Асылбек Ихсан. Шығыс моншасы немесе есектің дауысы
(Әңгіме)
Мұхит қоңырсалқын бөлмеге шығар алдында, терін шайып тастайын деп душтың астына келді. Алдындағы жігіт салқын жағын ағызып кеткен екен - біреу тура үкіден алып бір шелек суды қақ төбесінен құйып жібергендей бар денесі қалш-қалш етіп тітіркеніп кетті. Жылы суды қосып, сәл тұрды да ені бір елі қалың әйнек есікті ақырын ашып, моншаның шешінетін, демалатын кең бөлмесіне шықты. Кіріп, шығып жатқан жұрттың арасынан өтіп, шкафтан ақ дабыны алып оранды да, жағалай қойылған, жасанды былғарымен қапталған орындықтардың шет жағына келіп отырды. Үстіне үймелеген моншақ-моншақ сулардың құп-құрғақ матаға сіңіп жатқанын сезіп, денесі салқынға рахаттанып, шашынан аққан суды алақанымен сүртіп тастап, шалқайды да көзін жұмды. Мұрынына шым-шымдап, әбден үтіктелген ақ дабының күйік иісі келді.
(Әңгіме)
Мұхит қоңырсалқын бөлмеге шығар алдында, терін шайып тастайын деп душтың астына келді. Алдындағы жігіт салқын жағын ағызып кеткен екен - біреу тура үкіден алып бір шелек суды қақ төбесінен құйып жібергендей бар денесі қалш-қалш етіп тітіркеніп кетті. Жылы суды қосып, сәл тұрды да ені бір елі қалың әйнек есікті ақырын ашып, моншаның шешінетін, демалатын кең бөлмесіне шықты. Кіріп, шығып жатқан жұрттың арасынан өтіп, шкафтан ақ дабыны алып оранды да, жағалай қойылған, жасанды былғарымен қапталған орындықтардың шет жағына келіп отырды. Үстіне үймелеген моншақ-моншақ сулардың құп-құрғақ матаға сіңіп жатқанын сезіп, денесі салқынға рахаттанып, шашынан аққан суды алақанымен сүртіп тастап, шалқайды да көзін жұмды. Мұрынына шым-шымдап, әбден үтіктелген ақ дабының күйік иісі келді.
Осы моншаға қолы қалт еткенде келіп тұруға тырысады. Ең әуелі дөңгеленген үлкен залдың ортасындағы қызуы ең төмен пештен бастайды. Осында танысқан түрік шалдың ақылымен аяғын ыстық су толы табаққа салған күйі сүт пісірім уақыт шалқалап жатуды бұлжымас әдетке айналдырып алды. Түрік ата бұның келуін әдейілеп күтетін сияқты, көре салысымен қалбалақтап, жанынан шықпайды. Шығыс моншасының өзі білетін құпия-сырларын әңгімелеп, құлағына құйып, туған әкесінін бетер үбектеп жүреді. Көкейінің ар жағында Мұхитқа айтар бір сыры бар сияќты... Кейде сол кісінің өзі біртүрлі болып көрінеді... - тобығына дейін түсіп жүретін ақ дабысы үнемі құрғақ, үсті-басына бір тамшы да су қонбайтын сияқты... Ыстық су мен пештің жылуы бойына тараған Мұхит алпыс екі тамыры босап, өн бойы балбырап, жанын рахат сезім әлдилеп, Ахмет атаның еміс-еміс, күңгірлеп естілген үніне құлақ түріп, ұйқылы-ояу күйде жата бергісі келеді.
Қариямен кездесер алдында, бейсенбіден жұмаға ауған түні оны түсінде көрді. Ертесінде моншада жолықты. Қызылшырайлы өңіне сұс беріп тұрған үлкен қыр мұрыны, қар басқан шыршадай едірейген аппақ қалың мұрты, көз ұясының үстінде сірескен қайратты қастары, самайдан басталып, шықшытын жиектеп келіп, қолақпандай иегіне шошайған, ұқыппен бастырған сақалы... Мұхит түсіне енген қарияға егіздің сыңарындай ұқсас атамен бетпе бет келіп қалғанында іштей таңданған да қойған. Бұған өз қолында өскен баладай жылыұшырап бір ғана көз тастастаған ақсақалға өзінің еміреніп, іші жылып қоя бергенін аңдады. Ата осы моншада есек барын айтады. Ол өзі кез-келген кісіге көрінбейді екен... Ал көріне қалса... Жаңағы мұздай судікі ме, Мұхит рахаттана екі-үш мәрте қатты түшкіріп жіберді де, ойы үзіліп кеткен соң орынынан тұрды.
Шкафқа жақындай бергенінде, біреудің өзіне қарай сүйретпесін сырпылдатып жақындап қалғанын жонарқасымен сезді. Оның аяқ басысынан іштей жиырылып қалған ол, өтіп кетер деп күтіп еді, әлігі тез-тез басып келіп, ту сыртынан қапсыра құшақтай алды. Мұхит шынтағымен түйіп жібере жаздап барып өзін ұстап қалды. Жалаңаш тақымына су-су тізесін тақап жабысып тұрған денеден жиіркеніп, қатты бұлқынып босап шықты. Ылғал еденнен аяғы тайып кетіп, жығыла жаздай барып тіктеліп жалт бұрылса - қарсы алдында құшағын жайып Жантемір тұр. Сүзгелі тұрған бұқадай мойынын кұржитіп алыпты. Өңменнен өткізе түйрей қарайтын әдетімен көздерін қысыңқырап, жымың-жымың етеді. Сол иығын тоса аттай беріп, Мұхиттың бетіне қарап іркіліп қалды. Күлімсіреген көзінде "танымай қалдың ба?" - деген сұрақ. Қолтығына дейін тартып, қымтана оранып алған ақ дабының етегімен бетін бір сүйкеп шыққанымен сүйриген шортан тұмсығының ұшында қалып қойған бір тамшы тер секіріп кеткісі келіп мөлт-мөлт етеді. Мұхит күліп жіберді де, құшағын қомдап ұмсына берген одан қашқақтап, бір шеттегі, күн сәулесі түсіп тұрған ұзынша орындықты нұсқады. Сәл ашық қалдырылған терезеден көктемнің салқын желі келіп тұр екен. Жантемір орындыққа еңкея берген күйі, қабағын кіржитіп тұрып қалды. Ауырсынып барып отырды. Мұхиттың иығынан құшақтады.
