда, күңгірт поэзия да кездейсоқ құбылыс емес, белгілі бір рухани-тарихи қажеттіліктің жемісі болуға тиіс. Мысалы, Қытайда «мәдениет төңкерісі» кезінде немесе одан кейін ұраншыл тілден шаршау, рухани жарақат, ішкі күйзеліс, тұйықталу көп болды. Сонымен ақындар, әсіресе, жас ақындар астарлы, көмескі және символдық өлеңдер жаза бастады. Осылайша күңгірт поэзияның негізі қаланып, жұрт назарын өзіне бұра бастады. Заманауи адам көпқабатты ойлайды ғой, ойлаған сайын сезім де сансаққа кетіп, сана күрделенеді. Міне сөйтіп поэзия жаңа мазмұн, жаңа поэтикалық форма талап етеді. Әдеби дамудың ішкі логикасы бойынша, бұл поэзия уақытпен бірге өзгеріп, формалық эволюциядан өтті. Олай болса, күңгірттік осы эволюцияның бір кезеңі. Енді бұған сыртқы ықпал мен ұлттық бейімделуді қосыңыз. Айталық күңгірт поэзияға әлемдік модернизм де әсер етті, бірақ ол ұлттық тілге, мәдениетке бейімделгенде ғана өміршең болмай ма? Былайша айтқанда, жаңашылдық пен ұлттық негіз болғанда ғана тұрақты ағым қалыптасады. Жоғарыда айтқанымыздай, Қытайда күңгірт поэзия (朦胧诗) нақты тарихи жағдайда пайда болды, белгілі бір буынның ортақ тәжірибесін білдірді, сөйтіп, әдеби ортада атауы қалыптасты, теориясы жазылды, өкілдері таныстырылды. Сонымен ол жеке құбылыс емес, ұйымдасқан әдеби қозғалысқа айналды.
Енді біз жаңағы Қазақ поэзиясында күңгірт өлең неге дербес ағымға айналмады? деген сұрауымызға жауап беріп көрейік. Күңгірт поэзия Қытай әдебиетіндегідей тұтас әдеби ағымға айналып, белгілі бір эстетикалық мектеп қалыптастырмаса да, бұл Қазақ поэзиясында күңгірттік мүлде болмады дегенді білдірмейді. Керісінше, Қазақ поэзиясында күңгірттік ежелден бар поэтикалық қабат ретінде өмір сүрді. Бұл туралы біз жоғары да, күңгірт өлең тарихи, әлеуметтік және әдеби себептерге байланысты ұйымдасқан әдеби бағыт дәрежесіне көтеріле алмаса да, оның жыраулар поэзиясы, Абай және Мағжан шығармаларында ежелден бар екенін дәлелдеп, аздап аялдап өттік. Бірақ, ағым дәрежесіне көтеріле алмады. Бұл құбылысты төмендегідей бірнеше негізгі фактор арқылы түсіндіруге болады.
Алдымен, Қазақ поэзиясында күңгірттік белгілі бір кезеңде кенеттен пайда болған жоқ. Тек жүйесіз, ішкі қабат ретінде өмір сүрді. Оның элементтері біз жоғары да айтып өткендей жыраулар поэзиясында, Абай философиясында, Мағжан символизмінде және кейінгі модернистік ізденістерде (әсіресе, 90 және 2000 жылдардан кейінгі жастарда) әртүрлі формада көрініп отырды. Алайда бұл құбылыс бір эстетикалық бағдарға біріге алмады, поэзия былай болуы керек деген ортақ поэтикалық ұстаным немесе манифест (жарнама) жасай алмады, сондықтан, арнайы әдеби мектеп қалыптастырмады. Мысалы, жыраулардағы ишаралы сөйлеу, тек өмір қортындысы, бағдарға меңзеу сияқты тарихи-философиялық толғау ретінде көрінді. Бірақ жеке поэтикалық қалып ретінде танылған жоқ, өйткені, көшпелі тұрмыста ойды бір нұсқаға келтіретін мүмкіндік те жоқ еді. Абай Құнанбайұлы дәуірі де сондай. Абай поэзиясындағы философиялық тереңдік те күңгірттіктің интеллектуалдық формасына жақындағанымен, Абайдың өзі символистік не көмескі поэзия теориясын қалыптастырған жоқ. Неге десеңіз, Қазақтың ағартушылығы енді қалыптасып жатты және Абайша өлең «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, айналасы жұмыр келуі» керек болды. Ал Мағжан Жұмабаев шығармаларында бейне тұманданып, эмоция логикадан басым түсіп, символдық жүйе күрделенді. Бірақ Мағжанда да және оның маңайындағы ақындарда да ортақ эстетика ұстанып, әдеби теориялық бағдар жасап, тұтастанған ортақ топ жасай алған жоқ.
Одан кейін, Қазақ поэзиясында күңгірт ағымның қалыптаспауына ең үлкен әсер еткен факторлардың бірі — кеңестік әдеби саясат. Кеңес дәуірінде әдебиетке баса мән берілді. Өйткені әдебиет кеңес идеалогиясын қалыптастырудың тамаша мүмкіндігі еді. Алайда идеялық бақылауда болды, поэзиядан қоғамдық түсініктілік талап етілді, шығарманың «халыққа ұғынықты» болуы негізгі шарт саналды. Социалистік реализм эстетикасы поэзияны қоғамдық құрал ретінде қарастырды, символдық көмескіліктен гөрі, нақты ойды, айқын ұранды және идеологиялық мазмұнды жоғары қойды. Сөйтіп, поэзияда астарлы ой болғанымен, ол шектен тыс көмескіленуге мүмкіндік ала алмады. Салыстыра айтсақ, Қытайдағы «Мәдениет төңкерісінен» кейін туған күңгірт поэзия ұзақ уақыттық рухани қысымнан кейінгі жарылыс еді. Ал Қазақ әдебиетінде де толық еркіндік болмады деген күннің өзінде, күңгірттік тұтас буындық қарсылық формасына айналатындай әдеби кеңістік қалыптаспады. Керісінше, түсінікті жазу, идеяны ашық жеткізу және халықтық пафос поэзияның өзінде әдеби норма ретінде орнықты.
