Ирандағы соғыс: Қосбиліктің салдары...
Алдымен Иран президенті Мәсуд Пезешкианның отставкасы жайлы мәлімет тарады.
Ол елдің жоғары басшысы кіші-Хаменеиге өтініш жазыпты-мыс. Қызметтен кету себебін «елді қазіргі жағдайда басқару мүмкін еместігімен» түсіндірсе керек. Соңынан оның аппараты да, үкіметтің баспасөз қызметі де мұны жоққа шығарды.
Артынша Пезешкианның үкімет жиынына қысқа жең жейдемен қатысқаны жайлы мәлімет, суреті тарап кетті. Жейдені былай қойғанда, Иранның басқару орнында басшының қысқа жең киіммен келуі - тосын жай. «Отставка өтінішінен» бұрынғы оқиға болса да, бұл - назар аудартарлық жайт. Ал кейінгі оқиға болса, астары бар деген сөз.
Жиында президент кондиционерді өшіріп, уәзірлеріне міндетті түрде «бешпент кимеу» жайлы айтыпты. Яғни, айтқаны электр қуатын осылай да үнемдеу керек дегенге саяды.
Иран үкіметінде «отставкамен» үркіту бұрын да болған, бірақ үкімет басшысының сондай әрекеті бірінші рет байқалып отыр. Бірнеше жыл бұрын Иран сыртқы істер уәзірі, мінезі қызбалау Жавод Зариф әлеуметтік желіде қызметтен кеткенін жариялаған. Бұл - батыспен арада ядролық бағдарлама жайы талқыланып, біріккен әрекеттерге қадам басқан тұс болатын.
Сол кезде ел ішінде Зариф қатты сыналған, тіпті «сырттың адамы» деген сөз тараған. Кейбіреулердің есіне оның Иран-Ирак соғысы кезінде АҚШ университетінде оқып, «жайлы жақта» жүргені түсіп кеткен.
«Отставкасы» жайлы постынан кейін де ол жым-жырт қызметін жалғастыра берген. Кейін постын алып тастаған. Бұл жағдайға сонда ешкім түсінік бермеген.
Бір ай бұрын Иран парламенті жұмысын жалғастырып, депутаттар қайтадан бас қоса бастаған. Соғыстан кейінгі бұл сессияда мәжілісте «картоп жаратындар» қаптап кеткен. Күнделікті мәжілістен естілген мәлімдемелерге салсақ, бүгінге дейін мәселе бір жақты болып қалуы керек еді, бірақ АҚШ-пен келіссөз қайта-қайта тығырыққа тіреліп жатыр.
Ораза айты өтті, Құрбан айт өтті. Алда АҚШ-та «футбол айты» келе жатыр.
Сол қарсаңда Иран президентінің «отставкасы» жайлы хабардың тарауы Иран билігінде АҚШ-пен келіссөз туралы бірыңғай көзқарас қалыптаспағанын көрсетеді.
Ал 3 маусым шамасында 28 ақпанда қаза тапқан аятолла Хаменеидің мәйіті жерленбекші. 3 маусым - 1989 жылы үлкен аятолла, революционер имам Хомейни қайтыс болған күн. Сол кезде Иракпен соғыс аяқталып, ел есін жинай бастаған кез еді. Хаменеи Хомейнидің орнына ұсынылып, жұлдызы жарқ ете қалған.
Осындай оқиғалар фонында АҚШ келіссөз жасауға болады деп межелеген Иран үкіметі басшысының «қызметтен кетуі» бір жағы елдегі әскери билікке қарсы наразылықты да білдіреді.
Ислам революциясы сақшылары корпусы соңғы кезде өз дербестігін, дербестігінен де гөрі өктемдігін көрсете бастаған. Тіпті Пезешкиан үкіметінің сыртқы министрі, келіссөз миссиясы жүктелген Аббас Арақчидің үкіметке бағынбай корпустың сойылын соғып кеткені айтылады.
Мұның бәрі елдегі қосбиліктің салдары қандай боларын көрсетеді.
Қуанышбек Қари, ирантанушы
Abai.kz