Сейсенбі, 8 Қазан 2024
3446 0 пікір 11 Ақпан, 2020 сағат 11:49

Жаһандық көші-қон мәселесі басты назарда...

Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Жиналыс барысында еліміз бойынша өткен бір жылда шетелдің 76 200 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің өзі қатысқан жиналыста талқыланған басты мәселе ішкі, сыртқы, этникалық және заңсыз көші-қон мәселелері болды.

Министр Біржан Нұрымбетов өз сөзінде елімізде өз азаматтарымыз бен мигранттардың заңды мүддесі мен құқығын бірдей қорғау мен сақтау, кемсітушілік жасауға мүлде жол бермеу, сондай-ақ, көші-қон саласындағы арнаулы заңдар мен халықаралық міндеттемелерді сақтау саясатын басты назарда ұстау керек екенін айтты.

- Ішкі істер органдарының мәліметінше, биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға сырттан 5,6 миллион адам кіріп, әлемнің 200 елінен келген 5,3 миллион азамат шекарадан шықты. Ішкі істер органдарында шетелдің 1,2 миллион азаматы, оның ішінде ТМД елдерінің 1,1 миллион, басқа елдердің 95 мың азаматы тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбек етіп жатыр, – деді министр Б. Нұрымбетов.

Нұрымбетовтің айтуынша, биыл Қазақстан аумағында 76,2 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Оның тоғыз мыңы бір жола республика аумағынан шығарылған көрінеді. Сонымен қатар, заңсыз көші-қонды ұйымдастырғандарға байланысты 43 қылмыстық іс, ал елден шығару туралы шешімді уақытында орындамағандарға байланысты 110 қылмыстық іс қозғалған екен.

Ерекше айта кетерлігі, өткен, 2019 жылы Қазақстанға шетелде тұратын он үш мыңға жуық этникалық қазақ көшіп келген. Атап айтсақ, оның 46 пайызы Өзбекстаннан, 34 пайызы Қытайдан, 7 пайызы Монғолиядан, ал қалған 7 пайызы Түрікменстаннан елімізге көшіп келген.

- Қазақстан – көшіп-қонушылар үшін транзит, мигранттар баратын және мигранттар шығатын ел, сондықтан бізді бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде дерек жинау жүйесі мен бірыңғай тәсіл қалыптастыру – бірінші кезектегі міндет, – деді Біржан Нұрымбетов өз сөзінде.

Министрдің айтуынша, еліміз көші-қон мәселелері жөніндегі халықаралық арнаулы ұйыммен және біріккен ұлттар ұйымы босқындар іс жөніндегі жоғарғы комиссарының жауапты басқармасымен бірге 2011 жылдан бастап «Алматы процесі» аталатын өңірлік диалогты жүзеге асырып келеді. Аталған шараға Әзірбайжан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия және Түркіменстан қосылып отыр. Сонымен қатар, бақылаушы ретінде Иран мен Пәкістан қатысады.

- Қазақстан мигранттардың заңды құқықтарын құрметтеуге, жаһандық және өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, сонымен бірге көші-қон ағындарын реттеуге үлес қосуға ниетті, – деді министр Нұрымбетов.

Тағы бір айта кетерлгі, өткен жылы желтоқсан айында Марракеште өткен Босқындар мәртебесі туралы конвенция міндеттемелері бойынша еліміз қауіпсіз тәртіптегі әрі тұрақты көші-қон жөніндегі әлемдік келісімге қосылған болатын. Соған сай «Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» арнайы заң жобасы әзірленген. Қазір бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жақанын айта кетейік. Аталған құжатта еңбек иммигранттарын тарту механизмін қазіргіден де жетілдіре түсу, әкімшілік жауапкершілікке тартылған кейбір мигранттар мәселесін оңтайлы шешу, сондай-ақ мемлекеттік заңнамаларға халықаралық реадмиссия стандарттарын пайдалану мәселелері назарға алынған.

Біз сөз етіп отырған жиналысқа Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен қатар, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі, аталған ұйымның Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан,  және Өзбекстандағы миссиясының жауапты басшысы Зейнал Гаджиев те қатысты. Бұл жиында талқыланған тағы бір түйіткілді мәселе әдемдегі адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсету және адам саудасының алдын алу мәселесі болды.

Жиыналыс соңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым арнаулы ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасты. Бұл меморандум қос тараптың әлемдік және елішілік көші-қон мәселелеріндегі ынтымақтастығын қазіргіден де нығайту және одан әрі кемелдендіре түсуді басты мақсат етіп отыр.

Abai.kz

0 пікір