Және бірі, Қазақ поэзиясының табиғаты тарихи тұрғыдан, шешендікке, нақтылыққа, сонымен бірге, ойды тура жеткізуге бейім болды. Жыраулық дәстүрден бастап, тұрмыс қалыптастырған таным негізінде сөздің салмағы, ойдың айқындығы және афористік құрылым жоғары бағаланды. Қазақтың дәстүрлі өлең мәдениетінде де барлық адам хат сауаттық болмағандықтан, поэзия көбіне тыңдалатын өнер болды. Сондықтан көбінеки ауызша поэзияда дыбыстық қуат, тыңдаушыға тез қабылдату, әрі ортаға бірден әсер еттіру маңызды қызмет атқарды. Міне осы ерекшеліктер кейінгі оқырман психологиясына да әсер етті. Сөйтіп, Қазақ оқырманы көбіне ашық, эмоцияға бай, бірден ұғынылатын поэзияны қабылдауға бейімделді. Ал күңгірт поэзияның мазмұны баяу ашылады, кейде қайта оқуды талап етеді, әрі оқырманнан түсінік жасауды (интерпретация) сұрайды. Бұл басым көпшілік оқырманның поэтикалық қабылдау дағдысына сәйкес келе бермеді. Сондықтан, күңгірт поэзияның кең әлеуметтік оқырмандық базасы қалыптаспады.
Соңғы бірі, Қазақ әдебиетінде өлеңнің көмескіленуі, мазмұнының бұлыңғыр болуы, ұғынықсыз және түсініксіз деген ұғым болғанымен арнаулы атау қалыптасып, ғылыми тұрғыдан тұрақтанбады. 90 және 2000 жылдардан кейін әдебиетіміз Кеңестік бұғаудан босап, еркіндік ала бастағаннан кейін, поэзиямызға бұрын буржуазиялық әдеби тәсіл саналатын модернизм алдымен тамтұмдап, кейін дендеп кіре бастады. Әдебиетттің ардагерлер жағы бұдан бой тартқанмен, басым көп санды жастар жағы белсене араласып кетті. Бір атап өтерлігі бұл жолғы ауқым жыраулар дәуірі, Абай және Мағжан кездеріндегі ұстанымдарға ұқсамайтын еді. Өйткені жастар өздері модернистік, постмодернистік деп есептеген бұл өлеңдер барынша субъективтенген, ішкі әлемге дендеген өлеңдер еді. Бірақ жастардың ізденісі күшті болғанмен, модернизм және постмодернизм туралы түсінігі толық болмағандықтан құбылыс жүйеленбеді, әдеби мектеп ретінде танылмады және теориялық база болып қалыптаспады. Жастар жағы болмаса, жалпы Кеңестік кезеңде қалыптасқан басым көп санды оқырман жағынан құпталмады. Осылайша, Қазақ поэзиясында күңгірттік болды, бірақ «күңгірт поэзия» деген тұтас әдеби концепция толық қалыптаса алмады.
Жалпы, Қазақ поэзиясында күңгірт поэзияның ағымға айналмауы оның болмағанынан емес, ұйымдаспағанынан. Сондықтан, күңгірттік тарихи негізі бар, эстетикалық қажеттіліктен туған және поэзияның ішкі эволюциясында табиғи түрде пайда болған құбылыс болғанмен, жалпы оқырманның құптауынан өткен, теориялық негіз қалаған және ортақ бағытқа ұйысқан мектепке айнала алмады. Сөйтіп ол тек Қазақ поэзиясында поэтикалық ойлаудың табиғи ішкі қабаты ретінде сақталып қалды.
Күңгірт поэзия әдеби дамудың тәбиғи заңдылығы. Күңгірт поэзияны дұрыс түсіну үшін оны жекелеген «ерекше стиль» немесе кездейсоқ құбылыс ретінде емес, поэзия дамуының ішкі кезеңі ретінде қарастыру қажет болады. Өйткені поэзияның табиғаты тұрақты емес, ол дәуірге, ауқымға қарай үнемі қозғалыста, өзгерісте болатын көркемдік жүйе. Жалпы алғанда, поэзия дамуының ішкі логикасын шартты түрде даму жүлгесіне қарай үш қабатқа немесе кезеңге бөлуге болады: тікелейлік, күрделену және астарлау. Тікелейлік – айтар ойды ешқандай бүкпелемей ашық айту. Бұл бір жағынан поэзияның бастапқы кезеңдерін білдірсе, енді бір жағынан бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Күрделену – философиялық тереңдеу және форма жақтағы жетілу. Бұл кезең Қазақ әдебиетінде Абайдан бастау алады десек болады. Астарлану – көмескілену, символдану, ішкі әлемге ат басын бұру. Әлем әдебиетінде бұл Бодлер, Маллерме, Верлин сияқты ақындар бастаған символизмнен бастау алса, Қазақ поэзиясында Мағжан және одан бері қарайғы ақындарды белгі етеді. Поэзиядағы мұндай даму кездейсоқ емес, көркем ойдың табиғи эволюциясы. Адам санасы дамыған сайын, оның ойлау жүйесі күрделенеді, сезімі көпқабатты бола түседі, дүниені қабылдауы тереңдейді. Осыған сәйкес поэзия да, қарапайым баяндаудан күрделі бейнелеуге, астарлы құрылымға өтеді. Демек, күңгірттік жасандылық емес, күрделенген сананың поэтикалық формасы.
