Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3246 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 08:32

Сейітқасым Боранқұлов. Қолдан жасалған қасірет

 

 

d0b3d0bed0bbd0bed0b4Жас кезімізде қариялар балаларға ұрысушы еді «Аштан өлген адамның моласы жоқ» деп. Сонда біздер - балалар «қандай жақсы, күйзеліс болмайды, ел ашықпайды, әр кезде де тоқшылық болады екен ғой» деп ойлаушы едік. Ол кезде басқа елдің жағдайын тіпті білмейміз, тек ауыл-аймақтың ғана жағдайын білетінбіз. Біздің еліміз ежелден елу үй Жетім руына жататын. Олар осы күнгі Қостанай облысының Амангелді мен Жангелді аудандары шекарасында Торғай өзені бойында орналасқан. Өзен бойындағы әр түбектерді қыстайтын. Бұлардың ішінде аса асып кеткен байлары да жоқ, аса жұтаған кедейлері де болмайтын. Әр үйдің өздерінің күн көрістеріне жетерліктей мал шаруашылықтары болатын. Көктем шыға малдарын төлдетіп, өзендер тасып қайтқан кезде малы көптері Тоқанай құмына жайлауға, ал малы аздары егіншілікпен айналысу үшін кезінде Ыбырай Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіндегі Қабырға өзенін бөгеп, бірінші шығыр орнатқан Қабырға өзені бойына барып егіншілікпен айналысатын. Әр шығыр 4-5-6 гектардай егістікті суаратын қуатты. Онда тары, бидай, бақша дақылдарынан мол өнім алатын. Күзде егіншілер астықтарын малға айырбастап, малы барлар қысқа жетер астық алып ел қарқ болатын. Әбділда, Кейкі, Уса, Әбеу, Жанділ, Бірмағамбет, Біржан деген мұраптар мол өнім алып, оны алыстағы ауылдардан келіп малға айырбас­тайтын. Сол кездегі мұраптардың кетпенмен қазған, бірнеше шақырымға созылған арық орындары осы күнге дейін сақталуда. Мысалы, «Текебай тарпасы», «Қос там», «Телғара» және басқалары.

Күзде жайлаудағы елдер егіншілермен қосылып қыз ұзату, келін түсіру, балаларды сүндетке отырғызу тойлары басталатын. Ел іші сондай көңілді өмірлеріне сондай риза болатын.

Осындай тыныш жатқан елге Кеңес өкіметі орнады деген хабар тез тарап кетті. Кеңес өкіметі жай келмей жұртты елпілдете-желпілдете келді. Бүгінгі кухарка, жалшы ертең ел билейді деп. Оған сенген елдегі алаңғасарлар «ертең мен ел билеймін» деп елдің мазасын алды. «Байлар мен молданы, қойдай қу қамшымен», «Көріңде өкір Кәкімбек» деп өлеңдетіп жүрді. Сол кездегі Торғай ауданындағы №4 ауыл ауылнайы Оразақтың Әбені деген шаруаның сұлу жас Жұмазия деген келіншегін тартып алды. Емшектегі баласынан айырып. Оның хатшысы Алпысбайдың Шаяхметі Байсал деген байдың ұл мен қыздың орнындағы 16 жасар ерке Бәден деген қызын жылатып, тартып әкетті. Даубайдың Хасені әйелі босана алмай жатқанда, әйелге әйелдер патшайымы Бибайшаға сиын деген әйелдерді қуып жіберіп, керегеге Ленин портретін іліп, әйеліне «Ленин бабама сиын» деп бұйырған. Елде мұндай ерсі жағдайлар сондай көп болды.

Кеңес өкіметі елге әбден орнап болған соң ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны бастады. Ірі байлардың дүние-мүліктерін тартып алып, отбасыларын басқа облыстарға, республикаларға жер аударды. Ауыл үстінен жер ауған байлар көші күндіз-түні шұбап жатты. 1928 жылы ірі байлардың мал-мүлкін талан-таражға салып болған соң енді серіктіктер ұйымдастырамыз деп орта шаруалар мен кедейлер мал-мүліктерін бір ортаға жинады. Қолындағы мал-мүлкінен айырылған шаруалар ашығып, ел арасында Кеңес өкіметіне қарсы наразылық туа бастады. Бұл наразылық өсе келе 1929 жылы қазан айындағы Батбаққара көтерілісіне жалғасты. Торғай мен Батбаққара аудандарының жігіттері Батбаққара ауданының орталығына жиналып, «енді не істейміз» деп кеңеседі. Бұл жиынға 500-ден астам адам жиналады. Оны басқаруды ел ағасы, Мадияр руынан шыққан, көзі ашық Бекжанның Әбәйділдасына тапсырады. Шаруалар жайбарақат кеңесіп жатқанда Кеңес өкіметі Қостанайдан әскер төгіп, аудан ортасын қоршап алып көрінген адамды ата береді. Тірі қалған ересек адамдарды ұстап, топ-тобымен 600 шақырым Қостанайға жаяу айдайды. Ондағы түрмеге сыймаған соң адамдарды қала сыртындағы сайларға апарып атып, бетін топырақпен жаба салған. ОГПУ - (КГБ) құжаты бойынша Батбаққара көтерілісіне қатынасқан 500-ден астам адам атылған. Батбаққара көтерілісі Кеңес өкіметіне қарсы ең бірінші ұйымдасқан көтеріліс еді. Осыдан кейін Қазақстанда Ырғыз, Шәуілдір, Жетісу жерінде көтерілістер болды. Барлығында адамдар жауыздықпен қырғынға ұшырады. Батбаққара көтерілісіне қатынасқандар айтқандай, елде күйзеліс, аштық бас­талды. Сол кезде біздің ауыл жігіттері көтеріліске қатынасуды ақылдасуға менің әкем Боранқұлдың Жаманына келді жиналып. Әкем: «бұдан ешнәрсе шықпайды, текке қырыласыңдар. Онан да үйлеріңе барып, қысқа дайындықпен айналысыңдар» деп ақыл берді. Біздің 50 үй Жетім руынан бір де бір адам ұсталып, атылған жоқ.
Елдің күйзелуі 1930 жылдан бас­талды. Біздің үйдің мал-мүлкін 1930 жылы тәркіледі. Көп мал-мүліктен қолда қалғаны өзі шабан, жалқау, тебеген күрең байтал болды. 1928 жылы жайлауда үлкен Әбәйділда деген ағайымның жалғыз Әбдірахман деген ұлын теуіп өлтірген. Көп мал ішінен осындай малдың қалғанына таңғалам, оның неге көзін жоймағанына. Жағдайы нашарлар Торғай өзенін жағалап балық аулап кетті. Біздің үй әкем, шешем, апайым - Ағайша, інім - Әбілқасым әр түбекті мекендеп, балық аулап, ұзатылған апайлардан күрең байталмен тамақ тасып жүрдім. Атқа өз бетіммен міне алмаймын, өз бетіммен түсе де алмаймын. Мен келеді-ау деген кезде әкем биікке шығып қарап жүреді. Үкімет жаз бойы адамдарға кірпіш, саман құйдырып, поселке саламыз, бытыраңқы халықты бір жерге шоғырландырамыз деп күзге қарай он шақты үй салып, шаруа­ларды бір жерге шоғырландырды. Ал қыста олар отыны жоқ суық үйлерде отыра алмай, ескі қоныстарына қайта көшіп кетті. Жаңа салған үйлер азып-тозып, құлап қалды. Күзгі суық түсе түпкірдегі 10 шақты үйден тұратын Қопашық ауылындағы тәжіктің Есеті, Есімсейіті деген нағашыларыма келіп, ауызғы үйіне орналастық. Мен ауылдан 7 шақырым Қайырлап көңіндегі мектепке бардым, ауыл балаларымен оқып жүрдім. Бір күні үзіліске шыққан балалар пәленше-түгеншенің үйлері алдында жүрген қой-ешкілерді көрдік деп шулап кетті. Мұғалім ол үйлердің иелерін тізбелеп алып, «тағы кімдердің үйінде мал бар тығып қойған», - деп сұрай бастады. Қопашық ауы­лының 7-8 баласы бірге отырушы едік, балаларға мұғалім келгенде «біздің ауыл­да еш үйде тығып қойған мал жоқ», - деңдер деп пысықтап қойдым. Мұғалім біздерге келгенде балалар шу етті «біздің ауылда тығып қойған мал жоқ», - деп. Ертеңіне милиция келіп үйлерді тінтіп, малдарын алып кетті.
Бір күні бір жыл бұрын бай балалары деп ұстап Қостанай түрмесінде жатқан Әбәйділда, Ағытай, Күнеділ деген ағайларға тамақ апарған Ағаділ ағай келді. Ертеңіне жалқау күрең байталмен 50 шақырым Қызылоба ауылына алып жүрдім. Ертемен шығып аяңмен кешке әрең жеттік. Қатыраш жеңгем екі кішкентай баласымен жеркепеде тұрады екен. Бір түнеп ертемен жолға шықтым. Шабан байталды төпелеп түн ортасында үйіме әрең жеттім. Екі бетім күлдіреп үсіп кетіпті, оған қоса сүзекпен ауырып қыстай жаттым.

