Он жыл күткен кезегім келмеске кетті...
Редакциядан: Редакциямыздың электронды поштасына Уразбаев Коптлеу атты тағы бір қандасымыздың хаты келіп түсті. Бұл – осы мәселе бойынша үшінші хат.
Аталған хат та «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрып, Қазақстан азаматтығын алған соң кезектен шығарылып тасталған қандасымыздың тағдыры жайлы екен.
Сөйтіп, Президенттің атына хат жазуға мәжбүр болыпты.
30 желтоқсан, 2019 жылы «Abai.kz» сайтында ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған «Қандастарыңызды баспанасыз тастамаңыз...» атты «Ашық хаты» жарияланын тағы да естеріңізге сала отырып, бұл хатты да жариялауды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мен 2007 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. Отбасымызда үш балам, әйелім – бес жанбыз. Жасым биыл 56-да. Балаларым қолымда.
«Оралмандар» санаты бойынша бес жан болып, 2010 жылғы 30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласына баспана кезегіне тұрдым. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандығым себепті, 2019 жылы баспана кезегінен шығарылып тасталдым.
Сөйтіп, он екі жылдан астам күткен кезегімнен айырылдым!
Елге оралған он үш үш жылдан бері өзімді өзім жұмыспен қамтып, жан бағып келем. Қазір қалада күзетші болы, отбасымды асыраудамын. Әйелім де қара жұмыспен мардымсыз табыс тапқан болып жүр.
Екі балам ЖОО-да, бір балам метепте оқып жатыр.
Қазақстаныма, оны құрған Елбасыма және Ел басқарып отырған Сізге дән ризамыз. Отбасымызбен тілеуіңізді тілеп отырамыз. Аман болыңыздар!
Табысымыз аз болғандықтан, басқа бағдарламаларға қатыса алмадық. Оның үстіне пәтер жалдап, балаларды оқытып жүргендіктен ақша да жия алмадық. Бар сенгеніміз – осы баспана кезегі еді.
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жасы ұлғайған, оның ар жағында шеттен оралған біз секілді адамды дұрыс жалақысы бар жерге ешкім жұмысқа алмайды екен.
Сондықтан, Сізден «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрып, азаматтық алған соң шығарылып тасталған мені және мен секілді қандастарыңыздың мәселесін өз назарыңызға алып, қатысты заңнамаларға толықтыру енгізуге, құқығымызды қалпына келтіруге көмектесуіңізді сұраймын.
Зор құрметпен,
Уразбаев Коптлеу
Abai.kz