«Алаш мүддесі»
«Қазақстан Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғап, АҚШ-пен бірігіп Қытайға қысым көрсету керек» - депті Майк Помпео.
Бұл жерде саяси ойынның жүріп жатқаны, үлкен алпауыт империялардың бір-бірімен қақтығысуында, ұсақ елдерді пайдаланатынын да ұмытпаған жөн. Белорустардың жанды жері - минерал ресурс пен мұнай-газ тапшылығы екенін білген Майк Помпео: "Мұнайыңмен 100% қамтамасыз етіп беремін, Ресейге жалтақтай берме" деп Минскты шулатып кетті.
Қазақтың да әлсіз жері белгілі. Синофобия өршіп тұр, Коронавирустың жыры бітпеді, Сайрагүл-Біләш сериалының ізі суымай тұр. Сондай кезде Майк Помпеоның: "Қазақстан, Қытай қазақтарын қорғау керек!" деген ұранын мыңдаған қазақ қостай жөнелді. Ал ол қазақтардың Қытай азаматтары екені, ол қазақтардың 30 жыл елге келетін мүмкіндігі бола тұра келмегені, Қазақстанның бөтен мемлекеттің ішкі шаруасына қол сұғуына болмайтынын ешкімді қызықтырмайды.
Енді ең маңызды және көп адам біле бермейтін нәрсе бар. Қарапайым халықтың есінде де сақталмаған жәйт. Соңғы 30 жылда АҚШ пен Ресей өздеріне сенген одақтас мемлекеттерді соңғы сәтте сатып кететін жаман әдетін тарих талай көрсетті. Ресей - Югославия, Ливия, Ирак, Ауғанстан билігін лақтырып кетсе, АҚШ - Украина мен Грузия мәселесінде, одақтастары үшін соңына дейін тұрып бермеді. Нәтижесінде орысқа сенген С.Милошевич, М.Каддафи, С.Хуссейн, М.Наджибулла режимдері құлады, өздері ит өліммен өлді. Ал американдықтарға сенген Грузиндар мен Украиндар жерлерінің 10-20% айырылып тынды. Абхазия, Оң.Осетия, Қырым, Донецк аймақтары бұрынғыдай болмайтыны түсінікті.
Сондықтан, бұл жерде сабыр сақтап, әліптің артын бағып, екі қарап бір шоқып, итермелеу мен айдақтауға ермей, өз Қазақстанымыздың тыныштығын басты мүдде деп қабылдауымыз керек.
Самат Нұртазаның әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz