Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2702 0 пікір 27 Қыркүйек, 2011 сағат 06:48

Азамат БАЗАРБАЕВ. ЕЛ ІШІНЕ ІРІТКІ САЛҒАН КІМ?

...Атыраудағы радикалды діни топтарға қатысты небір сұмдықтар анықталып жатыр. Қылмыстық іс қазіргі күні тергеу мен тексеруде болса да құқық қорғау орындары оның бірқатарының ұшпақтап шетін шығарды. Атырау облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Светлана Жұмашеваның айтуынша, тұтқындалғандардың саны бүгінде 30-ға жеткен. Оларға қатысты қылмыстық іс алдағы қараша айына қарай сотқа тапсырылады екен. Жалпы құрық түсіп құрықталғандар аймағымызда жарылыстар жасауды, бейкүнә жандарды жазым етуді шындап қолға алғанға ұқсайды. Әрекеттері де жағаңды ұстататындай шошындырарлық енді. Атырау облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің сөзінен ұққанымыз, күні бүгінге дейін сот адвокаттарды қатынастыра отырып, «Терроризм» айыбы бойынша күдіктілерді 2 ай мерзімге абақтыға жабу жөнінде шешім шығарыпты. Аяғы аспаннан келгендердің қатарында Атырау бизнес және құқық колледжінің студенті, жасы кәмелетке толмаған жасөспірімнің барын да айтайық. Оған қатысты сот екі айға үй қамағына алу жөнінде шешім қабылдаған.

 

...Атыраудағы радикалды діни топтарға қатысты небір сұмдықтар анықталып жатыр. Қылмыстық іс қазіргі күні тергеу мен тексеруде болса да құқық қорғау орындары оның бірқатарының ұшпақтап шетін шығарды. Атырау облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Светлана Жұмашеваның айтуынша, тұтқындалғандардың саны бүгінде 30-ға жеткен. Оларға қатысты қылмыстық іс алдағы қараша айына қарай сотқа тапсырылады екен. Жалпы құрық түсіп құрықталғандар аймағымызда жарылыстар жасауды, бейкүнә жандарды жазым етуді шындап қолға алғанға ұқсайды. Әрекеттері де жағаңды ұстататындай шошындырарлық енді. Атырау облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің сөзінен ұққанымыз, күні бүгінге дейін сот адвокаттарды қатынастыра отырып, «Терроризм» айыбы бойынша күдіктілерді 2 ай мерзімге абақтыға жабу жөнінде шешім шығарыпты. Аяғы аспаннан келгендердің қатарында Атырау бизнес және құқық колледжінің студенті, жасы кәмелетке толмаған жасөспірімнің барын да айтайық. Оған қатысты сот екі айға үй қамағына алу жөнінде шешім қабылдаған.

 

Алдын ала тергеу амалдары қаскүнемдердің ындыны теріс, ойы бұрыс екенін айғақтай түсуде. Дегендей-ақ, бұл сабаздар Пәкістанда тұратын террористік ұйым мүшелерінің нұсқауымен Атырау аумағында бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұмдықты жүзеге асыруға бел буыпты. Халықаралық өзге лаңкестік құрылымдармен бірлесіп, жиһад жасауға, түрлі диверсиялық жарылыстар ұйымдастыруға әрекеттенген. Облыстық соттың өкілі тоқталғанындай, қамауға алынғандар осы күнге дейін шетелдегі радикалды экстремистік бағыттағы діни топтарға қаржылай көмек көрсетіп келген. Атап айтқанда, күдікті М.Н. Пәкістандағы Хабидолла деген мықтының тікелей нұсқауымен жұмыс жасаған көрінеді. Астыртын топ мүшелерінің жинаған қаражаттарын тұрақты түрде шетелге жіберіп отырған. Осыған дейін бума-бума ақшаның шекара асып келетіндігінен хабардар болсақ, ойы бұзылғандардың өзгелерге қамқорлық жасауын естуіміз алғашқы рет. Күдіктілердің жарылғыш заттарын сынақтан өткізуі де алаңдатарлық жағдай. Анығында, бұлар «Атырау - Орал» трассасынан 1,5 шақырым жерде ойларын жүзеге асырған. Бұл деректер бүгінде және толық дәлелденіп отыр.

 

Жасырып-жабары не, алғашқыда жұрт арасында «ана жерде анадай, мына жерде мынадай жарылыс болады екен» деген сөз желдей есті. Гу-гу әңгімені қоздырып қойып, соның қызуына қолын жылытқандардың да «жұлдызы жанды» сол кезде. Әйткенмен Атырау облысының прокуроры Сайфулла Кемаловтың журналистердің басын қосып, арнайы брифинг өткізуі, жағдайды баяндауы халықты біраз тыныштырды. Сол себепті облыс прокурорының қазіргі ахуалға орай айтқанын да осы тұста келтіре кетудің жөні келіп тұр. Сайфулла Насырұлының пікірінше, қамауға алынғандардың қатары бүгінде 30 адамды құрайды. Іс індете тексерілген сайын оған қатысты жаңа есімдер белгілі болуда. Тұтқындалғандардың саны сондықтан да өсіп отыр екен. - Бұл адамдарды әртүрлі діни топтардың арбауына түсіп, адасқандар деген жөн. Оларды осы себептен нақты бір ағымға жатады деп кесіп айту қиын да. Алайда,  әрекеттері мен көздегендері күдіктілерді лаңкестер деуге негіз болады, - дейді прокурор.

Заңды қадағалаушы орын басшысының пікірінше, бүгінде абақтыға жабылғандардың ізіне түсу, ұстау оңайға түспепті. Құқық қорғау органдары оларды бірнеше ай бойы аңдыған. Нәтижесінде, Атырау облысының аумағында екі қылмыстық топтың әрекет етіп жүргені анықталады. Олар Атырау қаласы мен Қазақстанның өзге аймақтарында лаңкестік оқиғаларды жүзеге асыруға қарекет қылғанын жоғарыда айттық. Әңгіме - ойы бұзықтардың жарылғыш заттарды қалай дайындағаны, оның жүйесін қаншалықты игергендігі турасында болып тұр. Байқасақ, көлденеңдеген көп сауалдың жауабы дайынға ұқсайды. Ол - интернеттегі арнайы сайттар екен. «Мұнда жарылғыштың бүге-шүгесі жіліктеліп, пайдалану реті егжей-тегжейлі жазылады» дейді мамандар. Құқық қорғау органдарының өкілдері санасыз жандарға зұлымдықтың ұрығын сепкен бұл сайттарды ауыздықтау оңайға түспей отырғандығын айтады. Олар бәзбір, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді. Бірін жапса, басқаларының қаумалаған жайы бар. «Біз тұтқындалғандардың компьютерлерінен қандай сайттан қандай қажетті ақпараттар алғанын білдік. Жарылғыш құрылғылар да сол бойынша қолдан жасалған» дегенді айтты облыс прокуроры.

Күмәнді мақсаты жолында көпшілікті жазым қылудан тайынбайтын топ қайдан шықты? Олардың ешқандай өлшемге симайтын қаталдығының сыры неде? Біз осы сауалдар төңірегінде де ой сараланғанды жөн көрдік. Оның үстіне қазір бітеу жараның зардабымен күресіп жатқанымыз анық қой. Ал бүгінде темір торға қамалғандар аспаннан түспегені, немесе жерден шықпаған болатын. Олар да осы күнге дейін бәрімізбен бірге бас түйістіріп, иық тірестіріп, бірге жүргені аян. Ендеше, олардың елдің ішін алатайдай бүлдіруіне, өзге ағымға ілесіп, қисық жолға түсуіне не себепші?

 

Облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары Оразбек Қасымовтың айтуынша, бүгінде облысымызда 26 мешіт бар. Соның әп дегенде, алдымен тілге тиек болатыны - 1953 жылы салынған «Құспан молла» мен «Иманғали» орталық мешіті. Сондай-ақ қала іргесіндегі Жұмыскер поселкесінде «Әт Тақуа» мешіті орналасқан. Мәселенің мәнісін білетіндердің пікірінше, осынау имандылық үйлеріне жұма және басқа да діни мейрамдар күнінде 15 мыңға тарта адам жиналады екен. Бұл шағын ғана шаһар үшін аз жан емес, әрине. Пенделердің рухани тазаруға бет бұруы, Алла жолына бас қоюы қолдарлық десек те оның өз шикілігі бар болып шықты. Сөйтсек, сунниттік исламның ханафилік масхабын бағыт ұстағанымызбен, мешіттерге келгендердің жартысынан көбі өзге діни ағымдарға ілескендер екендігі айқындалуда. «Бұл қауіпті үрдіс намазханалар арасындағы бөлінушілікке жол ашуда» дейді істің жайына қанық  жандар.