Поэзия тек хабар беру құралы емес, ол сезім мен ойды күрделі формада жеткізу тәсілі. Егер поэзия бәрін тікелей айтып, ашық алаңға айналса, ол прозаға жақындай түсер еді, тек қисынға түскен, ақпарат беретін публистикалық шығармалардан аумай қалар еді. Сондықтан, астарлылық, ойды басқа қырынан жеткізу поэзияның табиғи шарты. Ал күңгірттік осы астарлылықтың тереңдеген түрі болып табылады. Күңгірттік тек Қазаққа тән құбылыс емес. Мысалы: символизм, имажизм (ойбейнешілдік), асқынреализм (сюрреализм) және бейнелеушілдіктің (экспрессионизм) бәрі, тікелейліктен бас тарту, ішкі әлемді бейнелеу арқылы дамыды. Бұны жалпы алғанда, поэзияның универсалды, көп қабатты даму бағыты деп есептейміз. Ал Қазақ әдебиеті тұрғысынан айтқанда (жоғарыда да айттық), Абай Құнанбайұлы күрделіліктің, Мағжан Жұмабаев көмескіліктің бастапқы үлгісі. Бұл поэзиядағы арнайы ағым емес, табиғи өсу жолы. Сондықтан, күңгірт поэзияны таңдау емес, көркем ойдың ұзақ сапар барысындағы жетілу формасы десек болады. Былайша айтқанда, күңгірттік поэзияның ауытқуы емес, қайта оның табиғи тереңдеу процесі. Ол поэзияны жабық, оқырманнан оқшау тұйыққа қамамайды, керісінше оны көпқабатты, ойды жетілдіретін мағына кеңістігіне айналдырады.
Енді біз күңгірт поэзияның функцияларына (рөліне) аздап тоқталайық. Күңгірт поэзияны тек «түсініксіздік» деп қабылдау оның табиғатын үстірт түсіну болар еді. Шын мәнінде, ол поэзияның ішкі мүмкіндігін кеңейтетін, бірнеше деңгейде қызмет атқаратын күрделі көркемдік құбылыс. Оның функцияларын мына төрт деңгейде қарастыруға болады: поэзия, ақын, оқырман және мәдениет.
1. Поэия деңгейіндегі функциялар
Күңгірт поэзия түрлендіру арқылы поэзияның қалыптасқан формаларын бұзады, оны бір ізділіктен шығарады. Мысалы: дәстүрлі поэзияда ой тікелей берілсе, ал күңгірт поэзияда ой бөлшектеніп өлеңнің өн бойына сіңдіреліді және ишара арқылы беріледі. Сөйтіп, поэзия сарнатып есеп беруші емес, үнемі қозғалыстағы жүйеге айналады. Бұндай поэзия тоқырауға ұшырамайды. Осы барыста күңгірт поэзия дәстүрлі ұйқасқа тәуелді бола бермейді әрі жаңа формалар тудырып отырады, логикалық байланыстар үзіліп, бөлшектенген жаңа құрылым жасалады. Мысалы: ойдың үзік берілуі, образдардың күтпеген ауысуы. Бұл жаңа поэтикалық синтаксис қалыптастырады. Енді бір жағынан, ашық поэзияда кәдімгі тіл нақты, анық және логикалық болса, ал күңгірт поэзия сөзді символға айналдырады, мағынаны көпқабатты етіп, тілдің шекарасын кеңейте түседі. Мысалы: «түн» десек, ол жай уақыт емес, рухани күй немесе қоғамдық өмірдің белгісі болуы мүмкін; «жел» делінсе, физикалық қозғалысты емес, мазасыздықты немесе қоғамдық жағдайдың ыңғайсыз бір бөлігін меңзеуі мүмкін. Осы арқылы, тіл тек ақпарат беретін құрал емес, поэзияның мағына кеңістігіне айналады.
2. Ақын деңгейіндегі функциялар
Адам жаны әрқашан анық емес, кейде күтпеген қайшылықтарға толы болады. Күңгірт поэзия осы анық емес күйді дәл жеткізе алады және адамның ішкі күрделілігін ашып береді. Мысалы: нақты ой емес, «сезім түйіні» беріледі. Бұл психологиялық шынайылықтың жоғары формасы. Бұған қоса, ақын тек сыртқы әлемді емес, ішкі болмысты зерттеп, рухани тереңдікке бойлайды. Мұнда көкірегінде философиялық сұрақтар туындап, болмысшылдық (экзистенциалдық) күй пайда болады. Сөйтіп, поэзия ойлау құралына айналады. Және бір айта кетелігі, күңгірт поэзияда ақын дайын жауапқа сүйенбейді, өзі де ізденіс үстінде болады және өзін-өзі қазбалап, жақыннан тани бастайды. Яғни өлең дайын нәтиже емес, қозғалыс барысы, ақынның өзімен-өзі сырласқан ішкі диалогы және рухани жақтан жүргізген тәжірибесі.
3. Оқырман деңгейіндегі функциялар
Ашық поэзия оқырманға қанық, дайын мағына береді, ал күңгірт поэзия сұрақтар тастайды. Оқырманды ойлануға ынталандырып, өлеңнің бойынан мағына іздеуге мәжбүр етеді. Енді бірі, күңгірт өлең бір оқығанда толық ашыла қоймайды, сонымен оқырманды қайта оқуға итермелейді. Әр оқыған сайын өлең ашылып, жаңа мағыналар туындайды. Бұл поэзияның өмірін ұзартудың бір тетігі. Күңгірт поэзияның оқырманнан белсенділік талап ететіні тағы бар. Ол салыстырады, байланыстырады, ойланады және түісдірмелер жасайды. Нәтижесінде оқырман тұтынушы емес, өлеңге талдау жасаушыға айналады. Ең маңыздысы, күңгірт поэзияда мағына толық берілмей, бір бөлігі жасырын қалатындықтан, сол бос кеңістікті оқырман өзі толтырады. Нәтижесінде, оқырман шығармашылық субъектке, тең авторға айналады.