Бір күні ертемен екі ОГПУ-дің адамы келіп әкемді Батбаққара ауданына ұстап әкетті. Жағдайымыз нашарлай бастады. ОГПУ әкемді ұстап әкетуі біреудің көрсетуінен болды деп жұрт айтып жүрді. Көктемге қарай азық таусылып, тұрмыс нашарлағанда былтыр жазда әкем екеуіміз тары еккен жерден қодірен тарыдан бір қаптай жинап, қыстаудың жанына ұра қазып сонда көмгенбіз. Сол есіме түсіп шешем екеуіміз күрең байталға мінгесіп Байшағыр деген жерде қыстаған Сәңкібайдың Молдашы деген туысқа бардық. Аттың тізесінен келетін көктемдегі қардың суын кешіп 10 шақырымға әрең жеттік. Молдекең қайырымды кісі еді, ертеңіне атқа мінгесіп тары көмген жердің тұсына бардық. Мұздың шеті еріп Торғай өзені тасу алдында екен. Жиектен қарғып, көмген астыққа барсақ бұзылмаған екен. Қапқа салып алып Молдекең үйіне келдік. Шешем қап тарыны өңгеріп ат үстінде мен жаяу, көктемдегі қар суын тізеден кешіп үйге келдік. Есет нағашым біздің байтал мен бір сиырын үйілген шошақ шөптің ішін үңгіп, сонда жасырып ұстаған.

