Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4523 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 06:41

Досай КЕНЖЕТАЕВ. Ясауи жолы – дініміз бен діліміздің темірқазығы

Кез келген мәдениеттегі қоғамдық өзгерістер саяси күш арқылы емес, сол қоғамдық дүние­таным ұстындары мен категорияларының жаңа мазмұндық сипатқа ие болуы арқылы жүзеге асатын құбылыс. Бұл философиялық, дүниета­нымдық концептуалдық қағида.

Тарихымызда көшпелі рулық, тайпалық одақ­тарды біріктіріп тұрған қандық-генетикалық бай­ланыстың ыдырап, орнына «діни-идеялық-үммет­тік мұсылмандық» байланыстың орнауын­да Ясауи ілімінің тікелей ықпалы болды. Ясауи ілімі трансформациялық-трансляциялық тәсілдер арқылы өз болмысын көрсететін дәстүрлі түр­кілік дүниетанымның аксиологиялық-мазмұндық түлеуіне алып келді. Бұл процесс ислам дінінің дәстүрлі түркілік дүниетанымдық кеңістігіне тарауы, сол мәдениет негізінде қалыптасқан мифологиясына, аңыз-әңгімелері желісіне, жыр дастандарына, қандық-туыстық шежірелеріне, жалпы мәдени құндылықтары негізінде жаңа рух, жаңа кеңістік бере білуімен қоса қабат жүріп жатты.

Кез келген мәдениеттегі қоғамдық өзгерістер саяси күш арқылы емес, сол қоғамдық дүние­таным ұстындары мен категорияларының жаңа мазмұндық сипатқа ие болуы арқылы жүзеге асатын құбылыс. Бұл философиялық, дүниета­нымдық концептуалдық қағида.

Тарихымызда көшпелі рулық, тайпалық одақ­тарды біріктіріп тұрған қандық-генетикалық бай­ланыстың ыдырап, орнына «діни-идеялық-үммет­тік мұсылмандық» байланыстың орнауын­да Ясауи ілімінің тікелей ықпалы болды. Ясауи ілімі трансформациялық-трансляциялық тәсілдер арқылы өз болмысын көрсететін дәстүрлі түр­кілік дүниетанымның аксиологиялық-мазмұндық түлеуіне алып келді. Бұл процесс ислам дінінің дәстүрлі түркілік дүниетанымдық кеңістігіне тарауы, сол мәдениет негізінде қалыптасқан мифологиясына, аңыз-әңгімелері желісіне, жыр дастандарына, қандық-туыстық шежірелеріне, жалпы мәдени құндылықтары негізінде жаңа рух, жаңа кеңістік бере білуімен қоса қабат жүріп жатты.

Бұл түркілік дүниетанымдық құндылықтар мен тұғырлардың мазмұндық жағынан түлеуіне әкеліп соқты. Бұл рухани түлеу, санадағы жаң­ғыру құбылысы көшпелілердің табиғатқа, қо­ғамға, әлемге, адамға деген көзқарасының көкжиегін кеңітті. Бұл "көзқарас көкжиегі" түркілер үшін Ясауи ілімімен сомдалып, өзіндік ойлаудың жаңа теориялық-практикалық, этико-психоло­гия­лық саяси-эконо­микалық, қоғамдық-әлеуметтік құн­дылықтар жүйе­сінің қалыпта­суына ықпал етті.

Сондықтан бүгінгі қазақ болмысының мәнін­дегі мазмұн исламдық өркениеттік тұғыр Ясауи ілімі арқылы трансформацияланған деуге ғылы­ми тұрғыдан толық негіз бар.

Ясауи мәдениеті ислам дінінің ішкі (батини) мәні, рухани психотехникалық этикалық кемел­денудің өзіндік әдістемелік қағидасы мен ережелері қалыптасқан дәстүрлі түркі сопылық ілімнің қазақ түсінігіндегі, діни танымындағы көрінісі. Осы мәдениет кешегі жетпіс жылдық қызыл импе­рияның темір құрсаулы қыспағынан құты­лып, ғылыми атеизмнің көздеген «синтезі» мен көрі­гінен ерімей аман сақталды. Қазақ өз болмы­сынан алыстамай, ұлттығы мен дәстүрлі тарихи сабақ­тастығынан қол үзіп қалмайынша Ясауи мұрасы мен мәдениеті тіршілігін жалғастыра береді.

Кешегі коммунистік режим тарихтағы калам мен суфизмнің «улама мен суфилердің» қақты­ғыстары мен түсініспеушіліктерін зерделеп, өте нәзік ұсталықпен өз мүдделеріне пайдалана білді. Жалпы ориенталистика шығысты аңдып, сырттай бақылап өте арзан әрі оңай олжа қылып келген. Бұл мәселе тарихтан белгілі. Мұндай әрекет бүгін де басқа формада жалғасын табуда. Сондықтан егер біз өткенімізден тағылым, тарихтан сабақ алуды үйренгендей болсақ, онда «Сіз, біз деген халайықтан қаштым мен» деп ескертіп кеткен Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың аманат-өсиетін жадымызда сақтап, кеңпейілділікпен, төзімділікпен өзіміздің біртұтас қазақы мәде­ниетімізді зерделеуде, зерттеуде өте мұқият әрі сергек болуды сезінгеніміз абзал.

Қазіргі таңда қоғамымызда аруақ, әулие, сопы­лық зікір арқылы қалыптасқан қазақ мұсыл­­мандығын исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету белең алып барады. Қазақтың дәстүрлі діни түсінігін сынап, оның негізгі ұстанымдары мен идеяларын жоққа шығару әрекеті Құран мен хадис шеңберінде жүріп жатыр. Яғни, діни танымдағы әрбір ұғым, категория, символдар мен тұғырлардың Құранда орын алған-алмағандығы негізгі өлшемге айналды. Бұл жерде тек салафилер ғана емес, исламдағы барлық ағымдар өздерінің негізгі өлшемі ретінде Құранды таниды. Қазақ мұсылмандық түсінігінің негізінде ілім жатыр. Сонымен «Менің хикметтерім Құран мәні» - деген Ясауи ілімі, мәдениеті тарихи санада жатыр. Қазақ мұсылмандығы да Ясауи мәдениеті арқылы Құранға негізделген. Өкінішке орай, бүгін оны мақсатты түрде басқаша түсіндіріп, танытуға тырысушылық тенденциясы жоқ емес. Бұған қоғамдағы дін мәселесі, діни таным мен ғылыми таным ара­сындағы үйлесімділік пен тепе-теңдіктің бол­мауы себеп болса, екінші жақтағы, яғни бүгінгі қазақ мұсылман өкілдерінің өздерін қоғамға тиісті дәрежеде түсіндіре алмауы және олардың Ясауи мәдениетін жетік меңгермеуі де осы құ­былыстың  басты компоненті дер едік. Бұқа­ралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді жекелеген топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаҺандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көзжұму­шылық, түсіне алмаушылық сияқты психоло­гиялық кедергілердің барлығы жалпы алғанда діни танымға тіреліп отыр. Сопылыққа, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Ясауиға, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқының тарихына қарсы шығу болып табылады. Өйткені, Ясауиден бастап Асан Қайғы, МәшҺүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл - қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы - сопылық философия деген сөз.

Бүгін салафилік бағыттағы, яғни дәстүрлі ханафи мазхабын мойындамайтын жаһандық сая­саттың құралына айналған миссионерлер қазақ мұсылмандық түсінігіне, оның ғасырлар бойы жи­нақ­талған, болмысқа айналған түсінік таны­мын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніңіз, зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыз­дандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылман­дықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөй­леп, халықты қалыпты діни сенімі мен таны­мынан бездіруге жұмыс жасауда. Демек, олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжі­рибесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз революциялық тенденция. Ал исламның рухында революция емес, эволюция ғана бар екендігін салафилер сезінбейді. Тек өздерінің танымын ғана тықпалай береді. Еркін сұхбатқа емес, психоло­гиялық қысымға негізделген рухани экспанция­сын жүргізіп отыр.

Олардың ойынша, қазақтың мұсылмандық түсінігі пұтқа табынушылық екен. Демек өздерін жоғары санап, біздің таным түсінігімізге менсінбеушілік пен сыйламаушылықтарын ашық айтуға батылы жетіп жүр.

Бірінші сын, ғибадаттың формасы мен мәніне байланысты, яғни ғибадаттың формасын анық­тай­­тын да, ғибадат етілетін де тек бір Алла ғана. Бұған дау жоқ.Рас, ислам негізі бойынша адамзат баласы Алланы ұлықтау, оған табыну үшін жаратылды. Әр дінде Аллаға табыну фор­масы әр түрлі. Исламда табыну формасын уақы­тын ритуалдық негіз ретінде анықтаған Мұхаммед пайғамбар болатын. Қазақтар бұл ғибадат феномені шеңберінің сыртына шыққан емес. Ғибадаттың формасы мен уақытын сол күйінде қабылдайды, шариғатты негізге алады. "Алладан басқа табынар ештеңе жоқ" (Ла мағбуда илла Алла) деп зікір салды. Ғибадаттың мәні мен маңызын, мақсаты мен негізгі идеясын терең түсінеді. Олардың рухани жаттығулары ғибадатқа барар жолдағы рухты әр түрлі кедергілер мен алаңдаушылықтан арылтудың тәсілі ғана. Әрбір зікір, сама, жүректі шынайы ғибадат етуге дайындап, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғырлары.

Екінші сын, сопылық пайғамбардың сүннетіне, формасына, шариғатқа сәйкестігі немесе қайшы­лы­ғы: мысалы: зікір салу (Алла, Алла, ху, ху) өлең, ракс, сама, шаң, рубаб - бұларды күнә­Һарлық деп қарайды. Бұлар бидғат, яғни дінге кейіннен енген жаңашылдық.

Енді Алланы еске алу, зікір, салу мәсе­лесіне келейік. Зікір салу Құранда бар. Хадисте бар. Зікір туралы аят көп: Құранның жеті аты­ның бірі - зікір. "... Азық­тың ең абзалы - зікір. Қажылықта да мені еске алың­дар". "Аталары­ңыз­ды еске алғандай мені еске алыңдар", "Қауіптен құтылға­ныңызда сізге білме­гендеріңізді үйрет­кен Алланы еске алыңдар", Жер мен Көктің жаратылуы, күн мен түннің ауы­сып келуі туралы отырса да, жүрсе де, жатса да Алланы еске алғандар, көк пен жердің жараты­лы­сын терең ойлаған­дар. "Ей, Жаратушы­мыз, сен бұларды мән­сіз мақсатсыз жа­­рат­падың. Сен ұлы­­сың. Бізді тозақ­тың азабынан сақта деген көңіл иелері үшін айғақтар бар".

Демек зікір, Алланы еске алу Алланың бұйрығы. Шариғатта бар деген сөз. Ал енді ислам тарихында би, музыка харам деушілер болған. Бүгін олардың сындары мен міндері құнсызданған. Себебі, бүгін дін ғылым ретінде өткенге қарағанда әлдеқайда дамыды. Экзис­тенция философиясы, дін фено­мено­ло­гиясы мен психологиясы әр құбылыстың танымы, ұстаным мен мұратын анықтай алатын сатыға көтерілді. Әрине, діни таным табиғаты жағынан күрделі әрі уақыт пен кеңістік, дүниетанымдық мәдени көпқабаттылықты да өз ішінде қамтиды. Сон­дықтан ислам ешқашан музыканы жатсын­баған. Исламда музыка өмірдің өзі. Жаратылыс сол музыкадан басталған. Исламда, әлемде музы­каның теориялық және фило­софиялық теория­ларын қамтитын зерттеулерді Әбу Насыр әл-Фараби атамыз жасағаны белгілі, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ясауидің музыкалық тұжырымы тікелей әл-Фарабидің саз философиясына негізделген. Ракс - ритуалдық би, сама діни әуен тыңдау - Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдістері ғана. Ал әдіс ешқашан мұрат болмаған.

Суфи ұғымы пайғамбар дәуірі кезінде және одан бұрын да болған. Ал осы ұғымның ішкі мәнін толтырған ислам болды. Суфилік Құранмен көктеп, дамыды, тамырын Құраннан алды. Бұған талас болмау керек. Әрбір мәдениет бір жағынан өзінің қасиетті кітабымен тікелей байланысты. Батыс мәдениетінің негізінде Інжіл болғаны сияқты, ислам мәдениетінің негізінде Құран бар. Ислам философиясы, мәдениеті мен өркениетінің ең маңызды қыры болып табылатын сопылықтың негізгі іргетасы - Құран. Сопылықты тарихи процесс ішінде сараласақ, ішінара басқа мәдениет, дүниетанымдармен байланыста болған. Бірақ, сопылық жолындағылар үшін ең бастысы әрі маңыздысы Құран Кәрімнің бұйрығы, көрсеткен жолы мен ұсыныстары. Сондықтан Құран мұсыл­мандар үшін мәні мен маңызы, орны мен рөлі бірінші орында тұратын Алланың каламы, сөзі (логос). Сопылықтағы Құранның әсері де өзге ислам ғылымдары сияқты ең басты және ең маңызды фактор болып қала береді.

Жалпы сопылыққа сын айтушы салафилер кешегі коммунистік идеологияның желісінде оның исламға үйлеспейтін қырлары көп дейді: Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла мәні жағынан бар жерде, ал салафилер бұл түсінікті Құранға сәйкес емес деп таниды. Бұл сынға Құран аяттарымен жауап берер болсақ: "Көкте де, жерде де - Тәңір - Алла". 43/84. Бұдан басқа Алланың ал-Ахир, ал-Захир, ал-Аууал, ан-Батин және т.б. есімдері бар. Осыған қарап-ақ жоғарыдағы сын­ның негізсіз екендігін көруге болады.

Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла бұл әлемді Мұхаммед үшін жаратты. Ал салафилер болса, бұл түсінікті де Құранға сәйкес келмейді деп таниды. Оған жауап ретінде айтарымыз, Алланың өзі Мұхаммедті адамзаттың тәжі десе, әлемді Алла адам үшін жаратса, адамзат үшін рахмет ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбар болса, бұл сөздің Құранның мәніне сәйкес келмейтін ештеңесі жоқ.  Алла, бұл дүние де, о дүние де маған тән (ал-Лайл, 13). (Зариат, 56) - Мен жындарды, адамдарды маған құлшылық етсін деп жараттым.

Салафилер қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеуі, өлікке ескерткіш орнатуы, тұмар тағу - олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды. Ясауи ілімі ең үлкен ширк, яғни көпқұдайлық негіздегі исламға жат, таухидтен алыс діни таным деп таниды. Бұлар салафилер мен уаххабилердің өзгермейтін таны­мынан, қағидашыл ұстанымынан туындаған сындар.

Ислам өмір философиясы, қоғамның әрбір мүшесінің ең ұлы кісілік, құндылық иесі болып қалыптасуына, адамды сүюге, әділет, адалдық, басқа дінге құрмет пен төзімділік түсінігін егетін дін деп түсінеміз. Сол үшін исламның тарихын, жүріп өткен жолын, өзіміздің осы жолдағы ата-бабаларымыздың ислам өркениетіне қосқан үлесін тану арқылы білу әрбір мұсылманның парызы. Біз, зерттеушілер ұлттық тәуелсіздігімізді баянды ету мақсатында қоғамдағы әрбір адамға жалпы адамдық құндылықтарды, исламның негіздерін уақыт пен кеңістік талабы шеңберінде түсінді­румен қатар, исламдағы зиянды ағымдардың негізгі стратегиясын, мүддесін қоғамдық пайда тұрғысынан ашып көрсетуіміз қажет.

Уаххаби өкілдерінің алдарына қойған мақсат­тары, көзқарастары және қозғалыс-әрекеттері арқылы діни, қоғамдық және саяси мәнге ие ағым екендігін көруге болады. Олар тарихта доктри­налары мен мақсаттары тұрғысынан "Алланы бірлеушілер" (муаххиддун), пайғамбардың жолында­ғылар (салафиуун) немесе уаххабтың жолын­дағылар (уаххабиун) деген атпен белгілі. Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық, экономикалық, діни және саяси жағдайлары себеп болды. Ағымды негіздеген Мұхаммед Ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың орталарында орталық Арабстанда Нажд және ал-Хаса аймақтарында қозғалыс жетекшісі болды. Бұл ағым негізінен араб ұлтшылдығын, Осман империясынан азат болу идеясын ту етіп көтерді. Бұл аймақта ешқандай империяның ықпалы болмады. Жеке-жеке тайпалардан құралған арабтардың басын қосып, бір идеологияға біріктіру, ортақ мүдде, ұлттық мемлекет құруға негізделді.

Уаххаби қоғамдағы құбылыстар мен діни, философиялық мәселелерді терең талдамайды, бір жақты тұжырым, үкім береді. Олар үшін Құран мен Суннадан кейін Ибн Таймийа мен Ибн Жаузийа еңбектері кодекс ретінде қабылданады. Бірақ, бұл ғалымдарды да дұрыс түсініп, меңгере алмағандары белгілі. Абдулуаххаб "дінді тазалау", яғни пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойын­ша, тек бәдәуи арабтар емес, барлық мұсылмандар таза ислам доктринасынан алыстаған болып есептеледі. Таухид жүйесіне қауіп төнді. Таухидті дұрыс түсінбеуімізден, ұмытуымыздан саяси, эко­номикалық, этикалық бодандықтамыз деп ұйымдастырды.

Олар үшін пайғамбардың, әулиелердің қабір­лерін зиярат ету, Аллаға жеткізуші құрал (тауассул) Аллаға серік қосу болып есептеледі (ширк). Олар өте қағидашыл. Мысалы, "бас ауруға анальгин ем" десеңіз, бұл сөз Аллаға серік қосу (ширк) болып есептеледі. "Ясауидей әулиенің құрметі үшін мына дұғамды қабыл қыл" десең, діннен безгенсің (мушриксің). Бұлар өз дінінен жат, алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаххаб "Құран мен Сунна" басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) күста­налайды. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді "дінсіз" деп қарайды. Абдулуаххаб "біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы" деп қарайды. Олардың қас дұшпаны мұсылмандар. Өйткені, таухид ұстанымы христиан, йахудилерге сәйкес келмеді. Сонда да оларға мұсылманға қылған әрекет­терін қыла алмайды. Олардың иман мәселесі бойынша айтқан идея­лары, жолдары мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушілікке апарып соғуда. Сонымен уаххабилер Қазақстанда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан дәстүрлі ханафи мазхабына қарама-қайшы көзқарастағы ағым. Мысалы, біз өмірден өткендерге, рухына Құран бағыштаймыз, тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат деп уағыз айтушылар көбейді. Бұл қайшы­лықтар мен келеңсіз жайларға апарып соғуда. Музыка, театр, өнер, туылған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар, уаххаби ағымын­дағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат).

Міне, осындай қазақ мұсылмандық түсінігінің негіздері жоққа шығарылып жатқанда, «шынды­ғында біздің ата-бабаларымыз қай ислам дініне сенген» деген психологиялық танымдық қобалжу туатындығы сөзсіз.

Исламның иман, намаз, ораза, зекет және қажылық шарттарына тағы да басқа өзгеріс енгізуіне жол жоқ. Мысалы, бес уақыт намазды, алты уақытқа шығаруға немесе екі уақытқа түсіре алмайды. Егер осы негіздерге өзгеріс енгізілсе, ол, әрине, бидғат болады. Ал қазақтардың мұсыл­мандық түсінігінде ешқандай бидғат жоқ. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың туылған күні (мәулід), тәспі (тасбих), салауат (тахлил), Алланы еске алу (зикр), әсем үйлерде тұру, техника жетістіктерін пайдалану және т.б. уаххабилер болса, пай­ғамбар дә­уірінде болмаған нәрсенің бәрін жоққа шыға­рады. Оларды тұтас­тай бидғат деп қа­райды. Шын ислам ешқашан адамның ру­хани, материалдық дамуына, кемелденуіне қарсы шық­пай­ды. Адамның ашқан жаңалықтарына Алла сүйіспеншілік та­нытады. Құран мен Суннаға оның талап­тарына сай келетін нәрсенің бәрін ислам "ғұрып" дейді. Яғни, көркем, әдемі деген сөз. Бар­лық мұсыл­манның қабылдаған ісі Алла тарапынан да қабылданады (Хадис). Егер біз Пай­ғамбар дәуірінде бол­­­маған деп, Суннитке сай емес деп, бүгінгі ғылымдар мен ислам ғылым­дарынан тафсир, хадис, араб тілінен (сарф, наху) бас тарт­сақ, мектеп, медресе, университетке бармасақ, бұл таза исламның рухына абсолюттік тұрғыдан жат нәрсе. Ислам қатып қалған қағида емес. Ол адамды, әсіресе мумин-мұсылмандардың дамуы мен кемелденуіне бастайтын,  қияметке дейін үкімі жүретін Алланың соңғы діні. Пайғамбарымыз алғашқыда қабірді зиярат етуге тыйым салған. Кейіннен пұтқа табынушылық тоқтаған соң, ислам мұсылман жүрегіне ұялаған соң, қабірді зиярат етуге рұқсат еткен. Пайғамбар: "Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім, енді қабірді зиярат ете беріңдер, өйткені онда сіздер үшін ғибрат бар" деген еді.

Пайғамбар, Усман Ибн Мазун қайтыс болғанда оның қабірінің үстіне белгі тас әкеліп қойған. Себебін сұрағандарға "Осы жерден өткенімізде тасты көріп, Усманды еске алып, дұға қылып тұрамын"деген екен. Демек, дінімізде өлгендерге белгітас қою шариғатқа жат емес екен.

Өлгендерге Құран бағыштау - барлық мұсылман әлемінде кең таралған. Ол өлілерді еске алу үшін жасалған шара, ғибраты, хикметі мол нәрсе. Құран оқу арқылы өлік шыққан үйге өзіңнің оның қайғысын бөліскеніңді білдіресің.

Пайғамбар айтады: "Құран Кәрім оқылғанда, Алла Құран оқығанға да, оны тыңдағанға да сауап жазады. Сондықтан, егер оқушылар мәйітке Құран бағыштаса, Алла оқушыларға берген сауабын кемітпестен мәйітке де жазады"дейді. Сондықтан Құран тілауәты Алланың сөзінің сақталуы және ислам дінінің жандануының бір жолы деп қарау керек.

Құранда "... Кейінгі келген әулет өкілдері өздерінен бұрын өтіп кеткен ата-бабаларына дұға оқып: Әй, Алла, Бізді кешір, иманда бізден бұрын өткен бауырларымыздың күнәларын кешір" (Хашр сүресі, - 10 аят) деп жазылған.

Пайғамбардың өзі кейбір сүрелерді мәйітке оқудың артықшылығын айтқан. Мысалы, "Ясин сүресін оқысаңыз, мәйіттің азабы жеңілдейді" (Имам Ахмад Муснади).

"Адам баласы қайтыс болса, оның істеген сауап амалдары тоқтайды, бірақ үш нәрсе тоқ­тамайды. Садақа-и жария (жақсы іс), перзентінің оған жасаған дұғасы және пайдалы ілімі". Уаххаби­лердің атақты сүйенген ғұламасы Ибн Жаузийа: "өзінің "Китаб-ур-рух" атты еңбегінде алдыңғы үш ғасырдағы ислам ғұламаларының жерлеу рәсіміне кейін Құран оқуды өсиет еткен" дейді. Уахабилер өз көзқарастары бойынша Ибн Ханбал, Ибн Таймийа, ал-Жаузийа доктрина­ларына сүйенгенмен, өлген адамдар өзі, мәйітке, Құран тілауатының сауабы немесе оларға жасаған қызметінің сауабы жетпейді дегендерге қарсы шыққан.

Тауассул пайғамбардың өзі "Әй, Алла, Сенен, тек Сенен ғана сұраушылар үшін сұраймын" деген еді. Пайғамбар бір бейшараға: "Әй, Алла, Сенен Сенің пайғамбарың арқылы сұраймын. Әй, Мұхаммед, Сіз арқылы Аллаға жалбарынамын. Әй, Алла, пайғамбардың хаққы, үшін мінажатым­ды қабыл ете гөр" деп дұға жаса дейді.

Қысқаша түйіндеп айтсақ, салафилер исламды тарату мен халифат орнатудың негізгі жолы жиһад, яғни дінді күшпен енгізу деп санайды. Бұл Құран ұстанымына түбірімен қайшы келеді.

Олардың пікірінше, Қазақстанның билік тобы әбден сыбайластыққа батқан, «мұсылман» атына сай емес. Сондықтан салафилер бүгінгі конститу­циялық құрылымды халифатпен алмастырып, шариғат заңдарын ұстануға, мемлекет басына «халифа, әмір» сайлауға үндеп жүр. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен қауіпсіздігіне төнген қатер.

Қазақ мұсылмандық түсінігі мен әдет ғұрпына ашық түрде ревизия жасаумен айналысып жатыр. Уаххаби діндарлардың пікірінше, славян халық­тарын айтпағанда, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, т.б. халықтардың барлық дәстүрі ислам догмаларына қайшы, сондықтан тез арада жойылуы тиіс. Салафилер «өз еліңнің патриоты болма, Ислам дінінің патриоты бол» деген идеяны насихаттайды. Бұл әрбір уаххабидің салафилік идеяны тарату үшін ұлт пен мемлекет мүддесін оңай сатып жіберетінін көрсетеді. Сен егер ұлттық мүдде туралы айтсаң, мининационалист болып қоғамнан аластатыла­сың. Ал Құранда адамдарды өзара бір-бірінен үйрену үшін қауым ұлт ретінде жараттық деген аят бар.

Исламның негізі - жиһад деп түсіндіріп, кәпірлерге қарсы қарулы соғысқа үндейді. Уаххабилердің түсінігіндегі «кәпір» ұғымына қазіргі Қазақстан халқының 90%-ы кіреді. Уаххабилік ағымның ерекшелігі - сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа түсініктегі мұсылмандарға экстремистік өшпенділікпен жауап береді. Мұнда олардың ұстанымында Құран психологиясынан, рухынан атымен жұрдай.

Салафилердің ұраны, идеологиялық негізі - «Лә илаһа ил-Аллаһ, Мухаммадун расул-Аллаһ» кәлимасын өзінше бұрмалап түсіндіруде жатыр. Мысалы, уаххабилер осы кәлиманың алғашқы бөлігін «Алладан басқа бас июге лайық нәрсе жоқ» деп түсіндіреді. «Бас ию» ұғымының ая­сына бағыну, сену, қорқу, құлшылық қылу, жалбарыну, ұмтылу, көмек, қорғаныш сұрау, т.б. кіреді. Осылайша, адам Алладан басқаға бағын­са, сенсе, қорықса, ұмтылса, жәрдем сұраса, т.б. діннен безген «кәпірге» айналады.  Мысалы, егер бір адам Құдайдың құлы ретінде Алла заңына (шариғатқа) емес, конституцияға бағынса, ол адам бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша - мүшрік, кәпірдің бір түрі) атанады. Уаххабилік «ілімді» ұстанушылардың пікірінше, ажалды пенделер ойлап тапқан конституцияға бағыну арқылы ол адам конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдайға санағанмен бірдей күнә жасайды. Бұл күнә «Құдайға серік қосу» немесе араб тілінде «ширк» деп аталып, оны жасаған адамды өлтіруге де болады деген пәтуа шығарады. Бұл дегеніңіз, құдай бетін аулақ қылсын, ертең олар Қазақстанда бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік жасап жатыр. Олар көршілерін осы пәтуа арқылы тонап кете беретін болады.

Жалпы кеңестік режим кезінде тұқымы себілген вахабилік тенденцияны бүгінгі жекелеген көрші мемлекеттердің саясаты қолдайды. Өткен ғасырда КСРО құлаған соң посткеңестік ел­дердің ішкі тыныштығын бұзу үшін ұйым­дастырылған «уаххабилік «ілім» Орта Азия елдері мен Кавказ аймағына кіргізілді. Соның нәтижесінде бұл діни-саяси доктрина Чешенстан мен Өзбек­стандағы, Қырғызстан мен Тәжікстандағы талай қарулы қақтығыстар мен жанжалдардың шы­ғуына басты себеп болды. Егер алдын алмасақ, бұл құбылыстан Қазақ елі де тыс қалмауы мүмкін. Оған бүгінгі діни ахуалға сараптама жасағанда көз жеткізіп отырмыз.

Сонымен қорыта келе, вахабилік салафилік тенденция бүгінгі қазақ мұсылмандық түсіні­гінің тарихи қалыптасу ерекшеліктерін мойын­дамайтын, теологиялық тұрғыдан Ашари жо­лын­дағы, оның ішінде нақыл мектебінің өкіл­дері. Ал фиқхтық тұрғыдан ханафи жолына емес, «ахл хадис» мектебінің ерекшеліктерін көр­сететін революциялық жолдағы ағым. Исламның негізгі рухына сай емес ұста­нымдармен сомдалған­дарын өздері сезінбейтін топ. Демек, ақылдан көрі сезімге берілетін ойлауға емес, еліктеушілікке ұмтылатын нағыз фундаменталистік бағыт­тағы, исламофобия құбылысына қызмет ететін жалданды топтар. Бұларды дер кезінде мемлекеттік деңгейде бақылап, тиісті шешімдер арқылы тізгіндемесек, ертең қазақ болмысынан айрылып, дін екен деп араб мәдениетінің сойылын соғып кетуі ғажап емес.

Ясауи дүниетанымының негізінде сопылық жатыр дедік. Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған емес! Сопылық исламның мазмұны, мәні. Ал форма мен мазмұн біртұтас нәрсе. Сопылық исламның, мұсыл­мандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Мысалы, тарихта моңғол шабуы­лына қарсы, кубраийа, крестшілерге қарсы шазилия, ақ патшаның отарлауына қарсы Ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүр­гізді.  Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы азаттық соғысын жүргізу мұсылман әлемінде тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыстар сол дәуірлерде өз мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Сонда сопылық - исламға оппозиция ма? Жоқ әлде мұсылман­дардың рухани тірегі ме?  Оны өзіңіз саралаңыз.

Тарихтағы Ясауи жолы - дін іші тұтас­тыққа және діндер арасы татулық пен толе­рант­тылыққа шақырады. Бұл жолдың ұстын­дық негізі - шариғат, психотехникалық жүйесі - тариқат, танымдық негізі - мағрифат және ақиқаттан тұрады. «Шариғатсыз тариқатқа, мағрифатсыз ақиқатқа өтуге болмайды», - дейді Ясауи. Ясауидің төрт ұстанымы мен шарты, яғни «заман, мекен, ихуан, рабти сұлтан» қазақ мем­лекеттілігінің негізгі ұйыт­қысы болды. Ясауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігі­міздің айнасы. Ясауи ілімі - Қазақ­стандағы дінішілік қана емес, дінаралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы.

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ, теология және философияғылымдарының докторы.

Түркістан.

http://www.egemen.kz/314614.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5314