Ырысбек Дәбей. «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз...»
Дәм айдап, қазақ даласына табаны тиген поляк жиһангезі Янушкевичтің Құнанбай қажы туралы естеліктері жаныңды жарылқап-ақ тастайды. Иланған, тағдырларын сеніп тапсырған елдің имани бейнесі көрініп тұратын сол жазбаның қадірі бүгін артпаса, кемімейтіндей жұртта кемеліне келген, толысқан, досқа адал, ағайынға жұғымды хұснизәнімен (көрекем ойымен) өмір сүретін мінез-құлық қалыптасып болды деп, жер мен көк жаннат боп кетсе де айта алмас едік.
Дәм айдап, қазақ даласына табаны тиген поляк жиһангезі Янушкевичтің Құнанбай қажы туралы естеліктері жаныңды жарылқап-ақ тастайды. Иланған, тағдырларын сеніп тапсырған елдің имани бейнесі көрініп тұратын сол жазбаның қадірі бүгін артпаса, кемімейтіндей жұртта кемеліне келген, толысқан, досқа адал, ағайынға жұғымды хұснизәнімен (көрекем ойымен) өмір сүретін мінез-құлық қалыптасып болды деп, жер мен көк жаннат боп кетсе де айта алмас едік.
Абыройы артып, атағы алысқа жеткен аға сұлтан Құнанбайды бір көруге аңсары ауған поляк саяхатшысын ынтықтырған күш Құнекемнің байлық, мансабынан бөлек, шешек ауруынан аман қалған су ішерлігі еді. Аты жаман ауырудың тырнағына ілінген жанның тірі қалғанын бірінші рет естіген ғалым бұл кереметтің себебін білмекке қажыны іздеп, табады. Елге парменін жеткізіп, оңды-солды қолын сермеп сөйлеп тұрған аға сұлтанның жиналысының үстіне түскен поляк жиһангезі ел ағасы бойындағы құдіретті анық байқағанын жасырмайды. Танысып, білісіп болған соң тентіреп іздеп келген сауалының шетін шығарады. «Шешектен қалай аман қалдыңыз?». Аға сұлтан да созбақтамай, мән-жайды баяндайды. «Аты жаман ауыруды жұқтырған адамның денесіндегі әрбір қотыр май қайнағандай шұрқ-шұрқ қайнайды. Көтерілген ыстығың дозақтың отындай шарпиды. Өзге жұртқа жұқпас үшін ауашаға үй тігіп, ажалды күтіп сонда жаттым. Үйдің іргесін түріп, сусын жеткізіп беретін адамнан басқа жан баласы маңыңа жуымайтын сол күндердің бірінде еңіреп жылаған адамдардың дауысы естілді. Сүйретіліп барып жабықтан сығаласам, бүкіл жұрт қоларын көкке жайып, зар еңірейді. Жалбарынған, жылаған дауыстарынан құлағым тұнды. «Ей, Жаратушы Ием! Бәрімізді алсаң ал, Құнанбайдай елге қорған, жұртқа сая боп отырған панамызды аман сақтай гөр!». Сол сәтте зар жылаған елдің көзінен аққан жас ыстығы қайтпай жатқан денеме тырс-тырс тамып, әрбір қотырдың жалынын қайтарғандай болды. Бірер күнде денем жеңілдеп, ауырудың да беті қайтты. «Бастан құлақ садаға» бір көзді сонда бердік...».
Бізге жеткен естеліктегі Құнанбай қажының еліне етене, жұртына дос болмысы, жұрттың аға сұлтанға шын пейіл, ыстық ықыласы еріксіз жанарыңа жас үйірлтеді. Бізден бошалаған түйедей безіп кеткен сол қасиетті шарқ ұрып іздеп, басымызды тауға, тасқа ұрсақ та өзімшіл өктем сананың уысына тұтылған бейшаралықтан құтылу қайда. Күллі қауым тілеуімізді тілемек түгел, басың аурып, балтырың сыздағанда пәруанадай аласататын бір досқа жарымайтын тірлігімізді анық барлап, тереңіне үңілерге дәрмен жоқ. Бетке күліп, артынан топырақ шашатын тобырға айналып, өмір өткермелеп жатырмыз. Басында көп болып қауқылдасып, келе-келе кемпірдің шашындай сирей бастаған қатарластардың орнын сипап, ойға батасың. Құнанбай қажыны Алладан қалап сұрап, аспанға қолын жайған тілеулес жұрттың адалдығы алдында өзіңнен өзің кішірейіп, «біз осы қалай едік» дегенге байырқаламасқа шараң қалмайды...