- Ей, Гений, салқын тигізіп алмайсың ба?
Жантемір үлкен залдың анау шетінде тұрған моншашы жігіттердің бірін шақырды.
- Мәрмәр пештің қызуы сүйекті балқытып жібере жаздады.
- Орыс моншасына өтіп, мұздай бассейнге сүңгіп алмадың ба?
- Белде ұстамалы жел-құз бар, бірден шап береді.
Моншашы жігіт башайына іле салған резеңкі тәпішкешін сырпылдатып келіп жандарына үнсіз кідірді. Жантемір қысқа бұйырды.
- Анчоус пен сыра әкел!
- Моншада балық жеуге рұқсат жоқ. Ұрыс естиміз.
Жантемір сіңірлі аяқтарын көстите созып, орындықтың арқалығын сындырып жіберердей керіле түсті. Түсі суып кетіпті. Бұл екеуінен төрт-бес жас үлкен жігіт кердиіп тұрған қалпынан кенет өзгеріп, елпең ете қалды.
- Көптен бері келмей кеттіңіз, танымай қалыппын, айып етпеңіз ағасы...
Кете беріп күлімсірей бұрылып, жем шұқыған тауықша мойнын қылт еткізді.
- Айтсаңыз болды ғой.
Мұхит моншашы жігіттің соңынан қарады. Басын иығына тығыңқырап алып, жауырыны шүмие түсіп, тез-тез басып барады екен. Жантемір құлашын жайып жіберіп, орындықтың арқалығына тастапты.
Әлдеқайдан есектің ақырғаны естілді.
- Ау, Гений, неге хабарласпайсың?
Мұхит терезеге қарады. Қыс бойы көшенің түтініне ысталған қарағай жабырқау көрінеді.
- Біз бітіргелі қанша жыл өтті өзі?..
Жаңбыр бір құйып өтсе ана кірлі қардың сорбағы қалған инелері ашылып, жап-жасыл боп, жарқырап шыға келеді-ау...
Шынымен білмей отыр ма, бұл не өнері?
- Он жыл. Жазда курс түгелге жуық жиналды.
- Мен Батыс Европада, бір шаруамен жүргенмін.
- Жұмысың ауыр ма?
Моншашы жігіт шағын ғана дөңгелек столды алдарына әкеп еппен жайғастырды. Үстіндегі анчоус пен сыра қойылған жайпақ табақшаны ортаға қарай түзегіштеді.
- Тағы не қалайсыздар?
Жантемір кружка толы сырадан көбігін үрлеп жіберіп бір ұрттады.
- Үйреніп кеттік қой.
Кружканың біреуін Мұхитқа ұсынды: - Сырадан алсаңшы.
Мұхит жіпсіз байланған моншашыға иек қақты:
- Рахмет.
Жантемір жайпақ табақшада тұрған сыра ыдысының қалың шынысының суретті бедеріне тесіле қарап қалыпты:
- Былтыр Кельнде болғанымда концерт залының алдынан өтіп бара жатып бір афиша көзіме түсті. Орган ойнап отырған жігіттің түрі таныс сияқты болып кетті. Машинаны тоқтатып жақын келсем, өзіміздің Ринаттың концертінің жарнамасы екен. Кешке концертіне келдім. Сенің «Сағыныш» симфонияңды орындады. Немістер көп келді. Орындарынан тұрып кеткен халық Ринатты көпке дейін жібермей қол соғып тұрып алды. Құттықтайын деп сахнаға көтерілдім. Қайдан толып кеткені белгісіз, сахнаға жүгіріп шығып Ринатты бас салып құшақтап жатқан өзіміздің қазақтарды сыртынан бақылап тұрдым да, босқа мазасын алармын деп кейін қайттым...
Мұхит анчоустардың етін тырнағымен еппен сылып алып, сүйегін жайма табаққа салып отыр. Қылдай қылқандары үлбіреген титімдей ғана балық ыдыстың ернеуін жағалай қаз-қатар тізіліп қалыпты. Тырнақтай ғана басы мен құйрығы аман қалған балықтың көздерінің орнында иненің жасуындай ғана тесік қылтияды.
Сәл ашылған терезеден ұрған салқын ауа іштегі ылғал қапырықпен шарпысып буға айналып жатыр.
Бармақтай бір тамшы сарт етіп табақшаға түсті де мың сан ұсақ моншаққа бөлініп жан-жаққа шашырады. Мұхит төбеге қарады - түйелі кісінің қолы жете қоймайтын төбеге тамшы иіріліп, мөлтілдеп тұр екен. Енді бір тамшы тура балықтардың сүйегіне тиді де жайма табақтың ернеуінен бастары қылтиып, қалқиып тұрған қаңқалар шашылып кетті. Сыраны ала берген Жантемір зілді ақырып моншашыны шақырды.
Елпелеңдеп жетіп келген манағы жігіт көздері мөлдіреп Жантемірге қарады.
- Ана төбені сүртіңдер! Сыраны ауыстырыңдар!
Моншашы жігіт мойыны қайырылғанша шалқайып төбеге қарады. Көздері жыпылықтап, астыңғы ерінін тістелей береді. Өзінің созылып барып, ана төбені дәл қазір сүртіп тастайтындай алып болып жаратылмағанына өкініп тұрғандай.
Жантемір еріндерін жыбырлатып тісінің арасынан бірнәрсе айтты да, екі тізесін сарт еткізіп ұрып жіберіп шалт көтеріліп ішке беттеді. Таразының жанынан өтіп бара жатып қалт тоқтап, «кел, өлшенейік» деді де таразыға тұрды.
- Тоқсан жеті. Бес келі арықтаппын. Кел, Гений, енді сен тұр. О-о! Артық салмақ жинамапсың. Менен жиырма келі жеңіл екенсің. Демек, ұзақ өмір сүресің. Көздері күлімдеп жадырап тұр, сол баяғы мінезі - аяқ астынан бұрқан-талқан болып, алдында әкесі тұрса да аямастай қатты ашуланып шыға келеді де кірпік қаққанша өзгеріп, сәби сияқты шуақ шашып күлімсірей қалады.
Төбесі күмбездене біткен, ақмәрмәр қабырғалы кең бөлменің іші өкпені қысып, тынысты тарылтатын басқа моншалардай емес, құрыс-тырысыңды жазып, өзіңді иен далада жүргендей сезініп, емін-еркін демалуға шақырады. Биік орнатылған мойнақ құбырлар білінер-білінбес гуілдеп ауа тартады. Шаңырақша жабылған зәулім әйнек төбеден мол құйылған жарық даланың кеңпейіл мінезін сеуіп тұр.
Мұхит жаймашуақ қана қызуы бар мәрмәр пешке беттеп еді, Жантемір ең ыстығына бастады.
- Ей, неғыласың соны, сүйектен өтетініне барайық.
Мұхит табанын күйдіріп бара жатқан мәрмәр пештің үстіне ақ дабыны екі қабаттап төсеп бірқырындап жантая кетті. Шөл даланың аңызағындай ыстық ауа денесін тістелеп шым-шымдап қыздырып, бірден терлете бастады. Оншақты адам еркін сиятын ең ыстық бөлмеде бұлардан өзге ешкім жоқ екен.
Жантемір сай-сүйекті балқытып алып бара жатқан ыстық пешке денесін төсеп, көзін жұмып алып рахаттанып жатыр. Ақ дабыға сол тас қылып оранған күйі, тізеден төмен көрінген аяқтары терлей бастапты. Мұхит та көзін жұмды. Тырс еткен дыбыс жоқ тыныштық. Бүкіл ғалам тамылжып, тынып тұрғандай. Сай-сүйекті майдай еріткен ыстықтан балқыған тәні әдемі әуенге айналғандай күй кешіп, жан жарықтық жеті қат көкке самғағандай қоңыр сезім жүректі суырып барады. Шабыт шақырудың бір сыры - жан мен тәннің уыз еріндері емшекке жабысқан күйі ұйықтап кеткен сәбидің ұйыған рахатына жетуі. Шабыт та шалықтаған нәрестенің езуіне іркілген ананың ақ сүтіндей пәк те кірпияз... Санасы әлдебір сағынышты сезеді. Шабытпен бірге келетін сағыныш. Жүрегін шымши қашып, дүние-әлемге сиғызбай, құйын-пері көтеріп әкететін сағыныш. Мына дүниеге анау айтқан өкпесі болмаса да көңіл түкпірінен ін қазған бір қамырық сезім кей кезде жайсыз түс көріп шошып оянғандай, жұлқына тұрып, жанталаса көмейге жетіп кептеліп алып, не әрі қайтпай, не бері көрінбей көкейіндегісін жасырып, күлбілтеге салып, жатып алатыны бар. Бұны әрі-сәрі күйге салып қойып, сол жатқаннан тұяқ серіппестен мол жатады. Күндердің күнінде басын көтеріп, ешкінің құйрығындай селтең-селтең бір көрінеді де қарасын мүлдем батырады.
Ал кейде, одан өткен сыпайы жоқ - жымын білдірмей жымысқы жыбырмен жақындап, жәдігөй жәпекөстене мың құбылып жүріп, әлди әнін сызылта салып отырып жүректі жібек тормен құндақтайды да, түк болмағандай жорға бүлкілге салып көкірегін кезіп кете береді. Бұл болса бар мұратының күл-пәршасы шығып азапқа түседі. Осындай азаптан туған, асыл деп жүрген бұрыңғы жұбаныштары болса - бір-ақ сәтте көкжасық бірдеңеге айналады. Жарық дүниенің де мән-мағынасы қалмай, мұрындығын ауырсынған тайлақтай боздап, сағыныштың жетегінде әбден болдырғанша желп-желп желіп жүре береді. Жаңа тесілген мұрын ұзақ қансырайды... Бір күні, жүрегін езгілеп аяусыз сынаған сағынышы әуенге айналады. Осы сәттен бастап бұрыңғы азап айналайын болып қалады. Бірде сүлесоқ, құлағынан шертіп жіберсе жылай салатын ез, босбелбеу біреу; бірде арыстандай айбатты, көрінгенді шайнап жердей арқырап жүреді. Бірде бұ дүниеде ас ішіп, табақ босатып неге жүргенін түсінбей күйіп-піседі; бірде жан біткенді құшағына алып аймалағысы келіп тұрады. Енді бірде бойын есірік күй буып, бәрін тәрік қылып, екі қолын төбесіне қойып тентіреп кетуді қалайды. Бірде...
Өнерінің арқауы... сағыныш екенін жан баласы сезбейді. Кімді сағынады, өзегі өртеніп кімді аңсайды?.. Бұл құпияның кілті қай жалмауыздың аранында жатқанын өзі де білмейді.
- Ей, Гений, не қиялданып жатырсың?
Сол баяғы ит мінезі. Ішіндегіңді дүниенің қай бұрышында жатсаң да иіскелеп тауып алып, аяқ киіміңді алып қашқан күшік сияқты арсалаңдап, әрі сүйреп, бері сүйреп, әуреге салады.
Манаураған күйін қашырғысы келмей, үнсіз қалды.
- Домбыраңды тастағаныңа өкініш жоқ па? Кез келген нашар музыкант композитор бола берер еді ғой. Мен сені үлкен домбырашы болады деп жүрсем...
Маңдайдан аққан ащы тер Мұхиттың көзінің ұясына келіп кілкіді. Жасаураған көзін сүртуге ерініп, аяғы аяқ, қолы қол күйін бұзғысы келмеді.
- «Қара домбыра, қасиетті қара домбыра» деп жұрттың аузын аштырмайтын едің, қайтып қыйдың? Төбемізге көтеріп, әз-әулие қып жүрген сен домбыраны тастағасын мен де қойдым скрипканы.
Әні... Салды қара себелені қақ жүректен. Енді көзін сығырайтып алып, қара қанының қалай шапшығанынан ләззат алып жатқан шығар. Мұхит көзін ашқысы келмеді. Көзін ашса Жантемірді көреді. Бұны теспей сорғанына мәз болып айызын қарш-құрш қасып отырғанын көреді. Иттің баласының арам күресте әдісшілін-ай... Келсең кел деп өзіңше тас-түйін тұрғаныңда, бір бүйірден періше тап беріп аяқ-қолыңды ербеңдетіп көтеріп әкетеді де іші-бауырыңды солқ еткізіп жерге бір-ақ ұрады. Бұл жолы да дені айналып, есеңгіреп қалды.
Қала бойынша музыка мектебі оқушылары арасында Жантемірден аса қоятын скрипкашы жоқ еді. Мұхит домбырадан алдына жан салмайтын. Екеуі кейде қатар отыра қалып жарыса кететін. Пианинода Жанна сүйемелдейтін. Жантемір Жаннаның алдына барын салады. «Саусақпен емес жүрекпен ойнадың» деп Жанна Мұхиттың жағында болатын.