Көктемде жер кебе жылдағы әдет бойынша жұрт қырға шығады. Біздің үй де көпшілікпен бірге сегіз шақырымдағы Тоқанай өзені жағасына көштік. Қосымызды тігіп, жұрт қатарлы отырдық. Бір күні жазға шыға Ағаділ мен Әбілқайыр ағайлар Жартоғай атамекенімізде балық аулауда деген хабарды естіп, соларға бардым. Екеуі талдан қос жасап, мордамен Торғай өзенінен балық аулайды екен. Естуімізше, ашыға бастаған халық Торғай өзенінен балық аулауға көшкен. Балықтан балықшылар саны көп сияқты. Балық түсімі нашар.Түскен балықтан аздап өзіміз жеп, шамалап кептіріп аламыз. Бір күні жанымызға Әлғожаның Ахметі деген туыс келді. Тұла бойы күптей ісіп кеткен, үндемейді. Түнде өліп қалыпты. Ертеңіне сол жерге жерледік. Кепкен балықты көйлегіме орап, қолтығыма қысып, үйге апаруға жолға шықтым. Өзіме ежелден таныс жолмен зымырап келем. Туысымыз Жұмабай қыстағына жақындағанда көңнен біреу шығып, менің жолымды кесуге жүгіре басып келеді. Жеті жастағы қадамым жүгіріп жеткізбей кетуге болмады. Басында темір қалпағы, қолында найзасы, ескі кездегі сарбаздай. Менің жөнімді сұрап, қойнымдағы томпиған нәрсені найзасымен түртіп «мынау не?» - деді. Бұл үйге жудыруға апара жатқан жейдем дедім. Ойланып тұрып-тұрып жүре бер деді. Әлгі адамның түсі есімде қалды. Кейін тұрмыс түзелген кезде талай рет кездесіп жүрдім, бірақ та ана жағдайды сұрауға батылым бармады, ұялтпайын деп. Бір қауіптен босаған соң қара жолмен жүгіріп зымырадым. Енді алдымдағы екі көлдің түйіскен жерінен қорқып келем. Ол жерден өтетін жолдың екі жағы қалың қамыс. Бұл қауіпті жерден жүгіріп өттім. Алда бір төбенің басына келсем, өзіммен бірге оқыған Сыздық дегеннің баласы сарышұнақ тышқан пісіріп жеп отыр. Тұла бойым тітіркеніп кетті, жүре бер­дім кідірмей. Үйге жетсем қосқа арқа­сын сүйеп шешем, сүзекпен ауырған апам Ағайша, інім Әбілқасым отыр. Әкелген балығымды беріп, аялдағасын ауыл балаларымен «Ақсүйек» ойнап кеттім. Бір жерді шұқысам астынан қаптың ұшы көрінеді. Бетін белгілеп, балаларды басқа жаққа алып кеттім. Түнде шешем екеуіміз келіп қазсақ бір қап астық. Әзер дегенде бір қап тарыны үйге әкеліп алдық. Екі-үш күннен кейін Қатыраш жеңгем келіп «мұнда жағдайларың келмейді, елге көшіруге келдім», - деген соң көштік елге. Осыдан бір күн бұрын ауыр науқастан Зиба апам қайтты. Шешем екеуміз Тоқанай өзені қырына жерледік. Апай сондай сұлу, көркем еді. Артында жасауымен шағаладай ақ отауы, екі кішкентай баласы қалды. Дүние-мүлікке қарайтын кез емес, «арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» дейтін кез.

Көтергенше керекті заттарды алып көштік. Қосымыз дүние-мүлкімен қалды. Есет нағашым қыстай баққанын есептеді ме, күрең байталымызды иеленіп кетті бермей. Кейін естідік. Нағашым аудан орталығына барып, етік, киім тігіп қаражат жинап алып, Қостанай жаққа кетіп бара жатқанда жолда аш-арық ұрылар өлтіріп, басын кесіп алып, дүние-мүлкін, атын тартып алыпты деп. Әрқайсымыздың арқалаған жүгіміз бар. Алда атамекеніміз - Торғай өзенінен өтетін Нартоғай өткелі бар. Жолдың екі жағы қалың бұта, тал, ағаш болады. Ұры-қаралар осында жол тосып, талай адамды өлтірген, тонаған деп естігенбіз. Қорқа-қорқа өткелден өтіп, өзен қырында біраз демалдық атамекенмен қоштасып. Анадай жерде қыстағымыз көрінеді. Әкеме бір құдасы сыйлаған ағаш үйді, екі бөлмелі, асты-үсті тақтайланған қонақүйді, Әбәйділда, Күнеділ ағай үйлерін, мал қорасын бұзып, быт-шытын шығарған. Сол үйлер ағашын еш пайдаланбай әркім отқа жақты. Бұл көңілге сондай ыстық атамекенмен ең соңғы қоштасу болды.