Алматының қоңыр күзі келген сайын жаныңды мұң ба, сағыныш па әйтеуір соған жақын бір сезім иектей бастайды. Төгілген жапырақты сарп-сарп басып келе жатып осы алып шаһарға алғаш табаның тиген кез жиі есіңе түседі. Басы жұмыр пендені әр қиырдан домалатып, дәмдес, сырлас жандарға айналдыратын тағдырдың жазуы бар емес пе! Ерденнің әңгімесі «Қазақ әдебиетінің» қосымшасы «Жас қаламға» жарияланғанда жұбымыз жазылмайтын бес-алтауымыздың енді-енді таныса бастаған кезіміз еді. «Есентай жағалауында» салқын сыраны қаз-қатар тізіп қойып, досымыздың тырнақ алды туындысын жуып-ақ жатырмыз. Өзі де мақтаншақтау неме еді, басын кекжитіп, кекірейді де қалды. Қайтсін енді, жалпақ жұртқа машһұр боп жатыр. Ол кезде газетке шыққаның өзі бір ғанибет, жұрттың аузына ілініп кетесің. Қазіргідей, оқырман өрттен қалған ормандай, қадау-қадау сирей бастаған кез емес-ті.
Ішімдіктің уы алды ма, сәлден кейін «жазушымыз» өз өзіне келді. Біз білетін, ішіп алса салынып кеткен пақырдай боп шыға келетін кәдімгі түр-тұрпат. Отырыстың да сәні кіре бастады. Гу-гу әңгіме. Қызды-қыздымен Ерденнің ертең үлкен жазушы болатынын бетіне айттып, мақтап жатырмыз. Біршама уақыт өткен соң Ерденнің көңіл күйі бұзыла бастады. Тіпті көзі суланып, еңірей жөнелді. Жаңағы даурықпа әңгіме жайында қалды. Бәріміз не болғанын түсінбей Ерденге жалтақтап, топырладық та қалдық. Қалтасынан кірлей бастаған шытын алып, жасын сүрткен Ерден: «Есейіп жігіт болған кезімді көрмей кеткен анам марқұм есіме түссе, өзімді өзім ұстай алмай қалам. Ренжімеңдер. Кел бір алып қояйық»,- деп алдындағы сырасын түбіне шейін тартып жіберді. Бәріміз алдық. Сәл жұтынып, тамағын кенеп алды да Ерден ары қарай әңгімесін жалғастырды. «Сендер білмейсіңдер ғой. Бұғанасы қатпаған жап-жас баланың анасының мүрдесін құшақтап, тасжолдың бойында машина күткеннің қандай азап екенін. Басынан айтып берейін. Біздің үй тәуелсіздік алған жылдары үстірттен Солтүстік Қазақстанға көшіп келді. Мен енді апыл-тапыл жүре бастағанда, әкем Өлгейде қайтыс болыпты. Үшінші сынып оқып жүргенде шешеммен еріп көрші ауылға тойға бардым. Құрбысымен әзілі жарасқан шешем: «қызыңды мына біздің жігітке бересің», - деп емен-жарқын әзілдесіп отырғаны сол еді, аяқастынан өңі сұрланып, арт жағындағы жүкке сүйеніп, талып қалды. Бұрыннан басының сақинасы бар еді. Жеделжәрдем де шақырып үлгеріпті біреулер. Қалаға алды да жөнелді. Шешем құлаған кезде үйге кісі шаптыртыпты. Араққа тойып алған ағамның қозғалатын түрі көрінбеген соң, амалсыз ауыруханаға мені қосып жіберді. Залда шешемді күтіп отырдым. Көп уақыт өткен соң шешем жатқан палатадан бір дәрігер қыз шығып, шешемнің атын айтып: «Иесі сен бе?», - деп иегін көтерді маған. «Иә» дегенім сол еді: «Алып кет, қайтыс болды», - деп дүңк еткізі түйеден түскендей. Кіп-кішкентай баламын ғой, адамдардың соншалықты салқын, қаттыгез болатынын қайдан білейін. Тышқақ лақ өлсе де не бір жақсы сөздерімен жеткізетін қазекеңнің мұндай мінезін кім көрген. Палатаға кірсем, шешемді зембілге салып, бетін жауып қойыпты. Сүріне-қабына жанына жетіп барып, бақырып жылап жатырмын. Жаңағы тас жүзінен көз сүрінетін дәргердің былқ етер түрі жоқ, дауысын онан бетер қатайтып зірк