Мұхит музыка мектебін бітірген соң, ойламаған жерден консерваторияның композиция класына түсті...
Әкесі бір күні Англиядан тұлпардың төресін әкелді.
Қаладан шығып күншығысқа бет алған жүрдек машина әкелі-балалы екеуін тербей қозғалып, жүйткіп келеді. Рульде отырған әке үнсіз. Бұдыр-бұдыр жалпақ табан резеңкі дөңгелектердің қара жолды сыр-сыр еткізіп жосып келе жатқан дыбысы ғана құлаққа жетіп тұр. Жылдамдық үдеген сайын алапат күш қосылған ауыр машина үрей тудыра бастады. Спидометр тілі жылжып 180-ге барды. Бұтақтары жолға иілген алып дарақ қараң ете түсті. Самұрықтың қанатындай желп ете қалған дарақтың көлеңкесінен тамып кеткендей маңдайша әйнекке бір жұтым су соғылды. Мұхит, қарсы соққан желмен жаншылып, қайда барарын білмей мөлтілдеген су жоғары қарай қалтырай жылжып, пышырап жоқ болып кеткенше қарап отырды. Әкесі ауылдардың үстімен де ұшыртып өтіп келеді. Қаладан алыстаған сайын жол бойындағы ауыл қарасы да сирей түсті. Бір сағат шамасында даңғыл жолдан түсіп тауға қарай бет алды. Әншейінде машинасын баппен айдайтын әкесі жолдың кедір-бұдырына қарамай әлі қатты келеді. Алдыңғы дөңгелектер лақтырған жұдырықтай тастар машинаның бауырына тарс-тұрс соғады. Шаң көтерілді. Мұхит тілдей тетікті көтеріп, терезелерді жапты. Тегеуріні мықты көлік жолға кесе-көлденең жатқан арықтан сол бойы ытқып өткенде, әкесі тежеңкірер деп қамсыз отырған Мұхит қопаң ете қалып, төбесін оңдырмай соқты. Маңдайша әйнекке су шашырады. Рульді тас қып ұстап, алға шүйілген әкесінің жүзіне ұрланып көз қиығын тастап еді - түрі тас жабық екен.
Бұлардың келе жатқанын алыстан байқаған қызметші жігіт жүгіріп барып шарбақтың есігін айқыра ашты. Машинаны еңселі үйдің көлеңкесіне қойған әкесі бірден атқораға бастады. Үйден шыққан аққұба келіншек кесесін ұмсынған күйі қала берді. Иелерін көріп темір торға атылып, арсалаңдаған төбеттердің арпылы қыңсылауға ұласты.
Ұзын атқораның дәлізімен келе жатқан Мұхиттың көзі ағылшын тұлпарына түсті. Қора толы аттардың арасынан шоқтығы биік тұлпар ерекше көрінеді екен. Әкесі құшақ толар мойыны садақтай иілген көксұр күлікті жетектеп атқорадан алып шығып өзі еріттеп, баласының алдына тартты да, арабысын ойнатып алға түсті.
Мұхит атының аяқ тастасынан, әр бұлшық етінің серпілісінен сезіп келеді - жануардың бабы келісіп тұр екен.
Әкесі әлі үнсіз.
Аяқ астынан жел тұрды. Екеуі маңайдағы жұрттың бау-бақшасына су беретін бетон астаушаларды бойлап біраз жүрді. Жел күшейе соқты. Жер бетін жайпап жібергісі келгендей долыра соққан дауылдан ебелек қаққан жеміс ағаштарының жапырақтары суылдай жалпылдап, гүлдері ұша бастады. Діңі майыса желдің ығына жығылып, бір уыс болып бүрісе желбірейді. Дауыл ішін тартып бәсеңсігендей болғанда еңсе тіктей берген ағаштар, қайта күш алып орай ұрған желден бастарын алағай-бұлағай шайқап алып, белі сынып кетердей иіліп-бүгіліп, бұтақтарымен жер соққылап құлдық ұрады. Мұхит қоршаудың аржағында жалаудай желбіреген алма ағаштарына көз салып келеді. Дауыл қуған гүлдері мыңсан пәруанадай ағараңдап жер мен көктің ортасында жанталасады.
Бүр жарған ұясын тастай безген гүлдер опа іздеп көкке ұшқанда шексіздіктің тозаңымен араласып аты өшеді... Әлде, жатырына көк түйнек біткен ағаш та балшырын жемісін берер алдында, сырт көзден таса іздеп бошалаған інгеннің бебеулеген күйін кешіп қымсынады... Тілсіз ағаш екеш, ағаш та бойындағы асылының өмірі үшін қандай азапқа да бақиыл...
Танаураған атының басын тартқан Мұхит тізесін тақай тоқтаған бетон астаушалардың бойымен жүгірген суда ағып бара жатқан алма ағашының гүлдерін көзімен ұзатып біраз тұрды. Ақ жолаққа айналып ирелеңдей алыстаған гүл жапырақшалары салған нәзік әуенге құлақ түрді. Мұхит олардан сыбызғы үнін естіді. Ызыңдаған желмен жарыса естілген күй жылт ете түскен бір сәттік жарыққа салауат айтады. Бақтың әр тұсынан сызылып ұшқан ағаштар әуені аппақ жапырақшалар құйқылжыған көкте бір арнаға құйылып, құйындай бұратылып ұлы симфонияға айналуда.
Түртінектеп енесінің мол бауырынан сүт іздеген ботадай тынымсыздана еркелеп, көкірек тұсын әлдебір мақпал сағыныш түрткілей берді.
Инш Алла, қазан туа бұл маң түгелімен сап-сары түске малынып, мына алма ағаштары да күреңсары алтыннан жапырақ тағады.
Сол кезде, еріндері кезерген сағыныш, қара да емес, көк те емес көздерінен мұң құйылып, иығына төгілген сап-сары шаштары тікенекке айналып, Мұхиттың жанын осқылайды.
Сары түс сыбызғының үнімен үндес...
Жүрегі тамырын қопарып жұлып алардай бұлқынды. Танауы делдиген көк ат жер тарпып, осқырынды. Басын алып қашты. Сағыныштың сары қазанына тағы да шыжғырылатын болды-ау...
