Серік ӘБІЛХАН. Аналарын аңыратып, әйелдерін еңіреткен қоғамда ер азамат қалмай барады
Жақында «Қазатомөнеркәсібінің» экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің үлкен қызы Әйгерім мен адвокат Данияр Қанафин және аталған компанияның заңдық департамент директорының орынбасары, әрі қоғамдық қорғаушы Асылхан Дүйсембин Ресей астанасы Мәскеуге барып, журналистердің алдында баспасөз жиынын өткізіп қайтты. Орыс еліне сапар шеккен отандастарымыздың мақсаты - қамауда отырған Жәкшіевтің айыпсыздығын айғақтайтын бірқатар құжаттарды шетелдік БАҚ өкілдерінің назарына ұсыну болса керек.
Алайда, біздің айтпағымыз бұл емес, бесіктен белі шықпаған балауса қыздың өнер-білім қуып, жалғанды жалпағынан басып жүретін шағында ойын-күлкіні ысырып қойып, абақтыдағы әкесі үшін шыбын жаны шырқырап күреске түсуі еді...
Жалпы, соңғы кездері орын алып жатқан оқиғаларға қарап отырып, арамызда шынымен де бас көтеріп, үн қатуға жарайтын ер азаматтар қалмай бара ма деген ойға қаласың кейде. Бұлай демеске амалың қайсы, дүниеге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелейтін әйелдеріміз отбасы, ошақ-қасында тіршіліктің түтінін түтетіп отырудың орнына, кереғар қоғамның кесірінен абақтыға жабылған күйеуін қорғап атқа қонып жатса. Иә, дәл солай.

Естеріңізге сала кетейік, 2001 жылы Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қазіргі оппозиция көшбасшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов тұтқындалған уақытта оның әйелі Қарлығаш Жақиянова «мемлекеттік мәшинеге» қарсы аттан салып шыққаны бар-тын. Одан кейін Алаштың батыр ұлы Заманбек Нұрқаділов қанішерлер қолынан қаза тапқанда да аяулы әнші қызымыз Мақпал Жүнісова қан түкіріп тұрған биліктің қаһарынан еш сескенбей азаматының құпия өлімін анықтап беруді мемлекет басшысының өзінен талап еткенін білеміз.
Кейіннен бұл үрдіс қазақ әйелдері арасында жаппай етек алып, атышулы «Нұрбанк» оқиғасында жоғалып кеткен топ-менеджерлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың жұбайлары Армангүл Қапашева мен Шолпан Хасенова қылышынан қан тамған бұрынғы күйеу Рахат Әлиевке қарсы соғыс жариялады. Қарымы күшті, қаруы зор Рахатқа қарсы жұдырық сілтеуге басқаны былай қойғанда, биліктің өзі дәрменсіздеу еді. Бірақ қосағынан тірідей айырылып қайғы жұтқан қос әйел қорқып қалмады, шама-шарқынша күресті. Әлі де күресіп келеді. Еркекке бергісіз ерлік жасаған аруларымыздың бұл әрекеті Жәмила Жәкішева сынды қайсар қыздардың рухына дем берді білем.
«Мемлекет қаржысын қомақты көлемде жымқырды» деген айыппен темір торға қамалған «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы экс-басшыларының әйелдері Жәмила Жәкішева, Гауһар Қасабекова, Марийка Цоцория, Наталья Парфенова, Сара Қыстаубаевалар күйеулерінің үстінен қылмыстық іс жүргізіп жатқан ҰҚК қызметкерлерін алқымнан алды. Бетіміздің моншағы төгіліп кетсе де айтайық, бұл жолы да әйелдерді алдыңғы шепке салып қойып, еркек атаулы сырттан сығалаумен отырмыз. Заңды белшесінен басқан арнаулы қызметке «Бұларың не?!.» дейтіндей бір азамат емге табылсашы. Күдіктілердің туысқан аға-інілері, жегжат-жұрағаттары, басынан бағы ұшпай тұрғанда жанынан көк шыбындай үймелеп шықпайтын дос-жарандары да құмға сіңген судай боп жоғалды. Еркек атаулының бәрі үнсіз, «ләм» деуге шамалары келмей іштен тынып бағуда. ҰҚК-нің беліне байлаған шоқпарынан шошыды ма, әлде күдіктілердің кінәлі екендігіне көздері жетті ме қайдам, әйтеуір түрмеге қамалғандардың әйелдерінен басқа тірі пенде баласына әділдік керек емес секілді көрінеді маған. Әншейінде ысқырығы жер жарып, дауысы алты қырдың астына естіліп жататын қоғам қайраткерлері де жұмған аузын ашпай «сен тимесең мен тименің» кебін киюде. Ақ жаулықты аналар мен ару қыздарын жел қақтырмай алақанында ұстаған кешегі жүрек жұтқан баһадүр бабалардың бүгінгі ұрпағы қайда? Қыздарын «қырғынға» жіберіп қойып шошқа тағалап жүр ме?!
Қазақ арасында «көмекей әулие» атанған Бұхар жырау бабамыз кезіндегі «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа...» деп басталатын өлеңінде:
«Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз
Он бармағы қыналы
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы судай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа...» деп өсиет айтып еді. Ендеше XXI ғасырдың Құдай атқан ұрпағы біздер осы өсиетті неге орындамаймыз. Анасын аңыратып, жесірін жылатқан қоғамда «еркекпін» деп шалбар киіп жүрудің өзі қандай сорақы! Бұл түрімізбен оңбаймыз-ау, оңбаймыз.