Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Мәселенің мәні 6747 30 пікір 10 Ақпан, 2020 сағат 10:42

Қордайдағы төбелеске не түрткі болды?

Қордайдағы төбелеске не түрткі болды? Жұртшылықтың көкейіндегі басты бір сауал осы еді. «Барлығы ақсақалды ұрғаннан басталды» деген болжам айтылған. Шынында қалай?

Қария адамды балалары ауруханаға алып, басты жолмен келе жатады. Бүйірден дұңған азаматтары мінген көлік жүйткіген күйі жолға атып шығуға ұмтылады. Бірақ жол жүрісі ережесіне сәйкес, олар басты жолмен келе жатқан көлікті өткізіп жіберуі керек. Оның үстіне қазақтар сырқат кісіні дәрігерге жеткізуге асығулы. Осы жерде керіс туады. Сонда бір нойыс дұңған көлікті тепкілеп, оның мемлекеттік нөміріне зақым келтіре бастайды. Бұл зорлығына және бұзақылығына шыдамаған қазақ оны бір ұрады. Жұдырықтасушыларды ажырату үшін арашаға түскен ақсақалға дұңғанның аяғы тиіп кетеді.

Әлеуметтік желілерде айтылған «қарт адамның төбесін балтамен ойып тастапты» деген дерек жалған болып шықты. Үлкен төбелеске қатысқан қазақтармен және дұңғандармен жан-жақты әңгіме кезінде анықтағаным, көлік айналасындағы кикілжің туралы көпшілік білмейді екен. Яғни, алапат арпалысқа бұл серпін бермеген.

Сонда не? Полиция қызметкерлері шиеленісті бастаған, ақсақалды тепкен оңбағанның қолына кісен салып, қамап тастайды. Қазіргі кезде ол бұзақы темір торда отыр.

Осыдан кейін құқық қорғау қызметкерлері сақтық танытып, көшеде күдік тудырған көліктерді тексере бастайды. Бұл – олардың міндеті. Сол кезде тоқтатылған машиналардың бірінде жүргізушісінің құжаттары жоқ болып шығады. Үйде қалдырып кеткенін сылтауратқан. Полицей ізгілік танытып, батыстағыдай бірден қолын қайырмай, үйіне бірге еріп баруды ұсынады. Мұны естіген күдікті боқтап, балағаттап, есігін тарс жауып, көлігімен қашады. Құқық қорғау органдарының өкілдері соңынан қуып, дұңған ауылындағы аулаға дейін індетіп кіреді. Алдын ала телефонмен ескертіп қойса керек, үйден қашқынның туысқандары, жолдастары қаптап шығып, полицейлерге жабылған. Және полиция қызметкерлерін жабыла ұрып, тепкілеп жатқанын өздері видеоға түсіріп, мақтаныш қылып, әлеуметтік желілерге салады.

Міне, дәл осы бейнежазбаны көрген басқа ауылдағы азаматтар ашынып: «Мынау не басынғаны! Қазір құқық қорғау органдарындағы жігіттерімізді сабап жатыр. Ертең бәріміздің басымызды жара ма? Бұл не деген масқара!» деп көтерілген.

Арты не болды? Жамандыққа арандады. Дұңған ауылдары тарапынан да бұған еш айыбы жоқ қарапайым жандар зардап шекті.

Елді бірлікке, ынтымаққа шақыру бізге парыз. Татуластыруға күш салып жатырмыз. Мұсылманның қанын мұсылман жүктемеуі керек.
Қылмыста ұлт жоқ. Осыны ұмытпайық, ағайын! Сонымен бірге қазақ елін мекендеген барлық ұлыс пен этнос мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасында ұйысуға тиіс. Елден қашқандары – мұны қаламайтындар деп білеміз.

Бақытбек Смағұл, 

Парламент Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

30 пікір