 

Рас, мұнайлы аймақта облыс әкімінің бастауы, құзырлы орган басшыларының қоштауымен өзге ағымдардың есіктен кіріп, төрге шығуына жол берілмеді. Қоғамның іріңді жарасын сығып алып тастауға қам жасалды. Алайда, дерттің өзекшесі тамырымен суырылмай отырғанға ұқсайды. Бүгінгі жағдай - соның бір көрінісі ғана болса керек. «Ауруын жасырғанның өлетіні» рас болса, біз де қорқынышты құбылысты жасырып қала алмадық. Діндарлардың пікірінше,  жергілікті жердегі  «уаххабилік» ағымның артынан еріп кетушілердің қатарында өсім бар. Бұған кезіндегі облыста жұмысын жүргізген, қазіргі «Әт Тақуа» мешітінің меншік иесі болған «Дарус-Салам» діни бірлестігі қызметінің кері әсері тиген секілді. Осынау топтардың ылаңы қасымызда қатар жүрген қандастарымызды үйірінен адастырып, талай шаңырақты ортасына түсіргені аян. Дегендей-ақ бұл ағымның өкілдері ата-бабаларымыз ұстанған асыл дін, салт-дәстүрімізге қырын қарайтыны белгілі болуда. Яғни олардың болжауынша, бұрынғы өткен бабаларды еске алып, ас беру «дінсіздік», халқымыздың сан ғасырдан бері отқа май құйып, келінді оң аяқпен аттатып кіргізуі, беташар жасауы - «отқа, суға табыну, харамдық» болып саналады. Ол ол ма, ежелден келе жатқан бергі төл мәдениетіміз - қобыз бен домбыраның да бұлардың кәріне ұшыраған жайы бар. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп ұлттық аспабымызды төбеге көтергенімізбен, ол да бөтен ойлылардың көзімен «көненің қалдығына» айналыпты.  Тіпті, кейбір шала дүмшелер «ән айту - харам, барлық мадақ ән тек Аллаға айтылу керек» деген сөз таратуда. Мемлекеттік әнұранды тыңдап, кеудеге қол қоюға, мемлекеттік Туға құрмет көрсетуге (Аллаға серік қосу) болмайтын көрінеді. Халқымен енді ғана қауышып жатқан, сан ғасырлық тарихы бар «Қаражорға» биі де «зинаға апаратын төте жол!» деген теңеуді иеленген. Осылайша, ислам дінін өркениетке, өнерге қарсы қоятын үрдіс байқалады. Ал бастысы, уаххабизм идеологиясымен уланғандар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымын мойындамақ емес. «Елдің заңдарына бағынбау, реті келсе, мемлекеттік қызметкерлер мен мүлікке зиян жасау бізге халал» деген ұғымды бойларына сіңірген. Бүгінде тұтқындалып жатқандардың да осындай өзгеше ой, соқыр сенімге шырмалғаны айқындалуда.

 

Қазіргі облыстағы ахуалдың қалыптасуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылығының, оның Атыраудағы өкілдігінің жауапкершілігін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбеттің сөзіне үңілсек, мәселенің бәрі елімізде діни басқармаға басымдылықтың берілмеуінен, имамдардың жағдайы жоқтығынан, тағы басқа жағдайлардан туындап отыр. Жөн делік. Алайда, проблеманың екінші жағын да естен шығармаған абзал. Мәселе, имамдардың айтқан сөзі, насихаттаған уағызы халыққа сіңімді ме? Олар (әрине, бес саусақ бірдей емес)  жұртты шырқ үйіріп алар болса, дін жолындағы ағайындардың бүгінгідей адасуы орын алар ма еді? Мұны бір десек, екіншісі, қазір шетелде өз бетімен оқып жатқан жастардың жайы назардан тыс қалған. Белгілісі, 11 атыраулық Сауд Арабиясы, Египет, Пәкістан секілді мемлекеттерде оқып жатыр. Алайда олар қалай оқуда, қандай  жолда жүр, бұл сауалдарға жауап тосатын жан бүгінде жоқ болып тұр. Бұл олқылықтар өз кезегінде жергілікті жердегі радикалды діни топтардың тамыр жаюына себепші.

Бір-ақ сәтте ел ішіне іріткі салғанды да, өзекті проблеманың өзегін табу да қиын, әрине. Солай болғанымен көп сауалға жауап тосыларына сенгіміз келеді. Әйтпесе, ертеңгі күні мәселені шешуден тіптен кеш қалуымыз ықтимал.

Атырау облысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371