Екі томдық антология – мемлекеттің әдебиетке жасаған үлкен қолдауы!
Бүгін Алматыдағы «Достық» үйінде БҰҰ-ның алты тіліне аударылған екі томдық антологияның тұсаукесері болды. Антологияға қазақтың 60 қаламгерінің шығармалары енген. Тұсаукесерге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы және бір қауым ақындар мен жазушылар қатысты.
«Abai.kz» ақпараттық порталының тілшісі Антологияның тұсаукесеріне байланысты жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттан жедел сұхбат алуды жөн көрді.
Біз әлемді, әлем бізді оқыса деймін
- Дәурен Қасенұлы, тұсаукесер қалай өтті? Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын Батыс жұрты мен Араб елдері қалай қабылдап жатыр екен? Осы сауалдар турасында қысқаша пікіріңізді білгіміз келеді.
- Бұл сұрақты «Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына немесе Жазушылар одағы басқарамасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке қойғандарың дұрыс еді және олар менен гөрі әсерлі әңгіме айтып берер ме еді, алайда, жедел сұхбат болған соң нартәуекел, шама-шарқымша ойыма түйгендерімді ортаға салып көрейін.
Сонымен «тұсаукесер қалай өтті?». Ресмилеп айтсақ, жоғары деңгейде өтті. Лауазымды тұлғалардың жиынға ат арытып келуі, Антологияның тұсаукесеріне орай жақсы тілек айтып, құттықтауы, бұл – әдебиетке мемлекеттің бет бұрып, қолдау білдіруге ықыласты екенін аңғартса керек. Дегендей-ақ, Мемхатшы қазақ тілінде жазылған көркем туындыларды тәржімалау ісі аталған екі томдықпен тоқтап қалмайтындығын мәлімдесе, қала әкімі алматылық қаламгерлерге арналған стипендия жалғасын табатындығын айтты. Бақытжан Әбдірұлы жиынға келіп отырған жастарды бір серпілтіп, Алматы қаласында жас мамандарға арналып мың пәтерлі үй салынатындығын, ол пәтерлер жас дәрігерлерге, жас оқытушыларға, жас ғалымдарға, жас ақын-жазушыларға тиесілі болатындығын ескертті. Мегаполис басшысының уәдесіне жастар жағы қол соғып жатты. Біз де қуандық. Екі томның тұсаукесерімен бірге, біз осындай иігілікті істердің мемлекет тарапынан жалғасын табатынын естіп марқайдық. Айтпақшы, алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын әр кітаптың баспатабағына 250 мың теңге бөлінетін болыпты. Оны да жиын үстінде естідік.
«Қазақ қаламгерлерінің прозалық, поэзиялық дүниелерін Батыс жұрты қалай қабылдап жатыр» деген сұраққа келсек, мен бұл арада Ұлықбек Есдәулет пен Ақберен Елгезектің сөздеріне сүйенгенді құп көремін. Біздің жазушылардың шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне: араб, ағылшын, испан, орыс, француз, қытай тілдеріне аударылды. Ал бұл дегеніңіз – Антологияға енген шығармалар араб, ағылшын, испан, француз тілдерінде сөйлейтін, жиыны 93 мемлекетте таралады деген сөз. Мысырда қос томдықтың тұсаукесеріне қатысқан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырза Египет арабтарының қазақ әдебиетіне үлкен қызығушылық білдіріп отырғанын, қазақ қаламгерлерінің шығармалары олар үшін жаңадан ашылған әлем сияқты әсер еткенін әңгімелеп берді.
Батыс елдерінде болған Ақберен Елгезек те ондағы әріптестеріміздің қазақ әдебиетінің құнарлы тіліне, бай мазмұнына, қара сөзінің өзі өлең сияқты жазылып, оқылатындығына қайран қалып, «әлем әдебиетіне ғажап бір әдебиет келіп қосылды. Ол – қазақ әдебиеті» деп жатқанын Антология «авторлары» мен қонақтарға жеткізді.
