Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 9071 53 пікір 14 Ақпан, 2020 сағат 11:10

Оразбаев ойына келгенін істей бере ме?

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев ойына келгенін істеуден жалығар емес. 

Ділдабек Оразбаев бізге басшылыққа келгелі жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде аудан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда ешқандай пәрменді жұмыс атқарып отырған жоқ. Бұдан бұрын Тарбағатай ауданында 5 жылдай әкім болғанда көзбояушылыққа салынып, маңайына топ жинап, ел ішіне іріткі салып, жалған жарнама жасап, өзін-өзі мадақтатудан басқа түк бітірмеген әдетін мұнда да жалғастырып отыр. Сөзіміз жалған болмас үшін Д.Оразбаев мырзаның Тарбағатайда жасаған Мемлекеттік қызметкердің этикасына мүлде жат, өрескел қылықтарынан бірнеше мысал келтірейік:

1, Естуімізше, Д.Оразбаев Тарбағатайда әкім болып тұрғанда айналасы 5 жылдың ішінде 400-ден астам адамға аудандық мәслихаттың шешімінсіз ауданның «Құрметті азаматы» атағын конфет таратқандай қалтасынан үлестірген. Сонда айналасы 5 жыл әкім болғанда жылына 80-90 адамға «Құрметті азамат» атағын шашудай шашып отырған. Бұл не жомарттық, не масқаралық? Сайып келгенде бұл – Тәуелсіз еліміздің, ауданның мемлекеттік мәртебесін мазаққа айналдыру, алаяқтық деп білеміз.

2, Бұл, бұл ма? Соя және басқа да көкеністер ектім деп жар салып, жалған жарнама жасап, облысқа өтірік ақпарат берумен айналысқан. Ел аузында жүрген мына бір күлкілі оқиғасын айтсақ та жеткілікті. Ділдабектің алаяқтықпен айналысқаны сондай анадан құрап, мынадан сұрап қойманың аузына қап-қап картопты жинап, облыстан келген  өкілдерге қойма толған көкөніс деп сендірген. Шындығында қойманың ішкі жағы қаңырап бос тұрғанын жоғарыдан келген комиссия сезбей қалған. Ал, 1 мың 500 гектарға соя ектім деп даурыққан Ділдабек гектарына бір центнер ғана өнім алғаны облысқа берген есебінде көрініп тұр. Тіпті қаржы полициясы барып тексергенде сояны қай жерге еккенін әкімнің өзі де таппай қалғанына жұрт күліп жүр. 

3, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнісіне мән бермей, талғамсыз, татымсыз ескерткіштер қоюмен айналысып, жағымпаздарға жағдай жасап, жеке басын жарнамалауға көшіп, бюджет қаржысын оңды-солды шашқан. Лицензиясы жоқ көрінгенге жасатқан, бетоннан құйған ескерткіштер қазір азып-тозып тұр. Аудан көлемінен шыққан белгілі тұлғаларға қойған ескерткішсымақтардың басқасын айтпағанда «Мұрын ана» ескерткішінің алдына бос бесік қойғызғаны не ырымды, не салт-дәстүрді білмейтіндігінен хабар береді.

4, Ең сорақысы – Д. Оразбаев өзінен бұрынғы әкімдер тұсында жоспарланған, мемлекеттің қаржысына салынған су жүйелеріне «Оразбаев атындағы тоған», «Ділдабек каналы» деген атауларды қойып, оны картаға түсіріп, ойына келгенді істеген. Оған кім мұндай құқық берді? Кез-келген әкім қызмет атқарған жеріне өз атын қоя берсе, ел мен жер тарихы не болмақ? 

Ділдабектің Тарбағатай ауданында жасаған небір қисынсыз істерінен сол өңір халқы жағасын ұстап отырғанын білуші едік, әдепсіз әкім сол «әләуләйін» енді Аягөз ауданында жалғастыра бастады. Аягөз – Абай ауданымен көршілес өте тарихи аудан. Бұл ауданда «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» күмбезі тұр. Сондай-ақ, Абай құрмет тұтқан Дулат жырау туған өлке, Сыбанның он жеті ақыны, Ақтайлақ би өмір сүрген өңір. Абайдың өмірі Аягөзбен тығыз байланысты. Ұлы ақынның 175 жыл тойын Аягөз ауданы да лайықты атап өтуі керек. Ал, біздің жалған жарнамамен айналысып, жылына 100-ге тарта адамға (ішінде еден жуушылар да бар) «Құрметті азамат» атағын қалтасынан шашып, қасына жандайшаптар мен жағымпаздарды жинауға әбден әуес болып алған, мұрнына Абай шығармасының иісі де бармайтын, Аягөздің арғы-бергі тарихынан дым білмейтін Ділдабек Оразбаев Абай тойын қайтіп өткізбек? Ана ауданда істегені – анау, мына ауданды ол қалай басқара алмақ? 

Мадаққа тоймайтын, құлық пен сұмдықты ғана ойлайтын,  жарнамасын қоймайтын әкімнен құтылатын күнге асықпыз...

Серікқазы Нұрқасымов,

Аягөз қаласы

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

53 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520