Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1967 0 пікір 19 Қыркүйек, 2011 сағат 06:32

Сәт Бектұрсынұлы. Ханымдарға қымбат сыйлық

 

Бұрынғы бай бағыландардан «өте туған»  Ізғұлов пен Петров ханымдарына теміржол магитсралын тарту етті

 

Бұрынғы бай бағыландардан «өте туған»  Ізғұлов пен Петров ханымдарына теміржол магитсралын тарту етті

Бүгінде әлеуметтік өміріміздің жемқорлық жайламаған саласы жоқ. Мемлекет мүддесіне жұмыс жасайды деп үміттенген өндірісті кешендеріміздің бармақ басты, көз қыстымен өзгеге үлестіріліп жатқаны қаншама. Жасыратыны жоқ мұндай жайлар ҚТЖ Ұлттық компаниясы АҚ айналасында да бар. Біздің әңгімеміз соңғы жылдары «ҚТЖ Ұлттық компаниясы АҚ Ақтөбе бөлімшесінің» айналасынан туындап отырған заң бұзушылықтар мен сыбайластық туралы болмақ. Мемлекет мүлкін қорғаймын деп 3 жылдан бері сотқа арызданып, талай жердің есігін қағып, әділдік қуып жүрген Алдаберген Аймағанбетовтың осы жолда өткерген күрес жолы бір кітапқа жүк болардай. Ол осынысы үшін үш рет жұмыстан шығарылып, ісінің дұрыстығы дәлелденіп, сот шешімімен екі қайтара қызметіне  оралды. Өкінішке қарай, А.Аймағанбетов қазіргі кезде Ақтөбе теміржолы төңірегіндегі тыйылмай отырған жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты, басшы тұлғалардың өз қызметін асыра пайдалануынын айтамын деп үшінші рет қудалауға ұшырауда. Ол өзі қызмет істейтін мекеме басшыларының жұмысында ашықтық жоқ екенін айтады. Бұл туралы ол талай мінбеден сөйлеп, журналистерге ашық сұхбат беріп, баспасөзде жазды. Оның айтуынша соңғы жылдары жергілікті ҚТЖ Ақтөбе бөлімшесінің кейбір басшылары меншік бөлісінде көлеңкелі келісім-шарттар жасаған заң бұзушылықтарға барған.  Соның біріне тоқталайық.

16.05.2006 жылы Дон станциясы аумағындағы жалпы көлемі 2,3470 га болатын жер учаскесі Ақтөбе облысы Хромтау қаласы әкімінің №70-ші шешімімен «Темір Жол Брокер Сервис» ЖШС-гіне беріледі. Ал бұл жер аумағында 1996 жылдан бері «ҚТЖ Ұлттық компаниясы АҚ Ақтөбе бөлімшесінің» меншігі саналатын темір жол учаскесі де бар болатын. Жаңа қожайындар бұл жерден 1152 м жаңадан кешенді темір жол құрылысын жүргіземіз деген уәдесін де береді. Міне осы алыс-берістің нәтижесінде бірінен екіншісіне «Жалға беру шарты» жасалып, «ҚТЖ Ұлттық компаниясы АҚ Ақтөбе бөлімшесіне» қарап келген №30-шы темір жол магистралы да аталмыш жер аумағының құрамында жалпы құны 6,072 теңгеге «Темір Жол Брокер Сервис» ЖШС-гі меншігіне заңсыз өтіп кетеді. «Бақсам бақа екен» дегендей, Әділет органында 14 наурыз 2006 жылы №12344-1904-ТОО болып тіркелген «Темир Жол Брокер Сервис» ЖШС-нің құрылтайшылары Ж.Т.Ізғұлова мен О.Д.Петрова есімді ханымдар ҚТЖ Ұлттық компаниясы Ақтөбе бөлімшесі басшысы Ж.Т.Ізғұлов пен оның орынбасары В.В.Петровтың жұбайлары екен. Мұндай алыс-берістің заңнан тыс екені ҚР-сы Азаматтық Кодексі 102 бабының 2 тарау, 2-ші жолында: «Мемлекеттік кәсіпорынның мүлкі бөлінбейтіндігі» және «соның ішінде кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге» жатпайтындығы анық көрсетілген. Бұл не сонда, кездейсоқтық па әлде?..

Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Ж.А.Мұхамедьяров №30-шы темір жол магистралының алыс-беріс барысында «Темір жол Брокер Сервис» ЖШС-гі меншігіне заңсыз өтіп кеткенін: «Порверкой установлено, что при предоставлении земельного участка ТОО «Темир Жол Брокер Сервис» в нарушение норм земельного законодательства акиматом города Хромтау, не были проверены принадлежность испрашиваемого земельного участка, в результате чего через предоставленный земельный участок, действительно проходил станционный пут №30, принадлежавщий АО НК «КТЖ» деген өз жауабымен айғақтайды (Қараңыз: шығыс хаты № 1-7/148-11; 26.04.2011). Аталмыш №30 темір жол желісі кіретін 2,347 га жер аумағының жеке кәсіпкерге тұрақты пайдалануға өткенін А.Аймағанбетовке берген жауабында «Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті» мемлекеттік мекемесі бастығы К.Ж.Бижанов мырза да растайды (шығыс хаты: №2-8-7953. 24.05.2011 жыл).

Айтарымыз, қандай желеумен болса да «ҚТЖ Ұлттық Компаниясы АҚ Ақтөбе бөлімшесі» тарапынан мемлекеттік қазыналық кәсіпорын меншігі саналып келген темір жол желісінің «Темір Жол Брокер Сервис» ЖШС-гіне жалға беру  шарты заңнан тыс болып табылады. Себебі, мемлекеттік мекеме басқа бір заңды тұлғаны құра алмайтыны, сондай-ақ оның құрылтайшысы да бола алмайтыны заңда анық жазылған (қараңыз ҚР-сы Азаматтық Кодексі 105 - бап, 3 жолы).

Бұл аз болғандай, келесі кезекте аталмыш темір жол магистралы тағы да қолдан қолға өтеді. Жоғарыда айтқанымыздай ұзындығы 1152 м болатын темір жолды күрделі жөндеуден өткіземіз деген желумен алған «Темір Жол Брокер Сервис» ЖШС-гі кейіннен 10 қазан 2007 жылы бұл жерлерді екінші рет енді В.Б.Меңдібаев басқаратын «Олжа-2007» ЖШС-гіне 1 млн. 300 мың теңгеге сатып жібереді. Бұл деректер қаржы полициясының №07/19-8/6574 реттік құжатында тіркелген.

16 қаңтар 2008 жылы Хромтау қаласының әкімі К.Кушанбаев «Олжа - 2007» ЖШС - гінің директоры В.Б.Меңдібаевтың арызын басшылыққа алып, Хромтау қаласының Жаңа бекеті 6-шы мекен бағытындағы жалпы аумағы 2,3470 га болатын жерді «Уақытша жүктер мен материалдарды сақтау алаңын орналастыру және қызмет көрсету үшін жер учаскесінің пайдалану нысаны өзгертілсін» деген шешімін шығарады. Әкім өз шешімімен 30 қазанда №12535 мемлекеттік актінің күшін де жояды.

Бұдан соң 08.02.2008 жылы Олжа-2007» ЖШС-гі мен «АҚ «ҚТЖ Ұлттық Компаниясы Ақтөбе бөлімшесі» директоры Ізғұлов Жарас Төкенұлы арасында екеу ара «шарт» жасалып, енді В.Б.Меңдібаев мырза меншігіндегі 2,3470 га жердің 0,3558 га болатын №30 темір жол желісінің бір бөлігін оның әу бастан қожайыны болып келген «ҚТЖ Ұлттық компаниясы Ақтөбе бөлімшесіне» үшінші қайтара, бірақ бұл жолы «сыйға» береді. Осыншама жердің сыйға тартылғанын: «Земельный участок в размере 0.3558 га из общей площади 2,34700 га земельного участка принадлежащий ТОО Олжа2007» был безвозмездно передан на баланс АО «НК КТЖ», так как станционный пут №30 станции Дон проходит через участок ТОО «Олжа-2007» - деген сөзімен ақтөбелік қаржы полициясының инспекторы, подполковник С.Тұрмағанбетов те жоққа шығармайды (25.01.2011). Басшылардың қолымен жүріп жатырған осындай бірінен екіншісіне өткен былық-шылықтың нәтижесінде қаншама бюджет қаржысы талан-таражға түсіп жатыр? Бюджетке түскен қаржының қаншалықты «шынайылығын» салық комитеті тексеріп көрді ме екен?