Дауыл түткен бұтақтарға, екі ай шамасында белі үзілердей болып алма байланарын, ұрығын шашқан өсімдіктің Құдайдан ендігі тілері жерден нәр тартып, көктен нұр алып, есіл-дерті жемісінің аман-есен толысуын күту ғана екенін түйсінген Мұхит текірекке салып бетон астаушаларды тезірек айналып өтті де, тау етегіне жете бере тізгінін жіберді.
Арабының шабысын көріп, көздері жанып, делебесі қозып келе жатқан көк ат алға ытырылды. Қарсы алдынан күшейе соққан желге кеудесін төсеп, дала самалын рахаттана жұтып, аяқ тастасы бөлек, көшелі, биік жануарға тақымын үйретіп, еркін келе жатқан Мұхит жалына жабыса қалды. Арабы сәйгүлік жебе жетер жерде кетіп барады.
Мұхит атының басын тежей шауып келеді. Алдағы арабы бір кезде қалт тоқтады. Көкке шапшыған атының ауыздығымен алысқан әкесіне анадайдан көз салған Мұхиттың көкірегін ду еткізіп мақтаныш па, қуаныш па бір сезім жосып өтті. Үзеңгіге тіп-тік шіреніп, бір орнында шыр айналған атының басын кері бұрған әкесі баласымен қапталдасты. Бауыры енді сөгіле бастағанда арыны тежелген арабы танаурап келеді. «Көздері неткен әдемі» - деп ойлады Мұхит.
Әкесі баласының астындағы ағылшын тұқымына қызыға көз салды.
- Таза қанды ағылшын тұлпары деген мынаның өзінің бойында түрік жылқысы мен арабы жылқысының қаны бар. Мына астыңдағы Дауылкөк Англияның мақтанышы болған Секретариаттың тұқымы.
Дауылкөк. Қандай ат қоярын ойлап келе жатқан Мұхит қасын керді.
- Сен консерваторияның композиция бөліміне түсесің. Әкең осылай ұйғарды.
Мұхит әкесіне жалт қарады. Тыпыршып тыным таба алмай тұрған атының тізгінін тартқылаған әкесі бір қырындай берді. Мұхит астындағы тұлпардың есік пен төрдей бойынан діріл жүріп өткенін сезді. Неге екені белгісіз, ағылшын тұлпарының пышаққа түсіп, терісі сыпырылып, буы бұрқыраған еті соңғы рет тітіркеніп жатырқанын түйсінді.
- Алеаторика* деген осы да...
- Алеаторикаға менің жаным қас екенін білесің ғой.
Болар-болмас қана күбірлеген сияқты еді... Мұхит әкесінің бетіне тіке қарады.
Әлде, ішіндегі ойын оқып келе ме? Аузындағы сөзін дауыл жұлмалаған әкесі даусын көтере сөйледі:
*Алеаторика - музыкадағы авангардтық ағым, шабыт үстінде композитордың ойынан тыс бөтен әуендердің шығармаға араласып кетуі...
- Сені қолың қатпай тұрғанда скрипкаға беруім керек еді... Скрипка не фортепиано... Осы екі аспаптың біреуін меңгергеніңде мына талантыңмен күні ертең-ақ әлем сахналарының төрі сенікі болар еді.
Арабы құлақтарын қайшылап, шабыс тілеп тұрды.
- Балам, мен атақ-даңқтан кенде емеспін. Батыс, шығыс жұртының маған қол соқпағаны кемде-кем шығар. Рим, Париждің өзінде оннан астам концерт беріппін. Осының бәрі, қара домбыраның арқасы.
Әкесінің салалы саусақтары арабының жалына сүңгіп кетіп, тарақтай бастады.
- Бірақ та, домбыраның басынан да дәурен өте бастады ма деймін.. . Бұрыңғыдай концерт залдарын кернеп кететін қол шапалақтау жоқ. Мен ат шаптырым қора салып, сайдан-қырдан кіл жүйрік жинап, еріккеннен сейіс болып кетті деп ойлайсың ба?..
Жақын маңнан құлақтың жарғағын жарып жіберердей азан-қазан дауыс естілді. Ойсыз көздері бадырайып, мыңдаған есек әңгіленіп ақырып жатқандай.
Әкесі арабына қамшыны басып-басып жіберді. Үнемі үбекке үйреніп қалған арабы ток соққандай бір-ақ ыршыды. Мұхит та ағылшынының еркін өзіне берді.
Кенет алдарынан терең қазылған арық кездесті. Биік үйілген жас топырақтан қарғып өткен арабы арғы беттегі шашылған шақпақ тастарға сүрініп, омақаса құлай жаздап барып оңалды. Мұхит атынан түсіп жүгіріп жеткенде, көк шөп үстінде тізерлей отырған әкесі үстін қағып жатты. Мұхиттың қолына сүйеніп тұра беріп естілер-естілмес «кешір...» деді.
Екеуі аттарын жетектеп біраз жүрді.
- Біреудің басын жарып, көзін шығарып келсе де, өз есерсоғынан артық бала жоқтай көрінетін ана жүрегінен ғажап не бар?.. Өнер иесі де сол анадан артық көрмесе кем көрмейді өз ішінен шыққан шұбар жыланын. Әкең болсам да өзіңнен гөрі, дарыныңды көбірек ойлаймын.
Қайтар жолда әкесі тағы алға түсті. Мұхит сипай қамшылады. Алымы бөлек жануар желе жортып келе жатқан арабыны қуып жетті. Әкесі желмен таласа дауыстап келеді:
- Ертең жарыстан бірінші келсең жұрт жүйрігіңнің төркінін сұрамайды! Бас бәйгеден не алғаның қызық олар үшін!
Әп сәтте аспанды сұп-сұр бұлт басып, айналаны күңгірт көлеңке қаптады. Әкесі кенет, атының басын тартты. Таудың күншығыс жақ етегінен қаптай құлаған үйір-үйір есек бетон астау мен алма бағының арасынан өтетін ені таяқ тастам жолды кептеп тастапты. Бастарын төмен салып, үн-түнсіз жылжыған тапал тобыр таудан құлаған селдей жолындағысын жайпап келеді. Желдеп келе жатқан бір топ ешкі сақалы желбіреген ақ серкесімен бірге сұр тобырға жұтылып кетті. Маңыраған ащы үн әр жерден бір шашырай естіліп барып жоғалды. Бір текенің бақ-бақ етті де үні өшті. Аласа жануарларды омыраулай алға ұмтылған арабы мен ағылшын тұлпары есектерден қарғып өткісі келгендей шапшып, алдына келгенін тарпып, артына келгенін мөңки теуіп көріп еді, қаптал-қапталдан қысқан мықыр жануарлар құйрық тістескен күйі, лықси жылжып, қос тұлпарды нойыс күшпен жылымына тартып әкетті...