ете қалды. «Алып кет дедім ғой мен саған, палата күтіп жатқан адамдар бар!». Өтпелі кезеңде солай болды ма, бүгінгідей есік-тесікті тоздырмай шешемнің сүйегін оп-оңай бере салды. Зембілдің бір жағын өзім, бір жағына ауырухананың бір қызметкері көтеріп, тасжолдың шетіне кеп тоқтадық. Машина шақырттық деген, сонысын күтіп тұрмыз. Өксігімді ішіме жұтып, қанша қайраттансам да жүзімді жуған жастың тоқтайтын түрі жоқ. Ақыры болмаған соң аңырадым-ай келіп. Машина келгенде барып әзер есімді жиып, шешемнің мүрдесін машинаға тиеген жұртқа жәрдемдескен болдым. Ауылға жеткенше жасымды тия алмай еңреумен болдым. Шешемнің мәйітіне қарап-қарап қойып жылаймын. Өлді дегенге де онша сенбейім. Басын көтеріп, құшағына қысып еркелететіндей үмітім үзілсеші. Аулыға жеткенде хабардар болған жұрт жиналып, күтіп алды. Бәрі мені бауырына басып, жұбатып жатыр. Қайғыдан қан жұтып тұрсам да, бір түрлі есейіп кеткендей сезіндім өзімді. Ауырухананың суық залындай емес, сәл де болса жаным кіргендей болды. Ел емес пе. Шркін ел... Ағам сол мастығынан айыға алмаған күйі неше күн ішті. Анамызды жерлегенде де барып бір уыс топырақ сала алмады. Туыс туғанның, көрші қолаңның көмегімен ол сын да өтті...».
Ерден әңгімесін бітіргенде бәріміз бір-бір күрсініп алып, ары қарай бұл көңілсіздікті сейілту үшін басымыздан өткен қызық жағдайларды айтып, «жазушының» көілін аулап ақ жатырмыз. Қызыл сөздің қытықтамайтын жері бар ма? Ерден де бізге қосылып жаңағы көңілсіздікті сәтке болса да ұмытты. Тас жетім екенін есінен шығаратын бізден артық досты Алатауды алты айналса да табылмайтынын талай рет айтты. Бізде айттық. Байтұрсынов күшесі бойындағы орыс сыраханасында жиі бас қосып, әдебиеттің арғы-бергі тарихын бір сапырып тастаушы едік. Шекесі жіпсісе, айта беретін Ерденнің әңгімесінің де бірте-бірте тізесі шықты. Мылжыңдап сөйлей бастағаннан-ақ алдын орай жөнелеміз. «Иә, сен ол кезде бұғанасы қатпаған бала болатынсың. Шешең талып қалады. Ауыруханаға апарсаң, жүріп кетіпті. Өлікті өзің арқалап, ауылға қайттың. Ағаң ішіп кетіпті... Сол ма?». Көзі жасаурап, жәутеңдей қараған Ерден ары қарай мелшиеді де қалады. Кейін біздің топқа қосылмайтын болды. Өзімен өзі. Бір күні әдетімізше жинала қалған екенбіз, тағы бір жайсыз хабарды Қанат жеткізді. «Естідіңдер ме? Ана Берік досымыз әйелін жіберіпті. Өзі бір соры арылмаған сормаңдай болды ғой. Қазір кеп те қалар. Жігіттің сөзін айтып, жігерлендіріп қойыңдар. Босбелбеу неме бордай тозып жүрмесін». Салқын сыраға тапсырыс беріп, алқа-қотан отыр едік, иығы түсіңкі Берік те кірді. Самарқау сәлемдесті. Отырған бойы бірнеше бокалдың түбін көрсетті. Ұзаққа созылған үнсіздікті өзі үзді. «Өлеңдегідей оңай өмір жоқ екен. Ана жеңгелеріңді апаратын жеріне апарып салдым. Бүгін бір ішейікші». Бірер жас үлкендігі бар, тәп-тәуір ақынның дегені болды. Даяшы қыздың екі иіні майысып, түн ортасына дейін сыра тасыды. Соңғы бокалды шеңбектеп ұстаған күйі ұйықтап қалған Берікті Қанат жұлқып жүріп оятып, пәтеріне алып кетті. Бір кісідей ақылгөйсіген басқамыздың да ары шабарға әл-дәрменіміз қалмай, орнымызды суыттық. Ендігі отырыстың гүлі Берік болды. Ішеді де сықсыңдап жылайды. Басында жанымыз ашығансып, бірге