Телжан Күдеров. Жас таланттар жүлдесіз қайтты
Румынияда ауыр атлетикадан жастар арасындағы кезекті әлем чемпионаты аяқталды. Әлемдік зілтеміршілер бәсекесінен Қазақстан ауыр атлеттері құралақан оралды.
Әлем чемпионатында Қазақстан зілтеміршілері тек жігіттер арасындағы сайыста бақ сынаған болатын. Алайда олардың ешқайсысы жігіттік таныта алмады. Бәлкім, бас бапкер тактикалық қателік жіберген болар. Өйткені сонау 2005 жылдан бері біздің ауыр атлеттер жастар арасындағы әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтып көрмеп еді ғой. Илья Ильиннің салған сара жолын кейіннен Роман Русяновский сынды өрендер жалғастырған. Румынияда қоссайыс қорытындысындағы жүлдені айтпағанның өзінде, кіші алтын немесе кіші күміс жүлдеге қол жеткізген ешкім болмады. Яғни бірде-бір спортшымыз не жұлқа көтеруде, не серпе көтеруде бірінші және екінші орындарға ілікпеді.

Бұл чемпионат Қазақстан жастар құрамасына аға жаттықтырушы болып жаңадан тағайындалған Бақыт Ахметовтің тырнақалды ірі бәсекесі еді. Алғашқы сында-ақ шәкірттері Бақыт бапкерді қуанта қоймады. Әлем чемпионатында біздің ауыр атлеттердің ішінен ең үздік нәтиже көрсеткен Айбол Алдабергенов болды. Сыр бойының саңлағы ел намысы таразыға тартылған додада аянып қалмаған сыңайлы. Алайда жүлделі орындардың біріне ие болу үшін қанша тырысса да, бағы жанбады. Алғашқы жұлқа көтеру бәсекесінде 165 келі зілтемірді төбесіне тік көтеріп, осы жаттығуда үшінші орынға ие болған. Яғни кіші қола медаль иегері атанған. Алайда серпе көтеруде Айболға тым болмағанда 198 келі салмақ бағынбай қойған. Бұл жаттығуда 194 келі салмақты еңсерген қызылордалық ауыр атлет әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.
Ал 77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен, бапкерлер құрамы орасан зор сенім артқан қарағандылық Роман Кулик алғашқы жаттығуда 145 келіні бағындыра алмай, жараланып қалғандықтан, еш нәтиже көрсетпеді.
Бапкерлер құрамы сенім артқан Сыр бойының тағы бір саңлағы, былтырғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Роман Русяновский 94 келі салмақта өнер көрсетіп, қоссайыс қорытындысында 346 (161+185) келіні бағындырып, 7-орынмен шектелді. Ал Александр Дзюба (77 келі), Мирасхан Ахметов (85 келі), Тахир Халматов (85 келі) және Альберт Хакимуллин (94 келі) сынды толағай жігіттерміз «В» тобында өнер көрсетті. Дзюба мен Халматов 9-орыннан көріне білсе, Ахметов 12-орынды, ал Хакимуллин 18-орынды қанағат тұтты.
Сөйтіп, сенім артқан спортшыларымыз сын сағатта осындай сәтсіздікке ұшырап, ел үмітін ақтамады. Оларды осындай байрақты бәсекеге дайындаған қаншама қаржы желге ұшты…
Телжан Күдеров
«Алаш айнасы» газеті 23 маусым 2009 жыл