Әкесі сонда «кешір...» деп неге айтты екен...
Бір уақытта Жантемірдің дауысы естілді:
- Ринаттың Кельндегі концерті кезінде неміс кемпірінің көзіне жас алғанын көріп едім... Сен де біраз жерді шарладың емес пе?..
- Гений не, ұйықтап жатырмысың?
Мұхит қозғалуға ерініп жатыр.
- Домбыраны қолыңа алмайсың ба?
- ...
Мұхит Жантемірдің сом біткен иығына, қызылкүреңденген қолдарына көз салды. Шып-шып терлеген шойындай дененің бұлшық еттері су матаның ар жағынан буылтық-буылтық болып, күш теуіп тұр. Оқып жүргенде әлжуаздау ғана болатын, он жылдың ішінде талай тонна темірді аударып-төңкерген-ау... Мұхит өзінің нәзік саусақтарына қарады да аударылып түсті. - Тағы да ұрынды. Бұл енді қоймайды... Көмейіне қарсы жауабы кептелген Мұхит шашы тікірейіп келе жатыр еді, Жантемір шалт орынынан тұрды.
- Адамдардың музыка тыңдап отырып жылайтындарына түсіне алмаймын. Ләззат алуға, рахаттануға болар, ал, жылау деген...
- Жүр, Гений, орыс моншасына барып, пора-пора терлейік. Мынауың, көңілден шықпады.
Үн қатпай, ақ дабысын беліне мұқияттап орап тұқшыңдаған досына қарап Жантемір қарқылдап күліп жіберді де, иығынан қағып қалды:
- Л' ябитюз дё професьон!*
*Л' ябитюз дё професьон! - «Кәсібімізден жұққан ғой» деген мағынада. (фр.)
Ренжіп қалдың ба? Әдет болып кеткен ғой... Алдыңдағы адамды тұқыртып, көкірегін басып отырмасаң біздің жұмыс жүрмейді.
Жантемір есікті жұлқи ашып, алшаң басып ішке кірді де, қымтанып жүрген ақ матасын кіреберістегі киім ілгішке іле салып, ілгері озды. Ашық қалған есіктен ыстық бу лап берді. Буалдырланған алакөлеңкеде шылапшын ұстаған, бір-бірінің арқасын ысқылаған адамдардың сұлбалары көрінеді. Ылғал ауамен бірге неше түрлі ағаштардың ашқылтым иісі мұрынға келді.
Иіс те музыка сияқты, сезімтал жанға үйірсек келеді. Көргенің мен ұстағаныңнан артық ұшандырады.
Жадыңды әңкі-тәңкі қылып қопарып кетер кезі де бар. Жалаңаш тәндерге шып-шып тиіп жатқан ақ қайың, емен жапырақтарының тілін анық түйсінген Мұхит қайырылып кеткен есіктің тұтқасын қармалап табалдырықтан аттай беріп, бір аяғы сыртта, бір аяғы іште кідірістеп қалды.
- Ау, көке, есікке керілмей, болсаңшы.
- Ай, не болды, тез, жабыңдар, болыңдар!
Буға оранған іштегілер шу ете қалысты.
- Гений, тез, кір ішке!
Мұхит жақын келгенде байқады - Жантемір шылапшынға су толтырып жатыр екен. Будың арасынан Мұхитты байқады да, бойын жазып, еріне сөйлеп, айта салды:
- Ай, Гений, суық су қосып әкелерсің, мен жоғарыға кеттім. Мұхит орта шылапшынды шалт қимылдап көтере берді де, Жантемірге қарай шашып жіберді. Мұрты тікірейіп кетіпті.
- Ай-яайый-й! Ей, жындымысың?! Жел көтерген көйлектің етегіндей көлбең ете қалған ыстық судың бір тілі май құйрықты жалап өтті. Ыршып кеткен Жантемір, тайғанақтай жүгірген бойы есікті теуіп ашып, бассейнге күмп берді.
- Айһай-һай-һай! Рахат-ай!
Бассейннің суын ойран-топыр қылып, беліне дейін көтеріле құлаштап әрлі-берлі ойқастады.
- Ай, Гений, сен адам өлтіресің! Бізге жұмысқа келсейші, бірден өсесің.
Осы моншада қона жатып шомылатындай болып кеткен жігіттердің бірі булау бөлмесінің есігін ашты. Киіз қалпақтарын милықтай киіп ішке ұмтылғандардың соңын ала Мұхит та кірді. Қабырғаны төбеге дейін қаптап тастаған ақ қайың тақтайлардың бусанған иісі ыстық ауамен қосылып кеңсірік қапты. Жантемір сәкінің ең биік баспалдағына екпетінен түсіп жатып алыпты. Мұхит ең төменгісіне отырды.
Бұлар кіргенде отырған жанындағы жігіт сыпыртқысын оңды-солды сілтеп жаныға желпінді. Сып-сып еткен сыпыртқы желпіген ыстық бу Мұхиттың бетін күйдіріп-күйдіріп өтеді. Мұхит екі қолымен бетін басты. Лап берген ыстық тілі денені жалындата күйдіріп, сапалаған сыпыртқысы бойыңдағы қаныңды күштеп қуалайтын орыс моншасында отырып, алауын тереңге бүккен мәрмәр тастарының сыпайы, сырбаз мінезбен шым-шымдап қана тарайтын қызуы қарасүйегіңді балқытатын шығыс моншасын ойлады.
Кенет іштегі жарық жыпылықтап қоя берді де, қас-қағым сәт қараңғылық орнады.
Қараңғыда есектің ақырғаны естілді.
Жарық жанды.
Мұхит дауыс шыққан жаққа қарады.
Сол жақ босағадан есек көрінді.
