Бақтыбай Айнабеков. Осы жұрт Әлмеректі біле ме екен?
Алматы облысы әкімнің назарына
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Осыдан оншақты жыл бұрын Алматы шаһарының шығысында «Ай-сел» құрылыс компаниясының президенті Серік Сұлтанғалиевтың демеушілігімен, алыстан қарасаң қас батырдың жаугершілікте басына киер үшкір дулығасындай көк жүзімен түстес көрікті көк кесене бой көтеріп, соның ашылу салтанатына қатысқанымыз бар. Бұл кесене - кезінде қазақтың бір туар асыл азаматы Д.А. Қонаев көрсетіп кеткен, Албан тайпасының көсемі Әлмерек абыздың мүрдесі үстіне көтерілген белгі болатын. Сол жиында Әлмеректің әулиелігі жайлы аз кем ел аузындағы құлаққа жағымды аңыз әңгімелер естігенбіз.
Естіген сол әңгімелердің ықпалы ма, әлде қазақтың «Әулие аттаған оңбайды» деген нақылын ертерек бойға сіңіргендіктен бе, өзім тұратын мекенге ең жақын орналасқан осы әулие басына көбірек зиярат жасап, елі ерекше құрмет тұтар қасиеті мол абыз жайлы бір шама деректер мен ақпаратттар жинақтаумен қатар, ғайыптық тіл тәсілдерімен біраз нақтылы жұмыстар да жасадым. Осы жұмыстар қорытындысымен басыма «Осы жұрт Әлмеректі біле ме екен?» деген елге тастар ой келді...
Алматы облысы әкімнің назарына
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Осыдан оншақты жыл бұрын Алматы шаһарының шығысында «Ай-сел» құрылыс компаниясының президенті Серік Сұлтанғалиевтың демеушілігімен, алыстан қарасаң қас батырдың жаугершілікте басына киер үшкір дулығасындай көк жүзімен түстес көрікті көк кесене бой көтеріп, соның ашылу салтанатына қатысқанымыз бар. Бұл кесене - кезінде қазақтың бір туар асыл азаматы Д.А. Қонаев көрсетіп кеткен, Албан тайпасының көсемі Әлмерек абыздың мүрдесі үстіне көтерілген белгі болатын. Сол жиында Әлмеректің әулиелігі жайлы аз кем ел аузындағы құлаққа жағымды аңыз әңгімелер естігенбіз.
Естіген сол әңгімелердің ықпалы ма, әлде қазақтың «Әулие аттаған оңбайды» деген нақылын ертерек бойға сіңіргендіктен бе, өзім тұратын мекенге ең жақын орналасқан осы әулие басына көбірек зиярат жасап, елі ерекше құрмет тұтар қасиеті мол абыз жайлы бір шама деректер мен ақпаратттар жинақтаумен қатар, ғайыптық тіл тәсілдерімен біраз нақтылы жұмыстар да жасадым. Осы жұмыстар қорытындысымен басыма «Осы жұрт Әлмеректі біле ме екен?» деген елге тастар ой келді...
