Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ақмылтық 8539 40 пікір 10 Ақпан, 2020 сағат 11:19

Елдің иесі де, киесі де - қазақ!

Тәуелсіздік жылдары елде жергілікті ұлт пен шешен, ұйғырлар арасында Алматы облысында адам өлімімен аяқталған бірнеше қақтығыстар болған. Одан бөлек қытайлармен Ақтоғайда (ШҚО) және Жаңаөзенде, түріктермен ТШО (Атырауда), армяндармен Қарағандыда осындай оқиғалар орын алды. Енді оған Қордай оқиғасы қосылып отыр. Бұл оқиғалар елдегі ұлтаралық қатынастар мен шетел компаниялары арасындағы мәселелердің шешілмегенін көрсетіп, қоғамдағы көптеген жараның бетін ашуда.

Бұл ұлтаралық қақтығыстардың негізгі себептері:

- Қазақстан Ұлттық идеясы мен идеологиясы анықталмаған мемлекет болып қалуы;

- 1992 жылы БҰҰ Қазақстанды «Ұлттық мемлекет...» деп анықтағанмен, оны және мемлекет құрушы Қазақ ұлтының статусы Конституцияда заңдастырылып, біртұтас унитарлық мемлекеттің ұстанымдары қалыптаспаған;

- Конституциядағы мемлекеттік тіл туралы баптың іске асуына биліктің кедергі болуынан Қазақстан әлемдегі Президенті, Парламенті, Үкіметі мемлекеттік тілде сөйлемейтін және ісқағаз жүргізбейтін мәңгүрт мемлекет болып қалуда;

- Халық Ассамблеясы сияқты қоғамда және диаспоралар арасында беделі жоқ, авторитарлық билікке тиімді жасанды ұйым құрып, олардың атынан Парламентке демократиялық жолмен сайланбай, 9 депутаттың Президент тізімімен тағайындалуы;

- Шетелдік компаниялардағы ел азаматтарының табысының келімсектерден 5-8 есе кем болуы;

- Мектептерде қазақ тілінің тиісті деңгейде немесе мүлдем оқытылмауы;

- Диаспора отбастарынан шыққан жастардың осы уақытқа дейін әскерге міндетті түрде шақырылмауы;

- Мемлекеттік тілдің ақпарат кеңістігінде, елде шығатын басылымдардың, газет-жорналдардың үлесінің 20%-дан аспауы, қонақ үй, санаторийлар... т.б. жерлерде қазақ телеарналарының мүлдем болмауы...

- Қазіргі жағдайда Қазақстан жасанды идеология мен «саяси этикетке» (онда сатушы да, сатып алушы да алданады) негізделген, тұғыры мен тірегі жоқ, алға жүретін нақты бағыты жоқ, ішкі саясаты анықталмаған ел болып қалуда;

- Қазақ пен диаспоралардың бастарын қосуға қарсы авторитарлық биліктің «қоғамды бөліп алып билеген ішкі саясаты», түбінде құритын ондай билікке тиімді болғанымен, - ол ел бірлігі, мемлекеттің стратегиялық дамуына кедергі, оны дағдарысқа апаратын жол;

- Елді біріктіріп, оны сара жолға салатын бірден-бір жол – ол мемлекеттік деңгейде мемлекет құрушы Қазақ халқының айналасына барлық диаспораларды ұйыстыру арқылы елді дамыту болып табылады;

- Ол: Мәңгі елдің «Бір тіл. Бір дін. Бір мораль. Бір мемлекет» ұстанымын енгізу. Қазақ тілі арқылы мемлекеттік институттарды дамытып, қоғамда бір ой, бір ұғым, бір мақсат, бір мемлекеттік мүдде қалыптастыру яғни Қазақ тілі, мәдениеті, дәстүрі, өнері, моралі негізінде қоғамдық бірлікті сақтап, дамыту. Франциядағы мемлекетқұрушы ұлт француздар, Үндістанда үнділер т.б. сияқты Қазақстан қоғамы тек жалаң саясатқа емес, ғасырлар бойы дамыған, осы жердің иесі Қазақтың айналасына теңқұқылы унитарлық мемлекет негізінде бірігу;