Сондай-ақ, ҚР-сы Жер Кодексінің 2-бөлім 26-бап, 2 жолында «магистралдық темір жол желілері мемлекеттің меншігіне жататыны» жазылса, ал ҚР-сының Азаматтық кодексінің  2 бөлімінің «Меншік құқығы туралы» заңының 10-тарау, 206-бабының, 2 жолында: «Мемлекеттік мекеменің қазыналық кәсіпорны өзіне бекітіліп берілген мүлікті сол мүліктің меншік иесінің жазбаша келісімімен ғана иеліктен айыруға» тиіс болатыны анық көрсетілген. Ал, Ақтөбедегі орын алып отырған жағдайда меншік иесі оны саудалап жүрген Ақтөбе бөлімшесі емес, керісінше оның «құрылтайшысы» «ҚТЖ Ұлттық компаниясы АҚ» болып табылады. Және осы бабтың 3 жолында: «Қазыналық кәсіпорынның өзінің негізгі құралдарына жататын мүлікті сатуға  және сыйға беру мәмілелерін жасауға құқы жоқтығы» жазылған.  Біздің жағдайда тағы да «ҚТЖ Ұлттық Компаниясы АҚ Ақтөбе бөлімшесі» мемлекет мүлкіне ие болып отырған қазыналық кәсіпорын болып есептеледі.

Ендеше осы мекеменің бұрынғы қызметкері азамат Алдаберген Аймағанбетов көтеріп жүрген мемлекет меншігі болып табылатын Хромтау ауданындағы Дон бекетіндегі №30 темір жол желісін қандай жолдармен болса да ешкімнің меншіктеуге құқы жоқ. Мемлекеттік қауіпсіздігіміздің стратегиялық тетігі саналатын ол жерлер жекеге сатылуға да, туыстарына жалға берілуге де тиісті емес.

Сөзіміздің соңында айтарымыз, меншік иесінің - жер учаскесіне жеке меншік құқығы заңсыз иеліктен шығарылып басқа тұлғаларға өткен жағдайда екінші тұлғаның жерді пайдалану құқығын қайтара тоқтатуына болады. Бұған алғашқы меншік иесінен (құрылтайшыдан) жерді олардың келісімінсіз алып қоюы негіз бола алады. (қараңыз: ҚР Жер Кодексі, 9 тарау, 81-бап, 1-2-ші жолдары). Сондай-ақ, «Мекеменің меншіктеу құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзіне тиесілі мүлікке оралымды билік жүргізу құқығын сақтап қалады» (сонда: 208-бап).

Демек ҚТЖ ҰК АҚ Ақтөбе бөлімшесіне жекеге өтіп кеткен өз меншігін қайтарып алуда да заң бойынша басымдық беріліп отыр. Ендеше әлі де кеш емес. Біз де өз тарапымыздан сатылған темір жол магистралын «түгелімен» «Оралымды басқару құқығы» заң баптарына сүйене отырып жергілікті «ҚТЖ ҰК Ақтөбе бөлімшесі» құзырына қайтарып алуға әбден болады демекпіз. Бүгінде А.Аймағанбетов осы көтерілген мәселе бойынша Ақтөбе қалалық сотына талап арыз түсірді. Мемлекеттің мүддесін қорғайды, заңдылықтың бұзылмауын қадағалайды деген құзырлы мекемелер мен құқық органдары осы жайларға назар аударар деген үміттеміз.

Сәт Бектұрсынұлы

Нұрлыбай Қошаманұлы,

ҚР-сы Журналистер Одағының мүшесі

Ақтөбе қаласы.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534