мұңайған сыңай танытып жүргенімізбен келе-келе келеке ететін болдық. «Беке өлеңдегідей оңай өмір жоқ екен дедің бе? Сен де айтқышсың осы кейде». Бекең басында «тауып айтқан сөзіне» бізбен бірге қосыла күліп алып, ізінше жүзіне мұң ойнап шыға келетін. «Күлесіңдер ғой. Бастарыңа келсе, көрер ем. Әй, доспыз дейміз! Басыма түскен қиыншылықтан бері жанкүйер жақыным жоқ екеніне анық көзім жетті. Шынымен біз өлеңдегідей жалған махаббатың жаршысы секілдіміз. «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзелдің» мәнін енді-енді түсінгендеймін. Қисық, қыңырлығымызға қарамай, ақыл айтқышпыз...» - деп өкпесіне де жасырмайды. «Сонда не істеу керек екен осыған. Біз кінәлідей осының ажырасқанына». Күңкілдің кімнен шыққанын қайдан білейін, Бекеңнің құлағы шалыпты. Ақыры ол да анда мұнда болмаса ат ізін көп салмайтын болды. Қабырғасы қақырай бастаған «Қағанатқа» жақсы хабарды да Қанат жеткізді. «Шүйінші! Ана біздің асықтай ақынымыздың қанжығасы майланыпты. Осы жолғы конкурстің үлкен жүлдесін еншілепті. Түбі Тасқыннан бірдеме шығады. Келістіріп жуады деші. Ой, шіркін!». Бәріміз қуанып қалдық. Қалта телефонын алып шығып, Тасқынға хабарласқан Қанаттың жүзі бал-бұл жанып сөйлеп жатыр. «Тәке, жүлде құтты болсын! Көне мекенде сені халқың сарғайып күтіп отыр. Тез жет!». Сүт пісірім уақытта Тасқын да жетті. Қолын алып, құттықтап жатырмыз. «Ал, қайда тартамыз» дегенді айтқызбай түсінген Тасқын сәл тосылып барып: «Жігіттер, ренжімеңдер! Анау жас отбасыларға беретін үйдің кезегіне тұрғалы біраз боп еді ғой. «Кезегіңді жылжытып, үй алуыңа көмектесем» деген кісінің құлқынын тығындауға әзер жетті алған жүлдем. Тағы бір реті болар сендерге. Үкіметтің жасап отырған орайлы сәтінен құр қалып кетпейін деп, жоралғысын жасап келген бетім осы», - деп жазықты жандай жаутаң қағады. «Ой, сенің үкіметің бар болсын! Беретін үйін кім көрінгеннің бір асап қалатын май шелпегі қылмай, берсе қайтеді. Тентіреп жүрген қазақтың үйлі-күйлі болуын күйттеп отырған олар жоқ. Тілеуін тілейтін ел болмаса, ердің күні не болар? Оны қойшы, күйген бас-сирақпыз ғой. Жүлдеңнен дым қалмағаны қиын боп тұр, дос!». Сөзге сараң Мұраттың ындынын түсінген Тасқын шыжақ қағып, шыр-шыр етеді. «Бір жөні болар. Ренжімеңдерші!»...
«Қарау ақын» аталса да көп жыл сарылып жүріп қол жеткізген пәтерінің кілті тиген күні Тасқын барлығымыздың басымызды қосты. Арқа-жарқа тойладық. Тасқынның сол жолғы жүлденің ақшасын бейберекет шашып алмай, игілігіне жұмсағанын жатып кеп мақтадық. Көп уақыт көрінбей кеткен Ерден мен Берік те қатарымыздан табылды. Екеуі де ішімдік атаулыны ауызға алмайтын болыпты. Намаз оқиды екен. «Өздерің ғана жұмаққа баратындай аушаланып алыпсыңдар ғой», - деген тұрпайы қалжыңға онша мән берген жоқ екеуі...
Күнделікті күйбең тіршілікпен басың қатып, ары-бері шапқыласпен көп бас қоса бермейтін кейінгі жылдары өткенге үңілсеңіз, беймаза сезімнен арыла ламай, біреуді іздегің келеді. Жабылған жол секілді бұлдыр-бұлдыр соқпаққа бір қарап, тауың шағылып, ол ойыңнан да қайтасың. Хакім Абайдың: «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз - жалғандықтан жасалған көңіл жүгі...», - дейтіні осы шығар.
«Абай-ақпарат»