- ол «мемлекеттің негізі жердің» яғни елдің біртұтастығын сақтаудың кепілі. Біз оны сатқын биліктің, Қытайға жер сату саясаты кезінде осы диаспоралардың (коммунис Косаревтің жер сатуға қарсы болғанынан басқа), ешқайсысының «Қазақстанның жері-ол менің жерім. Ол ешкімге берілмейді» деп, осы жода күрескенін көрмедік;

- Жер мәселесіне он жылдай бастан-аяқ араласқан республикалық «Қазақстан Альянсы» бірлестігі құрамындағы Халықтар Ассамблеясының мәдени Орталықтарының ішінен Сергей Терещенко, Асылы Осман, Клара Хан сияқты біраз адал азаматтардан басқа жаппай белсенділік танытқан жоқ. Сонда Қазақстан олардың отаны болмағаны ма?;

- Елде жүзге жуық диаспора өкілдері болса, осы Ел мен Жердің иесі мемлекет құрушы Қазақ халқы оларды әрі итеретін емес, өзінің айналасына ұйыстыратын саясат ұстану керек. Ол қазаққа бұрынғыдан ондаған есе көп мәселені оң шешуге дайын болуды яғни сабырлылықты, төзімділікті, баратын тарихи отандары жоқ дүнген сияқты диаспораларға қажет жерінде қамқор болуды талап етеді. Себебі, ол ел бірлігінің кепілі.

Бейбіт кезде қашқындардың пайда болуы жақсылықтың емес, қоғамның азғанының нышаны.

Ұлтаралық мәселе көшедегі қантөгіспен шешілмейді;

- Жоғарыда аталған кемшіліктерді түзету үшін ұлттық идеяға негізделген мемлекеттің идеологиясын қалыптастыру, мемлекеттік тілдегі ақпарат пен БАҚ бюджеттен бөлінетін қаржынының үлесін 80 пайызға жеткізу, оқу орындарында, барлық мемлекеттік мекемелерде ісқағаз бен білім беруді қазақ тіліне көшіру... Бұл, Қазақстанның қазіргі және болашақ даму стратегиясының негізі!

Моисеи еврейлерді 40 жыл құмда көшіріп жүріп, аяғында Таяу Шығыста мұнайы жоқ жалғыз жер Израильға әкелгеніндей, Қазақстанның авторитарлық билігі Ұлы даланы тарылтып, ХХІ ғасырды орта ғасырға шегіндіріп, «Қазақта мемлекет болған жоқ» деп, елден тонаған алтынын тығарға жер таба алмай есалаң болған сандырақтың күнін кешуде. Үшінші мыңжылдықта IQ 30-дан төмен сандырақтарды көсем қылып,
30 жыл бойы пайғамбарларға, ай-күнге теңеп адасқан қоғамнан не сұрайсың?!

Оны, «қарапайымдардың ниеті тозаққа апарады» дейді ме? Қасиетті Құранда, «егер белгілі қауым өзі түзелемін деп ұмтылмаса, ол құл болып оянады» деген екен! Қазақты ояту үшін, енді қанша Жаңаөзен, Қордайлар керек?!

Жалпы, Жамбыл облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикасы тұрақты дамып келе жатқан, ауыл шаруашылығын дамытуда комплекті бағдарлама жасаған жалғыз облыс. Тараз болса, елдегі көрікті мәдениет пен өнердің орталығына айналуда. Баламалы энергетиканы дамытуда бұл облыс ТМД-да алдыңғы қатарда.

Осы аймақта тап осындай жағдай болады деп ешкімнің ойына да келмес еді. Қақтығыста қайтыс болған он адам, ондаған жаралылармен аяқталған Қордай оқиғасы барлық қазақстандықтарға сабақ болады деп сенеміз.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

40 пікір