Әлем әдебиетін жіті қадағалап отыратын, әдебиет әлеміндегі кейінгі трендтерді білетін адамға қазақ әдебиетінің ішкі қуат күші кемел, көркемдік деңгейі жоғары, ешкімге ұялмай көрсетуге болатын әдебиет екенін тәпіштеп отыру артық болар. Әйтсе де, бұны түсінбейтін, түсінгісі келмейтін, бар мен жоқты салыстыра білмейтін пенделерге не дейсің? Олар үшін – «бізде түк жоқ». Сол «түк жоқты» ғана білетіндер алақандарына түкіріп қойып, Антологияға бөлінген ақшаны санап отырған шығар. Санай берсін. Алайда аталған жоба бірер жылда өзінің түпкілікті нәтижесін көрсетеді. Оған күмәнің болмасын. Жан-жақты ойлана алатын елдердің бәрі мәдениетке, әдебиетке, қысқаша айтқанда туған Отанының рухани келбетіне белгілі бір деңгейде қаржы жұмсап, өзге елдерге ықпал етіп отырады. Адамзаттың рухани кеңістігінен бөлініп қалмайды.
Былтыр біз Нұр-Сұлтан қаласында Азия жазушыларының форумын өткіздік. Сол форумда басқа емес, қазаққа болсыншы деп жүрген жігіттер қара бақыр санап, игілікті істің қарадай берекесін кетіріп, мақалалар жазып жатты. Біздің форум аяқталған күннің ертеңінде Елордамызда машина-трәктір саймандарын құрастырушылардың дүниежүзілік пе, Құдай-ау, Еуразиялық па, бір форумы басталып кетті. Оған бөлінген қаржы, тіпті, орасан. Трактор тұрмақ арба шығара алмай отырған елдің, азаматтары, бірақ, үнсіз қалды. Мен өнертапқыш емеспін. Әйткенмен, менің бойымда рухани дүние жасай алатын қабілет бар. Менің сол қабілетімді менің және өзге елдердің мемлекеттік билігі, қайырымды жандар, меценаттар қолдап жатса, оның несі айып? Былай да әлемдік қаржы нарығы лас істерге: саясатқа, әскери күштердің әлеуетін арттыруға, қара пиарға жұмсалып жатқан жоқ па?
– Жазушылар одағы мен «Ұлттық аударма бюросы» Антологияны шығаруда көп жұмыстар атқарған сияқты. Осы жайынан бірер сөз айтпас па екенсіз?..
– Мен – «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторымын. Газеттің жұмысын көбірек білемін. Алайда мақсат-мүддесі бір ұжым болғандықтан құлағымды түре жүремін ғой. Иә, Антологияны шығаруда аталған екі ұйым табандап отырып іс тындырды. Одақта алдымен шығармалар іріктелді. Авторлардың түзімі жасалды. Біздің ақын-жазушылар шетінен асау тұлғалар ғой, біреуі ана шығармасын айтып, біреуі «Антологияға мына шығармам енсе екен» деп біраз мезі қылды. Оны жасырып қайтеміз?..
– Сөзіңіз аузыңызда, Қабдеш ақсақал Жұмаділов тұсаукесерде «Мен Антологияға «Ажалдан қашқан періште» деген әңгімемді ұсынып едім, басқа әңгімем аударылыпты» деді ғой.
– Иә, деді. Бірақ Қабекең – шығармаға бай жазушы. Қай дүниесін қай тілге аударам десе де, мүмкіндігі жетіп артылады. Сол себептен мэтрдің әлгі сөзін әншейін базына деп түсіну керек. Оның үстіне пост-индустрия дәуірінде отырған Батыс оқырмандарының сұранысын амалсыз ескеруге тура келеді.
Біз – Ұлы даланы мың жылдар бойы мекендеп келе жатқан елміз. Орыс бодандығына түскен соң сыртқы дүниеден байланысымызды үзіп алдық. Бізді білетін, түсінетін жұрт аз. Мен саған айтайын, шет елдің жазушылары Әуезовті білмейді. Жай адамдар емес, жазушылары білмейді. Жә, ол өз алдына бөлек әңгіме.