4. Мәдени деңгейдегі функциялар
Ашық поэзия тез қабылданады, бірден түсінікті болады, осылайша тез ұмытылады. Күңгірт поэзия бірден ашылмайды, әр дәуірде әр деңгейлі мән алып, қайта оқылады. Сондықтан онда уақытқа төзімділік бар, ұзақ өмір сүреді. Күңгірт поэзияның тек санаға емес, бейсанаға әсері тіптен күшті. Мысалы: түс, елес секілді образдар анық болмаса да, оқырманға әсерлі күй береді. Бұны поэзияның ең терең ықпал ету деңгейі деуімізге болады. Күңгірт поэзия оқу барысында ізденісіңе бірден нақты жауап бермейді, сұрақтар туындатады. Оның бұл ерекшелігі абстракт ойлауды күшейтеді және оқырманның философиялық пайымын тереңдетеді. Адам белгілі қоғамда жасайды, түрлі мәжбүрліктерге тап келуі мүмкін, былайша айтқанда, күңгірт поэзия сондай қоғамдық қысым кезінде тікелей айтпай ойын ишара, символ арқылы жеткізе алады. Бұны сөз еркіндігінің жасырын формасы деуге болады. Күңгірт поэзия ылғида эстетикалық ізденісте болады, ол поэзиялық қалыптасқан нормаларға қарсы келіп, әдебиетте «дұрыс» деп танылған форманы бұзып отырады, бұл оның рухани тәуелсіздігінің көрінісі.
Жоғарыдағы бірнеше ойды түйіндесек, күңгірт поэзияның функциялары поэзияны жаңартады, ақынды тереңдетеді, оқырманды белсенділікке жетелейді және мәдениетті байыта түседі. Біз бұдан күңгірт поэзияның әдебиеттің заңдылығын бұзып, оны қиырға салып, оқырманды сенделіске салушы емес, көркем ойдың кемелденген, күрделенген формасы екендігін аңғарамыз. Ол поэзияны тек оқылатын мәтін емес, ойланатын, сезілетін, бірге жасалатын кеңістікке айналдырады.
Күңгірт поэзияны дұрыс түсіну үшін оны ашық (дәстүрлі, тікелей) поэзиямен салыстыра қарастыру, әрине, қажет болады. Жоғарыдағы пайымдауларымыздан поэзияның тұтынушылары бізді тек күңгірт поэзияны дәріптеуші ретінде көріп қалуы мүмкін. Алайда біз ашық поэзияны жоққа шығарып отырғамыз жоқ, ол поэзияның негізгі бөлегі ретінде өмір сүре береді. Бұл екі тәсіл бір-біріне қарсы да емес, керісінше поэзияның екі түрлі жұмыс жүргізу механизмі.
Ашық өлеңде ой мен мағына көбіне тікелей беріледі. Оқырман мәтінді оқығанда негізгі идеяны бірден түсінеді, автордың не айтқысы келгенін тез қабылдайды және әсері де жылдам туады. Мысалы, Абай Құнанбайұлының:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз» - деген жолдарын алсақ, мұнда ой айқын, білімге ұмтылу, бос мақтаннан қашу дәріптелген. Бұл тікелей айтылған, тәрбиелік мәні бар, анық та, ашық поэзия. Оқырманға ешқандай қосымша түсініктеме беру қажет емес. Алайда мұндай поэзияның бір ерекшелігі бар, ол тез қабылданғанымен, көбіне сол деңгейде қалып қояды. Өйткені, мағына «ашық» әрі толық берілген, оқырман оны бірден игереді, қайта құрастыруға міндетті емес.
Ал күңгірт поэзияда жағдай мүлде өзгеше. Күңгірт өлең бірден ашылмайды, қайта оқуды талап етеді, және мағынасы дайын күйде берілмейді. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «Қараңғы, дауылды түн» өлеңі былай:
«Қараңғы, дауылды түн сар далада,
Патшалық құрған өлім айналада.
Шыраққа қолымдағы от тұтаттым,
Үмітпен біразырақ деп: «Жана ма?»
Тұрса да қара бұлттар көктен төніп,
Соқса да жел жынданып, өршеленіп,
Мың шүкір, әлсіз қолда әлсіз шырақ
Жылтырап жанған боп тұр, қалмай сөніп.
Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар,
Жарығы болмаса да жан таң қалар.
Сәулелі аспанда алтын, күміс нұрлы
Айбынды Күн мен Айға дәл парапар.
Менсінбес жөпшендіні көп маңғаздар,
Тең таппай, кекеп, мұқар сансыз паңдар.
Қайрылып қарамасын – «қап!» демеймін,
Табылар шыраққа көз салар жандар». («Мағжан Жұмабаев шығармалары» 1 том, 213 бет, Алматы «Жазушы баспасы 2013) Өлең тек табиғат суреті емес, ішкі жандүниенің арпалысы, қара бұлт, жел, жалғыздық, жанталас, шырақ, үміт. Бірақ өлеңнің мазмұны нақты айтылмайды, ол оқырманның қабылдауында ғана толық қалыптасады, қалыптасқанда да әр оқырман өзінше қортынды шығарады. Қытайдың күңгірт поэзиясының негізін қалаушылардың бірі, ақын Гу Чың оқырмандардың сұрауына жауап бергенде былай деген еді: «Бұл жаңа поэзияның (күңгірт поэзияны айтады М.Т) басты ерекшелігі — бәрібір де шынайылықта. Ол сыртқы дүниенің шынайылығынан ішкі жан дүниенің шынайылығына қарай, енжар бейнелеуден белсенді жасампаздыққа қарай ұмтылады. Түптеп келгенде, бұл күңгірттік емес, бұл эстетикалық сананың оянуы, бұған дейін беймәлім болып келген кейбір салалардың біртіндеп айқындала бастауы». («Күңгірт поэзияның сұрақ – жауаптары», (Қытайда шығатын «Әдебиет газеті», 1983 жылдың 24 наурыз күнгі саны) Жалпы таным бойынша да, күңгірт поэзияның басты ерекшелігі, онда жұрт ойлағандай мағына «жабық» емес, «ашық» болады. Яғни, әр оқырман өз тәжірибесіне қарай түсінеді, әр оқылым жаңа қыр ашады, мәтін бір ғана интерпретациямен (түсініктеулермен) шектелмейді. Сондықтан күңгірт өлең бір оқылмайды, қайта оқылады, дайын күйде қабылданбайды, оқырман тарапынан қайта «құрастырылады», жылдам әсер етпеуі мүмкін, бірақ ұзақ уақыт санадан кетпей сақталады.
Бұл жерде ең маңызды айырмашылық оқырманның рөлі. Ашық поэзияда оқырман қабылдаушы, тыңдаушы, тіке ұғынушы қызметін атқарады. Ал күңгірт поэзияда оқырман өлеңнің мазмұнын түсіндіруші, талдаушы рөлінде болады, тіпті ақынмен «тең автор» деңгейіне көтеріледі. Себебі өлеңдегі мағынаның бір бөлігі әдейі ашылмай қалдырылған. Сол бос кеңістікті оқырман өз тәжірибесімен, сезімімен және ойтолғағымен толтырады. Осы тұрғыдан алғанда күңгірт өлеңді оқырмансыз толық болмайтын поэтикалық құрылым десек болады. Тағы бір маңызды айырмашылық әсер ету сипаты. Ашық өлең тез әсер етеді, өзін сол сәтте-ақ оқырманға айпарадай етеді және дәл әрі нақты ой қалдырады. Күңгірт өлең баяу әсер етеді, өлең мен оқырман арасында ұзақ барыс сақталады, бірақ ойға терең сіңеді және уақыт өте қайта оралады. Қысқа қайырсақ, ашық поэзия бір сәттік айқындық, ал күңгірт поэзия ұзаққа созылатын ой кеңістігі.
Сонымен бірге күңгірт поэзияны түсініксіздікпен шатастыруға болмайды. Егер өлеңде ішкі байланыс жоқ, бейне кездейсоқ, ой мүлде бұлтақ, ұстатпайтын кереғар болса, онда бұл күңгірттік емес, поэтикалық әлсіздік. Нағыз күңгірт поэзияда мағына бар, бірақ жасырын құрылым бар, бірақ бірден көрінбейді. Қазіргі күңгірт өлең жазып жүрмін деген кей ақындардың өлеңдерінен бұл дерт үнемі байқалып тұрады. Күңгірттік тәбиғат заңдылығынан, адамның өмірінен, ішкі жандүниесінен және эстетикалық қалыптан тыс одан-бұдан үзіп алынып, құрастырылған нәрсе болса, оның салдары ақынның өзін де алдаумен барабар. Қорытынды, Ашық және күңгірт поэзия — поэзияның екі түрлі тынысы. Ашық өлең түсіндіреді, бағыт береді, тез әсер етеді. Күңгірт өлең сұрақ қояды, ойлантады, ұзақ өмір сүреді. Ең бастысы күңгірт поэзия мағынасы толық берілмеген поэзия емес, мағынасы оқырманмен бірге жасалатын поэзия. Сондықтан, ол поэзияны тек мәтін емес, тірі, үнемі жаңарып отыратын рухани кеңістікке айналдырады.
Қазіргі поэзиядағы және бір, ең күрделі әрі даулы мәселелердің бірі, поэтикалық субъект есептелетін «Мен» проблемасы. Әсіресе күңгірт поэзия төңірегіндегі пікірталастарда бұл мәселе алдыңғы қатарда деуге болады. Себебі бұл бағытта поэзияның негізгі қызметі ақынның ішкі әлеміне, жеке сезіміне, тіпті ұстатпайтын психологиялық сәттеріне аунайтындықтан, «мен» осы түйіндерді жеткізудің негізгі нысанасына айналады. Алайда дәл осы тұста поэзия жеке «Меннің» көрінісі ме, әлде қоғамдық сананың үні ме? дейтін негізгі қайшылық та туындайды.
Дегенмен поэзияда бұл екі түйткілді де жоққа шығаруға келмейді, екеуінің де өз дәйегі бар. Күңгірт поэзия алдымен, ішкі әлемді айшықтайтын жеке «Мен»нің бейнесі. Күңгірт поэзияның бұл өкілдері үшін «Мен» поэзияның басты өзегі. Олардың түсінігінде поэзия сыртқы шындықтың көшірмесі емес, ішкі күйдің көрінісі және сана ағынының поэтикалық формасы. Бұл жерде ақын қоғамды тікелей суреттемейді, оны өзінің ішкі қабылдауы арқылы береді. Мысалы: Мағжан Жұмабаев поэзиясында «Мен» жеке тұлға ғана емес, күрделі рухани әлем. Оның жалғыздық, аңсау, ішкі күйзеліс сияқты мотивтері нақты әлеуметтік жағдайды атамаса да, терең адамдық күйді көрсетеді. Және бір мысал ретінде Жұмыкен Нәжімеденовтың мына өлеңін оқиық, мазмұн бұзылмау үшін өлең толық алынды:
«Қара емен едім, жұт алды,
бүп-бүтін болам мен қайдан?
Сындырды бір бұтамды
Атылған оқ торғайға.
Менде бір емен деп қызып,
Шайқалар шағым бір тағы...
Бір бұтағымды кетті үзіп
əдепсіз желі арқаның.
Менде бір емен деп өсіп,
Барымды жайдым, барды айттым.
Түстіктің ыстық желі есіп
Жапырағымды сарғайтты.
Жапырағымды ал, алақаш,
Ойының жел-күз, қанбаса.
Атырау жағым жалаңаш,
Алатау жағым болмаса.
Мен де бір емен, жанымда
Жел үзген жапырақ үркіп жүр.
Сілтенген балта тамырға
Бұтақтарымды қырқып жүр...». («Үш томдық шығармалар жинағы» 2 том, 57 бет, Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012) Өлеңдегі «мен» қайта-қайта соққы алу, шарасыздық пен жалғыздық сияқты өз басынан өткен тағдыр тауқыметін және ішкі жан дүниесінің жарасын айтқысы келеді. Өлеңдегі «Емен» — тағдырдың дауылына, адамдардың қиянаты мен өмірдің ауыр соққыларына төтеп беріп, мүжіліп, жараланып тұрған мықты, бірақ шаршаған тұлғаның (ақынның) символы.