Мен он жылдан аса, Ұлы Отан соғысынан жаралы болып елге келгенде көрдім атамекенімді. Туыстарға, Қызылоба ауылына келсек туысымыз Кейкі серіктіктің қаймақ майын жинайды екен. Содан майдың суын алып, қаймақ майдан кейде ауыз тиіп жүрдік. Бір күні Қатыраш жеңешем ожан еліне ұзатылған апайларға барып келейік деді. Емшекте баласы бар. Ең алдымен Күләйша апайға бардық. Олар Торғай өзені бойында балық аулап отырған. Бірнеше үй бірігіп балық аулайды екен, балық жоқ, балықтан балықшы көп. Күләйша апай аздап тары-талқан берді. Сонымен арқаланып, жеңешем баланы ұстап, келесі күні қоштасып жолға шықтық. Сол ауылдан бізге еріп бір аш-арық, түсі суық адам бірге шықты. Ауылдан ұзап, орта жолға келгенде серігіміз менің арқамдағы қапты жұлып алып жүгіріп қашты. Қатыраш жеңешем баланы маған бере салып қуа жөнелді. Артынан қуып жетіп, затты бер десе пышағын сермеп, жуыт­пай, өлтірем деп қорқытқан соң қайтып келді. Сонан екінші ауылдағы Сақыпжамал апайға келдік. Өрімдей екі жас қыздарымен бәлен қанат ақшағала боз үйден қалған қоста тұрады екен. Жездей Сұлтанғали 1929 жылғы Батбаққара көтерілісінде атылып кеткен. Апай сондай сұлу адам еді, бір түнедік те ертеңіне елге кеттік. Апай қолындағы барынан жырып берді. Кейін Сақыпжамал апай екі қызымен аштан өлді деп естідік. Торғай өзенінен өтейік деп келсек өзен толған адам. Біреудің ауына бір балық түсіп еді, бәрі қуанып, айқайласып жатты. Көп ұзамай серіктік малына шөп табуға ағайлар шөпшілерге көшіп барды. Елде үлкен аштық басталды. Әр жерде бандылар шығып, серіктік малын ұрлап, адам тонау, адам өлтіру оқиғалары көбейіп кетті. Әлі есімнен кетпейді. Кейін Нәркен шешей бір нәрсеге ренжігенде ылғи айтып жүрді «Бізді Құдай қалай оңдырсын, үш жігіт ұлымен аштықта балық аулап, балық болмай өлер болған соң елге, көпшілікке барарда емшектегі баланы көтеріп алып жүруге шамалары келмей, арба үстіне тастап кеткенде, біраз жер ұзағанша жылаған бала дауысы құлағына естіліп тұрған. Сол бала дауысы әр уақытта құлағымнан кетпейді», - деуші еді. Мұндай аянышты жағдайлар көп болды.
Торғай дуанынан Есенейдің Ерғалиы деген жездей хабар жіберіпті «Сейітқасым пысық еді, одан көп нәрсе үміттенуші едім, елде аштан өліп қалар, Торғайға жіберіңдер», - деп. Жән­діл­да деген ағайын баяғы өзіміз­ден тәркіленіп алынған түйелермен Тор­ғай дуаны­на серіктіктің жұмысымен ба­ра­ды екен. Мені соған қосып жібер­ді. Дала­да бір түнеп Торғай дуанына кел­дік. Өмірімде қала көрмегем. Алыстан, қыр басынан буалдырланып көрінді Торғай қаласы жарқыраған шіркеулерімен. Ерғали жездей Әбәйділда деген үл­кен ағайымның Шарапқан деген қызына үйленген. Өткен қыста Бопан жеңгей мен Шарапқан апай қайтыс болыпты. Әбәйділда ағай Қостанайда, түрмеде. Ерғали қолында әкемнің інісі Бәйтеннің әйелі Үрипа жеңгей мен қызы Шайқыман бар екен. Үрипа жеңгейдің жалғыз ұлы Күнеділде Қостанайда түрмеде. Мұнда жағдайым жаман болған жоқ. Торғай өзенінде ақ шабақтар көп. Жейдемізбен ұстап ала береміз. Бірақ та қала іші толған аш-арықтар елден келген. Бір күні көшеде елде палуан болған, Әбдік деген танысты кездестірдім. Күп болып ісіп кеткен, ешкімді танымайды. Осылай жүргенімде Шайқыман апай аудан басшыларының дүкенін басқаратын Нарманның Мағауы дегенге күйеуге шығатын болды. Үлкен той болып, апай ұзатылды. Енді біздер де туыстармен солай ауыстық. Басшылар дүкенінде тамақтың көп түрі бар. Тұрмыс жағдайымыз жақсарды. Күнде мерзімді кезде барып, мен жездей берген тағамдарды алып келем. Елден әкем, үш ағайым түрмеден босап, елге келді деген хабар жетті.Елде тұруға жағдай болмаған соң күзде әкем бастаған туыстарым он бес адамдай Торғай думанына сау ете қалды. Мақсаттары - жолдан мені қосып алып Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына бару. Мағау жездей мен Шайқыман апай серіктестікке, үй шаруасына көмектесуге мені сұрап алып қалды. Сонан туыстарым өзі ашығып отырған елге барып одан жаман жұтаған. Жағдай қиын болған соң інілерім - Әбілқасымды, Қасымханды, қарындасым - Динараны, барлығы 5-6 баланы балалар үйіне берген. Бір жетіден кейін барса, барлығы да аурудан, аштықтан өліпті. Одан кейін түрмеден келген Ағытай ағай қайтқан. Ақтөбенің ашыққан елдерін аралап, әбден жұтап, екі жылдан кейін елге оралған. Елде аш-арықтарға мал үлестіріп жатқанда бұзау, ешкі тиіп, жағдайлары түзелген.

Мен Мағау-Шайқыман үйінде жүре бердім. Қалада ашыққандар, өлгендер саны толастар емес. Ашыққандарды Қостанайдан жүк әкелген автомашиналарға тиеп жіберіп жатты. Бұдан олардың саны азаяр емес. 1930-31 жылғы қыста Ерғали жездей түрмеге түсіп қалды. Бір күні кешке Шайқыман апай бір таба нан, құманға салма құйып Ерғалиға түрмеге апарып бер деді. Таба нанды қойныма тығып, құманды ұстап, дедектеп жүгіріп келе жатқанымда еңгезердей біреу айқайлап, қойнымнан нанды тартып алып қаша жөнелді. Құманды жерге қоя сала соңынан жүгіріп қудым. Ол барып бір құлаған үйлер ішіне кіріп кетті. Мен де іле ішке кірсем үйдің есігі киізбен жабылған, іші еш нәрсе көрінбейтін қалың түтін, үй іші сондай сасық. Біраз тұрғасын денем дірілдеп, қорқайын дедім. Іле кейін шығып келсем құманым орнында тұр екен. Оны алып үйге келсем Ерғали жездем сұранып, үйге келіп отыр екен. Жағдайды айтқан соң маған «Қазір қалада адам жейтіндер бар, бекер қуғансың», - дейді. Осы жағдай ойыма түссе - осы күнге дейін қорқам.
Торғайдың аязды қысы бітіп, көктем де келіп қалды. Бір күні Мағау мен Шайқыман «Сені балалар үйіне береміз» деді. Мағау мені жетектеп Торғай детдомына апарып, өзінің туысы Хамза дегеннің атымен тапсырды, Боранқұлдың Жаманының баласы десек, бай баласы деп детдомға алмайды деп. Детдомда шөп төселген бөлмеде 30-40 бала жатады. Ертемен әр жерде өліп қалған балаларды жинап, бір сарайға үйе береді. Сарай толған соң үлкен арбаға түйе жегіп, ересек балалар қаланың батысындағы терең сайға апарып, лақтырып-лақтырып кетеді. Ересек балалар кейде мені қызық көріп, бірге ертіп жүреді. Сайға өліктерді апарғанда мені теріс қаратып қояды. Білдірмей қарасам, өлікті бірі қолынан, бірі аяғынан ұстап сайға лақтырып жатады. Осы детдомда Қайнекей Жармағамбетовті кездестірдім. Ол біздерден көп үлкен, бастықтардың бірі. Асханаға барсам қара торы, сымбатты келіншек маған қарап «балаларды басқаруға осындай күйлі, сүйкімді балаларды неге тағайындамайды екен, ылғи жұтаған, кір-кір, көркемсіздерді әкеледі балаларды басқаруға», - дейді. Ылғи мені жақсы көріп жәрдемдесіп тұрады. Осы күндері сұрастырып қарасам, ол әйел осы күні белгілі демог­раф ғалым Мақаш Тәтімовтің шешесі екен. Мақаштың әкесін кәмпескелеп, Сібірге, итжеккенге айдап жібереді де, шешесін екі кішкентай баласымен екі милиционер қосып Торғай думанына жер аударады. Қарқаралыдан жолда бір ай жүріп аштан қырылып жатқан Торғайға жетеді. Пысық әйел ретін тауып детдомға аспазшы болады. Сөйтіп, аштықтан екі ұлын сақтап қалады. Торғай детдомын Қостанайға көшіргенде онда бармай Торғайдан Шалқарға барып, жолда бір ұлынан айырылып, пойызбен Алматыға келеді. Алматыда тұрғанда Сібірден босап күйеуі келеді, кейін 1940 жылы Мақаш туады. Сонан таныса келе Мақашпен бір анадан туғандай болдық. Торғайда ашыққан детдом балаларының жағдайы қиын болды. Балаларды қыста аштан өлтіріп алу қаупі туды, сосын детдом балаларын 1932 жылы Қостанайға күзде көшіруге шешті. Бір күні кешке қала сыртында киіз үйлерде тұрғанда, автомашиналар зырлап жетіп келеді. Бұрын машина көрмегем, үйдегі киім-кешектерімді тастап машинаға мініп алдым. Одан қалаға әкелді, мен отырған автомашинаға жездем Мағау да мінді. Ол бұл кезде аудандық тұтыну мекемесінде бастық еді. Біздің машинаны толтырып тамақтарды үйді. Жолда әр ауылда әр баланың туыстары кездесіп алып қалып жатты. Менің есіл-дертім - Қостанайға барып оқу. Бізді апарғанда Қайнекей Жармағамбетовте болды. Ол біздерді тапсырып, Торғайға келіп, содан Алматыға келіп оқыды, қызметке тұрды, белгілі ақын болды.
Қостанайға келген соң жаңа өмір басталғандай болды. Түнде қалаға әкеліп, қазіргі Пушкин мен Ғафу Қайырбеков көшелері қиылысындағы үлкен екі қабат қызыл қыш кірпіш үйге кіргізіп жіберді. Мұнда бұрын орыс балаларының детдомы болған екен. Біз келісімен екі жақ болып төбелестер басталды. Сосын орыс балаларын бөліп алып кетті. Детдом жанындағы осы күнгі Тарана мен Ғафу Қайырбеков көшелері қиылысындағы бір қабат үлкен қызыл қыш кірпіш үйде оқыдық. Мұнда қазақ, орыс, татар сыныптары бар екен. Бір жылдан кейін қазақ сыныптарын бөліп, қазақтың бастауыш мектебін ашты. Одан жетіжылдық 1936 жылдан қазақ орта мектебіне айналды. Торғайдан келген соң 1933 жылы күзде қала ортасына барсам бір топ қазақ сөйлесіп тұр екен. Ішінен әкемді таныдым, бұрынғы киімімен екен. Бірақ та барып кездесуге қорықтым, байдың баласы, әкесі бар деп детдомнан шығарып жіберер деп.

Кейін білсем әкем мені іздеп келген екен. Елден қалашыларға еріп. Жолда бір үйде шешем мен Әбәйділда ағайым қайтқанын естіп талып қалыпты. Бұдан кейін Қостанайға бірнеше рет маған келіп жүрді. Есейіп ақыл кіре бергенде 1937 жылы елге барып, туыстарымды көруді армандадым. Қыстай дайындалып, жазғы демалыста бармақшы болдым. Бір күні қалада сыртына «Тургайский райпотребсоюз» деген жазуы бар машинаға кездесіп, мені Торғайға апаруға келісті. Машинаға үйіп жүк тиеп, үстіне отырғызды, түнделетіп Семиозер селосына келдік. Осында шофер екі күн арақ ішіп мас болып жатты. Мен машина үстінде отырам, ұйықтаймын. Екі күннен кейін кешке шала мас шофер жолға шығып түнделетіп Торғайдың Қоңыраулы ауылы­на келдік. Ертемен боз ала таңнан тұрып Торғайға тарттық. Торғай қаласының шетіне мені түсіріп кетті. Күн жаңа ғана шығып келе жатқан. Айнала танымайтын ел. Енді не істеймін деп дағдарып тұрғанымда бір адам келе жатты маған қарай. Оған кездесіп, жөн сұрасқаннан кейін маған еріп жүр деді. Мені баяғы өзім болған, Ыбырай Алтынсарин салдырған деткоммуна үйіне алып келді. Бір үйге кіріп, ерте шай ішіп жатқан бір топ адамдардан «Мына баланы танисыңдар ма?» деп сұрады. Олардан ешкім мені танымады. Сосын ана кісі бұл өзіміздің - Сейітқасым ғой деді. Отырғандар ішінде өзім ағайым Әбілқайыр және онымен бірге екі туыс әскери комиссариатқа тіркелуге келген екен, енді ауылға жүргелі отыр екен. Мен үстеріне дәл келіппін. Мені ертіп әкелген ол да рулас туысым, ауылдағы Емберген молданың Әйнекібайы екен. Бәрінің де бірден сәті болды. Туыс­тардан елдің жағдайын сұрап білдім. Үйге келсем көптен көрмеген әкем, өмір бойы көрмеген үлкен апайым Күнжамал отыр. Апайым әкемді бағады екен. Жолдасы Қаз руынан Әлмағамбет 1929 жылы Батбаққара көтерілісіне қатынасып атылып кетті. Сонда апай екі кішкентай Балғайша, Қамбайша деген қыздарымен қысқы қатты аязда Қарсақбайға жер аударылып, онда ашығып, өлер жерінен туыстары елге әкеліп, одан төркініне келіп, қыздарын ұзатып, енді әкесін бағады екен. Жазғы демалыста елді аралап, туыстарды көріп Қостанайға келдім. Мұнда «Хамза» деген жалған фамилияны тастап Боранқұлов деген әкемнің әкесіне жазылдым. Онжылдық мектепті бітіріп Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатынастым. Бұдан әрі есейіп, қызмет істеп әр салада, еліміздің азаматы болдым. Бұл өмірімді жазып отырғаным - өмірдің қандай қиын кезеңі болса да мұңаймай, жол таба білу керек. Менің қиын өмір жолым мүмкін, біреулерге үлгі болар. Сол үшін жазып отырмын.

Қорыта келгенде, отызыншы жылдардағы аштық қолдан жасалған, қазақ халқын қыруға арналған болды. Кезінде И.В.Сталиннің «Бұл сарыларды жою керек» дегені бар екен. Соны іске асырды ғой. Мен өз көзіммен көріп, өз басымнан кешіргенім арқылы бүкіл қазақ халқының бас­тан кешкенін көрсетуге тырыстым. Бұл үлкен аштықта Торғай-Амангелді аудандарының Аққұм, Жыланшық өзені бойындағы, Екі дің жерлері, Шилі аймақтарының көпшілік халқы аштықта тегіс қырылып, тек кейбіреулері бас сауғалап, басқа жақтарға кетіп аман қалды. Осы аймақтар сол аштық кезінде иесіз қалып, тек 1945 жылдан бастап ел қоныстана бастады. Ақтөбе облысы Басқұдық деген жердегі бір ауыл адамдары тегіс ашығып, өлгендерді бір үйге жинай берген, үй өлікке толғанда үйдің төбесін құлатып өліктер бетін жапқан. Осы ауылдан бір де бір адам тірі қалмаған. Мұндай жағдайлар мыңдап кездесті. Үлкен аштық кезінде аштан өліп, басқа жаққа көшкен 2 млн. адам және Ұлы Отан соғысында шейіт болғандар салдарынан Қазақстан халқының саны әлі көтеріле алмай келеді. Қазақ халқының басында болған қайғылы кездерді кейінгі жас­тар естерінен шығармауы керек. Сондай қайғылы кезеңдер болмау үшін күресу керек.

Сейітқасым Боранқұлов,
соғыс, еңбек ардагері, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрметті профессоры

http://anatili.kz/?p=7390#more-7390

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536