Ұлы даланы мекендеп үлкен мәдениет жасаған, салт-дәстүр қалыптастырған, алыс-жақын елдермен Ұлы Жібек жолындағы байланыста отырған халқымыз тоқырап-тоқырап келді де, орыс бодандығына түсті. Алайда өзінің ғажап тілін жоғалтқан емес. Қазақ ақын-жазушысы – сол тілді жалғастырушы орта. Ерекше орта. Біз шығармаларымызда жүйрік атты, қыран құсты, құмай тазыны дәріптейміз. Табиғатты тамылжыта суреттейміз. Астарлап сөйлейміз. Мәселен, бір әулет соғыстан немесе көлденең келген кесапаттан түгел көз жұмса, «оты өшті», «түңілігі түрілмей қалды», «керегесі сөгілді» дейміз. Енді осыны тақұл-тұқыл тілдегі әдеби шығармаларды оқып отырған елге түсіндіріп көр. Осы ретте Рауан Кенжеханұлының «Ұлттық аударма бюросы» керемет жұмыс үлгісін, заманауи мендежменттік қызмет көрсете алды деп екпін түсіре айтқанды жөн көремін. Рауандар Ұлыбританияда Кембридж Универститетінің Баспа ісі сияқты алпауыт орталықтармен үзбей келіссөздер жасады. Қазақ жобасының құнын түсіндіріп бақты. Тек Британияда ғана емес, Испанияда да, Мысырда да, т.б. осындай іскерлік жұмыстарды шебер ұйымдастыра білді. Аудармашыларды бірнеше рет елге алып келді. Олар шығарма авторларымен жүзбе жүз кездесіп, сұрақтарын қойды, білмегендерін білді. Солардың қайсыбірі қазақ халқын жақын танып, дос болып кетті. Шаңырақ дегеннің не екенін түсінді. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Ұлттық дүниетанымымызға бойлады. Сөйтіп қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтуге, қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен ұштастыруға ат салысты. Құдайға тәуба, осындай күнге де жеттік. Енді қазақ қаламгерлерінің тынысы ашыла түсетін болады.
– Сіз өзіңіз Анталогияға қандай шығармаңызды ұсындыңыз?
– «Пермедегі «Пигмалион» деген әңгімемді ұсындым.
– Аудармашылар тарапынан қандайда бір сұрақтар болды ма?
- Болған жоқ. Өйткені мен қазақ тілінің құнарын қай әңгімеме сіңіріп жазсам да, Шығыс пен Батысты тең ойлап жазамын. Әңгіменің оқиғасы шиырққан тұсында бақсы мен дертті суретшінің бірі бура, бірі мысық, бірі қамшы, бір қалқан болып арбасатын тұсы бар. Магиялық хал. Соны тәржімандар түсіне алмай ма екен деп ойлағам. Жоқ, олай болмапты. Қайта әңгіменің сол тартысты тұсын жоғары бағалапты. Қазақ тілінде бояуға, түске қатысты да сөздер, теңеулер көп. Мен аталған әңгімеде көк түстің он-он бес түрін қолданғам. Ол түстердің баламасы, қызықты қараңыз, алты тілде де бар болып шығыпты. Біз қазір әлемдік әдебиеттің конткесінде отырмыз. Осыны әмсе ескере жүруіміз керек.
- Антологияның тұсаукесерінде әдеттегідей сөз алған үлкендер жағы әрненің басын шалып, күлкіге қалып жатты. Оған не дейсіз?
- Не деймін? Басы артық әңгіме деймін. Софы Сыматаев пен Иран-Ғайып ағамның не айтқанын Мемхатшы түгіл менің өзім ұқпадым. Мұхтар Шахановтың әр жерде оқып жүрген өлеңін қабылдай алмадым. Дұрысы – осы кісілерді жиынға шақырғанда бөлек дастархан жайып, әрқайсысының қолына қойдың бір-бір басын ұстатып, бата алып қана қою ма деп ойлаймын. Өйткені, биліктегі азаматтарға айқай емес, наз, базына, өкпе емес, ұтымды ой, елге керек сөз айту керек. Олар біздің орынды ұсыныс, пікірімізден қанаттанады. Күнделікті жұмыстарына пайдаланады. Алайда, бізде ақылды, сабырлы қаламгерлер бар. Солардың ойында жүрген сөзді жоғары жаққа Жазушылар одағының бүгінгі басшылығы әдемі жеткізіп жүр. Сондықтан да Одақтың жұмысы ілгерлеп, айналасына қаламгерлер жинала бастады. «Ұлттық аударма бюросы» да жыл өткен сайын игілікті жұмыстарын еселей түсуде. Осы жобаның жұмысы ілгерлеп, біз әлемді, әлем бізді оқыса екен деп армандаймын.
Сұхбаттасқан: Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz