БАҚ: Лондондағы үйдің қожайыны - Сенат спикері мен оның баласы
BBC-дің орыс қызметі 2019 жылы Лондон соты тәркілеген, құны 100 миллион долларды құрайтын зәулім сарайдың қожайыны – Дариға Назарбаева мен оның баласы Нұрәлі Әлиев деп жазды.
BBC агенттігі «Finance Uncovered» зерттеушілер ұйымы және «Transparency International» халықаралық ұйымымен бірге зерттеу жасапты. Сөйтіп, былтыр Лондон соты «күмәнді ақшаға сатып алынған» деген зәулім сарайдың шын қожайыны кім екенін анықтап жазыпты.
Қазір Қазақстан Парламенті Сенатының спикері Дариға Нұрсұлтанқызы мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев әшкере болған әлгі мүліктің заңдылығын сотта дәлелдеп жатқан көрінеді.
Бұл туралы алғашқы ақпарат 2019 жылдың мамырында белгілі болған. Бірақ, ол кезде мүліктің иесі туралы ақпарат айтылмаған. Алайда, зәулім сарайдың қожайыны – шетел азаматы екені және ол офшорлық компания арқылы басқарылатыны сол кезде жария болған.
Британияның Қылмыспен күрес Ұлттық агентігінің нұсқасы бойынша, екі үй мен пәтер Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің «заңсыз» ақшасына алынған. Жаңағы талас тудырған үй үш офшорлық компанияға рәсімделген екен. Ол компаниялар Антиль аралдары, Панама мен Британия құрамына кіретін Ангилья аумағында орналасқан.
Сотта Дариға Назарбаеваның мүддесін қораушы адвокат дау тудырған дүние-мүлікті сатып аларда Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев заңды түрде ажырасып кеткендіктен, Әлиевтің ол үйге қатысы жоқтығын айтыпты.
BBC ақпаратына сенсек, Назарбаева мен Әлиев әлгі үйлерді заңды ақшаға алғанын дәлелдей алмаса, ол сот шешімімен тәркіленіп, ашық саудаға қойылуы мүмкін екен. Ал сатылымнан түскен қаражат Британия бюджетіне беріледі.
Ал BBC-дің ағылшын тіліндегі қызметі «Қайдан алынғаны белгісіз байлық Ордері Лондондағы зәулім сарайға назар аударды» атты мақала жариялапты. Онда Қазақстанның саяси элитасының өкілі Нұрәлі Әлиевке тиесілі екені, сондай-ақ, «Миллиардерлер қатары» деп аталатын Hampstead ауданына қарасты The Bishops Avenue көшесіндегі әлгі үй офшорлық компанияға тиесілі екені жазылған.
Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі бұл мүлікке арнайы тергеу аясында бұғау салған. Яғни 10 наурызда басталатын сот аяқталғанға дейін бұл үйді ешкімге сатуға немесе басқадай жолмен беруге болмайды. Үйдің иесі ретінде көрсетілген офшорлық компанияның заңгерлері қылмыспен күрес агенттігі жүргізіп жатқан «тергеуді доғаруға тырысады» деп хабарлайды ВВС.
Лондондағы бұл қымбат үй Нұрәлі Әлиевтің атымен байланысы бар жалғыз мүлік емес. ВВС-дің ақпараты бойынша, британ билігі тағы екі жылжымайтын мүлікке ордер берген, күдікке ілінген мүліктердің жалпы құны 80 миллион фунт стерлингке (104 миллион долларға) жуық деп бағаланады (It is one of three homes worth more than £80m owned for the benefit of Mr Aliyev and his leading Kazakh politician mother, Dariga Nazarbayeva).
Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің әшкере болған дүние-мүлкі туралы бірқатар шетелдік БАҚ жазыпты. Міне, қараңыз:
«Financial Times» басылымы «London homes probe linked to former Kazakh ruler’s family» атты мақала жариялаған.
«Reuters» агентігі «UK probes purchase of London mansion by ex-Kazakh president's grandson» атты мақала жариялаған.
«Rbc.ru» сайты «СМИ назвали дочь Назарбаева владельцем арестованных домов в Лондоне» атты мақала жариялаған.
«Коммерсант» сайты «В Лондоне арестовали недвижимость дочери и внука Нурсултана Назарбаева» атты мақала жариялаған.
«lenta.ru» сайты «Великобритания арестовала недвижимость Назарбаевых на 100 миллионов долларов» атта материал жариялаған.
«Novayagazeta.ru» сайты «В Лондоне особняки внука Назарбаева арестовали для проверки законности средств на их покупку» атты мақала жариялаған.
Айта кетейік, Дариға Назарбаева Қазақстан Парламенті Сенатының спикері. Қазақстанның бейресми «запастағы президенті». Экс-президент, биліктегі доминант партия – «Нұр Отанның» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы.
Ал Нұрәлі Әлиев Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы. Ол 2014 жылдың желтоқсанынан 2016 жылғы наурыздың 16-сына дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.
Зерттеуші журналистер әлемдегі саясаткерлер мен бизнесмендердің офшордағы шоттары туралы «Панама құжаттарын» жариялар алдында ол мемлекеттік қызметтен кетті. 2016 жылы Нұрәлі Әлиев пен оның анасы Дариға Назарбаеваның аты-жөні «Панама құжаттарында» аталды. Бұл зерттеу жарияланғаннан кейін кей елдерде билік басындағылар қызметінен кетуге мәжбүр болған еді.
Abai.kz