Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3730 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 10:36

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ. Астрахань жақ алаңдатып тұр...

Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, ұлттық классикалық өнердің тамаша орындаушысы Ерлан Рысқали Астрахань қаласында өткен «Голоса Золотой степи - 2011» этнографиялық байқауының «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.
Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі, Мемлекеттік «Астраханская песня» фольклорлық орталығы ұйымдастырған алғашқы фестиваль-конкурс 2003 жылы тұсауын кескен екен. Сол уақыттан бері жеке және ансамбльмен ән орындау сынды екі аталымнан тұратын тартысты дода тұрақты түрде жыл сайын жүзеге асып, 2008 жылы халықаралық мәртебеге қол жеткізген.
Мұндағы мақсат - халықтар арасындағы мәдени байланысты арттыру, сондай-ақ дәстүрлі өнердің дәріптелуіне, дамуына және насихатталуына қолдау көрсетіп, мұрындық болу. Биылғы байқауда Ресей, Молдова, Украина, Башқұртстан, тағы да басқа елдерден 14 пен 35 жас аралығындағы қырыққа жуық өнерпаз қатысып, әркім өз елінің көне дәстүрін ортаға салған.

Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, ұлттық классикалық өнердің тамаша орындаушысы Ерлан Рысқали Астрахань қаласында өткен «Голоса Золотой степи - 2011» этнографиялық байқауының «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.
Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі, Мемлекеттік «Астраханская песня» фольклорлық орталығы ұйымдастырған алғашқы фестиваль-конкурс 2003 жылы тұсауын кескен екен. Сол уақыттан бері жеке және ансамбльмен ән орындау сынды екі аталымнан тұратын тартысты дода тұрақты түрде жыл сайын жүзеге асып, 2008 жылы халықаралық мәртебеге қол жеткізген.
Мұндағы мақсат - халықтар арасындағы мәдени байланысты арттыру, сондай-ақ дәстүрлі өнердің дәріптелуіне, дамуына және насихатталуына қолдау көрсетіп, мұрындық болу. Биылғы байқауда Ресей, Молдова, Украина, Башқұртстан, тағы да басқа елдерден 14 пен 35 жас аралығындағы қырыққа жуық өнерпаз қатысып, әркім өз елінің көне дәстүрін ортаға салған.
Үміткерлерді іріктеу кезеңі өткен жылы басталып, ерте көктемде аяқталған. Алайда Ерлан бұл туралы музыка зерттеушісі, әнші-композитор Бағлан Бәбіжаннан сәуір айының ортасында бір-ақ естиді. Соған қарамастан, ұйымдастыру алқасына интернеттік желі арқылы хабарласқанда, олар жарты сағат ішінде жауап беріп, бақ сынауға әлі де мүмкіндік бар екенін жеткізеді. Сонымен, межелі уақыты жеткенде қара домбырасын көтеріп, өнер жанашыры Шахи есімді азаматтың демеуімен жолға шыққан әнші шарт бойынша екі кезеңде сегіз ән орындайды.
«Шамам келгенше барлық мектептің әнін қамтуға тырыстым. Жетісу жерінен Кенен атамыздың «Көк шолағын», Батыс Қазақстан өңірінен бүгінде менің Ерлан Рысқали болып танылуыма септігін тигізіп келе жатқан «Молдабайдың әнін», халық мұрасы «Аңшының әнін», Шәкір Әбеновтің «Дәмежаны» мен Әсеттің «Қысметін», Ақан серінің «Маңмаңгері» мен «Ақтамбердінің толғауын», Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» жиналғандар үлкен қошеметпен қабылдап, өнерге деген құрметтері тәнті қылды. Бірінші күні сахнадан түсе салысымен, танымайтын адамдар қоршап алды. Астрахань консерваториясының профессорлары, оқытушылары қолымды алып, «тамаша айттыңыз» деп ілтипат білдірді. Екінші күні дайындалайын деп ертерек келсем, күзетші жігіт «Қазақстаннан келген сіз бе?» деп сұрайды. «Сіз туралы жақсы пікір айтылып жатыр» дейді. Тіпті менің нешінші нөмірмен сахнаға шығатыныма дейін біліп алыпты. Одан өте бергенімде еден жуып жүрген қызметкерлердің бірі тоқтатып, ол да жақсы тілектер айтып жатты. Ең қызығы, әлгі күзетшіні тура мен өнер көрсетіп жатқан уақытта бастығы жұмсап жіберіпті. Шаруаларын бітіре салысымен жүгіріп кеп, «бір ән айтып беріңізші» деп жата кеп жабысып, қоймай қолқа салды. Көңілін қимай, бір бос бөлме тауып, халық әні «Мұхида Шайбанды» бастағаным сол еді, маңайдағының бәрі жиналып, қаумалап алды. Соңынан өз балаларындай көріп, бетімнен сүйіп, риза болып тарқасты» дейді кейіпкеріміз.
Сонымен, марапаттау рәсімінде Ресей, Словения, Шри-Ланка, Австрия елдерінен шақырылған қазылар алқасы дауысының ашықтығы мен ерекше орындау мәнерімен өз халқының өнерін жоғары дәрежеде жеткізе білгендігі үшін Ерлан Рысқалиға бірауыздан фестивальдің Гран-при жүлдесін табыс етеді.
«Оза шауып олжа алған, таласты жерде жүлде алған» Ерлан бастапқыда үш жүлделі орынның біріне іліксем де жаман емес деген үмітпен барған екен. Алайда өз аты аталғанда сенер-сенбесін білмей, қатты қуанғанын айтады. «Бізде байқау қай өңірде өтсе, лайық болсын, болмасын бас жүлде сол аймақта қалатын үрдіс қалыптасқан. Шыны керек, ол жақта да алдыңғы орынды өздері алатын шығар дегенмін. Өз елімде бұйырмаған «Гран-при» үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Шетелдік әншілердің деңгейін байқайын, шеберлік алмасып, қазақтың әнін шырқап қайтайын деп ойлаған едім. Сондықтан өнерім бағаланып, елдің атын асқақтатып, абыройын көтеріп жатқанда, көзіме жас ұялап, сәл босап кеткендей болдым. Ол сезімді тілмен айтып, жеткізу қиын. Демеушілік танытқан Шахи ағама, Атырау қаласында тұратын, мені күтіп алып, шығарып салған күйші Айгүл Батырқайыроваға Алла разы болсын дегім келеді. Атамның жекеменшік әнін айтып, бас жүлде алғаным жоқ. Бабалардың аманатын арқалап, қазақтың өнерін көрсетіп, құрметке бөлендім. Сондықтан бұл менің ғана емес, қазақтың жүлдесі деп біліңіздер» дейді Ерлан Рысқали.
Байқау аяқталысымен, іле-шала Сочиде өтетін тағы бір халықаралық байқауға қазылар алқасының төрағасы, академик, Украина мен Польша мемлекетінің еңбек сіңірген өнер қайраткері Игорь Мациевский «Қазақтың дауысын естіртіп қайт» деп ұсыныс жасаған екен. Алайда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында дәріс беретін өнер иесі жұмыс орнын қайта-қайта тастап кетуге ыңғайсызданыпты. Ал Астараханьда аты шыққан опера әншісі Сергей Стрельников отандасымыздың дауысына қатты қызығып, өз еліне жұмысқа шақырып, барлық жағдайын жасайтынын айтқан. Ең бастысы, Ерлан ұзақ уақыттан бері отбасымен қол жеткізе алмай жүрген баспана мәселесін бір-ақ күнде шешіп беруге уәде еткен. «Саған опера айт деп талап қоймаймыз. Қазақы дауысыңды көрсетсең, бізге сол таптырмас жаңалық. Халқымыз сені төбесіне көтереді» деп сендіріп, 1900 жылдан 1960 жылға дейінгі аралықтағы орыс халқының романстары мен Еуропаның озық операларын «үйреніп, дайындала бер» деп таспаға жазып беріпті. Әзірге Ерлан «Ойланып жан-жағыммен ақылдасайын, сосын бір жауабын берермін» деген жауап қайтарған.
Дәл қазір өнер иесі Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі ретінде күйші Нұркен Әшіровпен бірге 19 қазанда шығармашылық кеш өткізуге дайындық үстінде. Бұдан бөлек 60 әннен тұратын үш жинағын жарыққа шығармақ. Бұл жетістіктер Ерлан Рысқалидің Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған үлкен сыйы. Ал Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ол үшін қандай тарту әзірлер екен? Осы орайда Алматы қаласы әкімдігі мен Ерлан Рысқали жұмыс істейтін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының басшылығы талай бәйгеде топ жарған талантты әншінің әлеуметтік жағдайын Тәуелсіздік тойы қарсаңында ескерсе екен деген тілек айтқымыз келеді. Алда-жалда Ерлан баспананың зарымен өзге мемлекеттен пана іздеп кетсе, бұл біздің елдігіміз бен егемендігімізге сын болмақ!
Талантты жастың шығармашылығының өз жерімізде өркендеуі үшін билік басындағылар тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қамқорлық жасайды деген сенімдеміз!
«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313