Жеке «мен»ді жақтаушылар күңгірт өлеңнің осындай қасиеттеріне сүйене отырып, поэзия көптеген «Мен»дердің жиынтығы, сондықтан жеке «Менді» ашу арқылы да қоғамды көрсетуге болады деп қарайды. Мұнысы құптарлық болғанмен, кейбір жағдайда жеке «Мен» қоғамнан үзіліп, шектен тыс субъективтенеді және нақты тірегін жоғалтып жатады.
Мәселенің енді бір басы болатын, реалистік бағыт есептелетін қоғамдық «Мен»ге де соғып өтейік. Бұл түрдегі көзқарас, поэзияның басты міндеті дәуір рухын көрсету, халықтың сезімін жеткізу деп есептейді. Мұнда «Мен» жеке тұлға емес, белгілі дәуірді айшықтайтын қоғамның бір бөлшегі ретінде көрінуі керек. Мысал: Абай Құнанбайұлы поэзиясында «Мен» жеке емес, қоғамдық деңгейде сөйлейді: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым». Бұл жерде ақынның «Мені» халықтың «Мені» мен бірігіп кеткен. Яғни, ақын — жеке адам емес, халықтың үні. Бұл бағыттың күші түсініктілік, әлеуметтік тереңдік және тарихи өміршеңдік. Бірақ әлсіз тұсы: Егер бұл бағыт шектен тыс күшейсе, поэзия ұранға айналады, жеке тереңдік жоғалады. Әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың мына өлеңін көрейік:
«Қабағы таудың қатулы,
Қар жауа ма, қайтеді?!
Бұлақтар мұнға батулы,
Мұз тұра ма, қайтеді?!
Ай туыпты шалқалап,
Шатынап аяз болар ма?!
Тыныстай қапты шартарап,
Шарқ ұрып дауыл соғар ма?!
Жапсаң жап тауды, қыратты,
Жаусаң жау, ақ қар, үш апта!
Бұйығып жатқан бұлақты
Бұрқана келіп құшақта.
Дала, орман тегіс ілбіпті,
Соқсаң сок, дауыл, серпіл бір!
Мына бір бейқам тірлікті
Желпіндір, дауыл, желпіндір.
Шалқадан туған Айды да
Орақ қып көкке шаншып қой.
Жол ашсаң мұңға, қайғыға
Тірлігің онда мансұқ қой». («Аманат» өлеңдер мен поэмалар жинағы, 71 бет, Алматы «Атамұра» баспасы, 2002) Бұл өлеңдегі «мен» табиғаттың серпе соққан бораны мен қатал мінезі арқылы бейқам, бірсарынды және тоқырауға түскен өмірді желпінтіп, оятуды меңзейді. Өлеңде тоқырауға наразылық бар, «мен» сілкініс іздеп, рухты оятып, тіршіліктің мәнін күреспен дәлелдегісі келеді, бұны сол ақын жасаған реал қоғамға да телуге болады.
Қазіргі жас ақындар поэзиясында немесе «мен»інде еркіндік бар, формалық ізденіс пен жаңа тіл қалыптасқан. Бұл — оң құбылыс. Бірақ кейбірінің өлеңдерінде ой жүйеленбей жатады. «Мен» шектен тыс жекешеленіп, әлеуметтік байланыс әлсіз көрінеді. Сөйтіп жастардың күңгірт жазылған өлеңдеріне оқырманның көңілі толмай, сыни пікір көп туындайды. Алайда маңыздысы, жастарды жоққа шығаруға болмайды, олардың ізденісі поэзияға серпін береді, арнасын кеңітеді. Сондықтан, олардың ізденісін үздіксіз қолдап, ізденісін бағдарлап отырған дұрыс. (Ескерту: Жастар поэзиясы, әсіресе, олардың күңгірт поэзиядағы ізденісі мен «мен»і туралы және бір мақаламызда толық тоқталатын боламыз).
Мақаланың осы тұсына келгенде, оқырман бізді ашық поэзияны тәрік етіп, күңгірт поэзияны дәріптеуші ретінде тануы мүмкін. Ісжүзінде күңгірт поэзия тұтас әлем поэзиясы дамуының бір ершімі ғана. Онымен тұтас поэзияның доңғалағы релістен шығып кетпейді. Бірақ күңгірт поэзияны құптамайтындар да аз емес және олардың өз дәріптемелері де бар. Десе де, күңгірт поэзияға қарсылық кездейсоқ немесе тек «түсінбеуден» туындайтын құбылыс емес сияқты. Ол поэзияны қабылдаудың әртүрлі мәдениеті мен дағдысынан туындайтын заңды реакция болса керек. Көптеген оқырман поэзиядан дайын мағына, анық ой, бірден мақсатқа жеткізетін әсер күтеді. Ал күңгірт өлең мағынаны жасырады, оны бірден ашып жібермейді, ақынның ойы тез бой көрсетпейді, оған оқырманның белсенді қатысуын талап етеді. Сондықтан ол: «қиын», «түсініксіз», «жат», «мәнсіз», «азап» болып көрінеді. Дәл осындай мәселелерден әдеби ортада мынадай позициялар қалыптасуы мүмкін.
(1) Қолдаушы бағыт. Олар күңгірт поэзияны дәуірдің талабы деп есептейді. Бұл бағыт өкілдері күңгірт поэзияны тарихи қажеттілік, жаңа эстетикалық кезең және жас ұрпақтың ішкі үні ретінде бағалайды. Олардың пікірінше, поэзия саясаттың құралынан босап, жеке сана мен еркін ойдың кеңістігіне айналуы керек. Мысалы: Мағжан Жұмабаев поэзиясында нақты үгіт жоқ, бірақ терең ішкі күй бар. Оның түн, жел, от образдары нақты зат емес, рухани күйдің символы. Бұл ашық поэзиядан бас тарту емес, ішкі тербелісті, жандүниені бейнелейтін поэзияға көшу. Күңгірт поэзия поэзияның еркіндікке жеткен сәті дейді қолдаушылар.