Қазақта «Қос әруақтың ынтымағы» деген біреу біліп, біреу назарға іле бермейтін пікір бар. Осы пікірді өзінше суыртпақтап кейбір баюды мұрат тұтқан шалағай қазақтар «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп берілген құдайы ас үстінде өздерінше соғып та қалып жүр. Дұрысы, «Өлінің рухы разы болмай, тірінің тіршілігі алға баспайды» болуы керек. «Қос әруақтың ынтымағы» пікірі де осыдан келіп шығады. Ол қос әруағымыз: өлі әруақ және тірі әруақ. Өлі әруақ өмірден өткендер, тірі әруақ солардың ұрпағы, иығында тіршілікте атқарар жүгі мол мына біздер. Осы жерде «Әруақ дұға дәметеді», «Әруақ соқты», «Әруақ қонған адам» деген пікірлерге де өз ойымыз бен көрген-білгенімізді айта кеткеннің артықтығы болмас. Адам баласы тіршілікке келген соң, табиғи заңдылық, соңына ұрпақ қалдыруға ұмтылады. Сондағы үміті - өз ұрпағын жалғасытыру мен қатар сол ұрпағының өзі өмірден өткен соң артынан жаманат арқаламауы, одан дұға дәметуі. Ұрпақтары арнайы атын атап, дұға бағышталар отбасына өмірден өткен әруақтың рухы әрқашан ризашылықта болады. Сол ризашылықпен ол да Жаратушыдан ұрпағының тіршілігіне жақсылық тілейді. Осы сияқты соңында қалған ұрпағының отбасынан дұға дәметіп келіп, өзі күткен қайыр дұға болмаған жағдайда, ашу-ыза мен нала боп, босағадан қайтып бара жатқан әруақтың, қарсы ұшырасып қалған жанды қағып кетуі де ұшырасады. «Сырқат соқса емі табылар, әруақ соқса емі табылмас» деген нақыл осындайдан қалған. Әруақ соққанның емі жоқ. Өйткені, әруақтың наласы - атылған оқ! Бұл мәселеге көз жеткізу үшін, болмысынан ерекше қасиеті бар арамызда жүрген таза «әруақ қонған» адамдардың қайырымын пайдалана білуіміз қажет. Мұндай әруақ қонған асыл азаматтар қос әруақтың арасын байланыстырушы ерекше қасиет иелері. Мұны, көзі ашық адамдар мойындайды, ал мойындамайтын жандарға мойындатамын деп қиналудың еш қажеттілігі жоқ. Бұл - оңай көз жете қоятын шаруа емес...
Жалпы, Әлмерек абыз туралы ел аузында айтылып жүрген аңыз баршылық болғанымен, таспаға түскен нақтылы деректер тым тапшы. Арғы кеңес заманына бармай, еліміз егемендігін алғаннан кейінгі қолда бар нақтылы дерек мынау ғана. "Әлмерек абыз (шамамен 16 ғ-дың бас кезі, қазіргі Жамбыл обл. - 18 ғ-дың басы) - батыр, шешен, көріпкел әулие. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап қазақ жастарынан жоңғарларға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздардың қатары көбейіп, соғыстың әдіс айласын меңгергеннен кейін жоңғарларға тұтқиылдан шабуыл жасап, Сілеті тауы, тағы басқа жерлерде оларға соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмерек абыздың есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Тоқсанның үстіне шыққан шағында ел үшін еткен еңбегі және қазақтың бірлігін қорғаудағы қайраткерлік қасиетіне риза болған халқы оған абыз деген атақ қойған.
Әлмерек абыздан бес бала болған, Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінен елін қорғаған қайсар батырлар, көріпкелдер, шешендер шыққан. Жәнібек баласы Бәйсейіт жоңғардың мыңбасы Шебектіні жекпе-жекте қолға түсіріп, мұсылман жасаған. Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісінің басшылары Ұзақ батыр Қараманның тұқымы Әлмерек абыздың екінші баласы Бабадан елге танымал Қашаған, Тұрысбектер тарайды. Тоқсаннан жоңғар шапқыншылығында ерлігімен ел есінде қалған Баржық батыр, Адыр шешен, Бәтжан, тағы басқалар болды. Абыздың қара шаңрағында қалған кенжесі Қаракісіден Қорам батыр, әрі әулие, әрі батыр Бекбау тараған. Әлмерек абыз ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың бүтіндігі мен бірлігін қорғаған Әлмерек абыз жайында ол айтты деген даналық сөздер, қара өлең шумақтары сақталған. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы». 1 том, Алматы, 1998, 672- бет).
Бұдан алты жыл кейін жарық көрген "Жетісу энциклопедиясы" осы деректі аз-кем нақтыландырған сияқты.
"Әлмерек Жаншықұлы - (1658 жылы Әулиеата маңында туылып, 1754 жылдар шамасында Алматы өзені жағасына, қазіргі Әлмерек ауылына қойылған) батыр, шешен, көріпкел. Қазақ жастарынан жасақ ұйымдастырып, Жоңғар басқыншыларына Сілеті тағы басқа жерлерде соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмеректің есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Ханкелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Әлмеректен бес бала болған. Баба, Жәнібек, Құрман, Қаракісі, Тоқан. Ұрпақтарының ішінен елге сыйлы батырлар, би-шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, классик жазушы Бердібек Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмаққа қарсы күрескен Байсейт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан - Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден Қорам мен Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың жадында Әлмеректің шығарған сөздері, қара өлең шумақтары сақталған. Талғар ауданындағы Гагарин селосы 2000 жылдан бері Әлмеректің есімімен аталады. Қазір мұнда кешенді кесене, мешіт, мейманхана жұмыс істеп тұр."("Жетісу энциклопедиясы",162 бет,«Арыс» баспасы,Алматы,2004 жыл).
