Сейсенбі, 8 Қазан 2024
1778 0 пікір 9 Ақпан, 2020 сағат 15:35

«Nur Otan» ұлттық өнердің жанашыры

Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясының қолдауымен қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты ақындар айтысын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен республикалық ақындар мен жыршы-термешілердің одағы ұйымдастырған.

Жалпы бұқаралық сипатқа ие, қазақтың төл өнері, ұлттық құндылығы саналатын айтысқа «Nur Otan» партиясы алғаш рет қолдау көрсетіп отырған жоқ. Осыны айтқан айтыс жанашыры Жүрсін Ерман «Nur Otan» бастаған саяси ұйымдар, қоғамдық ұйымдар мен демеушілерге ақжарма алғысын жеткізді.

«Президентіміз биылғы жылды Абай жылы деп жариялады. Жақында ғана Абайға арналған іс-шаралардың бастауын өзі келіп ашып берді. «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бәріңіз оқыған шығарсыздар. Биылғы көптеген шаралар Абайға арналады. Абай - біздің қағбамыз, қазақ руханиятының темірқазығы. Бәріміз бойымызды да, ойымызды да Абайға қарап түзеуіміз керек, - деді Жүрсін Ерман.

Абай мұрасын арқау еткен бұл айтысқа республикамыздың өңірлерінен жиылған 16 ақын қатысты. Айтыстың басты ерекшелігі - ақындар сахнада жеребе тарту арқылы жұпталды.

Ал айтыстың бас жүлдесі «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа бұйырды.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыған дейін «Nur Otan» партиясының қолдау көрсетуімен еліміздің оншақты өңірінде аламан айтыстар өткен. Солардың бірсыпырасы, Атырауда Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына, Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына, Қостанайда Б.Майлиннің 125 жылдығына орай және Алматы қаласында «Отан отбасынан басталады» атты республикалық ақындар айтысы.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, аталған үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Биыл «Nur Otan» партиясының қолдауымен Абайдың 175 жылдығына орай 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарланған. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтыстары ұйымдастырылады.

Abai.kz

0 пікір