Құлақтары тіп-тік, көздері мөлдіреген ақбоз жануар табалдырықтан аттай бере танауы делдиіп іштегі иісті құшырлана тартып-тартып жіберіп, көздері кілгіріп, түшкіргісі келгендей, апиыншыша елітіп ұзақ тұрды. Кенет ішін тартып, қиқылдап-шиқылдап алып қатты ақырып-ақырып жіберді де, тарпаңша шапшыды. Сөйлегісі келгендей астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі еріні қыбырлап, күректей аппақ тістері ақсиып, жан-жағына еш мағынасыз қараған күйі қоянша секеңдеген күйі жоғарғы баспалдаққа бір-ақ шықты.
Мұхиттың есіне түрік ата түсті. Енді кездескенде есекті көргенін айтқысы келді.
Ісініп кеткен тақтайлар күйіп тұр екен. Айналасындағылар үнсіз. Тер шұбырған үсті-бастарын сыпыртқымен шыпылдата сабалауға көшті. Жантемір төмен түсті, шиқандай болған денесінен тер сүмектеп тұр. Басын кегжитіп, сыпыртқысын гүл сыйлайтындай ұстап алыпты.
- Алдияр, тақсыр! Сізге қызмет қылсам деп едім. Қарулы қолдарымен Мұхитты желкесінен алып тұқыртты да сабалай бастады. Тірсектен бастап ыждағаттана біраз ұрғылады да, ыстық сыпыртқыны тақымға, сегізкөзге сәл басып алып жонарқаны шықпырта жөнелді.
- Қарапайым халықтың өкілі ретінде сіздей Генийге қызмет еткенімді өзіме аса құрмет тұтамын.
- Құйрығың онша күймеген-ау?...
Күле бұрылған Мұхит үнсіз қалды. Алдында тұрған досының бұлшық еттері білеуленген кеудесінің әр жері көгеріп, қанталап кетіпті. Әуелі, жабысып қалған емен жапырақтары шығар деп еді, жоқ - соққы екен. Аяусыз тиген ауыр соққы іздері кеудесінде сайрап жатыр.
Жантемір сыпыртқыны бұның қолына ұстатты. Тайсалмай қараған көздері шоқтай жайнап тұр. Сілейіп сұлық жатып алып, өз-өзінде өші бардай ұзақ ұрғызды. Мұхит сыпыртқыны екі қолына кезек-кезек ауыстырып отырып, қолдары салдырағанша сілтеді.
Досының денесі піскен шаяндай қызарып қабырғасындағы, жауырынындағы таяқтың сарғыш, көкшіл ізі қызылшұбарлана бастады.
Үн-түнсіз жатқан Жантемір бір кезде «рахмет» деп аударылып түсіп, орнынан тез тұрды да селдіріп қалған сыпыртқыны Мұхиттың қолынан жұлып алып бұрышқа лақтырып жіберді.
Моншашы жігіт лып етіп алға түсіп VIР бөлменің есігін ашты. Шағын стол үсті жайнап тұр екен.
Ақбоз есек құлақтары салбырап сол жақ бұрышта тұр. Жыны басылып қалыпты.
Мұздай сырадан мол сіміріп жіберген Жантемір былғары диванға шалқайған күйі өз-өзімен қалған жандай ұзақ отырды. Мұхит та қыбыр ете қойған жоқ, өлі тыныштық біразға созылды. Бір кезде, Жантемір сыраны басына көтеріп демалмастан ішіп салды да, алдындағы тамаққа бас қойды. Мұхит қарап отыр, сол баяғы әдеті - дастарханға омыраулап жатып алып, шортан тұмсығы кіріп кетердей еміне түсіп, табақты жақынырақ тартып, екі ұртын нығайттап, алдындағы асты қырғын тигендей қылып жей бастады. Сүлгімен аузын, қолын ыждағаттап сүртіп алып, ажалы жеткен әлдебір әңгімені сөз етіп отырғандай бей-жай сөйлей бастады.
- Бір күні бастық шақырады деген соң келсем, Саша Хван әй-шәй жоқ айғайлап қарсы алды. Тап бір мені танымайтын адам сияқты. Кабинетінде бүкіл бөлім басшылары отыр. Солардың көзінше маған «есек, жемқорсың» деп ақырды. Ауызымды аштырмады. Менің де қаным басыма шапты. Үйімізде күнара қонақ болып жүрген, әкеммен аңға да, балық аулауға да бір шығатын досының аяқ астынан өзгеріп, жұрттың көзінше құтырған итше талағанына шыдай алмадым. Қызметтік құжатымды, пистолетімді алдына тарс еткізіп лақтырдым да шығып кеттім. Пистолетті бетіне жіберейін деп едім, әкемді ойладым.
Салық төлемей, мемлекет қазынасына түсуі тиіс миллиондаған теңгені жасырып қалған бір фирманың басшысының артынан түсіп, қыспаққа ала бастағанмын. Ол бір күні мені қала сыртына демалуға шақырды. Бармас едім, сыйлы адамды араға салды.
Жантемір біруыс тісшұқығышты белінен бір сындырып күлсалғышқа тастай салды.
Бардым. Айтқан жерге келсем ешкім жоқ, даяшы жігіт күте тұруымды өтініп тілдей қағазды қолыма ұстатты. Француз әтірі аңқыған қағазды жыртып, теріс айналып кете бергенімде ту сыртымнан «Жантик...» деген әйел адамның дауысы естілді. Таныс дауыс. Жүрегім алқынып қоя берді. Ішім бір нәрсені сезді де, қайырылмай кете бергім келіп еді, оған әлім келмеді.
Бір кезде тұла бойымды ыстық леп шарпып өтті де, иығыма жібектей қол тигенін сездім. Еріксіз бұрылдым - қарсы алдымда Жанна тұрды. Еркелей күліп қолтығымнан ала жөнелді. Ана бизнесменнің әйелі екен. Жанна өзі үшін қара жерді жарып жіберуге бақиыл екенімді біледі ғой... Банально? Расы осы...
Сол кеште, ресторанның музыканттарын үйлеріне қайтардым да Жанна пианинода мен скрипкада «Нибелунгтар сақинасын» ойнадық. Алғашқыда тосырқап қалған жұрт «Браво! Браво!» - деп екеуімізді сахнадан жібермеді. Сол кеште иесіз қалған жаным тірілді, өз-өзімді іштей аядым да... Олар менің бірнеше байқаудың лауреаты екенімді қайдан білсін...
Жанна өтінішін айтты. «Өмір бойы тұтқыныңмын, тұтқында ерік болушы ма, көнемін де» дегенімде күліп - «Тұтқынға ұқсамайсың» деді. Неге деп едім - «тұтқынға қарағанда қоңдылаусың» деді.