Абыз баба туралы әлі де болса толық нақтыланбаған қолдағы бар тарихи дерек осы ғана. Нақтыланбаған деп отырғанымыз, қос энциклопедияға енген бұл екі мақала да толық зерттелмей, атүстілеу дайындалғандығы. Оған дәлел Әлмерек бабамыздың шапырашты Қарасай батырдың немере қызы Зәуреден туған бес ұлымен бірге, тағы да өз кемерінен шыққан үш ұлы болған. Бабамыздың кіші әйелдері, тоқалдары Дулаттың қызы Күлән мен кіші жүздің қызы Ырыстыдан туған Жұмық, Еділ, Жайық атты балаларын қалай ұмыт қалдырамыз? Оны біз айтпағанмен әруақ бабамыздың өзі де, одан қалса, бүгінгі таңда үш бабадан өсіп өніп отырған қалған ұрпақтары да кешпейді ғой. Қазір осы сегіз баладан өрбіген ұрпақтары сегіз рулы ел болып отыр. Осы жайтты көре біле отырып, кейбір қаламдас бауырларымыз, Әлмеректің соңғы үш баласын қасақана шеттетіп, әңгіме еткенді ұнататын сияқты. Бұл орайда Әлмерек бабамыздың нағыз жанашырларының бірі болып жүрген Ораз Қауғабайдың "Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық" атты "Қазақпарат" баспасынан жарық көрген тарихи танымдық кітабын сөзімізге мысал етсек, автор оған ренжи қоймас. Кітап неге «Әлмеректің бес баласы аталады»? Қазақ өз кіндігінен шыққан баласы түгілі, асырап алған баласын да, балаларынан бөліп, шеттеткен емес қой. Әлмеректің абройын балалары арқылы көтереміз десек сегіз баласы, одан өрбіген ұрпақтары мен олардан шыққан жеке тұлғаларды айтумен бірге, олардың өрісті ынтымағы туралы да жарасымды әңгімелер айта білуіміз қажет емес пе?..
Енді, әңгіме басында айтылған «қос әруақ», «әруақ қонған жанға» оралайық. Мұны айтып отырғаным соңғы он-онбес жыл көлемінде менің осы «жұмбақ» мәселені де зерделеп зерттеп жүргенімді, біраз зиялы жандар жақсы біледі. Бұл орайда төрт-бес кітабым да жарық көрді. Біз шетелдің көріпкелдері мен әруақты кісілері Нострадамус, Ванга... т.б. туралы БАҚ беттерінде таңдай қағып жазуға шеберміз де, Әл Фарабиден... Мәшһр Жүсіп Көпейге дейінгі Алладан аян алған әлем мойындаған өз көрегендеріміз бен көріпкелдеріміз, әруақты әулиелеріміз, ғұламаларымыз бен оладың мұғжиза алу қасиеттері туралы тереңірек сөз қозғаудан қашқақтаймыз, үрке қараймыз Бұл салаға ден қойғымыз келмейді. Неге? Осы орайда «Фәлсафа - Алланың аян ілімі» («Қазақпарат» баспасы, 2009 жыл) атты соңғы жинағымда мен философия мен фәлсафа ілімінің ара жігін ажыратып берумен бірге, осы бір тылсым мәселеге Елбасы мен философ ғалымдарымыздың назарын аудардым. Нақтылы дәлелмен жазылған осы еңбекке әзірше ешкім үн қатпай отыр. Осы үрдіспен жазылған соңғы өлеңдер жинағым «Әлмеректің оралуы» («Қазақпарат» баспасы,2008ж.) жарық көрген соң, Әлмерек абыздың басына зиярат жасап барып, өзіне арнаған мына өлеңімді оқыдым,
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Абыз бабам, Әлмерек,
Сізге келдім "Арма!"- деп
Өзің жайлы бас қатты
Бізге жетпей бар дерек.
Біреу жатыр Абыз деп
Біреу; батыр нағыз деп.
Біреу барға иланса,
Біреу дерек тағы іздеп.
Біреу сені Би деді,
Біреу басын имейді.
Біреу түйін түйгенмен
Біреу түйін түймейді.
Біреу санап батагөй,
Айтып жатса аталы ой.
Бәрін мақұл көреміз
Дейтін жан жоқ
"Қата ғой"...
Бәрі жаман демейді,
Білгіш жандар көбейді.
Бірақ нақты шындыққа
Ештеңе тең кемейді.
Айтып берер шындықты,
Табылмай жүр бір мықты.
Айналайын, Әлмерек
Ұғасыз ғой, құлдықты
Айтшы өзің, шындықты?...
Алған алғашқы жауабым;
-Қалқам, кім айтат өзін-өзі мен батырмын деп, кім айтат мен білгішпін деп. Ешкім де айтпайды. Тіршілігімде Жаратушыдан «Тәнім топырақ болмасын» деп тілеуші едім. Тілегімді бергенін көріп отырмын. Қаншама жан өмірге келді, тәні топыраққа айналып із түзсіз жоқ болып жатыр. Мені елім мен жерім ұмытқан емес. Тәнімнің топыраққа айналмағаны осы емес пе. Өзім өлсем де атым өлген жоқ. Аллаға шүкіршілік етемін...
Жазғаныңда өмірімді толық баяндамасаң да, жалған жамау қоспапсың. Мені ұмытып жүрген ұрпақтарыма ой салыпсың. Осы жазғаныңа Алла разы болсын. Бірақ... шала жазғансың. Тағы да жазасың. Талқыға түсесің... Терең ойлан... Қос әруақтың ынтымағын тілейік... Тілдесеміз әлі де...
Осыдан соң ойдан ой туып, біраз тың дерктер табылып «Заман Қазақстан» және «Ана тілі» газеттері беттерінде «Ұйғыр ауданы абыз Әлмеректің атымен аталуы тиіс», «Жоңғардың Шамалғанынан қазақтың Наурызбайының қай жері кем?», «Абыз Әлмеректің аты сұранып тұрған жоқ па?» деген мақалалар жаздым. Сол мақалаларымды алып Алматы облысы әкімі С.Үмбетовтың қабылдауында болып, мақалаларымды көрсетіп едім, менің көтерген ұсынысымды мақұлдай қоймады. Бұл мәселеге орай өз пікірін шегелеп, түйіндеп қойған көрінеді.
Реті келгенде бабаның зиратына қайта соқтым. Қасиетіңнен айналайын, абыз-бабам, әкіммен болған арадағы әңгімемізді мен айтпай жатып-ақ со қалпында алдыма тартты.
- Шырағым, сен барған ол әкімің дәл қазір бір аяғымен жерді, екінші аяғымен көкті тіреп тұрғандай болып жүрген жоқ па. Ауданның атын өзгерту туралы ұсыныстың нобайы жоғары орындарға жеткізіліп қойғаны рас. Бірақ, өзің алғаш көтергендей «ауданға Әлмеректің аты берілсін» деген әңгіме онда айтылмаған. Негізі ауданға менің атым беріліп жатса, елге пайдалы. Әулие адамның аты берілді деп, арыдағы қара қытай да, бергі жағындағы сарттар да аяғын тартар еді. Бірақ «Тұрымтай тұсымен болып жатқан» мына заманда, дәл қазір тереңірек ойлап-пішіп жатқан кім бар дейсің?...
Мұны айтып отырғаным, кім келіп, кім кетпеген мына жалған өмірге... Адам өмірі қанша қысқа болғанымен, сол аралықта артына ұрпақ қалдырып, мына тіршілікті одан әрі жалғастыруды жүзеге асырып келе жатқан жоқ па. Ұлы болмаса құл болады, қызы болмаса тұл болады. Ұлың ұзақ жалғасқан өмірің, қызың қызғалтақ қызығың... Өшіп, өліп қалмау осы бір табиғи тіршіліктің арқасы...
Қалқам, көріп те жүрген шығарсың, қазір ауғандық торғай деген қара торғай бар. Тұмсығы ұзын. Сол торғай алдындағыны да жеп қояды, артындағыны да жеп қояды. Тыпырлатпай қырып салады. Қазаққа сабақ емес пе? Ұйғырлар дәл қазір тап сол құстай ызалы... Оның үстіне қара қытай қаптап келе жатыр ғой, білмеймін...
- Бір деректі нақтылап алсақ, жоңғар батыры Қордайды өзі шақырған жекпе-жекте Сіздің өлтіргеніңіз рас па?
- Қалқам, елім мен жерімді қорғай жүріп мен кімді өлтірмедім...
- Біз ол заманда тірлік кешкен жоқпыз ғой, нақтылы шындықты -өзіңізден білсек деп едік?
- Өзің жазғандай Қордайды да, Шонжыны да жекпе-жекте мен өлтірдім. Іздесеңдер табасыңдар, Тәуке ханның жанында сыйлы сері боп жүрген сатқынды да кезінде мен өлтіргенмін. Қарқараны басып алған жоңғардың ең үлкен шонжарын да мен өлтіргенмін. Аты - Алғабас. Алғабас деген батыр болған. Жоңғарлардың Алғабас деген шонжары. Ақанас деген ол да қалмақтың батыры. Оны да өлтірткен мен. Өзім өлтірген жоқпын, өлтірттім...
- Білмеген соң сұрағанымыздың айыбы болмас, Шарын деген не? Қазақтың сөзі ме, әлде жоңғардың сөзі ме?
- Оның басында қазақтың Шар ана деген аты аңызға айналған үлкен аяулы кісісі жайлау етіп отырған. Арналы үлкен өзен кезінде сол кісінің атымен аталды. Кейін сол Шар ана Шарын аталып кетті. Шарана - шала туған бала дегеннен шыққан сөз . Ол кісі шала туылған болуы керек. Өзен Ілеге келіп құйып, Қапшағайға жетеді.Бір жағы Қытайдан , екінші жағы Қырғыздың Иірімсуынан бастау алады. Қарқараның бойымен бұл су жүргенде көктемде, жазда түскен адамдарды көбірек түбіне тартып жатады. Өзеннің сондай қасиеті бар. Бұл - судың астында орналасқан Алла ғана білетін үлкен жұмбақ күш. Мұндағы жер асты тарту күші ересен. Сол тартып кетеді. «Райымбектің бастауы» деген бастау бар, соған шықсаң бәрін көресің, сезінесің ғой...
Міне, Әлмерек абыз рухымен арада болған біздің бұл ғайыптық тілдегі пікірлесуден келтірілген үзінді зиялылар ғана ұғатын әңгіме. Мен әруақ қонған адамдар арқылы осы әңгіменің куәгері болдым. Әңгімені дыбыс таспасына толық жазып алып, мақала етіп жазып, баспаға әзірлеп те қойдым.
Бұл әңгімені алға тартып отырғаным - қаншама біз біле бермейтін дерек әруақ рухының өз аузынан айтылып отыр ғой. Бұған назар аудармасақ, «әруақ наласы» деген тағы бір жұмбақ жәит ойға оралады. Осы әңгімелерден соң, «Әлмеректің қолынан қанды жекпе-жекте қаза тапқан, ел басқыншылары, жоңғар батырлары Шонжы, Алғабас пен Қордайға аудан, мектеп, жер атын беруде қиналмай, елімізді, жерімізді сақтап қалған Әлмерек сияқты қасиетті бабаларымызға келгенде неге дәрменсіздік танытамыз?» деген жауабы жоқ сауал алдымызды орағытады.
Рас, қазір белгілі ғалым, академик, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-тің ректоры Нұрғали Мамыров мырза жетекшілік ететін "Әлмерек" мәдени тарихи қоғамдық қоры жұмыс жасап тұр. Осы қордың ұйымдастыруымен кезінде бабаның мүрдесі қолға алынып, кесенесі көтерілді. Райымбек ауданында салынған мешітке бабаның аты берілді. Жазушы Төлен Қаупынбайұлының ұйымдастыруымен «Батыр баба Әлмерек» атты сырт пошымы тәп-тәуір жинақ та шықты. Бұлай айтып отырғанымыз, бұл жинақ Әлмеректің өз өмірінен гөрі, бабадан өрбіген кейінгі ұрпақтарының өмір жолдарын көбірек қамтыған сияқты. Әлмеректің абыздығы, әулиелігі, дуалы ауыз батагөйлігі туралы мардымды ештеңе жазыла қоймаған. Бәлкім, кітапты жедел шығару қажеттілігінен деректер жинақталып үлгермеген болар...
Қадап айтар нәрсе, осы қор соңғы уақытта өз жұмысын саябырсытып алды. Сол саябырсудан, орны толмас өкініш, өткен жылы абыз ата Әлмеректің 350 жылдығы атаусыз қалды. Қайырымдылық қоры құрылған кезде қордың басқару алқасы құрамында елдің бірсыпыра сөз сөйлер, белгілі ақсақалдары болып еді. Солардың бір-жары соңғы жылдары өмірден өтті. Қор жұмысының саябырсып қалуы әлде сол аузы дуалы ел ағаларының жоқтығынан болып отыр ма? Әйтпесе, абыз ата Әлмеректің 350 жылдығы қарсаңындағы үгіт-насихат және қажетті ұйымдастыру жұмыстарын, бізден де бұрын, ең алдымен осы қоғамдық ұйым жүгіріп жүріп ұйымдастыруы керек еді ғой. Кейінгі кезде жаппай қалыптасып кеткен жаман әдет, елден жылу жинағанша, әкімдіктен де бұрын Үкімет алдына осы қоғамдық ұйым шығып, неге мемлекеттен қаржылай көмек сұрамасқа?! Осы шабандықтың салдарынан абызымыздың юбилейі мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған республикалық деңгейде аталып өтетін атаулы күндер тізбесіне де ілінбей қалып отыр. Бұл кімді де болса ойландыратын мәселе емес пе?.. Жалпы - біздің бұл әңгімеміз, істелген жұмыстарды жоққа шығару үшін емес, алдағы уақытта қамтылуға тиісті істерге қозғау салу үшін айтылып отыр.
Ендігі әңгіме Әлмеректің жеке басына байланысты. Әлмерек жас кезінде - көзсіз батыр, орда бұзар отыз жасында - би, кемел жасында - аузы дуалы батагөй абыз болған жан. Мұның қабатында көріпкелдігі мен әулиелік қасиетін тағы да жоққа шығара алмаймыз. Кіші жүздің әйгілі Әйтеке биі өзінің жан серік досы, өз кезінде «Жеті адамға жан берген» атанған әз Мүсірәлі пірмен бірге қонақжай Қарқараға келіп, айлап жатып, әңгіме дүкен құрып кетуі де Әлмеректің осы қасиеттерін мойындауынан. Сонда бір басына үйіліп төгілген осыншама қасиетті жинай білген абыздың халық үшін кім болғандығын таразылай беріңіз. Зерттейтін ғалым, зерделейтін пайым болса қазақ тарихының бүгінге дейін жабулы жатқан жарасымды бір беті емес пе?..
Сосынғы бір мәселе, Әлмеректің өмір тарихына байланысты. Әлмеректің мүрдесі Алматының маңы Алатаудың баурайында жатқанымен, туылған жері Қаратауда. Бабалары Сыр бойы мен Қаратаудың аралығын мекен еткен. Мұның нақтылы дәлелі, әрі туысы, әрі өзінен кейін Албан тайпасының бас қолбасшысы болған Ханкелдінің әкесі Сырымбет абыз сүйегінің Шиелінің маңына қойылуы. Қазір басына үлкен күмбез көтерілген. Кенже екі баласы Еділ мен Жайық кіші жүздің қызы Ырысты анамыздан. Балаларына ат қоюда төркін жұртын еске алған аяншыл анамыздың ұсынысы құб алынған сияқты. Айтылып жүрген тағы бір аңыз - Ырыстының Домалақ ана атанған Нұрила анамыз сияқты, ерекше қасиетке ие болғандығы, екінші бір аңыз, ол кісінің перінің қызы болуы. "Батыр баба Әлмерек" кітабында осы аңызды бабаның баласы Жәнібектің әйеліне апарып телиді. Дұрысы, перінің қызы әр уақыт тәнін таза ұстайтын, дәреті үзілмейтін, тылсым қасиетке ие әулие адамның ғана қолы жетер бақыт.Бұл жағынан қарағанда жол Әлмеректің өзіне түседі...
Бұны айтып отырғаным Ораз Қауғабай бауырым өз кітабында «Еділ -Жайық» толғауынан деп мынадай шумақ келтіріпті.
...Шешеміз Жайық жақтан келіпті ғой,
Бабаның құшағына еніпті ғой.
Тілегін анамыздың қабыл қылып
Жаратқан екі бала беріпті ғой».
Бұл енді келісе бермейтін шумақ және Ырысты анамызға аброй да әпере қоймайды. Біз естіген аңызда бұл шумақ былай болатын.
Ырысты Кіші жүзден келген еді,
Аян боп түсіне абыз енген еді.
Бәйбіше бес баласын көрсеткенде,
Жас ару Әлмеректі жөн көреді.
Бұл енді басқаша емес пе?
Біз бұл мысалдарды неге келтіріп отырмыз, Әлмерек бабамыз, бір ғана Жетісу аймағына немесе бір ғана ұлы жүзге ғана емес, орта жүз бен кіші жүзге де ортақ тұлға екенін айту. Біздің бұл пікірімізді Әлмерек айтты деп бүгінгі күні бізге жетіп отырған; "Қазақтың үш баласы ошақтың үш бұтындай бір шеңберге тұтасып тұр емес пе?! Сондықтан қазақты топқа, жікке бөлуге болмайды. Ошақтың бір бұты кетсе, қазан төңкеріледі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жұдырықтай жұмылған күш бәрін жеңеді"- деген өзінің аталы сөзі де растайды. Мұны ақын Әкімхан Зікірияұлының Әлмеректің Төлебиді емдеп жазғандығы туралы жазған дастанындағы;
"Білетін - Әлмеректің қасиетін,
Төле би сонысы үшін бас иетін..."-
деген өлең жолдары да одан әрі толықтыра түседі. Төле би тәу еткен абаз - кімді де болса өзіне тәу еткізбейді ме?!.
Осылардан шығатын қорытынды - осы жұрт көсіле сөйлеп көсемдігін, шешіле сөйлеп шешендігін танытқан, берген батасы ел мерейін биіктеткен, ел бірлігін сақтап, татулықты темірқазық тұтқан, батагөй абаз, Албан тайпасының көсемі Әлмерек Жаншықұлын шынымен-ақ білмегені ме? Білсе өткен жылы бабаның 350 жылдығы неге аталып өтпеді. Үкімет қайда қарап отыр, ұрпақтары неге үнсіз? Мен осы орайда осыдан үш жыл бұрын осы мәселеге орай "Райымбек батырдың 300 жылдығын атап өту жөніндегі" Үкімет жанында құрылған комиссия жұмысына жетекшілік еткен, сол кездегі Вице Премьер, бүгінгіАлматы қаласының әкімі, елінің Райымбегі мен Әйти батырын жоқтай білген Ахметжан Есімов мырзаның атына "Заң газеті" бетінде Ашық хат жазып, батагөй бабамыз Әлмерек абыздың 350 жылдығын республика көлемінде өз дәрежесінде атап өту үшін, тағы бір рет қайраткерлік қамқорлық жасауын өтінген болатынмын. Іле Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовпен болған сұбхатымызда газет бетінде көтерілген осы мәселені тағы да алға тартып едім, мақаланы оқығандығын айта келіп; "...Бір әттегенайы - бұқаралық ақпарат құралдары бетінде бабамызға байланысты насихат жұмыстары өз дәрежесінде жүрмей отырған сияқты. Әлмерек бабамыздың тойын біз облыс көлемінде атап өтерміз-ау. Егер осы бағытта жұмыстар жасалып жатса, жинақталған пікірлер мен ұсыныстарды Үкімет алдына қойып, бабамыздың тойын республикалық дәрежеде атап өтуге қол жеткізген болар едік..." ("Заң газеті" №30, 2 02 2007ж).- деген сөзі қамшы болып, көтерген мәселемді қайта тірілтіп, бұл мәселеге, сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев мырзаның да назарын аударған мақала жазғанмын. («Болмашы сылтауды көлденең тарта бермейік. Тағы да Әлмерек абыздың 350 жылдығы туралы», «Заң газеті», №176, 16 Х1 2007ж.)
Бірақ дер кезінде көтерілген осы мәселелер тиісті орындардан қолдау таппады. Бұған кім кінәлі? Өз тарихын әлі жетік білмейтін халқымыз ба, болмаса осы жағдайларды үйлестіріп отыруға тиісті Үкімет пе, әлде бабаның бос белбеу ұрпақтары ма?..
Ештен де кеш жақсы демекші, осы бағытта ойланып тірлік жасайық ағайын.