Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3075 0 пікір 16 Қыркүйек, 2011 сағат 07:07

Ырысбек Дәбей. Бөкейханов бейнесін қалай елестетеміз

«Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалайда қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!». Қарашаның қамын күйттеп, Ұлы мұрат жолында шаһит кешкен Әлихан Бөкейхановтың жарық дүние есігін ашқанына биыл - 145 жыл. 13 қыркүйек күні Астанада «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, «Азаттық» радиосының Қазақ редакциясы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткені жайлы біраз ел құлағдар. Күллі жұр «бәйіт айтып, баян қылмаса да» «бетегелі Сары арқаның бойында» елім деген ерге тағзым жасалды. Бұған да шүкір.  Осы орайда Әлекең туралы, ол кісінің адами болмысы, кісілік мінез-құлқы, тұлғалық қасиеттері төңірегінде аз-кем мәслихат құрған едік...

 

Шоқан мен Әлихан

Мәмбет Қойгелдиев

тарих ғылымдарының докторы,

профессор:

«Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалайда қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!». Қарашаның қамын күйттеп, Ұлы мұрат жолында шаһит кешкен Әлихан Бөкейхановтың жарық дүние есігін ашқанына биыл - 145 жыл. 13 қыркүйек күні Астанада «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, «Азаттық» радиосының Қазақ редакциясы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткені жайлы біраз ел құлағдар. Күллі жұр «бәйіт айтып, баян қылмаса да» «бетегелі Сары арқаның бойында» елім деген ерге тағзым жасалды. Бұған да шүкір.  Осы орайда Әлекең туралы, ол кісінің адами болмысы, кісілік мінез-құлқы, тұлғалық қасиеттері төңірегінде аз-кем мәслихат құрған едік...

 

Шоқан мен Әлихан

Мәмбет Қойгелдиев

тарих ғылымдарының докторы,

профессор:

- Тағдыр оның маңдайына жаңа сапа және мазмұндағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі болу міндетін жазған екен. Осы ретте мынадай бір жағдайды еске алмасқа шарам жоқ. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1866 жылы Балқашқа құятын Тоқырауын өзенінің бойында өмірге келді. Соның алдында ғана, яғни, 1865 жылдың көктемінде Балқаштың оңтүстік шығыс іргесінде Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өмірден озды. Оның ең соңғы жазған ғылыми еңбегі «Сот реформасы туралы жазбалар» деп аталады. Сыни ұстаным тұрғысынан жазылған бұл еңбегінде ол «христиан және отырықшы орыс тұрғындары үшін даярланған өзгерістік шаралар» «менің отанымда» сол күйінде енгізілетін болса, онда одан ешқандай да жағымды нәтиже болмақ емес» деген тұжырымға келді. Бұл ұлы ғалымның империя құрамындағы елінің ендігі жағдайына араша түсуі ғана емес, сонымен бірге сезіктене қарауы да еді.

Өмірге Шоқанның ізін ала келген Әлихан Нұрмұхамедұлы 1867-1868 жылдардағы орыс әкімшілігі енгізген басқару жүйесі жағдайында ер жетіп, есейді де сол ғасырдың соңында ресейлік реформалық шаралардың түбінде қазақ елін біржола жоюмен аяқталатынын байқап, жаңа сапа және мазмұндағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысын бастау ісін қолға алды. Оқыған, білімді азаматтары саусақпен санарлық сол тұстағы қазақ қоғамы жағдайында бұл өте ауыр іс болатын. Оның бұл бастаған ісін замандас серігі Ақаң кезінде:

Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!- деген өлең жолдары арқылы бағалаған еді.

Осы арада мынаны айтқан жөн. Шоқан Шыңғысұлы үшін де, сол сияқты Әлихан Нұрмұхамедұлы үшін де Ресейлік билікке қатысты негізгі іргелі мәселе бұл - биліктің қазақ қоғамында жүргізген реформалық шаралары мен басқару жүйесінің ішкі мазмұны еді. Түптеп келгенде ұлттың тағдырын шешетін осы екі фактор-тын. Сондықтан Әлихан Бөкейхановтың көзқарастық ұстанымы мен әрекеті өзінен бұрынғы қазақ ойшылдары мен саяси қайраткерлерінің (К. Қасымұлы, И. Тайманұлы ж.б.) қызметінің жаңа тарихи жағдайдағы жалғасы болатын.