(2) Сыншыл бағыт. Бұлардың ойынша, күңгірт поэзия әдебиеттегі дағдарыстың белгісі. Бұл бағыт күңгірт поэзияға күмәнмен қарайды. Олардың негізгі уәждерінің бірі, күңгірт поэзияны көркемдік емес, «түсініксіздік» деп білуі. Егер өлең бірнеше рет оқылса да ашылмаса, нақты ой бермесе, онда ол көркемдік жетістік емес. Мысал ретінде олар көбіне классикалық поэзияны алға тартады. Абай Құнанбайұлы өлеңдері түсінікті, бірақ терең. Мысалы:
«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан» – мұнда ой анық, бірақ философиялық салмақ та бар. Осы кездегі сыншылардың көбі де, өміршең поэзия ашық, түсінікті поэзия деп қарайды. Олардың қарауынша, күңгірт поэзия жеке сезімге ғана сүйенеді, қоғамдық мазмұнды әлсіретеді әрі қоғамнан алшақтатады. Сондықтан олар оны «өзін арқау еткен поэзия» деп бағалайды. Сыншыл бағыттағылар және «түсінбесең — деңгейің төмен», «жақсы өлең міндетті түрде қиын болуы керек» дейтін бір жақтылы пікірлерді сылтау етіп, мұны олар әдеби элитаризм, оқырманды менсінбеу деп есептейді. Сонымен бірге, олар қазіргі қоғамда уақыт шектеулі, оқырман жылдам қабылдауға үйренген, сондықтан, тым күрделі поэзия кері шегіндіреді, сұранысқа сай емес деп есептейді. Алайда бұл қарсылықты тек «дұрыс» немесе «бұрыс» деп қарастыру жеткіліксіз. Шын мәнінде бұл ой деңгейінің айырмасы емес, қабылдау мәдениетінің айырмасы. Ашық поэзияға үйренген оқырман дайын мағына күтеді. Күңгірт поэзия оны бермейді, сол үшін ол жат көрінеді.
(3) Теңгерімді көзқарас. Бізше ең өнімді позиция осы болар. Бұл ең маңызды әрі ғылыми тұрғыдан орнықты бағыт. Бұл көзқарас бойынша, поэзия толық ашық болмауы керек, бірақ толық жабық та болмауы тиіс. Қағида бойынша поэзияда астарлылық болу керек, бірақ астарлылық түсініксіздіктің орнын алмағаны жөн. Мысалы, біз жоғарыда келтірген Абайдың және Мағжанның өлеңдерінен мыналарды аңғарамыз: Абайда өлең түсінікті, ой салады және қоғамдық астары бар; ал Мағжанның күңгірт деген өлеңдерінде көмескілік болғанмен, өлең құрылымы берік. Екеуінің өлеңдері әртүрлі деңгейде болса да, поэзиялық бағыттарында ұқсастық болмаса да, поэзияның формасынан, құрылымынан, тіл ұштартуынан және эстетикалық талабынан айныған жоқ.
Мынаны да ескере кеткеніміз жөн сияқты. Біз қазір дәстүрлі поэзияның даму шегіне шығып, енді жаңаша поэзиялық ізденістерге ден қоя бастадық деп ойлаймыз. Бұл жағындағы ізденістер 90, 2000 жылдардан басталғанын, бұл жағында жастардың белсенді болғанын мақаланың алдыңғы бөліктерінде ескертілген де еді. Күңгірт поэзия да сол жаңаша поэзияның бір пұшпағы. Жаңаша поэзия бірден қабылданбауы заңды. Уақыт өте оның мағынасы ашылады. Оқырмандардың оған ой бөлетініне де сенуге болады. Жас ақындардың, ішінара баршын тартқан ақындардың бұл туралы ізденісі құнды құбылыс деуге болады.
Жинақтай айтқанда, күңгірт поэзияға қатысты пікірталас түсініктілік пен тереңдік, дәстүр мен жаңашылдық және оқырман мен автор арасындағы күрделі қатынасты көрсететіні анық. Күңгірт поэзияға қарсылық, оның әлсіздігінен емес, оның қабылдау тәсілінің өзгешелігінен туындаған. Ал бізше, ең дұрыс ұстаным күңгірт поэзияны не толық жоққа шығару, не толық дәріптеу емес, оның поэзиядағы табиғи орнын тану.
Күңгірт поэзия — поэзия дамуының табиғи кезеңдерінің бірі болғанымен, оны абсолюттендіріп жіберу немесе тек оң құбылыс ретінде қарастыру біржақты көзқарас болар еді. Объективті талдау үшін оның ішкі шектеулерін, көркемдік мүмкіндіктерін және болашақтағы орнын қатар қарастыру әрине қажет.
Алдымен, күңгірт поэзияның басты қаупі, оның табиғи астарлылықтан, меңзеуден шығып, жалған күрделілікке айналу мүмкіндігі де бар. Жалған күрделілік. Кейбір өлеңдерде күрделілік, мазмұннан емес, жасанды тәсілдерден туындайды. Мысалы: өлеңнің мазмұнына қатыссыз кездейсоқ образдар тізбегі, байланыссыз ұқсатулар мен метафоралар және логикасы үзілген құрылым. Мұндай жағдайда, күрделілік тереңдік қалыптастыра алмайды, қайта, поэтикалық әлсіздікті жасыратын, оқырманды адастырып әдейі басқа соқпаққа салатын тәсілге айналады. Мағынасыз көмескілік. Күңгірттік пен түсініксіздік бір нәрсе емес екенін біз жоғары да бірнеше рет қайталадық. Егер өлеңде ішкі байланыс болмаса, образдар әр жаққа қарап, бір-бірімен толық сәйкеспесе, оқырман өлеңнің ойын ешқандай «із» кесіп бөгенейлей алмаса, онда бұл эстетикалық көмескілік емес, мағына бере алмайтын сөз тізбегінен құралған бос кеңістік болар еді. Күңгірт поэзия оқырманды белсенді ете алады. Бірақ шектен шықса, оқырманды толық ығыстырып жібереді. Сөйтіп, өлең тек автордың меншіктеліп, өз ішінде қалады, оқырманмен байланысын үзеді.
