«Күзетші боламыз» деп барғандардың кермек тағдыры...
Қазақтардың Ресей аумағына еңбек мигранты болып барып, оның арты соғысқа мәжбүрлеп аттандырған қайғылы жағдайларға ұласып жатқаны туралы жаңалықтардың легі соңғы күндері алаш қоғамын дүр сілкіндірді.
Қазақстанның әр өңірінен (соның ішінде Шымкент пен басқа да қалалардан) Ресейге күзетші немесе қара жұмысқа баруға ниеттенген жастар алданып қалғанын мәлімдеді.
Келісімшартқа қол қойған соң оларға «жұмыс» емес, соғысқа қатысу талабы қойылған, қарсы шыққандарға түрмемен немесе қысым көрсету әдістері қолданылғаны мәлім болып отыр.
МЕМЛЕКЕТТІК РЕАКЦИЯ:
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға жедел үн қатып, Ресейдің СІМ-не ресми дипломатиялық нота жолдады. Ал кешелі-бүгін Қазақстан СІМ-і ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы қазақстандықтарға қатысты жаңа мәлімет жариялады.
«Әлеуметтік желілерде бейне үндеу жариялаған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оларды Отанына қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сенім телефонына келіп түскен өтініштер әлі де қаралуда. Әрбір өтініш бойынша ақпарат тексеріліп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін қалыптастырылған тізім Ресей тарапына жолданады. ҚР СІМ бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс жасап отыр», – деп мәлімдеді ҚР СІМ.
ШЕТЕЛДІКТЕРДІ СОҒЫСҚА ТАРТУДЫҢ «АЛАЯҚТЫҚ СХЕМАСЫ»
Халықаралық БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, бұл тек қазақстандықтар басынан өткеріп жатқан бірегей жағдай емес.
Соңғы жылдары Ресейде немесе басқа да қақтығыс орын алған аймақтарда жүрген Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Непал және Куба азаматтарының да осындай жолмен алданып, әскери келісімшарттарға еріксіз ілініп кеткені туралы мысалдар жиі тіркелді.
Шетелдік мигранттарға алғашында құрылыс, қойма немесе күзет саласынан жоғары жалақы уәде етіледі. Алайда орыс тілін жеткіліксіз білетін немесе құқықтық сауаты төмен азаматтардың көбі түсініксіз мазмұндағы құжаттарға (көбіне орыс тіліндегі қаржылық немесе жұмыс туралы келісім түрінде көрсетіліп) қол қойып қояды. Бұл халықаралық тәжірибеде адам саудасының жаңа формасы ретінде бағаланып жүр.
АҢҒАЛДЫҚ ӘЛДЕ НЕМКЕТТІЛІК ПЕ?
Мәселенің екінші жағы – ақпараттық сауатсыздық пен жеңіл олжаға қызығу. Әлемдік геосаяси ахуал, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына жылдар өткені бүкіл әлемге мәлім. Осындай алмағайып заманда «күзетші боламын» деп соғыс өрті шалып жатқан елге тәуекел ету – үлкен қатер.
Әлемдік ақпарат құралдарында өзге елдерден алданып барып, майдан шебінде қалып қойғандардың зар жылаған видеолары жеткілікті түрде жарияланды. Тіпті Ресейдің өз азаматтарының («аш қалдық, кері шегінуге мұрша бермеді» деп шағымданған сарбаздардың) жағдайы бұл жүйенің ешкімді аямайтынын көрсетіп отыр.
«Біз үшін әрбір азаматтың өмірі мен тағдыры маңызды. Мемлекет қай жерде жүрсе де өз азаматтарын қорғауға міндетті», - деп ашық мәлімдеп, Қазақстан СІМ-нің нота жолдауы және азаматтарды елге қайтару үшін әрекет етуі – Конституциялық міндет әрі дұрыс қадам. Алайда бұл оқиға қоғамға үлкен сабақ болуы тиіс:
Құқықтық жауапкершілік: Отандастарымыз елге аман-есен оралған соң, ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары (жалдамалылық пен шет мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына қатысу) бойынша құқықтық түсіндіру және профилактикалық жұмыстар қатаң жүргізілуі керек.
Ақпараттық иммунитет: Жас буын шетелге жұмысқа аттанар алдында әлеуметтік жағдайды, елдің заңнамасын және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты таразылап үйренуі қажет. Өзге елдің соғысы – қазақ жастарының қарызы да, міндеті де емес. «Өлсек, өз елімізде өлейік» деген сөз әрбір жастың санасына ерте жетіп, абайсыз қадамнан сақтандырғай.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz