Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Аймақ 6202 3 пікір 13 Ақпан, 2020 сағат 14:51

«Екібастұз қалалық білім бөлімі мұғалімдерге 120 млн теңге қарыз»

Екібастұздық педагогтарға, соның ішінде әсіресе қазақ мектептерінің мұғалімдеріне тамыз, қыркүйек айларынан бері зейнетақы төлемдері дұрыс жүргізілмей келеді. Құзырлы органдар есебінше, Екібастұз қалалық білім бөлімінің өз қарамағындағы мұғалімдер алдындағы түрлі қарызы (жалақы, іссапар шығындары, тағы басқа) оқу жылының басынан санағанда 120 миллион теңгеге жетіп жығылыпты. 

Мұғалімдер қауымы жалақының бір айда екіге, үшке бөлініп және әр түрлі көлемде беріліп жүргеніне таңғала қарағанымен, зейнетақы аударымдарының мүлдем төленбей жүргенінен хабарсыз болып келген. Тек банкке несие алуға барғандарында зейнетақы шоттарының соңғы айларда қаңырап тұрғаны әшкере болыпты. Мұндай жайтты №18 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері де бастан кешкен. Олар бұл заңсыздыққа шыдамай, топтасып қалалық прокуратураға және білім бөлімінің кәсіподақ комитетіне шағымданыпты. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген қазақ мақалының білім саласында аса өзектілігін кім білген! Қазіргі уақытта шу шығарған мұғалімдердің төлемдері біраз түгенделіп қалғанға ұқсайды. 

«Басшымызды прокуратура шақырды, барғанымызда «мектеп бухгалтері де, білім бөлімі де бұл мәселеге кінәлі емес, айыпты жергілікті әкімдік екен», - деген уәж айтылды. Білім бөлімінің мамандары шағымды әлеуметтік желіге шығармауымызды, шулатпауымызды өтінді», - дейді ұстаздар. 

Ал 6 ақпан күні Екібастұз мектептеріне түгел телефонограмма тарады. Онда былай деп жазылыпты: «Облыс әкімінің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы №3-10-2/289 – И хатына сәйкес берген тапсырмасына орай, білім қызметкерлеріне қаңтар айы үшін 10 ақпанға дейін 25 пайыздық көтермеақы төленсін. Жалақының төленгені туралы ақпарат 8 ақпанға дейін хабарлансын. Басқарма басшысының орынбасары С.Алекпарова». Осы хаттағы сүйінші хабар мұғалімдерге зейнетақы келеңсіздіктерін біраз ұмыттырып жібергендей болды. Бірақ жайбасар білім бөлімі 10 ақпанға дейін мұны орындап үлгерсе жақсы ғой...

Жалпы, Екібастұздың білім мекемелерінде зейнетақы аударымдары ғана емес, іссапар шығындарын төлеу жайы да түсініксіз, жүйесіз екен. Неге олай екенін қарапайым мұғалімдер ұқпай дал. 

Осының бәрі Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Нефедова мен білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрайымы Әлима Рахымжанова үшін таңсық жайт еместігін мұғалімдерден білдік. Алайда әкім орынбасары мәселені шешу жолдарын іздеуге асықпай, кемшілікті жасырын ұстауға тырысып әбігер. 

Өткен жылдың желтоқсан айында облыстан келген аудит білім бөлімінің астан-кестеңін шығарып тексеріп, ауқымды қаржылық кемшіліктер тапқан болатын. Соның нәтижесінде тексерушілер қала әкіміне «білім бөлімінің басшысы Ж.Хамзабаеваның жауапкершілігін қарастыруды» қорытынды анықтамаға баттита жазып кеткенімен, өзгеріс аз. Елдің айтуынша, қала әкімі Ержан Иманзаипов Хамзабаеваның шәкірті екен-мыс. Болса болсын, бірақ қарапайым мұғалім қауымның өз зейнетақысына мерзімінде қол жеткізе алмайтындай не жазығы бар еді?! 

Аслан Шайқыұлы,

Павлодар облысы

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

3 пікір