Енді бірі, көптеген шектеулерге қарамастан, күңгірт поэзияның көркемдік мүмкіндігі өте жоғары. Бұны біз жоғары да жекелей жіктеп айтпасақ та, әр мазмұнға сіңіріп айттық. Десе де жекелей пысықтап айта кету артықтық етпес. Адам санасы әрқашан анық емес, кейде толықсып, кейде үзік-үзік қалпында, кейде жымдасып, кейде қайшылықты күйде болады. Күңгірт поэзия дәл осы күйді бере алады. Бұл психологиялық шындықтың күрделі формасы. Күңгірт поэзияда, бір образ бірнеше мағына беруі мүмкін. Мысалы: «түн» бір жағынан уақытты білдірсе, өлеңдегі ойдың ыңғайына қарай кейде жалғыздық, қорқыныш, тұйықталу сияқты мән алуы мүмкін. Құдды сол сияқты «жол» із түскен соқпақ, өмір, тағдыр, ізденіс және нұсқау сияқты түрлі мәнге телінуі мүмкін. Осы арқылы өлең бір деңгейде емес, бірнеше деңгейдегі көп қабатты мүмкіндігі бар мағынада оқылады. Ашық поэзияда бейне тұрақты болады дедік, ал күңгірт поэзияда бейне қозғалыста, өзгермелі күйде болады. Заманауи адамның миында ақпарат көп, ойы бөлшектенген, сезімі күрделі және бір қалыпта тұрмайды. Сондықтан күңгірт поэзия сананың осы табиғатына сәйкес келеді. Сол себепті, күңгірт поэзия жастар арасында сұранысқа ие, жаңа эстетикалық кеңістік қалыптастырудың тетігі.
Күңгірт поэзия көбіне жас ақындармен байланысты. Жас ақындар дәуірдің шынайы өнімі, ізденіс үстінде жаңа форма табуға ұмтылады, жалған пафостан бас тартады. Бұл — поэзияның дамуы үшін маңызды. Күңгірт поэзияның мүмкіндігі кең, бірақ тәуекелі де жоғары. Ол бақылаусыз қалса позияны әлсіретуі мүмкін, бірақ ол үздіксіз қозғалыста болғандықтан, поэзияны тереңдете береді. Сондықтан күңгірт поэзияны мақсат деп қарамай, поэзияны күрделендірудің, байытудың, үздіксіз ізденіске жетелейтін бір тәсіл деген жөн.
Қазіргі Қазақ поэзиясындағы күңгірттікке қатысты пікірталас шын мәнінде жеке шығармалар туралы дау емес, ол — поэзияның табиғаты туралы екі түрлі эстетикалық көзқарастың қақтығысы. Бұл пікірталас бізді: Поэзия міндетті түрде түсінікті болуы керек пе? Күңгірттік (көмескілік) көркемдіктегі кемшілік пе, әлде эстетикалық мүмкіндік пе? деген сұрауларға жетелейді. Бұл жерде мәселе мәтіннің өзінде емес, поэзияны қабылдау моделінде жатыр. Маңызды теориялық тұжырым «түсіну» категориясы. Күңгірт поэзияны талдаудағы ең маңызды методологиялық қателік — «түсінуді» абсолютті, біркелкі өлшем ретінде қарастыру. Алайда теориялық тұрғыдан, «түсіну» — объективті емес, субъективті процесс. Ол бірнеше факторға тәуелді: оқырманның мәдени деңгейі, эстетикалық тәжірибесі, символдық ойлау қабілеті және тарихи-әлеуметтік жағдайы. Сондықтан бір өлең бір оқырманға айқын көрінуі мүмкін, екінші оқырманға толық көмескі болуы мүмкін. Демек, «түсініксіз» деген баға — мәтіннің сапасы емес, оқырман мен мәтін арасындағы қатынастың деңгейі. Екі көзқарасты салыстырғанда, поэзия туралы екі түрлі модель бой көрсетеді: біреуі, поэзияны ашық байланыс жүйесі деп түсінеді, екіншісі, поэзияны көпқабатты белгілер жүйе деп түсінеді. Жаңашылдық пен дәстүрдің үйлесіміне келсек, поэтикалық даму үшін тағы бір маңызды принцип, жаңашылдық ұлттық негізден ажырамауы керек. Бұл дегеніміз форма жаңаруы мүмкін, тілдік құрылым күрделенуі мүмкін, символдық жүйе тереңдеуі мүмкін, бірақ, ұлттық поэтикалық ойлау үзілмеуі тиіс, мәдени жады сақталуы керек.
Жалпылай қортындыласақ, күңгірт өлең Қазақ поэзиясына сырттан келген құбылыс емес. Ол поэзияның ішкі эволюциясында міндетті түрде пайда болатын тереңдіктің формасы. Күңгірт поэзия жат емес, жасанды емес, кездейсоқ емес, ол поэтикалық ойлаудың табиғи күрделенуі. Күңгірт поэзия түсініксіздік емес, ойлаудың кеңеюі мен тереңдеуі. Ол поэзияны жабық етпейді, керісінше, оны көпмағыналы кеңістікке айналдырады, оқырманды пассив қабылдаушыдан белсенді интерпретаторға айналдырады. Қысқасы, Қазақ поэзиясындағы күңгірттік әдебиеттің дағдарысы емес, қайта оның күрделену арқылы кемелдену барысы.
Мырзағали Тоқтаубайұлы,
ақын, әдебиеттанушы
Abai.kz