Осы ретте Ә. Бөкейхан мен оның серіктерінің көзқарас ұстанымындағы мынадай ерекшеліктерді бөліп атаған жөн. Шоқанның өмірі мен қызметі орыс билігінің қазақ қоғамына терең бойлап еніп келе жатқан мезгіліне тұспа-тұс келсе, Әлихан Нұрмұхамедұлының кемеліне келген шағы - билік жүйесінің дағдарыстық кезеңге енуімен сипатталады. Егер Шоқанның ғұмыры ерте қиылмамағанда қазақ қоғамының жағдайына байланысты Ә. Бөкейханов жасаған тұжырымға ол дағы келетін еді. Шоқанның замандас жақын досы Г. Потанинннің Алаш қозғалысының басшыларымен пікірлес қана емес, ұлт мәселесінде олармен бір ұстанымда болуы осы пікірге негіз бола алады.

Әлихан Бөкейхановтың өзі де, ол бастаған топ та өмірлік оптимизмге сүйенді, ал олардың оптимизмінің негізінде қоғамдық процестерді ғылыми талдауға алу ісі жатты. Абай өз заманындағы қазақ шындығына байланысты «өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң өз ырқың» деген тұжырымға келеді. Өйткені Абай жалғыз еді.

ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған топ мүлдем басқа ұстанымда болды. Олар сан жағынан аз болғанымен, ұлт болашағы үшін қайрат-жігер таныта алатын әлеуметтік күш еді. Біліммен қаруланған зиялылар тобы өздерінің ағартушылық қызметі арқылы халықты соңына ертіп, оның өмірін өзгерте алатындығына сенімді болды. Ұлтқа арнап кітап, газет, журнал шығарды. Сол арқылы қазақ сөзінің мән-мағынасын жаңа сапа-сатыға көтерді. Зиялылар мен олар жазған сөз қоғамдық күшке айналды.

Бұл іргелі де мақсатты істің басында Әлихан Бөкейханов пен оның идеялас серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты тұлғалар тұрды. Әлекең мен оның серіктері бастаған іс көп ұзамай-ақ өз нәтижесін бере бастады. Ұлт болашағы мен оның мүддесі үшін өмірін арнауға әзір жаңа буын, жас ұрпақ қалыптасып келе жатты.

Тек аласапыран өзгерістерге толы екі жылдың ішінде (1917-1918) сексенге жуық қазақ сьездері болып өтті. Өмірге ұлттың басын біріктіретін Қазақ Комитеттері, Алаш партиясы, ең соңында ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісін қолға алған Алашорда үкіметі келді. Аз ғана уақытта болып өткен осыншама өзгерістер әлемдік тарихты сирек кездесетін құбылыс болатын. Бар болғаны 10-15 жылдың төңірегінде жүрген осы ұлттық өсудің басында саяси лидер ретінде Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов пен оның серіктері тұрды.

Әлекеңнің ең үлкен арманы өз халқын мемлекеттік билігі бар елдер қатарынан көру еді. Оның бұл ұлы мақсат жолындағы күресі жеңілге түскен жоқ. Бір емес, екі бірдей буын осы жолда саяси репрессия құрбаны болды. Бұлдағы әлемдік тарихтың қайғылы беттерінің бірі. Ұлы күрескердің арманы енді міне шындыққа айнала бастады. Қазақ мемлекеттілігінің іргесін нығайту бүгінгі ұрпақтың ең қасиетті борышы.

Турашыл тұлға

Тұрсын Жұртбай, жазушы, ғалым:

- Әлихан Бөкейхановтың үш түрлі мінезін ерекше атап өтуге болады. Біріншісі әрі ең бастысы - ол кісінің турашылдығы. Пікірін айтуда ешкімнен жасқанып, тайсалмайтын батылдығы. Мысалы, тергеушілер Әлекеңді жауапқа тартып: «Сіз «Алашорданы» білесіз бе?» - деп сұрақ қойғанда: «Маған «Алашорданы» білесіз бе, - деп сұрақ қойма. Мен -«Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», - деген мазмұнда жауап берген. Қай тергеуші «Ленинді мойындамаймын» дей алсын.

Екіншісі, Бөкейханов болмысының салауатты, алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған.Тіпті тұтқындауға келген Мәскеудің үлкен лауазымды тергеушілерінің өзі тұтқындайтын кезде артық мінез көрсете алмаған. Лиза Әлиханқызы Бөкейханова былай деп еске алады: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл Мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», - деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» - деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» - деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» - деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүкіндік бермеді». Бұл әңгімені Лиза Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген. Әлекеңді көрген адамдар: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», - дейді екен. Әлекең өзінің сырын санаулы ғана адамдарға айтқан. «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», - дейтіні сол.

Үшінші қасиетін айтар болсақ, сондай Ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Лиза Бөкейханқызы: «Әкем Смағұл қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өзі барып, оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты», - деп еске алады. Менің ойымша Бөкейханов Смағұл Сәдуақастың қазасына тек күйеу баласы ретінде қабырғасы қайысып отырған жоқ, өз идеясын, Алаш идеясын алға апаратын үмітті шәкіртінен айырылған ауыр қайғыдан егілді. Алаш идеясы өлген сияқты көрінді. Міне, осындай жаны нәзік адам. Кез-келген жағдайда мысқылмен, қалжыңмен қарсы алатын Әлихан Бөкейханов осы бір Алаш идеясын ақсатпай атқарады деген азаматы жазықсыз қазаға ұшырағаны жанына батты. Демек, Алаш идеясына келгенде Әлихан Бөкейханов өзінің өмірін арнауға, күресуге бар. Ал идеяны жүзеге асыратын тәсілге келгенде сондай нәзік әрі уайымшыл. Осы үш мінез Әлихан Бөкейхановтың күрескерлік тұлғасынан бөлек, адами болмысын тереңірек танытады.

«Сендер қазақпын деп мақтанасыңдар..»

Ықылас Ожайұлы, Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы:

- Әйгілі тарихшы Манаш Қозыбаев көзі тірісінде берген бір сұхбатында Әлиханға қатысты бүй дегені бар еді. «Біз әлі әлихантанудың етегінде жүрміз». Осы сөз күні бүгін өзектілігін жойған жоқ. Шынымен де Мәкең айтқан етектен ұзаған жоқпыз. Себебі, Әлихан анау-мынауға алдырта қоятындай жай адам емес. Эпикалық тынысы үлкен тұлға. Менің ойымша Әлиханның адамдық, қайраткерлік болмысын болсын, бар қырынан ашылуына науқандық шаралар ғана әсер етпеуі керек. Неге екенін білмеймін, Алаш зиялыларын, қоғам қайраткерлерін әйтеуір датаға шеңберлеп, байлап тастағанбыз. Сонда ғана айтамыз да, басқа уақытта жұмған аузымызды ашпаймыз. Бәлкім тұлғаның кеш танылуына, жалпы оның толық болмысының ашылмауына осы немқұрайлылығымыз әсер етіп отырған шығар. Тәуелсіздік алған 20 жылдан бері нағыз Әлиханның толық бағасын бере алмауымыз да содан. Әлихан жүз немесе жүз елу жылда даталық көрсеткішпен ғана аталып өтетін тұлға емес. Бізде қазір Әлихан алаштанушыларға керек, басқамызға керегі жоқ секілді жаман әдет қалыптасқан. Олай болмайды. Әлекеңді иісі қазақ білуі, құрметтеуі шарт. Ол кісінің бүкіл еңбектері әр қазақтың кітап сөресінен орын теуіп, есімі ел жадында сақталуы тиіс.

Әлихан барлық ғылымның басында тұрған, кең тынысты қоғам қайраткері. 1896 жылдан 1901 жылдары аралығында Щербина экспедициясына мүше болды. Осы аралықта Әлекең қазақтың ел мен жер шежіресін көкірегіне тоқыды. Қазақтың қоғамдық, әлеуметтік жағдайына бес саусағындай қанықты десек болады. Тіпті кімнің қорасына қанша ешкі-лағы барлығына дейін Әлекеңнің көкейінде сайрап тұрды. Әлекеңнің адамдыққа һәм ар іліміне қатысты төрт мәселесіне тоқтала кетейін. Өйткені Әлихан сынды үлкен мұхит, шексіз көл-дария, телегей теңіз адамды айтып таусу мүмкін емес.

Біріншіден, Абай деген алапат жанар таудың шырпысын тұтатқан, оны маздатқан Әлихан Бөкейханов. Қазір біз атына араша үймелеп жүрген Абайды ең алғаш таныған, оның қазақтың рухани бағдаршамы екенін білген, абайтану деген үлкен ақ парақ болса, соған алғашқы нүктесін түсірген Әлихан. Абай қайтыс болысымен туыстарына хат жазып, өлеңдерін жинаттырған Әлекең, Абайдың жылдығында үлкен мақала жриялады. Абай өлеңдеріне талдау жасап, былайша айтқанда абайтанудың қазығын қағып, іргетасын қалады. Әлихан 1906 жылы 9 қаңтарда Абай шығармаларын жинақтап, оны кітап етіп шығармаққа ниеттеніп кетіп бара жатқан жолында Кереку жерінде тұтқындалады. Сол кезде Керекудегі түрме бастығына хат жазып, қоржынында бес мың сомға татитын өте құнды дүние жатқандығын, оны сақтаудың аса маңызды екенін ескертіп шыр-пыр болады. Ол - Абай өлеңдері еді. Абай өлеңдерінің алғашқы тәржімасы да Алихан Бөкейхановтың қаламсабы арқылы орыс оқырмандарына жетті. Абайтанудың іргетасын қалаған деп отырғанымыз сол ғой.

Әлиханның екінші бір тұлғалық, адамгершілік қасиетін Әміре Қашаубайұлына байланысты айтайын. 1925 жылы Парижде дүние жүзілік этнографиялық концерт болады. Оған Әміре баратын болып бекітіледі. Соған байланысты Әлекең Ахмет Байтұрсынұлына ренішпен хат жазады. «Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бір де бір ән сөзін толық білмейді. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнаулы үйіне апарып, ән салдырдым. Әйтсе де, Әміре ән салған кезде қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде пәтуа болсашы. Бір ән сөзін жаттатуға болатын еді ғой. Өзі орыс мещаны сияқты киінеді. Оны дұрыстап киіндіру де соншалық қиын іс пе еді» - деп назын айтады. Әрі өзі бас болып Әміреге ән сөзін түгел жаттатқызып, арнайы студияға барып, әнін жаздырып, жаңаша киіндіріп, аттандырады. Әлихан болмағанда Әміренің алтын дауысы бізге жетер ме еді? Бір Құдай білсін. Мәскеуге барып, ары қарай Париж асқан Әміренің өліміне сол сапардан оралғандағы сөзі себепкер болды деп айтылады. Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды жолықтырып, дәмдес болып қайтқан соң Әміре: «Сендер мұнда келіп ап қазақпын деп мақтанасыңдар. Ал мен нағыз қазақты Мәскеу мен Парижден көрдім», - дейді екен. Ол сөз «салпаңқұлақтардың» құлағына жетіп, Әміренің ғұмырын  көктей солдырған.

Үшінші бір айтарымыз - жоғарда атап қеткендей, бүгінде өзекті тақырып болып отырған ар іліміне байланысты дүниелер. Әлекең айтады: «Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, ол адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден (осы жердегі «мінезден» деген сөзді белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлы Әлекеңнің меңзегені «иман», «адамгершілік» деп түсіндіреді), - дейді. Енді қараңыз, бұл нені еске салады? «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», - деген Әл Фараби бабамыздың даналық тағылымын санаңа оралтады. Олай болса Әлекеңнің айтқысы келгені бірден белгілі. Яғни, білім мен иман екі басқа нәрсе. Екеуі тоқайласқанда, бірін бірі толықтырғанда ғана кәдеге жарап, жұрттың игілігіне жұмсалады.

Төртіншіден, (бұл да ар іліміне байланысты), Әлиханның: «Жаттап білген білім - білім емес. Нағыз білім тәжірибеден туады», - дегені бар. Бұл көзқарас сонау ғасырлардағы ғылымның лайланбаған кезіндегі ғұламалардың ұстанымымен пара-пар. Әлиханның «Бойға қайрат, ойға көз» бітіретін білім деп отырғаны не өзі? Қазір әбден шатасып болдық. Қазақ ғылымы «кімге», «неге», «қашан», «қайда» деген секілді сауалдарға жауап беретін жаттампаздыққа көшті. Бұл үлкен қасірет. Мәселен қазіргі окушылардан, студентерден «Кенесары кім» деп сұраңызшы, бәрінің жауабы бір қалыптан шыққандай: «пәленінші жылы туған, пәленінші жылы өлген. Ұлт азаттық көтерілісінің басшысы», - дегеннен аспайды. Бұның бәрі «Ойдың көзін, бойдың қайратын» оятатын, рухпен суарылған шынайы білім емес. Бүгінгі тестік жүйеміз қандай шәкірт дайындап жатқанын біле ме? Әлекең осыдан бір ғасыр бұрын ұлт оқу-ағартуының, ар ілімінің концепсиясын жасап кеткен еді. Бүгінгі ғылым, білім реформасын жасаушылар Әлихан айтып кеткен тағылымды ескеріп, нәтиже шығарса, құбақұп болар еді.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543