Жанна күйеуіне сүймей тигенін айтты. «Сені сүймеймін, адамым кездессе қай күні болса да етегінен ұстап, еріп кете беремін» деп жар төсегінде жатып ескерткенмін» - деді. Таңертең күліп тұрып бетімнен сүйді де қоштасты. Жаннаның күлкісін білесің ғой. Күлкісіне жаным құрбан еді ғой. Ол бірақ бұрала басып менен алыстай берді. Соңғы үмітім Жаннаның туфлиінің тықылымен бірге жоғалды.
Жантемір осы жерде кідірді. Мұхит та үндемеді. Жаннаның бизнестері осында, өздерінің шет елде тұратынынан хабардар-ды.
- Жұмыстан кетіп қалғанымды естіген әкем біздің мекемеге мені өзі ертіп келді. Мені дәлізде қалдырып Хванмен оңаша сөйлесті. Әкем кабинеттен шығып кеткен соң Саша Хван мені подвалға алып барды. Есікті ішінен ілді. Костюмін шешіп тастады да талтайып тұра қалды. Хоп-хи додан үшінші даны бар екенін білетінмін. Бір кезде қолдарын қанатша жайып жіберді де, ышқына секіріп екі аяғын менің төбемнің тұсында екі алақанына сарт еткізді. Маймылша топ етіп жерге түсіп, шыңғырып жіберіп ыршыды да «Жантемир, твой отец настоящий мужик!» деп ақырып жүрегімнің тұсынан бір тепті. Есімді жисам - екі қолымнан төбеге асып қойыпты. Кеудемнен әлденеше тепті. Тұрып та тепті, секіріп келіп те тепті, аяқтарын қайшылап та тепті. Соққылары ғажап екен! Қолын бір де көтермеді, тек қана аяқтарын көріп үлгеріп жаттым. Жігіт деп Сашаны айт! Есім ауып кетсе бетіме бір шелек мұздай суды шашып жібереді де тағы тебеді. Рахмет әйтеуір, басыма, бетіме тимеді. Талай төбелесті көрсем де тап Сашадай соққырды көрмеппін. Таза классика!..
Мұхит моншадан шыққасын көлікке жарты сағаттық жердегі үйіне қарай жаяу аяңдады. Орталық концерт залының алдынан өтіп бара жатып келесі айдың репертуарында өзінің екі бірдей шығармасы тұрғанын көрді. Симфониялық оркестрдің үні құлағына келді...
Тез жүргендікі ме жауырыны терши бастады. Консерваторияның жанынан өтті. Демалыс күні болса да музыканттар мен әншілер жаттығып жатыр екен.
Әдемі үйдің түбіне тоқтап аспанмен таласқан ұшар басына қарады. Моншадан шыққалы біреу қуып келе жатқандай емпелеңдеймін деп шаршаңқырап қалыпты. Сөмкесін жанына қойды да орындыққа отырды. Жаңа салынған үйге иелері көшіп келіп жатыр екен - адамдар үй жиһаздарын машиналардан түсіріп жатты. Бұл зәулім үй бала кезінде Жантемір, Жанна үшеуі көп келетін бұрыңғы ТЮЗ-дың орыны еді.
Жантемір есіне түсті. Оқып жүргенде араларында бірін бірі көрмесе тұра алмайтындай достық болмағанымен үзіліске шыққан сайын бастары қосыла қалатын. Бүгінде сол қимастықтан із де қалмапты. Жаңа, шығыс моншасына қайта кіргенде байқады - Жантемір таза сейсеп алдырып ежелгі гректерше ақ матаға қайта оранып алған екен. Бұл түріне Мұхиттың көз тоқтатқанын байқап «бәрі тамаша!» дегендей сұқ саусағы мен бас бармағын сақиналап, оң қолын жоғары көтерді де бір көзін қысып қалды... Жоқ жерде өз-өзіне тоқтау салып, дем бергендей болып тұрған досының бұл түрін көрген Мұхитта аяушылық сияқты әлсіз сезім пайда болды да онысын білдіріп алмайын деп теріс айналып кетті.
Сол аяушылық сезімі қайта оралған Мұхит созалаңдап орынынан тұрды. Абылайхан мен Қабанбай көшелерінің қиылысына келгенде жерасты жолы ауызынан шығып жатқан «Көроғылыны» естіді. Басында аппақ киізден тақиясы, қабырғаға сүйеніп күй тартып отыратын сол жігіттің қағысы. Қолын бір мықты қойған... Күйшінің екі көзін тарс жұмып алып, күйге беріле теңселгеніне дейін көз алдына келген Мұхит екіұдай күйде біраз тұрды. Бұл жолы жерасты жолына түсіп, күйшінің алдынан өткісі келмеді. Күй біткенше тыңдады да, жол жиегіндегі темір шарбақтан секіріп өтіп арғы жаққа тіке тартты.
Бір күні түс кезінде опера театрынан, дайындықтан шығып келе жатып «Алматы» қонақ үйіне жақындай бере наурыздың ақшақары ала-құла жатқан гүлзардың бір шетінде, көк майсаның үстіндегі есекті көрді. Түгін тартса майы шығар мақұлық тықырылап қырқылған көкке құлай кетіп, аунап-аунап алады да қарғып тұрып көздері жайнап жан-жағына қарайды...
Мұхиттың есіне Жантемірмен соңғы кездескені түсті.
- Хванның сені көкала қойдай қылып ұрғанын
әкең біле ме?
- Біледі. Онда тұрған не бар?
- Қойшы?!..
- Не қоятыны бар. Әкем Хванның кабинетінде оңаша қалғанда «еті - сенікі , сүйегі - менікі, тек жұмыстан шығарма» деген екен.
- Оны қайдан білдің?
- Хван өзі айтты.
- Таяқ жегеніңді қашан білді?
- Сол күні-ақ білген.
- Қалай?
- Саша Хван әкеме өзі звондапты.
- Шын ба?
- Шын.
- Әкең денеңді көрді ме?
- Көрді.
- Шошыған шығар?
- Неге шошиды? Қатын алғаныңша жазылып кетеді деді.
Жантемір неге екені белгісіз қарқылдап күліп жіберді. Мұхитқа оның көзінде ауыр мұң бар сияқты болып көрінді.
Енді Жантемірмен кездеспесін ойлады. Бірақ та, кім біліпті...
03.04.2011 Алматы - Атырау